Сұхбат • 25 Қыркүйек, 2022

Константин Плахов: Киікті де қолға үйретуге болады

405 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстанда киік тақырыбы біршама талқыланды. Біразға дейін күн тәртібінен түспегені де есімізде. Мәселеге Мемлекет басшысының өзі араласуға мәжбүр болды. Өкінішке қарай, киікке қатысты мәселе алдағы уақытта да алдан шығуы мүмкін. Бұл ретте осы мәселемен айналысып жүрген Зоология институтына қарасты биоценология және аңтану зертханасының меңгерушісі Константин Плаховты аз-кем әңгімеге тартқан едік.

Константин Плахов: Киікті де қолға үйретуге болады

– Константин Николаевич, киіктің санын қалай реттейміз? Қандай жолдары бар?

– Киіктердің бір ғана проблемасы бар – көшіп-қонуға бейім. Бір аумақты тұрақты мекен ете алмайды. Бұл мәселені шешуге болады. Ол үшін селекциялық жұмыстар атқарылуы керек. Мыңдаған киіктің ішінде адамға жақын, жуас түрлері де кездеседі. Міне, соларды ірік­теп алып, селекциялық жұмыстармен айналысу керек. Сонда бұлардан өрбіген бірнеше буыннан кейін белгілі бір аумақ­тарды ғана тұрақты мекен ететін киіктер өсіп-өнеді. Мұны киікті қолға үйрету процесі десе де болады.

– Ол үшін не істеу керек?

– Алдымен селекциялық жұмысқа қажетті киіктерді іріктеп аламыз. Одан кейін олардың өсіп-өнуіне жетерлік аумақтарды қоршау керек. Бұған бір ғана аумақ жеткіліксіз. Дұрысы төрт аумақты қарастыру. Тиісінше, белгілі бір уақыт ара­лығында киіктердің мекенін ауыстырып отырамыз. Сонда аумақтың бәрі біркелкі пайдаланылады. Дәл осындай әдіспен маралдар да қолға үйренген. Киіктерді де осылай үйретіп аламыз.

– Әлемде мұндай тәжірибе бар ма?

– Әлем елдерінде киікті қолға үйрету тәжірибесі жоқ. Себебі киік бірнеше мемлекеттің аумағында ғана кездеседі. Көп бөлігі Қазақстанда шоғырланған, әрине. Ресей мен Қарақалпақстанда бар. Моңғолия мен Түрікменстанда да кездеседі. Қытай киік өсіріп, көбейтуге талпынып жатыр. Бірақ бұл қадамдарынан әлі нәтиже шыққан жоқ. Үкімет біздің бас­таманы қолдаса, Қазақстан киікті қолға үйреткен әлемдегі алғашқы мемлекет атануы мүмкін. Өзгелер жасап көрмеген дүниені бірінші болып біз бастайық. Онда тұрған не бар. Киік – біздің жауымыз емес. Демек табиғаттың төл перзенттері ретінде өзара үйлесіп өмір сүруге тиіспіз. Өмірдің заңы осылай. Ғылымның міндеті – мәселені шешудің тиімді жолын ұсыну. Үкіметтің міндеті – соны жүзеге асыру. Қандай жағдай болсын тығырықтан арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей шығуға тиіспіз.

– Жалпы, киікке қатысты осындай мәсе­лелер алдан шығарын білдіңіздер ме?

– Әрине. 2010 жылы-ақ айтып, дабыл қаққанбыз. Алайда бұған ешкім назар аударған жоқ. Өкінішке қарай, енді мәселемен нақты бетпе-бет келгенде ғана әрекет етуге мәжбүр болып отырмыз. Былай қарасаңыз, Қазақстанның жері үлкен. Бірақ шаруаларға да, жануар­ларға да жер жетпейді. Өйткені шенеу­ніктердің жерді бөлу жұмысында шикілік көп. Олар адамдардың мүддесін жануарлардан биік қояды. Дұрыс шығар. Бірақ жануарлардың таралуына кедергі келтіру де ақылға сыймайды.

Жол салғанда да жануарлардың жайы­н ойламаймыз. «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» халықаралық көлік дәлізін кесіп өту жабайы аңдар мен жануарлар үшін үлкен проблема. Біздің елде бұл жағдай ескерілмейді. Ал шетелдерде осының өзіне үлкен мән береді. Сол себепті олар экодук салады. Экодук дегеніміз – жабайы жануарлардың жолды қауіпсіз кесіп өтуіне арналған үлкен әрі кең көпір немесе тоннель. Жануарлар экодуктан өткенде бұл маңда жолдың, басқа да кедергінің бар-жоғын да аңғармайды, сезбейді. Себебі олардың өрісіне, жайылымына ешкім қасақана кедергі келтірген емес. Әлеммен біте қайнасып жатқан соң, біз де жоқ дегенде осындай дүниелерді ескеруге тиіспіз.

– Біздің қоғам қызық. Біресе киік жоғалып барады деп дабыл қаға­ды. Бұл жолы киіктің көбейгенін проб­лемаға айналдырдық. Әуелде айтыл­ғандай, киік­тердің санын ату арқылы да реттеуге бола ма?

– Бұл жағдай браконьерлікті өр­шітуі мүмкін. Өйткені Қазақстанның киік мүйізін сатумен айналысатын халықаралық ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар. Оны статистикалық дерек­тердің өзі дәлелдеп отыр. Мәселен, 2011-2018 жылдар ара­лығында Қазақстан аумағында киіктің 13 545 мүйізі тәркі­ленген. Бұл дегеніміз – 6 772,5 жұп. Осы аралықта 1 520 киіктің өлексесі анықталды. Сонда бір киікке 4,46 жұптан келеді. Киіктерді заңсыз аулау салдарынан мемлекетке келтірілген залалды 2018 жылдың мөлшерлемесі мен көлеміне сәйкес бағаласақ, 18 млрд теңгеден астам қаржыны құрайды екен.

Контрабандалық әрекеттердің 70,9 пайызы киік мүйіздерін транзиттеу ке­зінде анықталады. Ал мүйіздерді алдына ала жинап, дайындау әрекеттерінің үлесі шамалы төмен. Контрабандалық жолмен сыртқа кететін киік мүйіздері негізінен төрт ба­ғыт бойынша шығары­латыны белгілі. Оның негізгі үлесін Қазақстан – Қытай бағыты құрап отыр. Сыртқа шығарылатын мүйіздердің 71,1 пайызы осы бағыт арқы­лы өтеді. Одан кейінгі орында Қазақ­стан – Ресей бағы­ты тұр. Оның үлесі – 22,8 пайы­з. Ресей­ден Қазақстан аумағы арқылы заңсыз тасымалданатын жағдайлар да арагідік тіркеледі – 5,1 пайыз. Мүйіздерді Өзбек­станнан Ресейге жеткізу үшін Қазақ­стан территориясын пайдалану фактілері де жоқ емес – 1 пайыз. Араны ашылған браконьерлер 5-7 мың мүйізді бірден шекара асырып жіберуге тырысады.

Елімізде браконьерлерге қатысты қатаң шаралар қолданылатыны мәлім. Оның нәтижесін де байқап отырмыз. Дегенмен әлі де заңды белден басатындар бар. Меніңше, киіктердің санын реттеуге қатысты қоғамдағы кез келген дау браконьерлердің тәбетін ашып жіберуі мүмкін. Осыны ескеру керек.

– «Киік санын реттеу үшін қас­қырды көбейту керек» деген пікір де айтылып жүр. Мұнымен келісесіз бе?

– Қасқыр санының азаюы қазір бетпе-бет келіп отырған мәселелердің туындауына әкеп соқтырған негізгі себептердің бірі екені рас. Қасқыр азайып еді, шибөрілер көбейді. Олардың көбейгені сонша, өмірі мекендемейтін Үстірт пен Маңғышлақтан да кездесе бастады. Жергілікті тұрғындар оны қызыл қасқырға балап жүр. Шибөрі – жолда кездескеннің бәрін талғамай жұтатын тойымсыз жыртқыш. Ал қасқыр кез келген дүниені жей бермейді. Қасқыр қашанда өзін биік ұстайды. Мұны айтып отырғаным, біз қасқыр мен киік арасындағы тепе-теңдікті бұзып алдық. Бұл ретте қасқырдың орнын шибөрілер басып отыр. Бұл да өзек­ті мәселе. Шибөрінің салдары көп болмақ. Сондықтан қасқыр санын көбейту маңызды. Табиғаттағы көп дүние осы қас­қырларға байланысты. Оларға санитар ретінде ғана қараудың қа­жеті жоқ. Қасқыр – даланың сұсы, қор­­ғаны. Өкінішке қарай, адамдар көп жағдайда табиғаттың заңына араласып кетеді. Мәселенің бәрі де осыдан туындайды. Табиғат қашанда өзін-өзі реттеген. Солай болып қала бермек. Оған кедергі келтірмеу керек. Табиғаттағы әр аң мен жануар­дың өзіндік рөлі бар. Олар табиғи тепе-теңдікті сақтайды. Табиғаттағы аң-құс бір-бірін өздігінен реттеп отырады. Осы тұрғыдан алғанда қасқырдың санын көбейту маңызды.

– Әдетте, қасқырды қауіпті санаймыз ғой. Ал киіктің биылғы әрекеті қас­қырдан да жаман. Тым қауіпті болып тұр. Шаруалар үшін, әрине. Жөң­кіліп көшеді, жайылымды отайды, егіс­тікті тап­тайды. Сонда киіктердің адам­ға қа­жет­ті еті мен мүйізінен бөлек, та­би­ғат үшін басқа пайдасы болмағаны ма?

– Рас, киікті киелі аң санаймыз. Қазақ үшін ғана емес, барша адам баласы үшін солай. Бірақ сөйте тұра оны аулаймыз. Етін жейміз. Мүйізін саудалаймыз. Оның адамға тигізер пайдасы осы. Ал табиғат үшін ше? Табиғат үшін де пайдасы бар. Біріншіден, киіктер өзге тірі дүниелер секілді биогендік айналымның негізгі құрауыштары саналады. Яғни киіктер әлденені жейді және оларды да әлдекімдер қорек етеді. Әрине, қазір киік етін жейтіндер аз. Бірақ браконьерлер көп. Мүйізі алынған киіктің өлексесі топы­раққа айналады. Биогендік айналым деген осы. Бір-бірін толықтырып тұрады. Екіншіден, киіктер жөңкіліп жүріп жолында шегірткенің топырақтағы тұқымын тұяғымен мыжып кету арқылы табиғи тепе-теңдік қалыптастырады. Мұны олар­дың таби­ғатқа деген «қосымша пайдасы» деген дұрыс шығар. Әйтпесе, олар әр шегірт­кенің соңына түсіп, біржола жойып жі­берумен айналыспайды.

– Киіктерді отандық туризмді дамыту үшін тиімді пайдалануға болады ғой...

– Әлбетте. Себебі киіктер бірнеше елдің аумағында ғана кездеседі. Десе де, көп бөлігі негізінен біздің елде шоғыр­ланған. Сондықтан шетелдіктер киіктерді өз көзімен көріп, қызықтауға қашанда құмар. Жануарлар дүниесі кім кімді болсын қатты қызықтырары анық. Әсіресе шетелдік туристерге таңсық. Меніңше, табиғаттың ерекше жаратылысын көруге Батыстан, Америкадан туристер көптеп келер еді. Мәселен, Батыс туристері киік туралы мүлдем білмейді деп айта аламын. Себебі мұндай жануар ол өлкеде кездеспейді. Халықаралық туристер үшін киіктерді алыстан болса да бір көру үлкен олжа болар еді. Сондықтан киіктер арқылы Қазақстандағы туризмді оп-оңай дамытуға болады. Жарнамасын жақсылап жасаса, туристер ағылғалы тұр. Бірақ мұның бәрі жіті ойластырылуы керек. Өйткені туризмді дамытамыз деп табиғатқа және киіктерге нұқсан келтіруге болмайды. Бұған жауапкершілікпен қарау маңызды. Бәлкім, кішігірім кемпинг-турлар ұйымдастырған дұрыс шығар.

 

Әңгімелескен

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»