Білім • 25 Қыркүйек, 2022

Оқу-ағарту саласындағы оңтайлы шешімдер

600 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында елімізде кемін­де 800 мың оқушы орны ашылады. Бұл туралы Орталық ком­муникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

Оқу-ағарту саласындағы оңтайлы шешімдер

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бүгінде елімізде мектептегі оқу­шы орнының тапшылығы 200 мың­нан асады. Болжам бойынша 2025 жылға қарай жалпы қажет­ті­лік 1 млн орынға жетеді. Ұлт­тық жоба аясында кемінде 800 мың оқушы орны ашылады. Бұл оқу­шы орнының тапшылығын, үш ауысымда оқитын және апатты мектеп­тердің мәселесін толығымен шешеді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектептерді салу мен жабдықтаудың бірыңғай стандарты қолға алынады. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи пән кабинеттерімен, зертханалармен толық қамтамасыз етіледі. Жаңа мектептерде оқу бағдарламасына сәйкес оқу алаңдары кеңейтіледі. Оқу зертханалары, роботтехника ка­бинеттері, спорт залдары, әмбе­бап шеберханалар мен студиялар бола­ды. Бастауыш және жоғары сы­нып­тар үшін де бөлек блоктар қарас­тырылған. Сондай-ақ олар жеке спорт залдарымен, асхана және оқу кабинеттерімен қамтамасыз етіледі. Президент Жолдауда жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер мен ағылшын тіліне басымдық беруді тапсырды. Математика, физика, химия, биология пәндерінің сағат­тарын көбейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ оқу бағдар­лама­лары да жаңартылады. Мұға­лім­дерге қосымша курстар ұйымдас­ты­рылады. STEM білім беру тәсіл­деріне негізделген жаратылыстану-математика пәндерін оқытуды күшейту жоспарланып отыр. Сонымен қатар жоғары сыныптарда ағылшын тілін үйренуге, нақтырақ айтқанда, 10-11 сыныптардағы ағылшын тілі сағатын көбейтуге, бағ­дарламаларды жаңартуға және мұғалімдердің біліктілігін арт­тыруға баса мән беріледі. 2024 жылдан бастап CEFR бойынша 3-сыныпта ағылшын тілін оқыту сағаттарын ұлғайту мен қазақ және орыс тілдерін меңгеру үшін қажетті оқу жүктемесін қамтамасыз ету шаралары қабылданады», деді А.Аймағамбетов.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында тәрбиеші­лердің әлеуметтік мәртебесін көтеру, жалақысын көбейту, сон­дай-ақ олардың жұмыс жүкте­месін азайту бойынша шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Оқу-ағарту министрі аталған мәсе­леге де тоқталып өтті.

«Бүгінгі таңда балабақшаларда бір педагогке 25 баладан келеді. Бір м­ұға­лімге жүктелетін жүктеме­нің көптігінен әр балаға көбірек көңіл бөлу мүмкіндігі шектеулі. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтерін аттестаттау жүйесі жаңартылып, олардың жалақысы көтеріледі, сондай-ақ тәрбиешілердің жүктемесі азайтылады. Бұл мектепке дейінгі тәрбие­шілерге балаларға көбірек көңіл бөлуге және дамыту мен оқыту іс-шара­ларының тиімділігін арттыруға көбі­рек мүмкіндік береді. Қазір бір­неше балабақшада қанат­қақты жоба жүргізіліп жатыр. Оның аясын­да тәрбиешілерге еңбекақы төлеу жүйесі сынақтан өтіп жатыр, сонымен қатар пилот­тық жобаның қоры­тындысы бойын­ша мектепке дейінгі ұйым педа­гог­терінің еңбекақысын арттыру бойынша есеп ұсынылады. Нормативтік құқықтық актілерге де өзгерістер енгізіледі. Бұл шаралар балабақшаларға білікті кадрларды тартуға, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді», деді ол.

Жиын барысында министр 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі сапалы біліммен қамтамасыз ету шаралары қолға алынатынын алға тартты.

«Бүгінде кезекте тұрған балаларды есептейтін болсақ, 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту 88%-ды, ал жалпы балалар санының 57,7%-ын құрап отыр. Қамтуды одан әрі ұлғайту үшін жергілікті бюджеттен құрылыс салу жолымен мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосу бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жалғасады. Сондай-ақ МЖӘ аясында мектепке дейінгі ұйымдар желісі және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тап­сы­рыстарды орналастыру кеңей­ді. Бүгінгі таңда Оқу-ағарту ми­нистр­лігі жергілікті атқарушы ор­ган­дармен бірлесіп, мектепке де­йінгі ұйымдарды пайдалануға беру және ашу жоспарын жүзеге асырып жатыр. Мектепке дейінгі ұйымдардың қызмет көрсету сапасын арттыру үшін мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырыс­тарды орналастыруға қойылатын талаптар күшейтілді. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру жан басына шаққандағы форматқа және балалардың балабақшаға бару кезіндегі төлемді бақылау тетігіне өзгертілді», деді министр.

Оқу-ағарту министрі Асхат Ай­мағамбетов педагог кадрларды даяр­лау сапасын арттыру маңызды мәселелер қатарында екенін атап өтті.

«Мұғалімдерді даярлау бөлі­гінде педагогикалық және басқа д­а жоғары оқу орындарын аккредиттеу стандартын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл педагог кадрларды даярлау сапасын арттыру үшін қажет. Қазіргі уақытта ЖОО-ларды аккредиттеу жалпы критерийлер бойынша жүргізіледі. Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеудің әзірленген стандартын болашақ оқытушылар даярланатын ЖОО-ның білім беру бағдарламаларын аккредиттеу барысында тәуелсіз аккредиттеу агенттіктері пайдаланады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі «Педагог» кәсіби стандартын қабылдау бо­йынша жұмыстарды аяқтауға жақын. Осы кәсіби стандартты ескере отырып, білім беру бағдарламалары, педагогтерді сертификаттау және аттестаттау рәсімдері, үздіксіз кә­сіп­тік даму мазмұны әзірленіп, жа­ңар­тылады, педагог кадрларды қыз­мет бабында жоғарылату страте­гиясы құрылады. Кәсіби стандарт бе­кі­тілгенге дейін педагогтермен және басқа да мүдделі тараптармен кең талқылаулар жүргізіледі. Нә­­ти­жесінде «Педагог» кәсіби стан­дарты білім берудің барлық дең­ге­йіндегі педагогтердің кәсіби даму траек­ториясының бірыңғай бағ­дарына айналады», деді А.Аймағамбетов.