Қоғам • 26 Қыркүйек, 2022

Трансұлттық экономикалық қылмыс – жаһандық қауіп

281 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елордада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер бас прокурорларының 20 мерейтойлық отырысы өтті. Отырыс жұмысына жеті елдің, атап айтқанда, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан бас прокурорлары, сондай-ақ онлайн форматта Қытай Жоғарғы халықтық прокуратурасының бас прокуроры, Үндістанның бас солиситоры және Пәкістанның Қосымша бас прокуроры қатысты.

Трансұлттық экономикалық қылмыс – жаһандық қауіп

Жиынды алғысөзімен ашқан елі­міздің Бас прокуроры Берік Асылов де­легат­тарды ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер бас про­курор­ларының 20 мерейтойлық кездесуімен құт­тықтады. «Біз үшін бұл отырыстың Қазақ­стан жерінде өткізілуі – үлкен мәрте­бе. Өзара сенімге, тең құқылы және ашық диалогке негізделген ШЫҰ-ның міндеті аса маңызды болып саналады. ШЫҰ жиырма жылдан бері беделді сарап­тамалық платформа мәртебесін лайықты түрде сақтап келеді. Мұны жылдан-жылға кеңейіп келе жатқан ШЫҰ процесіне қа­ты­­су­шылардың географиясы дәлелдеп отыр», деді отырысты ашқан Б.Асылов. Ол сон­дай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­ның – трансұлттық қылмысқа қар­сы кү­реске бағытталған шараларды тал­қы­лау­да беделді сараптамалық алаңға айнал­ға­нын атап өтті.

Басқосуда Мемлекет басшысының Көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хат­шысы Ғизат Нұрдәулетов Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді. «Прокуратура қызметі құқық заңдылығы мен үстемдігін қамта­масыз етуде, әділ қоғам құруда аса ма­ңызды рөл атқарады. Қазақстан Шанхай ынты­мақтастық ұйымына мүше мем­лекет­тердің қадағалау органдарының көпжыл­дық ынтымақтастығын жоғары бағалайды. Трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл – ШЫҰ-ның негізгі міндеттерінің бірі. Оның орындалуы өңірлік қауіпсіздіктің нығаюына үлес қосады. ШЫҰ-ға мүше мем­лекеттер бас прокурорларының дәстүр­лі жыл сайынғы отырыстары жалпы құқық­тық саясатты жүзеге асырудың тиімді құралына айналды.

Жиырмасыншы мерейтойлық отырыс күн тәртібіне заңсыз шығарылған қара­жатты қайтару бойынша тәжірибе алма­суға қатысты сұрақтарды шығарып отыр. Бұл мәселе ШЫҰ-ның жаһандық эконо­микалық платформаға айналу аясында аса өзекті. Ұйым аясында өзара тиімді серіктестіктің зор әлеуетін толыққанды пайдалану трансұлттық экономикалық қылмыспен күресу бойынша бірлескен жұмыстың тиімділігіне байланысты екені анық» делінген Президент құттықтауында.

Ал Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­ның Бас хатшысы Чжан Мин бейне­бай­ла­ныс арқылы қазіргі сын-қатерлерді ес­кере отырып, қадағалау органдарының ара­сын­дағы ынтымақтың маңызын атап өтті.

Айта кетейік, мерейтойлық отырыстың басты тақырыбы қылмыстық активтерді қайтаруға қатысты тәжірибе алмасуға арналды. Халықаралық сарапшылардың деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басқа елдер­мен жылдық сауда айналымы шама­мен 675 миллиард АҚШ долларына жет­кен. Бұл ақша ағынының бір бөлігі қыл­мыс­тық жолмен жымқырылатыны да жасы­рын емес. Отырысқа жиналғандар осы заң­сыздықтың жолын кесу, айласын асыр­ғандар анықталса, тиісті шара қолданудың жайын пысықтады.

Бас прокурорлар жиында трансұлттық экономикалық қылмыс қауіпсіздікке қол сұғып қана қоймай, сонымен қатар қаржы жүйелерінің тұрақтылығы, ашықтығы және тиімділігіне нұқсан келтіретін жаһан­­дық қауіпке айналып бара жатқанын атап өтті. Олар бұл ақша ағындарының бір бөлі­гінің қылмыстық мақсаттарға, оның ішінде терроризм мен экстремизмді қаржы­лан­дыруға бағытталатынын да жоққа шы­ғармады.

«Жоғары экономикалық өсім әрдайым теріс процестермен қатар жүреді: көлең­келі бизнес, қылмыстық кірістерді заң­дас­тыру, активтерді шетелге заңсыз шығару. БҰҰ бағалауы бойынша әлемде жыл сайын шамамен 2 трлн доллар немесе әлемдік ішкі жалпы өнімнің 5 пайызына жуық қаражат заңсыз жолмен шығарылады. Ал дамушы елдерден капиталдың «заңсыз кетуінің» жылдық көлемі шамамен 1 трлн-ды құрайды екен. Бұл ақшаның бір бөлігі қылмыстық мақсаттарға, соның ішінде терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға жұмсалады деген түсінік бар. Меніңше, бұл мәселе бойынша тәжірибе алмасу өте маңызды. Себебі заңсыз қаржы – ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін өзекті мәселе», деп атап өтті бұл жайында Берік Асылов.

Осы тұрғыда Б.Асылов қылмыстық капиталды елге қайтарудың қазақстандық тәжірибесін ортаға салып, жиналғандарды Президент Жарлығымен құрылған Эконо­микалық ресурстардың заңсыз шоғыр­лануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қызметімен таныстырды. Ол, сондай-ақ мұндай қылмыс жыл сайын елдердің эко­номикасына орны толмас залал келтіріп отырғанын айтып, ойын «Тек тығыз өзара іс-қимыл мен бірлескен жұмыс бұл сын-қатерлерге тосқауыл қоя алады», деп тұжырымдады.

Ал Қазақстан Бас прокурорының орын­басары Жандос Өмірәлиевтің айтуын­ша, осы ведомствоаралық комиссия жұмы­сының соңғы бірнеше айында ғана мем­лекетке 500 млрд теңгеден атсам қаржы қайтарылған. «Қазақстанда құқық­тық көмек сұраудың бірыңғай стандарттары әзірленді. Ол бойынша Еуроодақ, АҚШ, Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің талаптары толығымен ескерілген. БҰҰ Есірткі және қылмыс басқармасы арқылы Еуропа және Азиядағы активтерді қайтару бойынша деректер алмасу желілеріне қосылуға да қол жеткізілді. Қылмыстық-құқықтық салада 33 юрисдикция мен көмек туралы сотталған адамдарды беруге қатысты 70 екіжақты шарт жасалды. Бұл бағыттағы жұмыс жаңа деңгейге көтерілгенін айта кеткен жөн. Осы мақсаттар үшін бұрын-соңды болмаған ұйымдастыру және құқықтық шаралар қабылданды», дейді Ж.Өмірәлиев.

Басқосуда Шри Тушар Мехта Үндіс­танда трансұлттық экономикалық қылмыстарға қарсы күрес бойынша қабыл­данған шаралар туралы айтса, Қытайдың бас прокуроры Чжан Цзюнь отырысқа қатысушыларды қылмыстық жолмен алынған және шетелге шығарылған активтерді өндіріп алу мәселелерінде ҚХР-да қолданылатын тетіктер мен құралдар туралы ақпараттандырды. Сондай-ақ осы бағыттағы ресейлік тәжірибе туралы бас прокурор Игорь Краснов айтып берді.

Ал Тәжікстанның бас прокуроры Юсуф Рахмон қылмыстық жолмен алынған жә­не шетелге аударылатын ақшалай қара­жат пен басқа да құндылықтарды заң­сыз шығарудың жолын кесу бойынша шара­лар туралы баяндама жасады. Қыр­ғыз Республикасының бас прокуроры Құрман­құл Зулушев пен Өзбекстан Республи­касының бас прокуроры Нигма­тилла Юлдашев шетелге заңсыз шығарыл­ған активтерді іздестіру және қайтару жө­ніндегі ведомствоаралық комиссиялардың жұмысы туралы мәлімдеді.

Талқылау шеңберінде делегаттар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің құқық қор­ғау органдарының әріптестігін арттыру, трансұлттық экономикалық қылмыс­тарға қарсы іс-қимыл бойынша комму­ни­кацияны жақсарту, күш-жігерді біріктіру туралы пікірлерін ортаға салды.

Іс-шара аясында ұрланған активтерді қайтару бойынша одан әрі өзара іс-қи­мыл жасау және озық тәжірибемен алмасу жөніндегі басым міндеттерді айқын­дайтын хаттамаға қол қойылды.