Қоғам • 26 Қыркүйек, 2022

Қандастардың халі қалай?

813 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

1991 жылдан 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 378 979 отба­сы, яғни 1 099 039 қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алған. Басым бөлігі Өзбекстан және Қытайдан қо­ныс аударған. Әлі күнге дейін ұлы көш жалғасуда. Әттеген-айы сол, «елім, жерім» деп келгендер қандас мәртебесін алуда ұзақ уақыт сандалуға мәжбүр.

Қандастардың халі қалай?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ана тілін ұмытуға жақын...

Елімізде шет елдердегі қазақтарды қол­­дау мақсатында «Отандастар қо­ры» құрылғаны белгілі. 2018 жыл­дың қазан айында жұмысын бастаған ұйым шетелдегі қазақтардың білім алуына және тілін сақтап қалуына жағдай жасау, олармен мәдени-гуманитарлық және ақпараттық-үйлестіру байланыстарын қамтамасыз ету, шетелдегі және отанына көшіп келген қазақ диаспорасына қолдау үшін Дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығының жұ­мы­сын жандандыру сияқты маңызды миссиялармен айналысып келеді. Негізгі шаруа – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, бүкіл әлем қазақтардың тарихи Отаны тө­ңі­­­регінде бірлестіру. Бұл ретте, шет мемлекеттен елге келемін деген отан­дастарды қолдаудың ке­шен­­ді бағ­дарламасы шеңберінде көшіп кел­ген ағайындарды тұрғын үй­мен, жұ­мыс­пен қамту, оқыту және әлеу­мет­­тік тұрғыдан бейімдеу болып отыр.

Жуырда «Отандастар қоры» ком­мер­циялық емес акционерлік қо­ғамы жанындағы Қоғамдық комиссия отырысы өтті. Жиында қор президенті Абзал Сапарбекұлы 2022 жылы атқа­рыл­ған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.

– Ұлттық бірегейлікті сақтау мақ­са­тында азды-кем жұмыс атқару­да­мыз. Әлі де мәселе көп. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, шетелде 6-7 млн қазақ бар. Оның қатарына соңғы жылдары шетелге қоныс аударған қазақтарды қосуға болады. Мысалы, АҚШ-та 100 мыңға жуық, Түркияда 30 мыңға жуық, ал Еуро­пада 10 мыңға жуық қазақ тұрады. Әлем­нің 40 мемлекетінде отандастарымыз құрған 200-ден астам ірілі-ұсақы ұйым бар. Жасы­ратыны жоқ, аянышты сәттер де аз емес. Мәселен, қазір Өзбекстаннан басқа ешбір мемлекетте толыққанды қазақ мектебі жоқ. Моңғолияда биыл­дан бастап мектептер 2-сыныптан бастап толық моңғол тіліне көшті. Көрші Ресейде ана тілін білмейтін қазақтар­дың саны 50 пайыздан асты. Бас­қа ұлт өкілдерімен некеге тұру 25 пайызға жетті. Еуропадағы және Түр­киядағы қазақтар ана тілін ұмытуға жақын. Бұл ретте, «Отандастар қо­ры» қазақ тілін үйрету курстарын өткізуді жалғастырып жатыр. Өзге де бағыттағы жұмыстар да қол­ға алын­ған. Бүгінде әлемнің 26 елін­дегі 80 қазақ ұлттық мәдени орталығы­мен ынтымақтастық орнатылған. Десе де, байланыс орнату кезінде күрмеуі шешілмеген мәселелер көп. Тағы бір өзекті проблема – соңғы жылдары білікті жастарымыз шетел асып, нәпақасын бөтен елде айырып жүр. Бір ғана АҚШ-тың өзінде 100-ден астам IT маманы жүр. Осы және өзге де мәселелерді құзырлы органдармен бірлесіп шешу жолдарын қарастырудамыз, – деді Абзал Сапарбекұлы.

Талқыға түскен тұжырымдама

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі Көші-қон саяса­ты­ның 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлегені белгілі. Әзірге жоба қызу талқыланып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың мәліметінше, тәуел­сіздіктен бері елімізге қоныс аудар­ған қандастардың басым бөлігі Алматы, Түркістан, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында тұрады. Бү­гінде Маң­ғыстау халқының 21 пайызын қан­дастар құрайды. Алматы облысында 15 пайыз, Түркістан, Жамбыл облыстарында – 10 пайыз. Ал сол­түстік өңірлерде қандастардың үлесі жергілікті халыққа қарағанда өте тө­мен.

– Қазіргі уақытта Enbek.kz интернет-порталына қоныс аудару­шылар мен қандастарды орналас­тыру және жайластыру үшін тыныс-тіршілікке ар­налған қолда бар инфрақұрылымды (мектептер, бақтар, фельдшерлік-акушерлік пункт және т.б.), жұмыс берушілердің бар-жоғын, бос ауыл шаруашылығы жерлерінің, аудан орталығымен, тірек ауыл орта­лы­ғымен көліктік байланысты көр­сете отырып, ақпараттық карта әзір­ленді.

Жалпы, мемлекет тарапынан қан­дас­тарға көмектің 20-дан астам түрі көр­сетіледі. Ең бастысы,  жеңіл­де­тіл­ген түрде Қазақстан Рес­пуб­­ли­ка­сының аза­маттығы бері­леді. Соңғы өзгеріс­терге сәйкес азамат­тық­ты 3 ай мерзім­де алуға болады. Биыл 11 мың қандас елге келіп, оның 2 мыңы аза­маттық алды (19 пайыз). Әсіресе солтүстік облыстарда азаматтық алу мәселесі баяу жүріп жатыр.

Президенттің Қазақстан халқы­на Жолдауында қандастардың кө­шіп келуіне қатысты саясатты өзгер­ту тапсырылды. Қазіргі таңда елі­міз­ге келген отандастары­мызда бір­қа­тар проб­лема бар. Орна­ластыру жөніндегі ли­бе­рал­дық та­лап­тардың салдарынан қандастар оңтүстік және оң­түстік-батыс өңірлерде тұрады. Олар­дың қо­ғамға бейімделуінің қиын­дығы және білік­тілігінің төмендігі бай­қа­ла­ды. Осы кемшіліктерді ескере отырып Жаңа көші-қон саясатының тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжат еліміздің экономикалық дамуын кадрлармен қамтамасыз етуді қол­дауға бағытталған. Этностық көші-қон саясатын қайта қарастыру қажет. Шетелде тұратын этностық қазақ­тардың әлеуетін пайдалану және ке­летін қандастарды реттеу үрдістерін жетілдіру қажет деп санаймыз. Бұл ретте, жоғары деңгейдегі мамандарды немесе өз елдерінде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда әкелуді қалайтын қазақтарға (басқа елдердің азаматтарына) берілетін америкалық Грин картасына ұқсас «Қазақ картасын» енгізу ұсынылып отыр. Олардың тарихи Отанымыздың дамуына қосқан үлестерін жыл сайынғы «Парыз» конкурсы аясында Президент сыйлы­ғымен атап өтуді ұсынамыз, – дейді А.Сарбасов.

Қандастарды солтүстік өңірлерге көшіру мақсатында жаңа тәсілдердің енгізілуіне қарсы болғандар аз емес. Жаңа­шылдыққа сәйкес, қандас мәрте­бе­сі (мемлекеттік қолдаудың бар­­лық шараларымен) солтүстік және ор­талық өңірлерге қоныс ауда­ра­тын этностық қазақтарға ғана беріл­мек. Қан­дастарға азаматтық алу үшін сол­түстік өңірлердің аума­ғын­да бел­гіленген уақыт шегінде мін­детті тұру (1 жыл) жөнінде талап қа­рас­ты­ры­лады. Бұл жаңашылдыққа қарсы пікір айтқан азаматтардың айтуынша, «қандас» деген мәртебені адам құқығын таптап бұлай үлестіруге болмайды. Әзірге тұжырымдама тал­қы­ланып жатқандықтан, қоғамның пікірі ескеріліп, кім-кімге де болмасын тиімді жоба жүзеге асады деген сенім мол.