Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков Астанада өткен «ASMAR – бірлік дәстүрлері» әйелдер кәсіпкерлігінің халықаралық конгресінде айтты. Қатысушылар Қазақстандағы әйелдер бизнесін қолдау және тұрақты даму мәселелерін, іскерлік ортаны қалыптастырудағы жаңа тәсілдер мен трендтерді талқылады. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі кезде экономикалық белсенділікті қолдау мақсатында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Ұлттық жоба шеңберінде қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары ұсынылып жатыр. Сонымен қатар мемлекеттік қолдау халықаралық қаржы институттарының және «Даму» КДҚ» АҚ-ның түрлі бағдарламалары арқылы да жүзеге асырылады.
«2021 жылы сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралы бойынша кәсіпкер әйелдердің шамамен 10 мың жобасы қолдау тапты, кредиттерге кепілдік беру құралы бойынша 7 мың жоба қолдау тапты. Өткен жылы ақпараттық-қамтамасыз ету бойынша әйелдерге 84 мыңға жуық консультация, ал сервистік қолдау бойынша 17 мыңнан астам консультация көрсетілді. Сондай-ақ бүгінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың 17 орталығы жұмыс істейді. Мақсат – әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру. Келесі жылы жаңадан құрылған облыстарда орталықтар ашу жоспарлануда. Бүгінге дейін орталықтарда 7 мыңнан астам әйелге қызмет көрсетілді. Олардың 30 пайызы халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады», деп атап өтті Б.Омарбеков.
Экономикаға тікелей жауапты ведомство Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп кәсіпорындарға техникалық көмек көрсету, сондай-ақ қаржылық қолдау арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың бәсекеге қабілеттілігі мен әлеуетін арттыруға бағытталған «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасын іске асырып жатыр. Бұдан бөлек, ел өңірлерінде (Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында) «Бір ауыл – бір өнім» қанатқақты жобасы енгізілген.
«Біз кәсіпкер әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту тұтастай алғанда елдің инклюзивті, өмірге қабілетті және орнықты экономикасының мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететініне сенімдіміз», дейді ведомство өкілі.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов конгресс делегаттарына жолдаған құттықтау хатында елдегі жұмыс күшінің 50 пайызын әйел азаматтар құрайтынын, әйелдер басқаратын заңды тұлғалардың саны өткен жылы 9 пайыздан асып, 2021 жылдың соңына қарай 625 100-ге жеткенін айтты. Премьер-Министрдің сөзіне сүйенсек, әйелдер кәсіпкерлігі ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын толтырып отыр.
Дегенмен жалпы экономикаға төнген қатер әйелдер бастамаларына да тәуекел тудырады. Мәжіліс депутаты Ләззат Рамазанова осы мәселеге көңіл аударды. Оның сөзіне қарағанда, алыс елді мекенде тұратын әйелдердің ісін қолдау тым баяу жүріп жатыр. Ол мұның себебін мемлекеттік органдар мен даму институттары тарапынан тиісті импульстің болмауымен байланыстырады. «Сондықтан олардың несие немесе грантты жеңіл иеленуіне мүмкіндік беретін шаралар кешенін әзірлеу қажет, ауыл әйеліне көмектескеніміз – бүкіл елге қол ұшын бергеніміз», деді Л.Рамазанова.
«Атамекен» ҰКП басшысы Райымбек Баталовтың айтуынша, төралқа жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен «Бір ауыл – бір өнім» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 3 мыңға жуық әйел білім алған. Биыл наурызда «Атамекен» базасында елдің барлық өңірінде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөнінде 17 орталық ашылған. Аталған орталықтар әйелдерге қаржылай емес қолдау көрсетеді.
«Бізде әйелдер кәсіпкерлігі өте белсенді дамып келеді. Мен 30 жыл бойы бизнесте жүрмін және сенімді серіктестерімнің бірі – әйелдер. Егер 3 мыңға жуық әйелді лидерлікке, әйелдердің өз қабілеттеріне деген сенімін арттыруға үйрету мүмкін болса және олардың бір бөлігі қадам басып, шешімін тапса, демек бағдарлама өз тиімділігін көрсеткені. Оқытуды жалғастырамыз, әйелдер оқыту бағдарламаларын іске асыратын болады. Біз орталықтардың тиімді екенін көріп отырмыз және әрі қарай да жұмыс істеуіміз керек», деді «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов.
Ол сондай-ақ ҰКП Төралқасы жанынан Әйелдер кәсіпкерлігі комитетін құру мәселесі қаралып жатқанын да айтты.
«Осындай маңызды алаңды ұсыну кәсіпкерліктің көптеген мәселесін шешуге, елдегі барлық прогрессивті әйелдер күшін біріктіруге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Белсенді азаматтық позицияңыз, Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесіңіз үшін тағы да алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер», деді ол.
Конгресс делегаты Сәуле Салихованың айтуынша, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша қолға алынған бастамалар нағыз ауыл азаматтарына қажет дүниелер.
«Жоба жұмыссыз әйелдерді қамтиды. Жобаның өзі сол үшін шығарылған, жұмыссыз қалған әйел азаматтарды ортаға тарту үшін. Жоба бойынша тек жергілікті шикізат қолданылады және ол үшін қол еңбегі, әйелдердің ісмерлігі өте маңызды. Сондай-ақ жобаға бір ауылдың ғана адамдары қатысуға тиіс», дейді.
Сонымен бірге Сәуле Салихова мемлекеттік тапсырыс мәселесін де айтты.
«Тағы бір проблема – мемлекеттік тапсырысқа ілігудің мүмкін еместігі. Әйелдер лидерлік позицияға ие болып отырған салалардағы нормативтік актілерді өзгертетін уақыт келді. Қазақстанда мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы жасалған келісімшарттардың 10 пайыздан 25 пайызға дейінгі көлемі жеңіл өнеркәсіп, білім беру және қоғамдық тамақтандыру сияқты салалардағы әйелдер бизнесіне берілуі керек», деді С.Салихова.
Биылғы конгреске еліміздің әр түкпірінен 500-ге жуық бизнесмен келіп қатысты. Қазір Қазақстанда жасы 29-ға жетпеген әйел кәсіпкерлердің саны 90 мыңға таяп қалған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 37 пайызға көп. Осының өзі әйелдер кәсіпкерлігінің әрі жасарып, әрі жыл санап белсенді болып келе жатқанын білдіреді.
Жалпы, гендерлік теңдік ұғымы соңғы кезде әлеуметтік қана емес, экономикалық тұрғыдан да өзекті бола түсті. Жыл сайын елдегі мыңнан астам кәсіпкерге қолдау білдіретін Еуропалық қайта құру және даму банкінің жазуынша, «экономикаға әйелдердің қатысуы елдің орнықты дамып жатқанын және әрбір адамға теңдей мүмкіндік берілетінін аңғартады». Олардың есептеуінше, қазір ШОБ-тағы әйелдер үлесі 43 пайызға жеткен. Ал халықаралық McKinsey консалтинг компаниясы 2025 жылға таман әйелдердің ерлермен тең дәрежеде экономикада жүруі әлемдік ІЖӨ-ге 28 трлн доллар қосады деп болжайды. Бұл өз кезегінде Шығыс Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Африкадағы ішкі жалпы өнім көрсеткішінің де 9 пайызға артарынан хабар береді дейді сарапшылар.