Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2022

Әлеуметтік саладағы оң істер

165 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларын іске асыру барысы туралы баяндады.

Әлеуметтік саладағы оң істер

Т.Дүйсенова Мемлекет басшысы өз Жолдауында жас­тарды жұмыспен қамтуды қам­та­масыз ету және еңбек ресурс­тарының сапасын арттыру мә­се­лелеріне ерекше назар аударғанын атап өтті.

«Жыл сайын республика бо­йынша 300 мыңнан аса жас еңбекке қабілетті жасқа жетіп, еңбек нарығына шығады. 2030 жылға қарай жұмыс күшіндегі жастар үлесі 60 пайызға жетеді деп күтілуде. Олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік және жеке бастамалар аясындағы жобалар бойынша жыл сайын жастар үшін мемлекет тарапынан субсидияланатын 100 мыңнан аса жұмыс орындары ашылады. Жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамту кеңейеді. Жыл сайын 40 мың түлек жастар тәжірибесіне қатысады. «Дип­лом­мен – ауылға!» бағдарламасына қатысушылар үшін жастар тәжірибесінің бөлігі ретінде төле­нетін тиісті төлемдерге тең болатындай қосымша жәрдемақы белгіленеді. «Алғашқы жұмыс» жобасы ҰБТ тапсыра алмаған немесе оқуын жалғастырмаған мектеп түлектеріне арналып, қайта бағытталады», деді Т.Дүйсенова.

Президенттің тапсырма­сы бойынша министрлік агро­кре­диттік корпорациямен бірлесіп, жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие берудің тетіктері мен параметрлерін әзір­леп жатқанын қосымша айтып өтті. Жыл сайын бұл қолдауды 6 мыңға дейін жас пайдаланады. Бұл мақсаттарға бюджетте қарас­­тырылған сома жыл сайын ша­мамен 30 млрд теңгені құрай­ды. Халықтың әлеуметтік осал топ­тарындағы жастарға бизнес-идея­ларын жүзеге асыру үшін жыл са­йын 1,2 млн теңгеден аса сомаға 9 мың қайтарымсыз грант беріледі.

Сонымен қатар еліміздің солтүстік және орталық өңірлеріне реттелетін ішкі көші-қонды ұйым­дас­тыру тәсілдері қайта қаралды. Әрбір қабылдаушы өңір қоныс аударуды ынталандыру үшін жұмыс күші тапшылығын сезініп отырған экономиканың басым секторларын анықтайтын арнайы өңірлік бағдарлама әзірлеуде. Еліміздің басқа өңірлерінде құрылған қолданыстағы бизнес-жобаларды көшіруді және ке­ңейтуді көздейтін солтүстік және орталық өңірлер үшін 100 бизнес-жобадан тұратын кейс қалыптасады. Қоныс аударуды ынталандыру үшін қоныс аудару аумағындағы тұрғын үй құнының 50%-ына дейін өтемақы алуға құқық беретін ұтқырлық сертификаты енгізіледі.

«Мемлекет басшысы айқын­даған келесі басымдық – халықтың табысын арттыру, жұмыс істейтін азаматтардың құқықтарын қорғау және халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау шара­ларын күшейту. Аталған тапсыр­маны орындау мақсатында Дүние­жүзілік банкпен бірлесіп, ең тө­менгі жалақыны белгілеу әдіс­темесін әзірлеуге кірістік. Жұ­мысты келесі жылдың наурыз айында аяқтау жоспарланған. Әдіс­темені іске асыру негізгі әлеу­мет­тік-экономикалық көр­сет­кіштерді ескере отырып, ең төменгі жа­лақы мөлшерін белгілеуге теңгерімді пайымды қамтамасыз етеді. Президент жариялаған келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны көтеру бас­тамасы жалақысы ең төменгі жалақы деңгейінде болған 1 млн 800 мың қызметкерге әсер етеді. Ол сондай-ақ басқа жұ­мыс істейтін азаматтардың еңбек­ақысына санаттары мен білікті­ліктерінің ықпалын ескере отырып, олардың табысын арттырады. Сонымен қатар жыл басынан бері жүргізілген келіссөздер нәтижесінде 1,8 мыңға жуық жұмыс беруші 1,2 млн-нан аса жұмыскер жалақысын орташа есеппен 5-тен 50 пайызға дейін өсірді», деді Т.Дүйсенова.

2023 жылдан бастап жұмы­сынан айырылғаны үшін төле­нетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері де жұмыспен қамтылған азаматтар табысының 45%-ына дейін ұлғайтылады. Ведомство басшысы балалы отбасыларды қолдау ұлттық саясаттың басымдығы болып қала беретінін баса айтты. Үкімет пен Ұлттық банк Мемлекет басшысының 2024 жылдан бас­тап «Балаларға арналған ұлттық қор» жобасын іске қосу туралы бастамасын іске асыру тетігін әзірлеуде. Бала күтімі бойынша төлем мерзімін 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзарту жұмыс істейтін ата-аналарға да, жұмыс істемейтін ата-анаға да қатысты болады.