Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2022

Сапалы жол салуға не кедергі?

370 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысында жол жөндеу және жаңа жол салу саласында анықталған жемқорлық тәуекелдері туралы бірқатар мәселе талқыланды. Аталған жиын Антикор қызметінің бастамасымен өтті.

Сапалы жол салуға не кедергі?

Ресми деректер бойынша өңірде 9 мың шақырымнан астам автокөлік жолы бар. Мемлекет соңғы 5 жылдың ішін­де бұл салаға көлемі 175 млрд теңге бо­ла­тын қомақты қаржы бөліпті. Соған қа­ра­мастан, облыстағы автокөлік жолда­ры­ның тек 78 пайызы ғана қанағат­та­нар­лық жағдайда.

Жол активтері сапасының ұлттық орта­лығы жүргізген аралық сараптамалық зерттеулер нәтижесінде жаңа салынған және таяуда ғана жөндеуден өткен бір­қа­тар жолдың мемлекеттік стандарт талаптарына сай емес екені анықталып отыр.

Жиын барысында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бі­рінші орынбасары Алмас Аманов жол құрылысы саласында орын алған жем­қорлық тәуекелі көбіне міндетіне ықы­лас­сыз мердігерлердің мүддесін үнемі қорғаштау нәтижесінде және сапасыз жұмыстарды сол күйінде қабылдап алу сал­­дарынан туындайтынын айтты. Ан­ти­кор өкілінің сөзіне қарағанда, авто­­мобиль жолдарын салу және қайта жа­ңарту жөніндегі конкурстық құжат­т­а­малар көбіне осындай өз міндетіне ықылассыз мердігерлерге бейімделеді. Нә­тижесінде, жол салуға, жөндеуге қа­тыс­ты конкурстардың көбін солар ұтып алады. Мұндай мердігерлердің техникасы мен басқа да мүмкіндіктері жеткілікті болмағандықтан, өздеріне жүктелген жұмысты уақтылы орындай алмайды. Осының салдарынан мемлекет сеніп тапсырған міндет дер кезінде тапсырылмай, ешбір себепсіз мерзімі ұзартылып, созбаққа түседі. Мұның соңы, іс тірелетін жеріне әбден тірелген кезде жергілікті атқарушы органдардың сапасыз орындалған жұмысты амалсыз қабылдап алуына әкеп соқтырады.

Алмас Аманов бұған мысал ретінде Әулиекөл-Жалдама бағытындағы авто­көлік жолына тоқталды. Ұзындығы ша­ма­мен 260 шақырымнан асатын бұл жол учаскесіндегі жұмыс 2021 жыл­дың наурыз айында басталып, 2022 жыл­ға дейін ұзартылған. Ең сорақысы, Жол активтерінің сапасын тексеретін ұлттық орталық сарапшылары осы жол учаскесінен алынған керндердің 90%-ы мемлекеттік стандарт талаптарына сай емес екенін айтып отыр.

Аманкелді-Үрпек-Рахмет-Әліби, Шұ­­ба­лаң-Қарасу, Арқалық-Ашутасты–Шиелі автожолдарының да жағдайы осындай. Таяуда ғана жөндеуден өткен бұл жолдардың үстінде күн санап ойық, шұқыр пайда болып, кедір-бұдыр көбейе түскен.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жол сапасын тексеруге жеткілікті түрде қаржы бөлінбейтінін айтып, қын­жы­лыс білдірді. Биыл жүргізілген сараптама жұмыстарының нәтижелері жол құ­ры­лысын кезең-кезеңімен, дүркін-дүркін бірнеше рет тексеру қажет еке­ні­не көз жеткізіп отыр. Мысалы, биыл Ашутасты-Шиелі бағыты бойынша салынып жатқан күре жолдан 13 рет сынама алынған. Талдау жұмыстарының нәтижесінде сол 13 сынаманың 10-ы талапқа сай кел­мейтін болып шыққан. Өкінішке қарай, әкімдік тарапынан қаржыландыру бол­ма­ғандықтан, сынама алу жұмыстары да тоқтап қалған.

Заң бойынша жөндеуден өткен немесе жаңа төселген жолдарды жол ак­тив­терінің сапасын тексеретін Ұлттық ор­та­лық оң қорытынды шығармай еш­кім қабылдап ала алмайды. Алайда сапасыз салынған біраз жолдың ондай қорытындысыз-ақ қабылданып кеткені анықталып отыр.

Жол активтері сапасының ұлттық орта­лығы биыл 654 рет жоспарлы тек­серіске шығып, жол құрылысы жұ­мыс­тарында орын алған көптеген кем­ші­лік­тің бар екенін анықтаған. Алайда қаржы тапшылығына байланыс­ты, әлгі анықталған кемшіліктердің жойылғанына көз жеткізу үшін жасалатын қайта сараптама жүргізуге небәрі 18-ақ рет шыққан.

Жиын барысында аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов жол сапасын тексеруге қажет қаражаттың іздестірілетінін мәлімдеп, тиісті мекемелерге жөндеуден өткен және жаңа салынған жолдардың Ұлттық орталықтың қорытындысынсыз қабылданбауын қадағалауды тапсырды. Әкім осы уақытқа дейін жөндеуден өткен жолдарды, оның ішіне кепілдік мерзімі бар жолдар да кіреді, қайта тексерістен өткізіп, кемшіліктер анықталған жағдайда оны түзету туралы нұсқау берді.

Сонымен қатар өңір басшысы мем­ле­кет­тік сатып алу конкурстарына қаты­сып, оңай жеңіске жетіп жүрген бір күндік компаниялар туралы да сөз қозғады. Әкімнің айтуына қарағанда, мұндай компаниялар көбіне басқа өңірлерден келеді. Көбіне олардың мемлекет сеніп тапсырған жұмысты атқаратын не техникасы, не адамы жоқ болып шығады. Сөйте тұра, мұндайға әбден әккі болып алған компания техникалық құжаттамада техникам да, жұмыс күшім де бар деп көрсетіп, конкурсты ұтып алған соң қазына қаржысын бір қарпып алып, өзіне жүктелген міндетті қосалқы мердігерге ысыра салады. Мұның зардабын түптеп келгенде жергілікті органдар тартады, ең бастысы, мемлекет қыруар қаржы бөлген жолдың құрылысы сапасыз болып шығады.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Серікжан Мырзалының айтуынша, алдағы уақытта «Әділдікті талап ет!» республикалық акциясы шеңберінде жол сапасын тексеру жұмыстары әлі де жандана түспек. Оған Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығының сарапшылары, мемлекеттік аудит және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау саласының мамандары тартылатын болады.

Ең басты міндет – жол құрылысы сала­сындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, бюджет қаражатының мақсат­сыз жұмсалуын болдырмау және көлік жолдарының сапалы болуын қамтамасыз ету.

Комиссия отырысының соңында аудан әкімдеріне және облыс әкімдігінің тиісті басқармаларына автокөлік жолдарында анықталған ақауларды жою, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар тура­лы заңнаманың сақталуын және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қам­тамасыз ету тапсырылды.

 

Қостанай облысы