Қоғам • 29 Қыркүйек, 2022

Толған ортаның толғамы

226 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жер бетіндегі қазақтардың жал­ғыз Отаны – Қазақстан! Тәуел­сіздік алғаннан бері әлемге тарыдай шашылған қандастарымыз ата­жұртқа орала бастады. Ұлы көш­тің басталуы I Дүниежүзі қазақ­тары құрылтайының ұйым­дас­тыры­луымен байланысты. Биыл тұңғыш құрылтайдың өткеніне 30 жыл болды.

Толған ортаның толғамы

Маңызды датаға орай Тұңғыш Президент кітапханасында «Қазақ елі: өсіп-өркендеудің тұ­жырымдамалық негіздері және жа­һанданған әлемге бейімделу» атты халықаралық форум өтті. Жиынға қатысушылар алғашқы құрылтай өткізілгеннен бері жүзеге асқан жаңашылдықтарды, әлі күнге дейін шешімі дұрыс та­былмаған проблемаларды атап өтті. Сондай-ақ қазақ халқының та­рихи-мәдени мұрасын сақтау және қазіргі сын-тегеурін мен қауіп-қатер жағдайында ұлтты ұйыс­тырудың тетіктері айтылды.

Алқалы жиында ең әуелі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің құттықтау сөзі оқылды. «Бүгінгі алқалы жиынға елге деген ыстық ықыласы мен сағынышын арқалап әлемнің әр түкпірінен көптеген қандасымыз арнайы келіп отыр. Бұл басқосу тағдыр талайымен тарыдай шашылып кеткен бауыр­ларымыздың мерейін арттырып, ұлт болып ұйысуымызға, жұ­дырықтай жұмылып, бірлі­гімізді бекемдей түсуге сеп болары сөзсіз. Қаншама қиын-қыстау заманды басынан кешкен қазақ халқының Тәуелсіздікке қол жеткізе салысымен қолға алған игі істерінің бірі – туған мекенінен жырақ кеткен қандастарын тарихи Отанына қайтаруы еді. Дү­ниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы атажұртты аңсаған қаншама жанның жүрегінде шермен болып қатқан шерді тарқатты. Ұлттың рухын көтерді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы уақытта бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, жандандыруға шақырды. Бұл іс-шара әлемдік үдерістердің аласапыранында қазақ ұлтының жасампаздығы жолындағы алдағы мақсат-міндеттерді айқындауда айрықша маңызға ие», делінген министрдің құттықтау сөзінде.

Тұңғыш Президент кітап­ха­на­­сының директоры Бақытжан Темір­­болат осынау 30 жыл ішінде атажұртқа оралған қандас­тары­мыз еліміздің өсіп-өркендеуіне, әлемге танылуына өз үлестерін қо­сып жатқанын атап өтті. «Алыс­та жүрген ағайынның да елге деген сүйіспеншілігі, ұлтына деген құрметі күннен-күнге артпаса, кеміген жоқ», деді ол.

Отыз жылда елімізге 1 миллион 99 мыңнан астам қандас кө­шіп келген. Бүгінде әлемнің түк­пір-түкпірінде шамамен 7 миллион қазақ өмір сүріп жатыр. Мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы Қуаныш Сұлтанов тұңғыш құрыл­тайдың ұйымдастырылуы тәуел­сіздіктің желісі екенін еске салып, егемендігімізді қадірлеуге шақырды.

– Тұңғыш құрылтай ұлттық санамызды оятып, ұлттық ұжда­нымызға қуат беріп, ұлттық бір­лігімізге сенім ұялатты. Ұлы көш басталған уақытта мен де игі іске қатысу бақытына ие болдым. Ол сәттер өте қиын да, қызықты кезең еді. Қытайда елші болып жүргенімде бүкіл Шыңжаң өлкесін аралап, Алтайға дейін барып, жергілікті тұрғындармен кездестім. Кейбір азамат «Мен Қазақстанға барсам, Қазақстан маған не береді?» деп сауал қоятын. Мен оларға: «Бауырым, Қазақстанға келсең, еңсең көтеріледі. Саған бостандық, құқық беріледі. Олай болса, «Мен Қазақстанға не беремін?» деп келуің керек» деп жауап қайтарған едім, – деп естеліктерімен бөлісті.

Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Сайлау Батыршаұлы болса, шетелдегі қазақтардың елге келуінің өзі үлкен күш екенін ерекше атап өтті.

– Мен Сыртқы істер министр­лі­гінде еңбек еткен жылдары, яғни ұлы көштің алғашқы кезеңін­де Моң­ғолиядан 62 мың қазақ елге келді. Ол кезде азаматтық алу қиын болғандықтан оларды жұмыс күші ретінде қоныс­тан­дырдық. Өкінішке қарай, құжаттандырудағы бюрокра­тизм­нің салдарынан келген ағайынның бестен бірі қайтадан көшіп кетті. Әлі күнге дейін азаматтық алуда проблема көп. Нақты бағдарлама қолға алынатын уақыт жетті. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі болса, Көші-қон сая­сатының 2023-2027 жылдарға ар­налған тұжырымдамасын әзір­леп, түсініксіз тетіктерді іске қос­пақшы. Шетелдік тәжірибеге сүйен­сек, Израиль мемлекетінде бір күн­нің ішінде азаматтық ала аласыз. Әуежайдан түсе сала, арнайы ғимаратта бар шаруаңызды бітіресіз. Германияда азаматтық алу ісі бір күннен асып кетсе, келесі күні бұл іске жауапты министр жұмыстан босатылатынына сенімдімін. Міне, өз азаматтарына деген қолдау осылай болса керек! Әлемдегі бар қазақ Отанына оралу қажет! – деді Сайлау Батыршаұлы.

Мемлекет және қоғам қайрат­кері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жол­дасбеков онлайн режімде ыс­тық ықыласын білдіріп, тұңғыш құ­рылтайды ұйымдастырудағы естеліктерімен бөлісті. 1992-2017 жылдары Дүниежүзі қазақ­тары қауымдастығы төрағасы­ның орынбасары болған Сұлтан­әлі Балғабаев ұлы көштің алғаш­қы жылдардағы қарқыны бәсең­деп қалғанын, осы ретте құзыр­лы органдар тарапынан жана­шыр­лықтың аз екенін жеткізді.

«Отандастар қоры» ком­мер­ция­лық емес акционерлік қоға­мының прези­денті Абзал Сапар­бекұлы қор­дың жұмысына тоқ­талды. «Ұлттық бірегей­лікті сақтау мақсатында жұмыс атқару­дамыз. Жасыратыны жоқ, аянышты сәттер де аз емес. Мәселен, қазір Өз­бекстаннан басқа ешбір мемлекет­те толыққанды қазақ мектебі жоқ. Моңғо­лия­да биылдан бас­тап мектептер 2-сы­ныптан бас­тап толық моңғол тіліне көшті. Көрші Ресейде ана тілін білмейтін қазақтардың саны 50 пайыздан асты. Басқа ұлт өкілдерімен некеге тұру 25 пайызға жетті. Еуропадағы және Түркиядағы қазақтар ана тілін ұмытуға жақын. Бұл ретте «Отандастар қоры» қа­зақ тілін үйрету курстарын өткі­зуді жалғастырып жатыр. Өзге де бағыттағы жұмыстар да қолға алын­ған. Бүгінде әлемнің 26 елін­дегі 80 қазақ ұлттық мәдени орта­лығымен ынтымақтастық орна­тылған», деді Абзал Сапарбекұлы.

Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығы төрағасының орынба­сары Зауытбек Тұрысбеков қа­уым­дастықтың атқарған жұ­мыс­тарына тоқ­талып, алдағы жоспар­ларымен бөлісті. Сондай-ақ жиында шетелдегі қазақ диас­по­раларының өкілдері баян­дама жасады. Халықаралық форум жұмы­сының қорытындысы бо­йынша материалдардың электронды жинағы шығарылмақ. Форум аясында Тұңғыш Президент кітапханасының қорындағы архив құжаттары мен кітаптарының көрмесі, дәстүрлі қазақ қолөнері мен ұлттық киімдерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды.