Нью-Йорк қаласында шетелде тұратын әрі әлемнің жетекші технологиялық компанияларында жұмыс істеп жатқан 400 жаспен бейресми кездесу кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Digital Nomads IT өкілдеріне қарата: «АҚШ-та әрине, жақсы. Бірақ Қазақстан да керемет!» деп, білікті жастарға туған жерде де жұмыс табылатынын меңзеген еді. Шыңғыс Каримовті әңгімеге тартқанда біз де осы сұраққа жауап алмақ болдық.
Шыңғыс Ақтөбе облысының тумасы. Қалалық мектепті аяқтаған соң ол бірден АҚШ-қа оқуға аттанады. Онда Purdue University (Индиана штаты) зымыран құрастыру инженері мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алып шығады.
– Оқуымды бітірген соң елге оралдым. Екі жыл Eurocopter Kazakhstan Engineering ұлттық компаниясында инженер болып жұмыс істедім. Бұл компания тікұшақтарды құрастырумен, сатумен айналысады. Онда жүріп ғылымға, бизнеске жақын екенімді түсіндім. Сөйтіп, мамандығымды экономиске ауыстырып, Назарбаев Университетінің магистратурасына түстім. Магистратураны бітіріп жатқанда диссертациямды тапсыратын ғылыми жетекші керек болды. Бақытыма орай, дәл сол кезде университетімізге Бельгияның Экономикалық университетінен профессор келді. Дипломыма көмектесуін өтіндім, ол келісті. Дипломдық жұмысым аяқталғанда ол маған Бельгияда PhD дәрежесіне түсуге ұсыныс жасады, мен бірден келістім. Арада төрт жыл өтіп, Бельгияда докторлықты тәмамдадым. Бельгиядан бірден Лондонға көштім. Қазір Amazon компаниясында мәліметтерді зерттеуші (Data Scientist) болып жұмыс істеймін, – деді Шыңғыс АҚШ-тағы бакалаврдан Ұлыбританиядағы мансабына дейінгі кезеңдерін тізбектеп.
Оның еңбек жолы жолдамамен жұмысқа орналасуынан басталған. «Шетелде өз мамандығың бойынша жұмыс табу қиын емес. Әрқашан сұраныс бар, бірақ мәселе оларға қандай ұсыныс айтатыныңызда. Адамдардың көбісі білімін жетілдіру үшін курстардан өтіп жатады, бірақ тәжірибесі жоқ. Жұмыс беруші үшін білімнің болуы емес, онымен қалай жұмыс істейтініңіз маңызды. Бүгінде көптеген компания зерттеу жұмыстарына инвестиция салып жатыр. Мен ғылыми жұмыстармен біраз айналыстым. Бакалаврда оқып жүргенімде университетте ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. Бельгиядағы қызметім де зерттеумен байланысты болды. Сондай-ақ MVF және Дүниежүзілік банк сияқты ұйымдар үшін көптеген консалтингтік жоба әзірледім. Amazon-да мен жаңа өнімдерді әзірлеу және зерттеу бойынша Data Scientist болып жұмыс істеймін. Менің қызметім экономика мен инженерияның арасында тоғысады», дейді Шыңғыс.
Шетелде жұмыс табу оңай болғанымен, оған сай болу басты міндет екенін айтқан Шыңғыс Google, Amazon, Uber секілді дүние жүзіндегі 100-ден астам түрлі компанияға түйіндеме жіберген. «Түйіндеме жіберген компаниялардың ішінен 4, 5 ұйымнан ғана шақырту алдым. Лондондағы Amazon-ға деректермен жұмыс істеуді білетін маман қажет болды. Бұған дейін мен бағдарламалауды өз бетімше оқып жүргенмін, менде бұл жұмысқа қажетті білімім болды, сол білімімді тәжірибеде көрсете алдым», дейді ол.
Amazon – электрондық коммерция платформасымен жұмыс істейтін әлемдегі ең ірі компания. Онда дүниежүзі бойынша 1,5 миллионнан аса адам еңбек етеді. Үнемі ізденісінің арқасында отандасымыз қазір Data Science тобының жетекшісі. Шетелде ІТ-мамандарына әрқашан сұраныс бар, алайда олардың өмірі біз армандағандай бола бермейді.
– Бір жылдан асты Data Science тобына жетекшілік етіп келемін. Шағын тобымыздағы мамандар деректерді талдап, түрлі онлайн қосымшалар әзірлейді. Шетелде білім алып, осында тұруды армандайтындарға айтарым, ол жақта сені ешкім күтіп отырмайтынына моральдық жағынан дайын болу керек. Онда біз ойлайтындай қолайлы жағдайлар жасалмаған, тұрғын үй, жеке көлігіңнің болмауы – көп қиындықтың бірі ғана. Біз төрт жігіт болып төрт бөлмелі пәтер жалдап тұрдық, пәтердің жағдайы мәз емес еді, бірақ бағасы арзан болды, – деді шетелдегі өмірі туралы Шыңғыс. Әңгіме барысында қазір тұрып жатқан Лондон қаласы туралы көбірек айтты.
– Лондонда тұру әрине, керемет бірақ қиындығы да жетерлік. Мысалы, арасы қатты алыс емес, А нүктесінен В нүктесіне жету үшін кемінде бір сағат кетеді, сондықтан мен велосипедпен қатынаймын. Ол жақтағы менталитетке үйренуіме де көп уақыт қажет болды. Ұлыбританияда барлығы қарапайым, сыпайы және әдепті, ал менің мінезім тік әрі мінезім қызба, ешкімді ренжітпеу үшін кей сәттерде өз-өзімді ұстауға тура келді. Мен еуропалық қарым-қатынастың тәсілін әлі де ұғына алмай келемін, олар мені сынап тұр ма, мақтап тұр ма, болмаса бір нәрсені қайта жасауды сұрап тұр ма, бірден ұғыну қиындау. Лондонда тұру үшін айына кем дегенде миллион теңгеге жуық табыс табу керек, бұл бөлме жалдап, велосипедпен жүруге ғана жетеді. Қазақстанда адамдар өмір қиын деп жиі шағымданады, бірақ Лондонда тұру әлдеқайда күрделі. Оған моральдық және қаржылық жағынан дайын болу керек. Корольдікте бәрі өте қымбат. Amazon-да жұмыс істеу, біздің стандарттар бойынша өте керемет. Алайда жеке пәтердің жоқтығы көп қиындық тудырады. Қазір мұнда досыммен бірге бөлме жалдап тұрып жатырмыз. Ұлыбританиядағы пәтерлердің, әрине, АҚШ-қа қарағанда жағдайы жақсы, бірақ тұтас пәтер жалдамайтынымның өзі көп нәрсені аңғартады. Лондонда өзіңді және отбасыңызды асырауға болады, бірақ ол кезде ақша жинай алмайсыз, жалақыдан жалақыға дейін өмір сүруге тура келеді, – дейді Шыңғыс.
Елімізде әдетте «Жоғары білімің туралы дипломың бар ма? Қайда оқыдың? Кімдер оқытты?» деген сауалдар қойылып, жұмысқа алушы тараптың критерийлері осымен аяқталатыны белгілі. Ал Шыңғыстың айтуынша, шетелде алдымен жеке бастың жауапкершілігі маңызды.
– Әрине, кез келген іс төзімділік пен табандылықты қажет етеді. Жат жерде жүріп көп сабақ алдым, үйрендім. Кез келген мақсатқа табандылықпен, жауапкершілікпен қараған адамға қолжетімсіз ештеңе жоқ. Amazon, Google және басқа компанияларда жұмыс істеуді армандайтын таныстарым менен сұрап жатады. Олардың бірінші сұрағы: «Сіз қандай бағдарламалау тілінде жұмыс істейсіз?». «Python «деп жауап беремін. «Мен Python-ды білемін. Ал егер мен басқа бағдарламалау тілдерін үйренсем, бұл маңызды ма?» деп олар қызығушылық танытады. Осындай диалогтерден мен адамдардың көбі проблемаларды шешуге емес, қолданатын құралдарға ғана назар аударады деген ой түйдім. Бұл, әрине, керемет, бірақ жұмыс берушілерге дағдыларды өз бетімен іске асыруға дайын қызметкер қажет. Кез келген компания үшін Python жеткілікті, басқа 30 бағдарламалау тілін үйренудің қажеті жоқ. Олар үшін белгілі бір мәселенің неліктен пайда болғанын және оны қалай шешуге болатынын түсінуі маңызды. Егер сіз маман ретінде бүкіл циклды басынан аяғына дейін білсеңіз, сіз баға жетпес кадр боласыз, – деген Шыңғыс кеңесімен де бөлісті.
Amazon әлемдегі озық компаниялардың қатарында болғанымен, үнемділік (Frugality) немесе қалдықсыз принципіне негізделген мекеме. Мәселен, «Компанияда Google-дегі сияқты таңғы, түскі және кешкі ас тегін емес, бірақ жұмыс істеуге қажеттінің бәрі бар. Компания сонымен қатар ай сайын түрлі іс-шаралар өткізеді. Лондонда жұмыс істеудің артықшылығы сол, барлық Еуропадағы кездесу, конференция, т.б. іс-шараларға қатысуға мүмкіндік мол. Соңғы рет Люксембургке бардық. Бұған дейін біз Прага, Барселона, Манчестерде болдық. Келесі сапар Эдинбургке жоспарланып отыр. Маған осы принцип ұнайды, жұмыстың арқасында саяхаттауға да болады. Шетелде бәсекелестік жоғары, сондықтан да өмір сүру қиын. Үнемі ізденісте жұмыс істеп, біліміңді, тәжірибеңді жаңартып отыруың керек. Маған Отаныма ат басын бұру әрқашан қуаныш сыйлайды, өйткені мен мұнда демаламын, әсіресе ойдан бір дамыл таппайтын миым тынышталады. Оның үстіне жақындарыңмен бірге болып, емін-еркін әңгімелесудің өзі бір ғажап демалыс», деп аяқтады сөзін Шыңғыс Каримов.