Экономика • 30 Қыркүйек, 2022

Картоп бағасы қоймаларға тәуелді

324 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Павлодар – картопқа жарыған өңір. Аймақта жыл сайын кемі 600-700 мың тонна картоп жиналып, дені экспортқа кетеді. Биыл жаздан бері көкөніс өсірушілер жарты млн тоннадан астам өнім жинаса, түйнегі алынбаған танаптардың көлемі әлі де 27 пайызды құрап отыр. Яғни биыл «екінші нан» тағы да аста-төк болады.

Картоп бағасы қоймаларға тәуелді

Егіс даласында күні-түні дамыл таппай жүрген Ертіс өңірінің диқандары келесі аптада жиын-терім жұмыстары аяқталады деп болжап отыр. Жалпы, қазірге дейін жоспардың 96 пайызы орындалды. Облыс­тың ауылшаруашылық тауарын өндірушілері 1 млн 351,3 мың гектардан дәнді дақылдар мен көкөніс түрлерін жинауда. Бұл өткен жылғыдан 138,3 мың гек­тарға артық. Барлық егістің басым бөлігін астықты дақылдарды құ­рай­ды – 951,5 мың гектар. Май­лы дақылдар – 288 мың, кар­топ – 24,9 мың, көкөністер мен бақша дақылдары – 9,3 мың,  жемшөп дақылдары – 77,6 мың гектар. Гектарынан орташа ал­ған­­да 9,8 центнер өнімділікті көр­­сеткен дәнді дақылдар көлемі науқан нәтижесінде шамамен 1 млн 17 мың тоннаға жетеді деп күтілуде. Өзге де өнімдер бойын­ша түсім өткен жылдың деңгейін­дегідей. Астық жинауда Успен, Ертіс және Железин аудандарында өнімділік жоғары, гектарынан 10-11 центнерден айналып отыр.

Шаруашылықтардың дерегіне сүйенсек, картоп жылдағыдай рекордық көлемде алынады. Облыс жұртшылығының сұранысынан 11 есеге көп жиналатын «екінші нанның» тым болмаса оннан бір бөлігін келер жылдың жазына дейін сақтау әзірше мүмкін болмай тұр. Қоймаға салынған өзіміздің картоп мамыр айында таусылып, еліміздің оңтүстік өңірлерінен қымбат бағаға сатып ала бас­таймыз. Бұл жылма-жыл қай­таланатын құбылыс. Осы жылдан аймағымыз өнімнің бұл түрін тоңазытқышта сақтаудың тәжірибесін енгізген еді. Алай­да салқындатқыш құрыл­ғылардың аздығынан жергілікті тұтыну­шыларды толық қамтамасыз ету мүмкін емес.

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұр­болат Мақашев шаруашы­лықтарда қазіргі күні жалпы сыйымдылығы 413 мың тонна болатын 140 көкөніс қоймасы барын айтады. Оның 88 пайызы заманға сай жабдықтармен жарақталған. Салқындатқышпен жабдықталған қоймалардың санын арттыру үшін Ауыл шаруа­шылығы министрлігі субсидия бөлуді қарастыруда.

– Көкөніс өсірушілердің дені картопты бірден сыртқа сатып жіберуге дағдыланған. Қазір көбі өнімді егіс далаларынан тиеп қоя береді. Онда картоптың килосы 90-100 теңге, сәбіз 60-70 теңгеден босатылуда. Бұл – әрине, өте арзан баға. Егер қоймамыз жеткілікті болса, шаруалар өнімді ұзақ уақыт­қа сақтап, оңтайлы кезеңде тиім­ді бағаға сатар еді. Биыл да рекордық көлемде картоп аламыз, оның басым бөлігі суармалы жерлерден жиналуда. Кейбір шаруашылықтар гектарынан 330-335 центнерден алып жатқанын хабарлады. Аймақтың картоп өсірушілерімен жылдағыдай меморандум жасалып, қыста және көктемде оны арзан бағада сату мүмкін болады. Жәрмеңкелерде килосы 100 теңгеден сатылуда, – дейді ол.

Екінші жағынан алғанда өңір­де картопты қайта өңдеу кә­сіп­орындары мүлде жоқ. Крах­мал шығаратын зауыт салу туралы мәселе көтерілгелі біраз уақыт өтті. Жоба сөзбұйдаға са­лы­нып, созылып кетті. Бұған де­йін картоп чипсыларын шыға­ра­­тын өндіріс те ашылады деп күтіл­ген. Алайда шетелдік инвес­тор­лар қаржы салуға жүрексініп отыр. Сондықтан павлодарлық картоп­тың әзірше бағы ашылмай тұр.

Тағы бір мәселе, Ертіс-Баян өңірі диқандарының «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» бидайға белгілеген бағаға көңіл­дері толмай отыр. Мәселен, 3-класты бидайға форвардтық сатып алулар қазіргі күні тоннасына 120-125 мың теңге деп белгі­лен­ген. Бұл баға жаңа жылға дейін сақталып тұратыны анық. «Абай» атындағы ЖШС басшысы Ни­колай Миллердің пікірінше, биыл би­дайдың бағасы кемінде 150 мың теңгеден басталуы керек.

Жаздың құрғақ болуына байланысты керекулік бидайдың қамырлылық көрсеткіші орташа алғанда 25-26 пайызды құрап отыр. Былтыр бұл шамамен 23,6 пайызды көрсеткен. Ылғалдылық көрсеткіштері де жақсы. Сондықтан баға жоғары болуға тиіс.

«Көктемде тұқым бағасы, тыңайтқыштар мен гербицидтер, техника сайманы шарықтап шыға келгені мәлім. Егіннің әр гектарына шаққанда биыл астықтың өзіндік құны қымбатқа түсті. Әрі жазда жауын-шашынның аз болуынан түсім де онша емес. Ала жаздай тер төккен еңбегіміздің жемісін тиімді бағаға сатқымыз келеді. Қазір нарықта бидай көп болуына байланысты баға да арзан. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұстанып отыр­ған баға старттық баға екенін түсінеміз. Менің ойымша, қазіргі жағдайда жұмсақ бидайдың тоннасы – 150 мың, қатты бидайдың құны 200 мың теңгеден басталуы керек», дейді фермер.

Әрине «Абай» сынды ірі шаруашылықтардың бидайды біраз уақытқа сақтап, баға қымбаттағанша ұстап тұратындай мүмкіндігі мол. Мәселе, астықты жинаған соң бірден сатып жіберуге бейіл ұсақ шаруа қожалықтарына қатысты. Олар ылғал жапқаннан бастап орақ жүргізгенге дейін ас­тық өсіру шараларына өте көп шы­ғын­далады. Қолдағы бар қаржы­сын жұмсап қойғаны себепті күзде табысқа бірден кенелуді ойлайтындар арзан бағаны қомсынбайды. Сондықтан алғашқы бетте нарықта зардап шегетін де солар.

Сарапшылар қаржысы бар іргелі фермерлік шаруашылықтар қазіргі бағамен бидай сатпайтыны анық дейді. Себебі астықтың өзіндік құны өскенімен қоймай, оны тасымалдау шығындары да артқан. Соған орай өнімнің қымбаттағанын барлығы асыға күтеді. Астық бағасы жыл соңына дейін біраз құбылғанымен, ол аса қымбаттай қояды деу күмәнді. Ал тоннасына 150 мың теңгеден басталатын тиімді баға тек келер жылдың басында, нарықта бидай азайғанда бой көрсетуі мүмкін.

Павлодар облысының аумағын­да бүгінде жалпы сақтау сы­йым­дылығы 277,3 мың тонна болатын лицензияланған 6 астық қабылдау кәсіпорны бар. Олар – «Жолқұдық элеваторы» ЖШС, «Шарбақты элеваторы АТО» ЖШС, «Павлодар нива» ЖШС, «Арго» фирмасы ЖШС, «Ертіс Агро» ӘКК ЖШС, «Group KSM» ЖШС. Барлық элеватор жаңа егіннің астығын қабылдауға дайын. Қазірдің өзінде астық қабылдау орындарында 50,8 мың тонна астық бар делініп отыр.

Өңір картоп, сәбіз, ет, сүт өнімдері, ұн, қарақұмық жармасы, макарон өнімдерімен өзін толық қамтамасыз етуге қауқарлы.

 

Павлодар облысы