Сұхбат • 02 Қазан, 2022

Елен Әлімжан: Жазушы жазу үстелінде құдіретті

1850 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғалы бері көркем әдебиетімізге жаңа романдар қосылды. Сол сүйекті шығармалардың бірі жазушы Елен Әлімжанның «Анажар» романы. Біз осы сұхбатымызда жазушымен өз шығармашылығы, қазіргі әдебиет туралы ой бөліскен едік.

Елен Әлімжан: Жазушы жазу үстелінде құдіретті

Ұлттық құндылықтар ұлттық мақтанышты тудырады

– Жазушы үшін қоғам маңыз­ды фактор ғой, сіз екі бір­дей қоғамды көрдіңіз, әде­биетіміздің бұл екі кезеңін жақ­сы білесіз. Ал қазір жаңа қо­ғамға бет алдық, ендігі әде­биет­тің беталысы қалай бол­ғаны жөн деп санайсыз?

– Әр қоғамның өзіндік ерек­шелігі бар. Сол ерекшеліктің әде­биетке өзіндік әсері болады. Мәселен, социализм жос­парлы қоғам еді. Сондықтан да шығармашылыққа бағыт-бағ­дар беріп, жазушыларды мо­рал­ьдық, материалдық жағынан көтермелеп отырды. Тәуелсіз Қа­зақ­станның бұрынғы билігі алдымен экономика, содан соң саясат деген бағыт ұстанды да шу дегенде әдебиетті нарыққа жіберді. Сол нарыққа жіберіп тұрып, қазақ тілді әдебиетті ағыл­шын, қытай, испан, орыс тілді жүз миллиондаған оқыр­ма­ны­мен тең жіберуге болмайты­нын ескергісі келмеді. Оның үстіне көркем әдебиеттің идеоло­гияның ең іргелі құралы ретінде адам тәрбиелеудегі рөлін жете бағаламады. Бәлкім, қандай идео­логия ұстанарын білмеді.

Әдебиеттің бет алысы туралы айтқанда мынаны ескерген жөн. Әдебиет сайтанның сапалағы құсап алдымен шошаң­дай жөнелетін жеңіл, желөкпе жанр емес, ауыр қозғалып өте тереңнен тартатын жанр. Қоға­мы көкірегіне қандай шер байласа, соны жазады жазушылар. Олардың бірен-сараны да­ныш­п­андық деңгейге жетіп, бола­шаққа бағдар беріп кетсе, көпшілігі қоғамы мен оның адамының келбетін кескіндейтін суреткерлікпен шектеледі. Су­рет­керлікке байланысты мы­на бір әңгімені айта кетсем дей­мін. Ана жылы мен Қадыр Мырза­лиев ағамен үш-төрт күн сапарлас болдым. Көп тыңдадым. Содан соң «қызық» жасағым келіп, әңгімені ылғи көрінбейтін әлемге бұра бердім. Сол-ақ екен көрінетін әлемнің білгірі кібіртіктей бастады. Содан соң ол кісіге Қазан төңкерісінен кейін дүниеге келген ғалымдарымыз бен қаламгерлеріміздің тек материяны ғана оқығандықтан білімдері де жарты екенін айттым. Ол кісі келісіп, «шіркін, толық біліміміз болса, өлеңді басқаша жазар едік қой» деді. Міне, қазір толық білім алып, әлемді де толық суреттей алатын мүмкіндік туды. Мәселен, белгілі жазушы Әшірбек Көпішевтің «Мәңгілік майдан» (2018ж) романы Абай атап өткен «көрінетін және көрінбейтін» әлемді тұтас қамтып суреттейтін туынды. Де­мек, қазақ романының түрі мен мазмұнына жаңа заманның жаңалығын әкелген шығарма.

Дегенмен жаңа заман жазу­шы­ларының түрлі техника-тех­нологиялармен «мұздай қару­ланған» бәсекелестері көп. Керек болса, бұл жағынан озық елдер біздің сәбилеріміздің санасын жаулап алып жатыр. Өйткені әдебиетімізді техника-технология заманына лайықты түр мен мазмұнға ие ете алмай келеміз. Бұл тұрғыда ХІХ-ХХ ғасыр жазушыларына қарағанда ХХІ ғасыр жазушыларына ауыр салмақ түсіп тұр.

– Бізде қазақ жазушылары орыс қаламгерлерінен көп нәрсе үйренді деген түсінік бар, осы рас па?

– Рас. Орыс жазушыларынан көп үйрендік. Өзгелерді де орыс жазушыларының аудармалары арқылы оқып білдік. Өйткені өзге саңлаулардың бәрі тарс бекі­тіліп, тек орыс қақпасы ғана ашық тұрса басқа не істейсің? Оның үстіне ХІХ ғасырдағы орыс әдебиетінен жалғыз біз үйренген жоқпыз.

– Жазушы үшін тарихты жақсы білу қаншалықты маңыз­ды?

– Жазушы ғана емес, кез кел­ген азамат үшін елінің тари­хын білу міндет. Тарихын біл­мейтін адамнан патриот жасай алмайсың. Тарихын білмейтін адам ел де басқара алмайды. Өйт­кені кешегіні білмеген соң болашақты болжамақ түгілі бүгінгіні де байыптай алмайды. Міне, біреуді ат десең ататын, шап десең шабатын тапсырма орындағыштар солар, тарихи санадан жұрдайлар. Ал тарихты білген адам өз халқының ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп өседі. Ұлттық құндылықтар – ұлттық мақтанышты тудырады. Ұлттық мақтаныш – патрио­тизмнің қайнар көзі. Сондықтан жазушы тарихты өзгелерден артығырақ біліп, сезінуі керек. Өйткені бүгінгі күнді де тарихи санамен жазбаса шынайы шықпайды.

– Бауыржан Момышұлы туралы тың деректер тауып, оның басқа да азаматтық бей­несін жария еттіңіз, қазір батыр атамыздың есімін дұрыс ұлық­тап жүрміз бе?

– «Бауыржантану» орта­лығы мемлекеттік және же­ке мұрағаттардағы көп материал­дардың көшірме­сін жинақтаған еді. Олармен орталықтың өзге қызметкелерімен бірге мен де таныстым. Сонда байқағаным осы уақытқа дейін біз Баукеңді соғыс батыры және жазушы деп қана келіппіз. Бірақ оның басты ерлігі – майданда жиған беделін пайдаланып, 1937-1938 жылдары атылып кеткен Алаш арыстарының идеясын қайта көтергені жасырылып келіпті. Мен соны бірінші болып айттым. Ол кісі ең алдымен Алаш арыстарының ісін жалғауға көптеген әрекеттер еткен қоғам қайраткері екенін деректердегі нақтылы мысалдармен дәлелдедім.

Өкінішке қарай әлі де Баукең­ді соғыс батыры және жазушы деп атаудан әрі аспай жүрміз. Біз­дің елде бір жаман түсінік қалып­тасқан. Ресми, лауазымды қызмет істемедің бе, сен қайрат­кер емессің. Ал шын мәнінде халықтың белгілі бір бөлігінің санасына әсер еткен адамды ғана қоғам қайраткері дейді. Бәукең бүкіл қазақтың санасына әсер еткен қайраткер, Алаш арыстарының жалғасы.

– Сіз батыр туралы драма жаздыңыз, бірақ Бауыржан Момышұлы туралы көп жазылды ғой, сіздің жазғаныңыз несімен ерекшеленеді?

– Бұл сұрағыңызға жартылай жауап беріп қойған сияқтымын. Мекемтас ағамен әңгіме үстінде жоғарыдағы пікірлерімді айтып жүретінмін. Алысты болжағыш адам ғой, маған Баукең туралы роман жаз деген ұсыныс айтты. Бәукең өз өмірін көзі тірісінде Александр Бектен бастап, бірне­ше жазушыға айтып отырып жаздырып кетті. Оған баласы Бақытжан мен келіні Зейнептің жазғандарын қосыңыз. Мен олардың бірде бірін қайталамай Баукеңді соғыс қаһарманы ғана емес, болмыспен бетпе бет келе алған ұлт батыры ретінде көрсет­кім келді. Сондықтан да үш кейіпкерден ғана тұратын драма жаздым. Олар Бауыржан Мо­мыш­ұлы, ізгілік бейнесіндегі Гали­на Павловна және зұлымдық бейнесіндегі генерал.

«Бір қазаққа – бір қатын?!..» өміршең болып шықты

– Қазақтың ғажап жазушысы Тәкен Әлімқұлов та ашыл­маған арал сияқты.

– Тәкеннің тұстастары кө­біне Қазан төңкерісі, екінші дүние­жүзілік соғыс жайлы жазып, халқымыздың өткен тарихына да үңіліп жатты. Ол бұлардың бірде біріне қалам тартқан жоқ. Керісінше со­лар­­дың қалтарыс-қуыстарында қалып кеткен оқи­ға­лар мен тағ­дырларды, саналарына түскен психологиялық әсерлерді жазды. Мәселен, ол өмір сүрген дәуірді суреттеген шығармалардың ішінде «Ақбоз ат» романының болмысы мүлдем бөлек. Тілі шұрайлы бола тұра айтар ойы алты қабат астарлы. Ақбоз ат – адалдық символы. Сол символ аясында ол заманына күмән­мен қарай бастаған жазушыны, шын махабаттан гөрі есеппен үйленген дұрыс емес пе деп көп ойланған бойжеткенді алып келді әдебиетке. Ал «Дүбара» хикаятында социализмді не тұрғын үй, не мазар, не қойма екені белгісіз бір құрылысқа теңеді. Мұны «қырағы көздер» тани алмауы, таныған шын сыншылар кезінде дабыра еткісі келмеген болуы мүмкін.

– Жазушылықпен қатар дра­матургия саласында да ең­­­бек етіп келесіз, екі бірдей үл­кен салада қалам тербеу қиын­­д­ық тудырмай ма?

– Проза мен драматургиядан басқа менің шығармашылығымда публицистика да едәуір орын алады. Сондай-ақ драмамен бірге комедия да жазамын. Әртүрлі жанрда жаза білу әркімнің қа­рым-қабілетіне байланысты шы­ғар. Мәселен, М.Әуезов, Ғ.Мүсі­репов қазақ прозасының да, драматургиясының да не­гі­зін қалас­ты. Сын да жазып, зерттеулермен де айналысты. Қиыншылық болады, әри­не. Әсі­­ресе бір жанрдан екін­ші­сі­не ауысқанда сол жанрға лайық тілімді таба алмай көп қиналамын.

«Бір қазаққа – бір қатын?!» атты сахналық туындыңыз жыл сайын көрерменге көрсе­тіліп келеді. Бұл шығар­маңыз арқылы қазақ қоғамына не айтқыңыз келді?

– «Бір қазаққа – бір қатын?!..» тәуелсіздік қарсаңында жазылып, 1992 жылы сахналанды. Брежнев заманының соңында-ақ тұтынушы (потребительский) социализм, ал Горбачевтың тұсында еркін кооперативтер құрылып, баюды айыптамай, қайта ақтай бастаған жоқ па? Сол кезде санама «қазақ байыса, қатын алады, сарт байыса, там салады» деген мақал сап ете қалды. Оның үстіне баспасөзде бойдақ жүрген қыздардың тым көптігі, қа­зақ әйелдерінің бала туу көрсет­кіші төмендеп кеткендігі тал­қыланып жататын. Оның үстіне қырықтың ішіндегі кезім еді. Бұл жастағы отбасылардың басынан өткен көптеген «қыр­қыл­жыңдарды» естіп-көріп жүр­дім. Міне, осы проблемаларды сахнада көрсеткім келді. Бірақ мелодраманы да, драманы да қаламай жылатып емес, күлдіріп отырып ойландырайын деп комедия жанрын таңдадым. Менің бұдан да күлкілі, әрі жүгі де ауыр комедия­ларым бар. Бірақ әйтеуір «Бір қазаққа – бір қатын?!..» өмір­шең болып шықты. Өзі бас-аяғы он күннің ішінде жазылып бітіп еді...

– Шындығында, қазіргі қа­зақ қоғамы үлкен мәсе­ле­лер­ден тұрады. Осыларды негіз етіп те керемет роман, пьеса жазуға болады ғой...

– Жазылмай жатыр деуге болмайды. Баспалардан жарық көріп жатқан кітаптардың, сах­нада қойылып жатқан пьеса­лардың жеткілікті бөлігі бү­гінгі күнге арналғандығы сөз­сіз. Олардың ішінде қазіргі адам­ның психологиясына заман әкелген өзгерістерді тап басқан шығармалар жетерлік. Соған қарамастан сұрағыңда бүгінгі заманның толыққанды бейнесін көре алмаған өкініш бар сияқты. Мен де көре алмаймын. Тіпті бардың бәрін байыппен сараптап оқырманның көз алдына келтіріп отырған сыншы да кемшін.

Ал шындап келгенде қазақ қоғамының проблемалары бұ­рынғы кеңестік өзге одақтас рес­публикаларға қарағанда әл­денеше ауыр. Өйткені біз капитализм кезеңін бастан өткізбестен социа­лизмге бір-ақ секірдік. Демек бұрын ел көрмеген қо­ғамға көшпенділіктен кел­дік. Ресей отарлағалы бері қала­лары­мызда орыс ұлты басым тұр­ды. Ал кеңестік-комму­нис­тік билік тың көтеруді же­леу­летіп, ауылдардың өзінде бізді азшылыққа айналдыра бас­та­ды. Сөйтіп, сан ғасырлар бойы қазақ­ты мәңгүрттендіру сая­саты отарлаушылар үшін сәтті жүзе­ге асып келе жатты. Осылай өз жерімізде тұрып-ақ орысқа жұ­тыла бастадық. Ең жаманы қа­зақ тілінің келешегі жоқ, ол тұр­мыстық деңгейдегі тіл дегенге көпшілігіміз сеніп, балалары­мыз­ды орыс мектептеріне беріп қана қоймай, орыс тілінің Қазақ­стандағы тірегіне, алынбас қама­лына айналып алдық.

Бұл мүшкілдіктің тамыры тым тереңде әрі қатпар-қатпар. Өте жүйелі, ғылыми зерттеліп, ойластырылып жасалған отарлау саясатының жемісі. Демек отарлық салдарынан арылуды да терең ойластырылған, жүйелі, ғылыми бағдарламалар жасап жүзеге асыруымыз керек еді.

Бұл ғалымдардың, педагог­тердің, биліктің басқа да тар­мақ­тарының тікелей жұмысы бол­ғанымен жазушылар тыс қала алмады. Олар халыққа қалай мәңгүрттендірілгенінің көркем көрінісін жасап, көз алдына келтіруге тиіс. Адам деген сондай жаратылыс. Басына түспей немесе көзімен көріп, қолымен ұстамай қорытынды шығара бермейді. Демек күн­делікті айтқан құр ұран-ақылдан гөрі санаға баппен сіңіп, ойды білдіртпей алатын көркем әде­биеттің рөлі өте зор.

Бірақ қазіргі өмір туралы, әдебиеттің, әсіресе күрделі про­залық шығармалардың бірден туа салмайтынының себептері жоғарыда айтылды. Соған қоса­рым, тарихи-философиялық терең білімі жоқ жазушылар қазір­гі өмірді жазуға жалтақ бола­ды. Өйткені олар ресми баға­сы берілмеген оқиғалар мен саяси ағымдарды өз бетінше баға­лаудан тайсақтайды. Деген­мен үмітсіз шайтан деген, кім біледі бір күні бір ғана «Абай жолымен» бүкіл бір дәуірдің көркем энциклопедия­сын жасап берген Мұхаң тәрізді екінші бір Әуезов туып қалар.

Жаңа романымды бітірдім

– «Анажар» романыңыз сіздің паспортыңыз десек те болады, осы шығармада ата-анасын жатырқайтын қыз­дың бейнесі, адамдардың әр­түрлі тағдыры, трагедиясы суреттеледі. Осы роман арқы­лы қаладағы қазақтың өмірін жазғыңыз келгені ме?

– «Анажар» романы өзің айтқандай менің төлқұжатыма айналған болса шын қуанамын әрі мақтаныш етемін. Өйткені көбіне бүгінгі күннің қоғамы мен адамын бейнелеп келе жатқан жазушының бірі менмін. Тарихи тақырыпқа да бүгінгі жағдайларға жауап іздеп барамын. «Анажарға» бірсыпыра пікірлер жарық көрді. Дөп басып, дәл айтқандары да, келте түсініп, тереңіне бойлай алмағандары да бар. Әсіресе «Анажар – соң­ғы отыз жылымыздың көр­кем көрінісі» деген Ғұсман Жанды­баевтың пікірі дәл баға. Ол тіпті Анажарды Дон Кихотпен салыс­тырыпты. Мына өмірге бейкүнә көзбен қарау жағынан. Өйткені менің Анажарым өте әділ адамдар тұратын таудағы ерекше бір ортада, әжесінің бауырында өскен. Бұл қауымның әділ болатындығы сол әділдігі үшін ойдағы қоғаммен сыйыса алмай қуғын көріп, тауға көшіп келуге мәжбүр болғандар.

Міне, осындай «адам періш­телердің» ортасында көзін ашып, есі кірген 8 жасар қыз қайтсем, қандай жолмен байысам екен деп зулап жүрген туған әке-шешесін жатырқамағанда қайтеді? Әрине, жатырқайды.

Сондықтан ол өзінің періште­сін аңсайды. Ұстазының «Ақ періште» әніне ғашық болады. Бірақ ұстазы оңбай опындырады. Заң билейтін қоғам орнатамыз дегеніне сеніп, етегінен ұстаған Әділет деген жігіт те үмітін ақтамайды. Оның әділдігі қызмет істеген компаниясының мүддесін ғана қорғаудан аспайды. Ең соңғы үміті – ішінен шыққан перзенті Ақперіште де тура өзі сияқты опық жейтін болған соң көп қабатты үйден құлап қаза табады. Енді Анажарға өзіне өзі қол салудан басқа шара қалмайды.

Солай етуге бекініп, өз көрін өзі қазып жатқаннан бастап мен қайтадан біртіндеп Анажардың өмірге деген құштарлығын оята бастаймын. Соның ішінде пі­кір айтушылар тарапынан бір шешуші оқиға қаға беріс қалып жүр. Оның АҚШ-қа көшіп кеткен сыныптас құрбысы биофизик Ақбикеш америкалық күйеуі екеуі жасанды адам жасау проблемасымен айналысады. Демек ондай адамда жаннан басқасы жасанды, күнә мен қылмысқа итере беретін қос тесіктен адамды құтқарудың бірден бір жолы осы, дейді биофизик Ақбикеш.

Ал Анажар болса ондай жасанды адамдарды бәрібір пенделер басқаратынын білгенде оның табиғи жертірлікке деген құлшынысы одан әрі артады. Сондықтан «Анажарда» жалғыз қала өмірінің ғана емес, бүкіл адамзаттың трагедиясы айтылады. Барлығын техникалық өркениетпен шешемін дегенше жүрекпен шеш. Міне, менің айтпағым осы.

– Қазіргі қазақ жастарының өмірі, олардың өмірге, дүниеге деген көзқарасы туралы тол­ған­бау мүмкін емес шығар, тіп­ті солардың тағдырын арқау ете­тін көлемді шығармалар не­ге жазылмайды деген ой иек­те­гелі де көп болды. Келесі рома­ныңыз­ды қашан жазасыз?

–  Мен «Анажарда» жас­тар­дың өмірі туралы олардың өзі болып толғандым. Ауылдағы, қа­ладағы, бала-бақша мен мек­тептегі, аулалардағы бала тәр­биесі кемшіліктерінің сәбидің, бүлдіршіннің, бозбала-бойжет­кен­нің санасына қандай ауыр із қалдыратынын шамам келгенше «шырылдап» тұрып айттым. Тек «айыбым» оларды сол бала күйінде қалдырмай тәрбиедегі кемшіліктердің салдары есейген соң қайда апарып соғатынын баса көрсеттім. Баланың тілімен жазбасам да балалар да қабылдаған сияқты. Тараз қаласында «Анаға тағзым» атты орталық бар. Сол орталық мектеп оқушыларының көркем әдебиетті ата-аналары­мен бірігіп оқуынан жарыс ұйым­дастырды. Ең көп оқылған кі­таптың бірі осы «Анажар» болды.

Шынымды айтсам романның оқырманға артар психологиялық жүгі ауыр болғандықтан мектеп оқушылары қабылдай қоймас деп ойлағанмын. Қателесіппін. Біздің жастарымыз мұндай шығарманы да қабылдай алады екен.

Ал келесі романды мен жазып та қойғанмын. Жылдың аяғына дейін «Дәуір» баспасынан жарық көреді. «Алтын жүлге жыры» деп аталатын бұл романымның бас кейіпкері – белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы. Одақ кезінде жазушыларға кеңес адамының, коммунистің, яғни әділетті, өмірде белсенді, адал адамның бейнесін жасаңдар деген міндеттер қойылатын. Бірақ ондай адамды өз басым ол кезде таба алмадым. Ал Мекемтас Мырзахметұлын кездестірген соң, біздің заманымыздың нағыз қаһарманы осы кісі деп таныдым. Докторлық диссертациясын қорғатпай қойса да еңбегінен Абайға ислам шығысының әсері туралы тарауларды алып тастамай, қайта мүмкіндік туған са­йын жариялап отырған әрекетінің өзі не тұрады?! Қара басының қамынан ұлт мүддесін биік қойған ақиқат үшін күрестің керемет үлгісі емес пе? Романда ұлттық мүдде үшін күрестің басқа да сипаттары кезегімен суреттеліп отырады. Менің алтын жүлге деп отырғаным адам бойындағы ізгілік. Сонау Алып Ер Тоңа заманынан келе жатқан ата-бабаларымыздың ізгілік туралы ілімі. Сол ілімді Абай толық мәнге ие етті. Ал мұның бәрін Мекемтас ашты. Бір сөзбен айтқанда «Алтын жүлге жыры» – ақын-жазушылардың ізгілік пен әділдік жолындағы күрес жыры.

– Қазір қандай кітап оқып жүрсіз, қайталап оқитын кітап­та­рыңыз көп пе?

– Қыстай ел тарихының қа­зақ әдебиетінде көрініс таппай жүрген Қарахандар қағанаты кезеңі туралы бірсыпыра ғылы­ми кітаптар, монографиялар оқыдым. Қазір Л.Н.Толстойдың «Божественное и человеческое», «Отец Сергий» деген хикаяттарын қайталап оқып жатырмын. Жазушының әулиелік пен періштелік туралы ойлары ойлантады. «Абай жолын» әр жылдары төрт рет, Б.Майлиннің, Ғ.Мү­сіреповтің прозаларын, Гер­ман Гессенің «Игра в бисерін», Н.Гогольдің «Өлі жандарын» екі рет қайталап оқыдым. Ар­найы мақала жазатын кезімде Тәкен Әлімқұлов пен Шерхан Мұртазаның прозаларын да түгел қайталағанмын.

– Жазушы деген кім?

– Жазушы өзін бірде зор, бірде қор санайтын адам. Әсіресе жазу үстелінде отырғанда құдіретті. Алақандай ақ қағазға небір дәуір­лер мен оқиғаларды сипаттап, патшаның да, данышпанның да, шешеннің де, көсемнің де аузына сөз салып отырғанда он­дай адам зор болмағанда қай­теді? Сол зор адам жазу үсте­лінен алыстап,айналасымен ара­ласқанда тіршіліктің түйткілдерін шеше алмай қор болады.

Ал атқарып отырған жұмы­сы тұрғысынан бағаласаң ол ру­ха­ни игілік өндіруші. Иә, адам­дардың екі тобы бар. Бірі – ма­териалдық игілік, яғни тән азығын, екіншісі – рухани игілік – жан азығын өндірушілер. Тән азығын адам ішіп-жейді. Ал жан азығын қайтеді? Жазушы мен композитордың тұла бойынан толғатып туған жан азығын адамдар анасын емген сәбидей емеді. Санасымен, жүрегімен емеді. Демек шын жазушы – ұлтының рухани анасы.

 

Әңгімелескен

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»