Аталған мәселеге байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде пікір білдірді. Мемлекет басшысы қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген мақалдың бар екеніне назар аударды. Сондықтан іргелес елдермен тату болуға назар аударды.
«Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен үкіметке тапсырдым», деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы осындай күрделі жағдайда ең алдымен адамгершілік, сабырлық пен ұйымшылдық таныту қажеттігін жеткізді. «Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң жүзінде, келісімдер бойынша жүргізіледі» деді Қ.Тоқаев.
Алайда ел ішінде мобилизацияға қатысты алып-қашпа әңгіме өршіп тұр. Мәселен, әлеуметтік желіде елімізге 1,6 миллион ресейлік кірді деген қаңқу сөз желдей есті. Бірақ кейіннен мұның тонын теріс айналдырып киген деректер екені белгілі болды. Себебі 1,6 миллион – биыл елімізге ат басын бұрған ресейліктердің жалпы саны. Яғни жыл басынан бері осынша адам Қазақстанның шекарасынан өткен. Бірақ соншасы қайтадан өз еліне қайтқан.
Ресей президенті Владимир Путин 21 қыркүйекте ішінара мобилизация жасау туралы жарлыққа қол қойғалы бері елімізге 100 мыңға жуық ресейлік бас сауғалап келіпті. Бірақ соның 64 мыңы елден кеткен. 21-27 қыркүйек аралығында сегіз мың ресейлікке жеке сәйкестендіру нөмірі берілген. Ішкі істер министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықовтың айтуынша, 2022 жылдың 1 сәуірінен Ресейдің 93 мың адамына ЖСН берілген.
«Қазақстанда тұруға ықтиярхат алған 4 271 Ресей азаматы бар. Олардың 116-сы этностық қазақ. Ықтиярхат алуда арнайы тәртіп барын білесіздер. Ықтиярхат алуға үміткерлердің әрқайсысы өзінің төлем қабілетін растады. Бұл – 1320 айлық есептік көрсеткіш, яғни 4 миллион теңгеден аса қаражат», деді А.Аталықов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.
Жалпы, Ресейден келгендердің арасында 7 мың адам Қазақстанда жұмыс істеуге өтініш берген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаевтың сөзіне сүйенсек, Ресейден келгендерге жекелей жағдай жасалмайды. Бәрі заң аясында орындалады.
«Қазіргі кезде Ресейден келіп, Қазақстанда жүрген 353 мың адам бар. Оның 7 мыңы ғана Қазақстанда жұмыс істеуге келген. Сондықтан ресейліктердің келуі еңбек нарығына әсер етпейді. Атап айтқанда, ресейліктердің жұмысқа тұруына жағдай жасалмайды», деді Р. Ордабаев.
Жалпы, Қазақстан елімізге ағылған ресейліктерге заңдық тұрғыда көп көмек көрсетіп жатыр. Мәселен, Ресей азаматтарына ЖСН нөмірін алу жеңілдетілді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің айтуынша, ресейліктерге ЖСН нөмірі SMS-хабарлама арқылы жіберілетінін жеткізді.
«Енді ЖСН алуға өтініш берген адамдарға екінші рет келудің қажеті жоқ, ЖСН олардың телефон нөміріне 1414 қызметінен СМС-хабарлама түрінде жіберіледі. Бұл дайын ЖСН алу үшін кезекте тұрған барлық ХҚКО клиентіне қатысты. Бұл өз кезегінде адамдардың халыққа қызмет көрсету орталықтарының табалдырығын тоздырып, уақыттарын босқа жоғалтпауға жол ашады», деді Б.Мусин.
Қазақстанда шетел азаматтарының жүруіне қатысты белгіленген шектеулер бар. Мәселен, елде 30 күнге дейін болатын шетелдіктерге уақытша тіркеу міндетті емес. Заңға сәйкес, шетелдіктер елімізде визасыз 30 күн жүре алады. Одан артық қалғысы келсе, көші-қон қызметіне тіркелуге тиіс. Осылайша, елде қалу мерзімін тағы 60 күнге создыруға құқылы.
Бұдан бөлек, шекара маңындағы жергілікті тұрғындар да мобилизациядан қашқан ресейліктерге көмек қолын созып жатыр. Оралдағы кинотеатр директоры баспана таппай жүрген ресейліктерге кинотеатр залын түнеу үшін ұсынған. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде тұрғындар келген ресейліктерге тегін баспана ұсынып, азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Петропавл, Павлодар, Атырау секілді қалаларда да жергілікті халық ерікті түрде көмектесуге кіріскен.
Өз кезегінде жан сауғалаған ресейліктер қонақжай қазақ халқына алғысын жариялап жатыр. Олар өздерінің Украинадағы соғысқа қарсы екенін, сондықтан мобилизацияға ілініп кетуден қашқанын жасырмайды. Мәселен, Санкт-Петербургтен келген Андрей есімді жігіт: «Отанымды сатпаймын! Ешқашан да сатқан емеспін. Жуық арада жағдай өзгереді, Ресейге ораламын деп үміттенемін», дейді. Жалпы, шекара асқандардың дені осындай пікір білдіреді.
Қазіргі таңда әлеуметтік желіде Қазақстан халқына, қазақтарға алғыс айту трендке айналды десек, артық айтқандық емес. Мәселен, ресейлік Тим Кросс есімді композитор инстаграмдағы парақшасында «Рахмет, братья» деп жазып, еліміздің туын қойған екен.
«Осындай қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға ресейліктерге көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс айтқым келеді. Мен келгендердің барлығына Қазақстанды, халқын және сіз үшін жасап жатқан барлық істерін қатты құрметтеуге кеңес бергім келеді», дейді тағы бір желі қолданушысы.
Сондай-ақ Мәскеудегі Қазақстан елшілігіне барып, алғыстарын білдіріп жатқандар да бар. Алғаш болып фотограф Александр Астахов елшілікке гүл шоқтарын қойып, «Қазақстан, мейірімділігіңіз үшін рахмет!» деген хат қалдырыпты. Сондай-ақ Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігіне де ресейліктер гүл шоқтарын апарып, алғыстарын қағазға жазып кеткен. Бұдан бөлек, Каталонияның Барселона қаласындағы еліміздің консулдығына да алғыс айтқандар жетерлік.
Ал ресейлік танымал блогер Илья Варламов туиттердегі парақшасында «Дәл қазір әлемдегі ең үздік президент кім және оны неліктен Тоқаев деп ойлайсыз?» деген жазба қалдырды.
Орал қаласына ат басын тіреген Алексей Сибирский есімді белсенді ресейліктерді ұйымдастырып, Жайықтың бойын жинастыруға шақырды. «Бізге қолұшын созған Қазақстанға осылай алғыс білдірейік», дейді белсенді.
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқы нәубеттен қашқан, жер аударылған адамдарға қолұшын созғанына, өзінде барды бөліп бергеніне көз жеткіземіз. Мәселен, Кеңес Одағы енді-енді құрылар тұста Владимир Ленин Арал балықшыларына хат жолдағаны көпшілікке белгілі. Аралдықтардың пролетариат көсемінің меселін қайтармай он төрт вагон балық жібергені талай шығармаға арқау болған-ды.
Бұл көрсетілген көмектің бір парасы ғана. Бұдан бөлек, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары, саяси қуғын-сүргін тұсы кезінде де халқымыз мейірімділік пен қонақжайлылықтың ерекше үлгісін көрсете білді. Өткен ғасырдың 1937 және 1949-жылдарында жер аударылғандарға алғашқы болып жергілікті қазақтар көмек қолын созды.
Деректерге сүйенсек, қуғын-сүргін жылдары елімізге бес миллион адам жер аударылған екен. Әр жылдары елге 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей отбасы, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, сондай-ақ Қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар және басқалар жеткізілді.
Жер аударылғандар, қудаланғандар АЛЖИР, КарЛаг секілді лагерьдерде жан түршігерлік азап көргені белгілі. Аштықтан бұратылған тұтқындарға қазақтардың құрт лақтырып, жанын сақтап қалғанын да нәубеттен аман қалғандардың ұрпағы аузының суы құрып әңгімелейді.
Осыдан бір ғасыр бұрын қонақжай қазақ халқы аштықтан бұратылған Ресей халқына тонналап азық-түлік жіберген еді. Кейіннен жазықсыз жер аударылғандарға көмек қолын созды. Тарих қайталанады деген рас шығар, бір ғасырдан кейін соғыстан қашқандар елімізде тағы бас сауғалады.