Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Азаматтар құқықтарын қорғай отырып, адвокаттар құқықтарын да ұмытпау керек. Олардың қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет, сондай-ақ адвокаттар жұмысына кедергі келтіретін заңсыз іс-қимылдарға жол берілмеуге тиіс», деген болатын. Бұл ретте, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында еліміздегі адвокатура институтының құқық қорғау әлеуетін дамыту мәселелері талқыланды.
Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаевтың айтуынша, 2022-2025 жылдарға арналған адвокатура жүйесін дамытудың тұжырымдамасы қолға алынған. Маңызды құжат «Жаңа Қазақстан – жаңа адвокатура», деп аталады.
– Тұжырымдамада саладағы мәселелер айтылып қана қоймай, шешу жолдары ұсынылған. Мәселен, нақты дәлелдемелерді алу үшін құпия деп танылған ақпараттарға қолжетімділік, адвокаттардың қауіпсіздігі, жалақы және әлеуметтік қорғау мәселелері сияқты ұсыныстар көрсетілген. Сондай-ақ қорғалушымен кездесу уақытын шектемей, кез келген уақытта жүздесу, адвокаттың кабинетіндегі, қала берді кездесу бөлмесіндегі, тергеу изоляторындағы бейнекамераларды алып тастау, қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде құжаттарды тексермеу мәселелеріне баса мән берілді. Бұл – адвокат құпияларын сақтау қағидасына қарсы. Адвокаттарға құқық қорғау және арнайы органдардың ғимаратына кез келген уақытта кіріп-шығып, ноутбук, ұялы телефон кіргізуіне рұқсат берілсе деген ұсыныс та бар.
Тағы бір мәселе – адвокаттар мемлекеттік маңызы бар құжаттарға қол жеткізу үшін рұқсат қағазын алу керек. Бұл үдеріс ұзаққа созылып, бір айға жалғасатыны өкінішті. Еліміздің кез келген азаматы адвокаттың қызметіне жүгінуге құқылы екенін ескерсек, рұқсат қағазы дайын болғанша айыпталушы да изоляторда күтуге мәжбүр болады. Көрші Ресейде адвокаттар бұлай сандалып жүрмейді. Құпияны жарияламау жөнінде қолхат жазып, сол күні-ақ қажетті материалдарға қол жеткізеді. Осы айтылған мәселелерді шешуге Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшелері қолұшын созса деген тілегіміз бар. Теңдік пен бәсекелестік қағидатын сақтау үшін Конституцияға прокуратурамен ұқсастығы бойынша адвокатура мәртебесі бекітілетін жеке бапты енгізуге болады деп санаймыз, деді Айдын Бикебаев.
Жалақы мәселесі жөнінде әңгіме бөлек. Жиында елімізде мемлекеттік бағдарлама шеңберінде адвокаттардың еңбекақысы ғана минутпен есептелетіні айтылды. Тіпті, қаражатты алу үшін тергеушінің қолы керек екен. Мұндай тәуелділік бар жерде, яғни «қарсыласы» жалақыны тағайындайтын болса, адвокаттардың жұмыс сапасы жайлы әңгіме қозғаудың өзі артық. Бүгінде әр адвокат ай сайын әр іс үшін орташа есеппен 10-20 мың теңге алады екен. Мемлекетпен кепілдендірілген заң көмегі шеңберінде жеке тергеу әрекеттері үшін небәрі 200-300 теңге ғана төленетін көрінеді. «Азаматтардың құқығын қорғау сапалы жүргізілуі үшін адвокат әр іс үшін кем дегенде 150 мың теңге алу керек деп есептейміз. Саланы қаржыландыру көлемін ұлғайту қажет», деді А.Бикебаев.
Комиссия отырысы барысында Әділет министрінің орынбасары Алмат Мадалиев қаңтардағы оқиғаларға байланысты төтенше жағдай жарияланған кезеңде адвокатура халыққа заң көмегін көрсетуді жүйелі жалғастырғанын атап өтті. Ол мемлекетпен кепілдендірілген заң көмегі бағдарламасына қатысушы адвокаттарға жұмыс уақытынан тыс барлық іс жүргізу әрекеттерінде жоғары мөлшерлеме бойынша еңбекақы төлеу мәселесі шешілгенін және сағаттық мөлшерлеменің уақытын ұлғайту мәселесі пысықталып жатқанын айтты.
Комиссия отырысында қаралған мәселелердің негізінде Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынымдық шешімдер әзірленбек.