Мұхаңның жолы сияқты Қайым жолы да – қиямет жолындай, соған барабар соқпақ. Енді ше, Алаш арыстарын аямағандар, Абайға күйе жаққысы келгендер, Мұхтарды мұқатуға тырысқандардың бәрі Қайымға қайырыла соқтықты. Жастайынан жау көрді, оқудан қуды, елуінші жылдардағы репрессиямен 25 жылға соттады. Есіл ғұмырды көктей солдырмақ болды. Ғылымдағы ізденістерін майшаммен қарап, ілік іздеді. Өзі өмірден өткен соң да осы бір сүргіннің инерциясы біраз жерге барғандай.
Әнебір жылдары Семейдегі кеудемүсіні деген аты ғана, әйтпесе талғамсыз жасалған, орта ғасырлардағы сырыққа ілген кесілген бастай Қайым ескерткіші семейліктердің, жалпы қоғамның ашу-ызасына тиген, бұл аз болғандай, сол бір жартыкеш мүсіннің өзіне тасадан тас атып, бүлдіргендер болған. Тіпті елордадағы жаңа көшелердің біріне есімі берілгенде де ең жоғары мінберден елдің көңіліне кірбің түсірерліктей сөз айтылған...
Десе де уақыттан сабырлы ешнәрсе жоқ екеніне тағы да көз жетті. Әр істің қайыры бар. Орнында бар дүние оңалды. Ұлы Мұхаңмен бірге Қайымдай қайыспас ердің, қазақ әдебиеті ілімінің қара нарының есімі ардақталып жатыр. Қазақтың «өлгені тірілді, өшкені жанды» дегені осы ғой. Хакім Абай «Әділет, шапқат кімде бар» дейді. «Әділетті Қазақстан» деп жатқан осы бір тұста олқылығымызды түзеп, әділдік қайта салтанат құратынына иландық.
«Бұл – ұстаз бен шәкірт, аға мен іні арасындағы рухани бірліктің символы. Шын мәнінде, қос алыпты бөле жарып қарау мүмкін емес», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әділін айтты. Расында, Қайым тұлғасын ұлы Мұхаңнан бөлек қарауға болмайды. Бұл – Абай идеясы біріктірген Алаш мүддесі. Сол жолға ғұмырын арнаған заңғар жазушының эстафетаны жас буынға ұстатуда Қайымға сенім артқаны бекер емес. Бұл әңгімені Қайымның ғұмырбаянымен бірге тарқатсақ, оқырманға анағұрлым түсінікті болар.
Қайымның шын есімі – Ғабдулқайым. Ол 1916 жылы 5 қаңтарда Заречная Слободка аталатын қазіргі Жаңа Семей аумағында дүниеге келген. Бұл мекеннің 1917 жылдан бастап 1930 жылға дейін Алаш аталып келгені мәлім. Яғни Қайымға Алаш рухы туған топырақтан сіңген деуге болады. Әкесі Мұхамедхан ауқатты, мұсылманша-орысша сауатты, «Қазақ» газетін, «Айқап», «Сарыарқа», «Абай» журналдарын үзбей оқыған, жеке кітапханасы болған өте мәдениетті жан болған. Мұхамедхан – Алаш азаматтарымен қоян-қолтық араласқан адам. Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаев, Мұхамеджан Тынышбаев, Мұхтар Әуезов сынды заманының озық ойлы перзенттері Мұхамедханның шаңырағында жиі мейман болған. Сұлтанмахмұт Торайғыров та келіп тұрған екен. Міне, осындай саналы азамат баласының да білімді болуын қалайды. 1928 жылы Мұхамедхан қудалауға ұшырағанда, бастауыш мектепті бітірген Қайымның да бай баласы ретінде әрі қарай оқуын жалғастыруына тыйым салынады. 1930 жылы өздері тұратын Ертістің сол жағалауындағы Жаңа Семейде «Колхоз жастар мектебі» ашылып, оны басқаруға Тұрлықан Қасенұлы (әйгілі балуан Дәулет Тұрлықановтың атасы) тағайындалады. Аягөзден қалаға қызметке келіп, пәтер іздеген оны жақын досы ретінде Мұхамедхан үйіне тұрғызады. Домбырашы, әнші, Абай мен Әріп ақынның өлең-жырларын жатқа айтатын Тұрлықан Қасенұлы Қайымның да ұстазы болып, оқу-білімге баулып қана қоймай, жүрегіне жыр ұялатып, санасына сәуле түсіреді.
Мұғалімдер даярлайтын екі жылдық курста оқып жүргенінде бұрын семинарияда оқыған кезінде-ақ Мұхамедханның інісіндей болып жақын араласып кеткен Мұхтар да жас Қайымды бауырына жақын тартады.
Отыз жетінің дүрбелеңі туып, астаң-кестең болған заманда осы бір зиялы шаңыраққа келіп жүрген Алаш арыстарының да дені атылып, айдалып кеткен еді.
1940 жылы Семей педагогикалық институтын үздік бітірген Қайым оқу орнына оқытушы болып қалдырылады. Осы уақыттан бастап Мұхтардың ұсынысымен абайтануға, Абайдың ақындық мектебін зерттеуге ден қояды. Мұхаң шәкіртіне 1909 жылы Абайдың кітабы баспадан шыққан соң хакімге еліктеп, соның өлеңдері үлгісінде өлең жазатын талай ақынның бар екенін айта келіп, Абайдың тәрбиесінде болған, өсиеттерін өз аузынан естіп, тәлім алған, ұлы ұстаздың алдын көрген шәкірттерінің өмірі мен шығармашылық еңбектерін жете зерттеуді міндет етіп қояды. Қайым Мұхамедхановтың қазақ әдебиеті ғылымындағы шоқтығы биік осы еңбегі «Абайдың ақын шәкірттері» атауымен төрт кітап болып жарық көргені мәлім. Біріншісіне – Ақылбай, Мағауия, Турағұл, екінші кітапқа – Кәкітай Ысқақұлы Құнанбаев, Көкбай Жанатайұлы, Уәйіс Шондыбайұлы, үшінші кітапқа – Әріп Тәңірбергенұлы, Әсет Найманбайұлы, Мұқан Әділханұлы, Әубәкір Ақылбайұлы, төртінші кітапқа – Тайыр Жомартбайұлы, Баймағамбет Айтқожаұлы, Иманбазар Қазанғапұлы, Әрхам Кәкітайұлы енді. Әрине, бұдан басқа да Абай шәкірттері туралы мұра қалдырды. Осы еңбектері үшін Қайым Мұхамедхановқа 1996 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Қайым мен Мұхтар арасындағы нәзира байланыс мұнымен шектелмейді. Абайтану мәселесі төңірегінде әдейі, қасақана ұйымдастырылған айтыста кеңестік әдебиеттің өкілі саналатын мүйізі қарағайдай жазушылар бастап, содыр саясаттың сойылын соққан ғалымдар қостап, шабуылды үдеткен тұста ұстаз Әуезов пен шәкірт Мұхамедханов бірге шамырқанған-ды. Олар Әуезовті әшкерелемек мақсатта Мұхамедхановтың еңбектерін саяси идеялық тұрғыдан талдап, оған жаулық пиғылдағы диссертация ретінде баға берді. Әуезовті аса ауыр қателіктері мен бүлдірушілігі үшін ғана емес, сонымен бірге осы пиғылының насихатшысы болғаны үшін де айыпты деп таниды. Бұл құжат туралы ғалым Тұрсын Жұртбайдың зерттеу еңбегінде егжей-тегжей жазылған. Осылайша, Абай музейінің негізін салған, музейдің сол кездегі алғашқы директоры Қайым Мұхамедханов 1951 жылы қарашада Семей облыстық партия комитетінің пленумында буржуазияшыл ұлтшыл көзқарасы тағы да сыналып, сегіз айдан соң «антисоветтік ұлтшылдық қызметі үшін» тұтқынға алынып, 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Қайым Мұхамедхановпен қатар Ермұхан Бекмаханов, Есмағамбет Ысмайылов, Бекежан Сүлейменов бірге айдалады. Олардың соңынан Қажым Жұмалиев те сотталады.
Ұзақ жыл Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы болған, белгілі көсемсөзші, баспасөздегі ұстаздарымыздың бірі Уәлихан Тоқпатаевқа өмірінің соңғы сәттерінде берген сұхбатында Қайым ақсақал сол бір ауыр кезең туралы былай деп еске алған екен: «Сегіз ай тергеуде жатқанда жеті тергеушіні ауыстырдым. Алған бетімнен қайтпай қойдым. «Мұхтарды сат, ол саған диссертацияны зорлап жазғызды, ғылыми еңбектеріңнен бас тарт, жазаң жеңілдейді», дейді олар. Одан да өлгенім артық емес пе, жалған айтып, қайтіп жер басып жүремін. Олар мені сындырғысы келді. Бір күні ыстық карцерге қамады. Жалаңаш күйімде оймақтай тесіктен сәуле себезгілеген қара түнек камераға енгізді. Тас еденнің суығы миыңа жетеді. Ортада жез табақ қағылған діңгек-орындықтан басқа ештеңе жоқ. Бір сәтте табаным жылына бастады. Жылу күшейді, табаның күйгенде шыдай алмай билейсің. Жанымды қоярға жер таба алмай, діңгек-орындыққа атып шықтым. Жез табағың одан бетер жалындап тұр екен. Қабырғаның бәрі жалын шашады. Тынысым тарылып, тамағым құрғады, тілім аузыма сыймайды. Осы сәт темір есік сықырлай ашылды да, екі езуі екі құлағына жеткен күзетші жыртық аяққа құйылған су ұсынды. Бір ұрттам суды жөндеп іше алмадым, ағып кетті. О дүниедегі нағыз тамұқ осы екен ғой деп ойладым. Арғы жағын білмеймін. Бұл мен басымнан кешірген қорлық-зорлықтың бір-ақ көрінісі ғой, қарағым...».
Қайым ақсақал әңгімесін әрі қарай былай жалғайды: «Елу алтыншы жылы ақталып түрмеден босадым. Мойын-Шумен келіп, Алматы вокзалына түстім де Есмағамбеттің үйіне телефон шалдым. Ол келіп қойыпты. Амандық-саулықтан соң-ақ ол: «Ойбай, бауырым, Мұхтарға телефон шал. Бәрің келіп, Қайымды тастап кеттіңдер деп төбемізге шай қайнатып жатыр, бізбен сөйлескенді қойды. Өзі Индияға жүргелі жатыр». Мұхтармен сөйлестім. Байқаймын, телефонның ар жағында булығып тұр. «Үйге кел!» дейді. Үстімде түрменің киімі, қалтамда алты-ақ сом ақша бар. Әрі поезд үш сағаттан кейін Семейге жүреді. Мұхтар бұл кезде кейбір мәселелерге байланысты кешірім де сұрап қойған. Сол да қитығыма тиіп тұр».
«Отырдық тар қапаста күнді санап,
Ұйқысыз өткен түнді жылға балап», деп Мұхаңа қамаудағы жылдарында көрген қорлығын айтып, ақтарылатыны осы кез. Іштей егілсе де ұстаз бен шәкірт өзара ақылдаса келе алған беттен қайтпай, Қайым Абай шығармаларының текстологиясы жайындағы ғылыми еңбегін жазуға кіріседі.
Міне, осындай қилы-қыстау кезеңде өмір сүрсе де Алаш аманатына адалдық танытып, ұрпаққа ұлан-байтақ мұра қалдырған қайраткер тұлғалардың ғұмырының әр сәті тұнған өнегеден өріледі екен ғой.
Соның бір дәлелі – Қайым Мұхамедхановтың Қазақ елінің алғашқы гимнінің авторы екені. Бұл оқиғада да Мұхаңның тікелей қатысы бар. 1945 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облысындағы өкілі әрі Абайдың 100 жылдық мерейтойына арналған үкіметтік комиссияның мүшесі болып жүрген кезінде Алматыдағы Мұхаңның үйінде жиі болатын Қайым бір күні Орталық комитеттен жазушыға телефон соғып, кеңеске шақырғанын, Мұхаң қасына өзін да ертіп алғанын әңгімелейді. Әр республиканың өз гимні болсын деген Сталиннің нұсқау хаты келіп, жабық конкурс жарияланған екен. Үйге келген соң Мұқаң мемлекеттік, әскери, діни гимндердің болатынын айтып, саралап, түсіндіреді.
«Артымыздан сөз ілінбеген, шабытты шағымыз. Маған жаз деп қолқа салды. Ақын-жазушы біткен гимнге бас қойды. Мұхтарды жағалаушылар көп, бірігіп жазайық дейді. Сапарғали Бегалин жарықтық үйден шықпай қойды. Жазып әкеліп оқиды. Менің отырғанымды жақтырмайды. Бір күні Мұхаңның ызасы келді. «Сапеке-ау, мынауыңыз гимн емес, қазақтың қара өлеңі ғой», дейді. Болмаған соң бір нұсқасына қол қойып берді. Мен де ойланып, толғандым. Ақыры «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған», деп басталатын гимн мәтіні туды. Мұхтарға шынымен ұнады. Ал қолыңды қой десем, Сапарғалидан ұят қой дейді. Гимн сөзін комиссияға қалдырып кеттім. Тоғыз адамнан құралған комиссия екі жыл жұмыс істеді. Шұғыл түрде Алматыға шақырылдым. Қонақүйде едім, Әбділда тауып алып, үйіне алып барып, ерекше күтім көрсетті. Одан Ғабиттың үйіне апарды.
– Қайым, сенің өлеңіңнің өтетін түрі бар, – деді Ғабит. – Біз Әбділдә екеуіміз «Ер» дегенді «Бізге» түзеп қол қойдық.
Келіспейтінімді бірден айттым. Сөзге келдік. Мәскеуге бекіттіруге Ғабит апарған екен, дегендерін орындап қайтыпты. Жүз мың сом қаламақысын да өздері алыпты. Банкетте Мұхтар екеуіне қатты реніш білдіріп, беттеріне айтып салды. Сөйтсем, мен жас ақынмын, гимнге қосымша «авторитеттер» керек екен».
Міне, қырық жылдан астам қазақ көгінде қалықтаған гимн осылай туған екен. Иә, қапаста жүріп қаншама толайым мұра қалдырса да ақсақал өмірінің соңғы сәтіндегі өкініші де жетерлік. «Денсаулығымыз мықты, ойымыз орнында тұрған шақта аузымыз буылды, айтайын дегенімізді айта алмадық. Заман ыңғайымен сұңқылдадық. Мені қойшы, Мұхтарды, Абайды аяймын. Өмір бойы Мұхтарды ит тартқан терідей қылды. Айтатынын айтқызбады» деген Қайым ақсақал сол бір тар кезеңде тарту ете алмаған үлесін Абайдың 150 жылдық мерейтойында тағы да молынан беріп, ақынның екі томдық академиялық жинағын, «Абай» энциклопедиясын шығаруға қатысты, «Абай мұрагерлерін» жарыққа шығарды.
Міне, Алашқа қызмет етудің үздік үлгісі! Алаш демекші, Алаш зиялыларының ізі қалған Семейдің ХХ ғасыр басындағы бір атауы Алаш екені жоғарыда айтылды. Яғни Алаш қаласының әр көшесінен Алаш рухы көрініп тұруға тиіс. Сондықтан Президент ашқан Мұхаң мен Қайымның ескерткіші шын мәнінде, осы сипатқа оралып жатқанымыздың айғағы болса керек. Оған дәлел, Алаш идеясына азық, нәр берген Абай жолы десек, екі жыл бұрын хакімнің 175 жылдық мерейтойы аясында өмірде түскен фотосуреті негізінде ұлдары Ақылбай және Турағұлмен бірге бейнеленген ескерткіші де Президенттің қатысуымен ашылған еді. Ақынның ұлдары да Алаш көсемдерімен мақсаттас-мүдделес серіктері болғаны белгілі. Күні кешегі ескерткіш те Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына тамаша тарту болып отыр. Мұның бәрі осы ұлылар туған өңірдің өз алдына отау тігіп, жеке облыс ретінде дами бастауының жарқын көрінісі. Президент айтқандай, бұл шешім – шын мәнінде, тарихи әділдіктің салтанат құруы!
«Біз жаңадан құрылған облысты ұлттың ұлы тұлғасына деген ерекше құрмет белгісі ретінде Абай деп атадық. Өйткені Абай – ұлт пен жұрттың символына айналған ұлы тұлға. Семей мен Абай – бір-бірінен ешқашан ажырамайтын ұғымдар» деген Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сапары семейліктерді серпілткен рухани сапар болды.
Президент Абай туған топырақта дүниеге келген, ілім-білімге кенелген ұлтымызға қызмет еткен ұлы тұлғалар есімдеріне әр сөйлеген сөзінде тоқталып, олардың жарқын істерін үлгі етіп отырды. Семейде М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Ш.Айманов сынды ұлт зиялылары білім алғанын, осыдан 120 жыл бұрын еліміздегі алғашқы мұғалімдер даярлайтын семинарияның ашылғанын, алғашқы театр өнерінің бір ошағы болғанын, тіпті ұлт футболының да іргетасы осы қалада қаланғанын, алғашқы өлкетану музейі, қоғамдық кітапхана, телеграф ашылғаны туралы әріден сөз қозғады. Өзі де аталған семинарияның қазіргі жалғасы – М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде болып, ұстаздар қауымын тікелей кездесуде төл мерекелерімен құттықтады. Бұдан бөлек облыс жұртшылығымен жүздесуде көп жыл бойы назардан тыс қалып, тоқыраған шаһардың шаруашылығындағы мәселелерді жіті білетінін, барлығының шешімі қарастырылғанын, алдағы уақытта еліміздің өркендеген өңірінің бірі болатынына сенім білдірді.
Осының барлығы да Абай, Мұхтар мен Қайымдар армандаған әділдіктің орнай бастағанын көрсетеді. Иә, «Әділетті Қазақстан» осылай құрылады!