Абай • 05 Қазан, 2022

Тоғысбаевтың «Абайы»

486 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ бейнелеу өнерінде хакім Абай атамыз­дың бейнесін бояу түсімен сөйлет­пеген қыл­қалам шеберлері кемде-кем. Және олар­дың бәрінде де ақын тұлғасы әр қырынан бейнеленіп, айшықты сомдалған. Сондай жұртшылық көңілінен шыққан туындының бірі, көрнекті суретші Тоқболат Тоғысбаевтың «Абай» портреті.

Тоғысбаевтың «Абайы»

Бұл картинаны қылқалам шебері 1982 жылы салған. Онда Абайдың ақындығы, ойшылдығы, кемеңгерлігі ғана емес, тұғыры биік тұлғасы тартымды бейнеленген. Сайын дала төсінде хакім атамыздың кең маңдайы жарқырап алысқа көз тігіп, ойланып тұрған сәті көркемдігімен көңілге шуақ құяды. Талантты кескіндемеші кемеңгер тұлғасын ашуда зерделі ізденіске барып, ақын шығармаларындағы поэтикалық рух пен кемел философиясын астастыра білген шеберлігіне тәнті боласыз. Картинадағы сұрғылт бояудың түсі де хакімнің ойлы өлеңдерімен үндесіп тұрғаны жүрегіңізді тербейді.

Бір жағынан, суретші шығармашылығында ұлы ойшылдың ерекше орын алғандығын байқаймыз. Оның 1971 жылы салған алғашқы «Ойшыл Абай» портреті – біз сөз еткен туындыға мүлде ұқсамайды. Тоқболат Төлепбайұлының бұл жұмысында ақын бейнесі, оның: «Қартайдық қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ашуың – ашыған у, ойың – кермек», деген өлең жолындағы көңіл күйімен сабастасып жатыр. Бояуы да қалың жағылған. Ал біз әңгімелеп отырған картинадағы ұлы суреткердің болмысы да, бейнесі де шуақты. Бұдан сіз ақынның кемеліне келген кемеңгерлігі мен парасаттылығын, қажыр-қайратын анық көресіз. Сондай-ақ автордың Құнанбай баба­мыздың күрделі болмысын келісті көркемдеген пор­треті де көрген жанды бейжай қалдырмайды. Айтулы тұлғаның бекзат болмысына терең бойлаған шынайылығы бірден баурап әкетеді.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Ұлттық бейнелеу өнеріне Шаймардан Сариев, Салахитдин Айтбаев, Мақым Қисамединов, Оралбек Нұржұмаев секілді талантты буын келді, солардың ішінде Тоқ­болат Тоғысбаевтың алар орны ерек. Ол әп деген­нен өз үні, өз бояуымен көзіқарақты қауымды жалт қаратты. Осы теңіздегі толқындай буырқанған буынды өнертанушылар «қатаң стиль» өкілдері деп бағалайды. Белгілі суретші Мәлік Қай­даров Т.Тоғысбаевтың картиналары даланың қош иісі мен ұлттық дүниені ерекше бейнелеп қана қоймайды, адамзаттық мәселелерді де терең ойлауға жетелейтіндігін айтады.

«Оның ұлттық рухта салған туындылары жұрт­шылықты өзінің шынайылығымен баурап алды. Өмірдің өзінен алынғандай шынайылық, тазалық, кірпияздық сияқты асыл қасиеттер қай кезде де Тоғысбаев шығармаларына тән көрініс болды. Оған тән тағы бір қасиет ол шығармаларын халықтың сәндік-қолданбалы өнерінің ерек дәстүрлерімен үйлесімді әрі тығыз байланыстыра білді», дейді М.Қайдаров.

Жалпы, отандық бейнелеу өнерінде Абайдың шығармашылығы ғана емес, ақын бейнесін бояу тілімен сөйлетуге қызыққан суретші көп. Сондықтан да қез келген қазақстандық қылқалам шеберлерінің туындыларынан хакім бейнесін кездестіресіз. Ал суретшілер ұлы ойшыл бейнесін көркемдеуге өткен ғасырдағы 30-шы жылдардың ортасы мен 40-шы жылдардың басынан зер сала бастаған. Бұл жайында 2018 жылы бас басылымда жарияланған Абай қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері Үмітқайша Ибраеваның «Абай әлемі – бейнелеу өнерінде» атты мақаласында жан-жақты айтылған. Ғылыми қызметкер сол жылдары Қазақ ССР Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысымен Семей қаласында Абайдың әдеби-мемориалдық музейі ұйымдастырылып және хакімнің 100 жылдық мерейтойы қазақстандық суретшілерге ұлы тұлға өмірін бейнелейтін шығармалар жазуға мүмкіндік тудырылғанын мысалға келтіреді.

«Қазір Абай қорық-музейінің ғылыми қорында суретшілердің осы тақырыпқа байланысты 900-ден астам туындысы жинақталған. Музей қорындағы бейнелеу өнері туындыларының ішіндегі өзінің көркемдігінен гөрі тарихи құндылығы басым экспонатты да атап өту қажет. Ол – Абайдың көзі тірі кезінде салынған портреті. Портреттің авторы Семейге саяси қуғынмен келген Павел Дмитриевич Лобановский. Ол Дондағы Ростов қаласынан «саяси сенімсіз» ретінде Дала өлкесі генерал-губернаторының қарамағына айдауға жіберілген болатын. 1884 жылдың тамыз айынан бастап Семей қаласында тұрды. Абай ауылына барғаны туралы құжаттар бар. Ал кәсіби қылқалам шеберлерінің ішінде Абай портретін алғаш салған Николай Иванович Крутильников», деп жазады.

Қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған Әбілхан Қастеевтің 1945 жылы салған «Жас Абай» портреті әлі күнге дейін шоқтығы биік туынды саналады. Осы қатарға өмірден ерте өткен талантты суретші Тоқболат Тоғысбаевтың «Абайын» қоса аламыз. Бұл картина да ұлттық бейнелеу өнерінің қазынасын байытқан сүбелі дүние.