Экология • 05 Қазан, 2022

EcoStudentKZ: Жылыжайға гүл, ағаш отырғызды

279 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ботаникалық бағында EcoStudentKZ челленджі өтті. Шымкент қаласынан бастау алған игі бастама аясында Түркістан қаласының жас­тары, студенттер мен экоеріктілер ботаникалық бақты қоқыс­тан тазарт­ты.

EcoStudentKZ: Жылыжайға гүл, ағаш отырғызды

Жастар мұндай экологиялық іс-шаралар арқылы қала көшелері, де­малыс орындары, көпқабатты үй­лердің аулаларын қоқыстан тазартып, өскелең ұрпақтың санасын­да азаматтық парыз ұғымын қа­лып­тастыруға, парасаттылық пен жоға­ры мәдениеттіліктің дәнін себуге жол ашатынын айтады. Жоғары оқу орындарының студенттерін та­би­ғатты сүюге шақырған «Эко-пло­гинг­ке» қатысушы Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 1-курс студенті Мадина Өндірбай соңғы жылдары әлемде экологиялық мәселелер көбейіп, жаһандық жылулық пен плас­тикалық заттарды адамдар көп­теп қолдана бастағанына алаң­дау­лы.

«Біз зиянды заттарды азырақ пай­да­ланып, қоршаған ортаны таза ұс­тауға ұмтылуымыз керек. Уни­­вер­ситетіміздің мақтанышына айнал­ған Ботаникалық бақ тек оқу орны­­ның емес, Түркістан қаласының да «жасыл өкпесі» дей аламыз. Бұл бастаманың мақсаты – жұрт назарын еліміздегі экология мәселесіне аудару. Соның ішінде, әсіресе жас­тар­дың бойында туған жердің таби­ға­тына деген жанашырлық сезімін оятып, оны нақты іспен дәлелдеу. Осы челлендж арқылы студенттер қаланың тазалығына көңіл бөлу­ге, айналаны күтіп ұстауға, қоқыс­ты жәшікке сұрыптап салуға дағ­ды­ланады. Студенттермен бірге қан­шама қоқыс жинадық, ен­ді ар­найы хэштегпен инстаграмға жүк­­­теймін деп отырмын», дейді сту­дент.

Ал Түркістан облыстық Жас­тар ресурстық орталығының бас­па­сөз хатшысы Таңшолпан Біләлдің айтуынша, түркістандық жас­тар қоршаған ортаны таза ұстауға арналған челленджді Павлодар қала­сы­нан қабылдап алып, енді Тараз қала­сына жолдайды.

«Жалпы, бар­ша­мыз өзіміз тұратын қаланы ұқып­­ты ұстап әрі таза ауа жұту үшін айналамызға қоқыс тастамай жү­руі­міз керек. Қоршаған ортаға деген көзқарасымызды өзгертсек қана Табиғат-Ана да бізге алғысын білдіреді», дейді Таңшолпан Біләл.

Бүгінде декоративті және жеміс өсім­діктерінің 200-ге жуық түрі мен сорттары бар ботаникалық бақ­тың жылыжайы 2012 жылы пай­да­лануға берілген. Мұнда сәндік гүл­дер, ағаштар мен бұталар өсіріле бастаған. EcoStudentKZ челленджі аясында облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының студенттері мен қала жастары ботаникалық бақтың бір гектардан астам аумағын тазалап, жылыжайға гүл, ағаштар отырғызды.

Жастардың бұл бастамасы өңір тұрғындарына да ой салып, таза­лық­қа жауапты тиісті меке­ме­лердің жұмысын жандандыра түсуіне септігін тигізері анық. Осы орайда, күні кеше облыс әкімдігінде қор­шаған ортаның тазалығы талқы­лан­ғанын айта кетелік. Өңірде ға­рыш­тан түсірілім жасау арқылы өткен жылы 347 заңсыз қоқыс орны анық­тал­са, биыл олардың саны 400-ден асқан. Алайда жүзден астамында жұмыс баяу.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды апталық аппарат отырысында тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигондары қараусыз қалған аудан, қала басшыларына жұмысты ширатуды тапсырды. Тазалықты қамтамасыз ете алмай отырғандар облыс әкімінен ескерту алды.

«Күл-қоқысты тазалай алмаған әкімнің басқа тірлігі туралы айтудың өзі артық. Тазалық – табалдырықтан басталады. Айналамызды таза ұстау өз қолымызда. Мәселені бюджетке бұрып қойып отыру – ақылға қонымсыз. Бұл тірлік – тікелей өз мін­дет­теріңіз. Тазалықты ретке кел­ті­ре алмай отырған әкімдерге шара қолданылсын», деді облыс әкімі.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қармасының мәліметінше, облыс аумағында қатты тұрмыстық қал­дықтар тастайтын 158 полигон орны белгіленіп, құжаттандырылған. Алайда олардың жартысынан астамы санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Атап айтқанда, полигондар қоршаумен жабдықталмаған, кө­ліктердің дөңгелектерін дезинфекциялаушы бетон ваннасы мен арнайы ерітіндісі жоқ, қалдықтардың көлемін өлшейтін таразы қойылмаған және көгалдандырылмаған. Сондай-ақ басқарма басшылығы халық ара­сында түсіндіру жұмыстары өз дең­гейінде болмағандықтан ауыл-аймақтарда күл-қоқыстарды кез келген жерге тастап кету фактілері жыл сайын көбейе түскенін айтады. Осы бағытта кемшілікті жою мақсатында жыл басында жұмыс тобы құрылып, аудан, қала аумақтарын аралап, бей-берекет қоқыс орындарын жою бо­йынша түсіндіру жұмыстары жүр­гізіліпті. Облыс аумағында тұр­ғын­дар санының артуына байланысты, қатты тұрмыстық қалдықтар көлемі де артуда. Өткен жылы қоқыстарды қайта өңдеу үлесі бойынша меже толық орындалған. Биыл да жұмыстар атқарылуы қажет. По­ли­гондар мәсе­ле­сін түпкілікті шешу мақсатында Қа­зы­ғұртта – 4, Созақта 1 полигонның құрылысы жергілікті бюджет есебінен жүргізілген. Созақ, Ордабасы аудандарында 8 полигон салу жоспарда бар. Сонымен қатар Кентау, Арыс қаласы мен Қазығұрт, Бәйдібек, Келес және бас­қа аудандарда 37 полигонның жобалық-сметалық құжатын әзірлеу бағытында жұмыс атқарылуда. Яғни өңірде қоршаған ортаның тазалығына қатысты шешімін күткен мәселелер баршылық. Бұл орайда EcoStudentKZ челленджі және экосенбіліктер арқылы жастар эколо­гия­лық тазалықтың сақталуына өзін­дік үлесін қосып отыр.

– Қоғамның қозғаушы күші – жас­тар. Осы ретте EcoStudentKZ челленджі сынды игі істің жас буын өкіл­дерінен бастау алғаны қуантады. Жастар осы бастама арқылы да туған елдің табиғатына жанашырлық танытуда. Келешекте бастамамыз баянды болып, біз қолға алған іс жалғасын табар деген үміттеміз. Бүгінгі іс-шара бір реттік емес, алдағы уақытта да экосенбіліктер ретінде киелі қала­да, өңір аумағында жалғасын таба­ры сөзсіз. Яғни бұл бағытта жастардың белсенділігін, тазалық акция­ларының тиімділігін арттыруды мақсат етіп отырмыз, – дейді Жас­тар ресурстық орталығының өкілі Нұрайым Қуандық.

Қоршаған ортаны таза ұстауға үн­дел­­ген іс-шара эстафетасын түркіс­тан­­дық жастар тараздық замандас­та­­ры­на жолдады.

 

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар