Соңғы жылдары облыста білім беру саласын қаржыландыру көлемі ұлғайып, метептердің материалдық-техникалық базасы нығая түсті. Әсіресе, соңғы 3 жылда облыстағы 117 мектептің лингофондық, мультимедиялық және 92 биология, физика, химия кабинеттері заманауи қажетті құралдармен жабдықталды. 138 мектепке 690 интерактивті тақта орнатылды. Мектептердің дені күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілді. Жыл сайын жаңа мектептер пайдалануға беріліп жатыр.
“Алмақтың да салмағы бар”, мемлекет қамқорлығына жамбылдық ұстаздар мен оқушылар сапалы білім, саналы тәрбиемен жауап беруде. Өткен жылы облыс орталығындағы №№14, 8 және 45 мектеп-гимназиялары мен “Дарын” мектеп-интернаты, “Айша бибі” атындағы қазақ-түрік қыздар лицейі республика бойынша ең үздік 100 мектептің қатарына қосылды.
Жақында облыс әкімі Қанат Бозымбаев жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдады. Олармен бірге А.Садықова, А.Ниязбекова, Ш.Өсерова сияқты мектеп директорлары мен ұлағатты ұстаздар да болды.
Облыс әкімінің құрметіне бөленген 44 оқушының 21-і биыл мектеп бітірмекші. Олардың арасында қазірдің өзінде кейбір жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болғандар да бар. Баку қаласында жуырда ғана болып өткен халықаралық Менделеев олимпиадасының алтын медалін иеленіп қайтқан Ж.Серімбетов, А.Шахизадаев та облыс мектептерінің мақтаныштары.
Әкімнің қабылдауында болған үздік оқушылар ноутбук, компьютер сияқты бағалы сыйлықтарға ие болды. “Балам” деп басынан сипап, бауырына тартатын басшысы бар елдің үлгісі, міне, осындай болады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.
АКЦИЯ АТЫ: “БІЗ БІРГЕ БИІК ШЫҢДАРҒА ЖЕТЕМІЗ!”
Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен Тараз қаласындағы Қазақстанның тұңғыш Президенті саябағында “Біз бірге биік шыңдарға жетеміз” атты акция болып өтті. Оған “Жасыл ел” жастар еңбек жасағы, “Қазақстан ауыл жастары” ҚБ, “Жамбыл облысы ауыл жастары одағы” корпоративтік қоры, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы, “Азаматтар альянсы” облыстық жастар ұйымдары қауымдастығының өкілдері атсалысты.
Акцияның мақсаты жастарды өңірдегі экологиялық мәселелерді шешудің жолдарын бірге қарастыру мен жасөспірімдерге экологиялық тәлім-тәрбие беру болып табылады. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл”. Жоғары оқу орындарының студенттері мен лицей және мектеп оқушылары, сондай-ақ облыстық жастар ұйымдары акция барысында жалынды сөздерін үлгілі істерімен дәлелдеп, тұңғыш Президент саябағына жүздеген көшеттер отырғызды.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.