Саясат • 06 Қазан, 2022

Партия тұғырнамасы: «Адам – мемлекеттің басты байлығы»

401 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елордада «Аmanat» партиясының кезектен тыс XXIV съезі өтіп, аманаттықтар кезектен тыс Президент сайлауына өз үміт­керін – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Партия мүшелері Қазақстан Президентінің соңғы жылдардағы қиын-қыстау кезеңде атқарған жүйелі жұмысын атап өтіп, алдағы уақытта да реформаларды нәтижелі жүзеге асыратынына сенім білдірді.

Партия тұғырнамасы: «Адам – мемлекеттің  басты байлығы»

Партия төрағасы Ерлан Қошанов ал­қалы құрылтайдың маңызы да, мақсаты да, саяси салмағы да айрықша екенін айтты.

– Өздеріңізге мәлім, қазір күллі әлем күрделі кезеңді бастан өткеруде. Ал Қазақстан – алып Жер шарының бір бөлшегі ғана. Кейінгі жылдар еліміз үшін де оңай болған жоқ. Дегенмен еліміз сындарлы саясат, батыл қадамдар арқылы қоғамның бірлігін, халқымыздың татулығы мен тұтастығын сақтаудың үлгісін көрсетіп отыр. Кешегі Жалпыхалықтық референдум мен Конституциялық өзгерістерден кейін Тәуелсіз Қазақстанның жаңа саяси дәуірі басталды. Заманның ағымына сай партияның аты ғана емес, заты да өзгерді. Тұғырнамасы түбегейлі қайта жазылып шықты. Қатарымыз қоғамда айрықша орны бар мемлекетшіл азаматтармен толықты. Әсіресе жігерлі жастардың партия жұмысына белсене араласуы көңіл қуантады. Бұл жастардың ел алдындағы жауапкершілігін, ертеңге деген сенімін көрсетеді. Қазіргі әлемдегі күрделі жағдайда, алмағайып уақытта бізге ең әуелі мемлекеттік жауапкершілікті терең сезінетін тегеурінді тұлға керек. «Ер жолдасы – тәуекел!» деген сөз бар. Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін қолға алғалы бері тәуекел мен сынақтар аз болған жоқ. Қос өкпеден қыс­қан пандемия, айтып келмейтін түрлі таби­ғи апаттар, алыс-жақында болып жатқан қақ­ты­ғыстар халықты алаңдатумен болды. Осы сын­дардың бәрін Мемлекет басшысы халқы­мен бірге көрді, бел ортасында болды, қиын­дықтың бәрін тойтарып, елін алға бастап келеді. Жыл басындағы «Қасіретті қаңтар» оқиғасы Қазақстан тарихындағы ең ауыр кезеңнің бірі болды. Бұл мемлекеттің іргесін сөгіп, шаңырағын шайқалтуға бағытталған теріс пиғылды күштердің қасақана әрекеті еді. Сол ауыр сәттерде Президентіміз бүкіл жауапкершілікті өз мойнына алып, еліміздің болашағы үшін шұғыл әрі батыл шешімдер қабылдады. Көк байрағымызды құлатпай, өз тұғырында сақтап қалды.

Бүгінгі реформалардың басты мақсаты – әділеттілік, теңдік, бірлік принциптерін орнықтыру. Біз өткенге кері қайтпауымыз керек. Ауқымды өзгерістер өзінің заңды жалғасын табуға тиіс. Ал мемлекет алдында тұрған ұлы мақсат-мұраттарға қол жеткізу үшін бізге лайықты көшбасшы керек. Сондықтан Президенттікке үміт­кер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын!

Алдағы 20 қараша – еліміздің саяси өміріндегі тарихи оқиға болары анық. Дәл сол күні Қазақстан халқы өз таңдауын жасайды. Бұл сайлау Әділетті Қазақстанның дамудағы бағыт-бағдарын айқындайды! Сай­лауда халқымыз өз үміткеріне ел тағ­дырын, болашағын сеніп тапсырады! Біз үшін ең лайықты үміткер – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! Сіздерді осы ұсынысты қолдауға шақырамын! – деді Ерлан Қошанов.

Бұдан кейін жарыссөзге шыққан спикерлер өз ойларын ортаға салды. Қазақ­станның тұңғыш Еңбек Ері, ұстаз Аягүл Миразова Президент реформаларының бағытын қолдай отырып, қоғамда бейбіт­шілік пен келісімді сақтау қажеттігін атап өтті. «Отан отбасынан басталады». Олай болса біз отбасы құндылықтарын, ұлттық салт-дәстүрімізді, төл болмысымызды, ана тілімізді құрметтеп, сақтауға тиіспіз. Қасым-Жомарт Тоқаев көпқырлы саясат жүргізуде. Ауқымды реформаларды қолға алды. Ол өзін халыққа жаны жақын тұлға, тәжірибелі басқарушы ретінде көрсетті. Сондықтан оның жанына топтасуымыз қажет», деді Аягүл Миразова.

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттық­тыру­шысы, Олимпия ойындары­ның күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов Прези­денттің әрбір іс-әрекеті мен реформа­ларының негізінде тек қана халық мүддесі тұрғанын жеткізді. «Қасым-Жомарт Тоқаев – Тәуелсіздік құндылықтарын қорғап келе жатқан патриоттың жарқын үлгісі. Жаңа облыстардың ашылуы, жерді сатуға тыйым салу, қазақ тілінің мәртебесі – осының бәрі маңызды шоғырландыру­шы рөл атқарады. Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап, Әділетті Қазақстанды бірге құрайық», деді Д.Тұрлыханов.

Айтыскер ақын, партия Саяси кеңесі­нің мүшесі Бекарыс Шойбековтің айтуынша, ең қиын кезеңдерде Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым халықпен бірге түйткілді мәселелердің шешу жолдарын таба білді. Бұған Арыс, Мақтаарал, Қаңтар оқиғасы мысал бола алады. «Арандатушылар­дың жетегінде кетпеу керек. Тек елдегі бейбітшілікті сақтай отырып, тұрақты дами аламыз. Этностық, діни, тілдік қатыстылығына қарамастан жалпыұлттық бірлікті сақтау – Президент бағытының негізі. Сондықтан маңызды реформаларды жүзеге асыру жолында «Аmanat» партиясы кандидатының айналасына топтасуымыз керек», деді ақын.

Кәсіпкер, Көру қабілетін қалпына кел­тіру және алдын алу мектебінің негізін қалау­шы Анна Яковлева Әділетті Қазақ­стан барша азаматтың адал еңбегі арқылы ғана құрылады деп санайды. «Еліміз­де және әлемде болып жатқан оқиғалар­дың маңызын түсіне отырып, өз Президентімізге айрықша сенім артамыз. Сондықтан барша отандасымызды қастерлі Қазақстанның қауіпсіздігі және одан әрі өркендеуі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына бірігуге шақырамын!», деді Анна Яковлева.

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аят Сүгірбай Президент қолға ал­ған өзгерістер заң үстемдігіне негізделген демо­кратиялық қоғамды қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. «Азаматтар әрбір адамның құқы қорғалғанын, лайықты жалақы мен тұрақты жұмыс орны болғанын қалайды. Ел ішіндегі «қосарланған би­л­ік, олигополияның ықпалы» сияқты алып-қашпа әңгімелерге нүкте қоятын мезгіл жетті. Президенттің қаңтардағы саяси ерік-жігері, сенімді әрекеттері оны халық атынан саяси жауапкершілікті арқалай алатын білікті басшы ретінде көрсетті. Қазіргі уақытта Қазақстанға дәл осындай көш­басшы қажет! Сондықтан біз алдағы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауымыз керек», деді Аят Сүгірбай.

Съездің екінші бөлігінде партияның саяси тұғырнамасы қабылданды. Негізгі идеологиялық құжат дамудың басты бағыттары мен саяси бірлестіктің принцип­терін көрсетеді. Партия төрағасы Ерлан Қошанов бүгін қабылданған «Аmanat»-тың Саяси тұғырнамасы ұзақ мерзімді және стратегиялық құжат екенін атап өтті. «Жалпы, бүгінгі съезді тарихи деп айтуға толық негіз бар. Біз партияның жаңа Саяси тұғырнамасын қабылдадық. Тұғырнаманың басты қағидасы – адам, қоғам және мемлекет. Ондағы принциптер Президентіміздің саяси реформаларымен үндес әрі сабақтас. Партия алдағы қызметінде осы ұстанымдарды басшылыққа алады», деді Ерлан Қошанов.

Саяси тұғырнаманы әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, «Аmanat» партия­сынан сайланған Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бұл құжатта партия Қазақстанның болашағы туралы идеясын айқын көрсетіп, өзінің ниеті мен мақсат­тарын белгілегенін атап өтті. «Бар­лық өңірден ұсыныс жинау және әлеу­меттік сауалдамалар жүргізу арқылы партияның әрбір мүшесіне құжатқа қатысты өз пікірін айтуға мүмкіндік беріл­ді. Соның нәтижесі ретінде, партияның жаңа құжаты қоғамымыздың әртүрлі топ­тары­ның көзқарастары мен мүдделерін көрсетеді. Басқаша болуы мүмкін де емес, өйткені партия – Қазақ­стан­дағы ең мықты қоғамдық институт», деді Мәжіліс депутаты.

п

«Аmanat» партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева өз сөзін­де тұғырнамада ұсынылған тәсілдер сапалы тұрақты экономикалық өсуді қамта­масыз етіп қана қоймай, Қазақстанның әрбір азаматының оның игілігін көруіне мүмкіндік беретінін айтты. «Партияның принципті ұстанымы – мұнайдың әрбір тамшысы, кеннің әрбір грамы, жердің әрбір сантиметрі есептеліп, азаматтарымыз­дың игілігі үшін жұмсалуы керек! Жер қойнауынан түсетін кірістер отандық экономика салаларын дамытудың базасы болуға тиіс. Жер қойнауын пайдаланушылар салық төлеуден бөлек, сапалы жұмыс орындарын құруға, біздегі орта және шағын бизнестің шаруасын дөңгелетуге, тікелей өздері жұмыс істейтін өңірлерді дамытуға қатысуы қажет», деп атап өтті депутат.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, партия Саяси кеңесінің мүшесі Нұрлан Серғалиев құжатта білім мен ғылым ерекше орын алатынын атап өтті. «Үлкен қарқын­мен өзгеріп жатқан қазіргі әлемде білім беру саласы да өзгеріссіз қалуы мүмкін емес. Нақты анықталған мақсат – озық ой­лы, тың идеяларға ашық, еркін ойлай­тын және креативті азаматтарды тәр­бие­леу үшін кешенді жүйелі өзгерістер қажет. Біз мектептердің, жатақханалардың жетіс­пеу­шілігі және білім беру нысандарын мате­риалдық-техникалық жарақтандыру проб­лема­ларын жүйелі түрде шешуге тиіспіз. Сондай-ақ жастарды ғылымға тарту және олар­дың дамуына жағдай жасау да өз алдына бөлек мәселе. Бұл – мемлекеттің дамуы үшін қажетті негізгі алғышарт», деді Н.Серғалиев.

Белгілі саясаттанушы, партия Саяси кеңе­сі­нің мүшесі Марат Шибұтовтың пікі­рінше, жаңа саяси тұғырнама: «Адам – мем­­лекеттің басты байлығы» идеясына негіз­делген. «Бұл тәсіл Әділетті Қазақ­стан­ды құру идеясына сай келеді. Құжат­та байқал­ған­дай, партия «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» қағидатын нақты ұста­нады. Пар­тия­ның мақсаты – азаматтың құқық­тары мен мүд­делері қорғалатын, ал адал ең­бек пен білім әр адамға өз жоспарларын жүзеге асы­руға және жетістікке жетуге мүм­кін­дік бе­ретін демократиялық, әділетті және өрк­ен­деген мемлекет құру. Адамдар үшін от­басы, денсаулық, білім, жұмыс істеп ла­йық­ты табыс табу, қауіпсіздік маңызды», деді ол.