Қоғам • 10 Қазан, 2022

Жайлылық – жылудан

411 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақ­са­қа­ловтың төрағалығымен облыстағы жылу беру мау­сы­мы­ның бас­талуына байланысты әкімдік отырысы өтті. Жуырда Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақ­са­қа­ловтың төрағалығымен облыстағы жылу беру мау­сы­мы­ның бас­талуына байланысты әкімдік отырысы өтті.

Жайлылық – жылудан

Қыркүйектің 24-інен бастап Солтүстік Қазақстан облысында 2022-2023 жылдардағы жы­лыту маусымы басталды. Қыр­күйектің соңғы күндері мен қа­занның басында қылышын сүй­рет­кен қыстың алғашқы ызғары түсті. Алайда қазанның осы күндері қайта жайланып, қазір ауаның температурасы күндіз 7-8 градустық жылылық көрсетіп тұр. Мизамшуақ та әлі алда сияқ­ты. Бірақ түннің ызғары бар. Қазан айын теріскей өңір суық­тан күшене беретіндіктен «кү­шен­шек» айы деп те атайды. Сол «күшен­шектің» түнгі ызғары адам­­ды бүрістіріп жібереді.

Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаевтың айтуына қара­ғанда, облыс орталығында әлеу­мет­тік саланың барлық 177 нысанына жылу берілді. Орталық жылу жүйесіне қосылатын 1 115 көпқабатты үйдің 1 109-ына жылу берілді, тек да­йын­­дық пас­портын алмаған 6 үйге ғана жылу берілген жоқ. Жағаны жай­лауға салған үйлер­дің тұр­ғын­­­дары ертең суық қыса бас­та­ған­­да шулайтыны белгілі. Өзін өзі басқаруға үйрене алмай келе жат­қан осы іспетті үйлер әлі де баршылық.

Петропавл қаласында 4 мыңға жуық жекеменшік тұрғын үй секторы бар. Оның біразы орталық жылу жүйесіне қосылған. Бірақ басым бөлігі от жағады. Жылу маусымында 70 мың тоннадай көмір тұтынады. 4 қазандағы мәліметке қарағанда, қаланың темір жол тұйықтарында 35,1 мың тонна көмір қоры бар. «Қалғаны маусым бойына жеткізіліп тұра­ды», деді Р.Аңбаев. Қолдағы қор­да жиналған көмірдің 910 тоннасы – «Шұбаркөл», 811 тоннасы – «Майкөбе», 300 тоннасы – «Екібастұз» кендерінен. Ал қала тұрғындары жоғары бағалайтын, қызуы жақсы «Қаражыра» көмірі әлі жеткізілмеген.

Облыстық тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылығы басшы­сы­ның міндетін атқару­шы П.Шилов өңірдегі 285 шақы­рым­­дық жылу жүйесі түгел да­йын­­дық сапында тұрғанын айтты. Соның 6,3 шақырымына биыл күрделі жөн­деу жұмыстары жүр­гізілген. 602 шақырымнан тұратын су жет­кі­зу жүйелері де толығымен да­йын. Облыстағы 324 автономды қазандық та іске қосылуға әзір. Білім саласының – 604, ден­сау­лық сақтау саласының – 369 және мәдениет саласының 167 нысаны жылуға қосылған.

Облыстағы бу қазандық­та­ры­мен жылытылатын барлық бюд­жет­тік мекемелерге қажетті 141 мың тонна көмір жеткізілген. Алай­да тұрғындарға қажетті 419 мың тонна көмірдің әзірге 249 мың тоннасы ғана жеткізіліпті. Аққайың, Мамлют аудандары қа­жетті мөлшердің жартысын ғана қамтамасыз еткен. Сонымен бірге барлық елді мекенде жылу жүйесіне қосылмаған 12 көп­қа­бат­ты үй бар. Оның жартысы – Петропавл қаласында, қалған алтауы – Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылында. «Саумалкөлдегі үйлердің жы­лу­ға қосылмауы жаңа орталық қазандықтың іске қосылмауына байланысты болып отыр. Бұл қазандық алғаш рет сыналды, егер ақау болмаса тұрақты түрде қосылады», деді Павел Шилов.

Наурыз айында Петропавл қала­сының ЖЭО-2-де болған апат­тан халық құлағдар. Әкімдік отырысында осы кәсіпорынға қарайтын «Севказэнерго» АҚ бас директоры Олег Перфилов жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндады. Оның айтуына қарағанда, қазір ЖЭО-2-нің 12 бу қазандығының бесеуі жұмыс іс­тейді, біреуі резервте, тағы бе­сеуіне жөндеу жұмыстары жүр­­гізіліп жатыр. Тағы біреуін­дегі жөндеу жұмыстары тоқта­тыл­ған. О.Перфилов жөндеу жұмыс­тарының кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты. Ал ортан белінен омырылған мұржа­ның толығымен бұзылғанын айтты. Бұл нөмірі бірінші мұржа болатын. Екінші мұржаның жөндеу жұмыстары 18 қазанда аяқ­та­ла­тын көрінеді. Үшінші мұржа жөндеуден өткен, қазір қалыпты жұмыс істеуде. Бұл кәсіпорын Екі­бастұз көмірін жағады. Бү­гін­де қордағы көмірінің көлемі – 124 855 тонна. Бұл 21 тәулікке жетеді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы