10 мамыр күні жолаушыларды тиеп алған шағын лайнер күміс бауыры күнге шағылысып, аспанға қайқаң етіп көтерілгенде жергілікті сағат тілі 17.40-ты көрсетіп тұрған еді. Беталысымыз – Индонезия Республикасы. Ұшақ төрт мың шақырымға жуық арақашықтықты ұшып өтіп, жолай Біріккен Араб Әмірліктері астанасы Әбу-Дабиге қонды. Мұнда бес сағаттай аялдап, Джакартаға баратын ұшақты тосуға тура келді. Алып аэробус соңғы межеге дейін сегіз сағаттай қанат қағып, зеңгір аспанның 6500 шақырымын көктей өтті. Бұрын сырттай естігеніміз, атлас картадан тамашалағанымыз болмаса, Оңтүстік-Шығыс Азия кіндігінде орналасқан беймәлім мемлекетке аяғымыз алғаш тигендіктен, бейнебір ертегілер әлеміне еніп кеткендей күй кештік. Шетелге тұңғыш сапарлауымызға мүмкіндік тудырған азаматтарға іштей рахмет айта отырып, алған әсеріміз бен көрген-білгенімізді баяндауға тырыстық.
Ғажайып сырға толы бейтаныс ел
11 мамыр. сағат 15.00. Әбу-Дабиге қарағанда Джакартаның әуежайы қораштау көрінгенімен, көзге алдымен аспанмен таласа бой түзеген, ұшар басы ақша бұлттарға барып тірелетіндей көрінетін зәулім үйлер мен қызметтік офистер шалынды. Қашан бес жұлдызды «Аraduta Jakarta» қонақ үйіне жеткенше олардың қатары бірде-бір селдіреген жоқ. Екінші бір байқағанымыз, көліктердің соншама молдығынан әрі көшелердің тарлығынан кептелектің жиі орын алатыны болды. Білетіндердің айтуынша, «екіаяқты» көліктердің өзі 9 миллионға жетіп жығылатын көрінеді. Тізе бүгуге екі сағаттан астам жүріп келуіміз жол жүру машақаты жеңілдеудің орнына түйінді проблемаға айналып бара жатқанын аңғартты. Құрамында «Қазақстан», «Хабар» телеарналарының, «Казахстанская правда», «Егемен Қазақстан» газеттерінің тілшілері мен операторлары бар шағын журналистер тобын қарсы алған осындағы Қазақстан елшілігінің екінші хатшысы Ғамзат Қайыровтың қайыры бізге көп тиді. Тәржімашы ретінде бөліп берген Инда есімді қыз шама-шарқынша аударғанымен, бір кемдігі білініп тұрды. Ағылшынша қамшы салдырмайтын бауырымыз кісілік пен кішіліктің өнегесін көрсете жүріп, біз үшін ғажайып сыр бүккен бейтаныс ел жөнінде жан-жақты мағлұмат беріп отырды. Оның сөзіне қарағанда, 17 508 аралдан тұратын Малай архипелагында қоныс тепкен Индонезия мемлекеті Оңтүстік-Шығыс Азия өңірінде қай жағынан болсын көш бастап келеді. Бүгінде халқының саны шамамен 250 миллионды құрап, әлемде төртінші орын алады. 2050 жылға қарай 300 миллионға жетеді деген болжам бар. Үлкенді-кішілі аралдарда тіршілік ететін 300-ден астам түрлі ұлыстар мен этностардың ішінде явалықтар ерекше басымдыққа ие (45-47 пайыз) екен. Одан әрі сундылар, мадурлықтар, малайлықтар, қытайлар, индустар дегендей тізбектеліп кете береді. Тұрғындардың 85 пайыздайы исламды ұстанса, дені – сүнниттер көрінеді. 9 пайызы христиан, 2 пайыздайы индуизм діндеріне бой ұрғандар екен. Діннің буддизм, анимизм, конфуциандық тармақтарына табынушылар да жоқ емес. Дінаралық, ұлтаралық әртектілік жағынан Қазақстанға көбірек ұқсайтыны аңғарылады. Оңтүстік-Шығыс Азияда Истикляль мешітіне тең келетін ғибадатхана жоқ екенін білдік. Намазға жығылмасақ та тәу еттік. 100-120 мың адам сияды. Адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы бізбен деңгейлес секілді: ер азаматтар – 68,5 жас, әйелдер– 73,7 жас. Құрғақтағы аумағы 1,9 миллион шаршы шақырымды қамтып, төрткүл дүниеде 15-ші орынды иеленсе, 7,9 миллион шақырымға созылып жатқан теңіз акваториясы экономикалық жағынан тез дамып келе жатқан елдің басты бір ерекшелігі тәрізді. 5 ірі және 30 кішігірім арал топтары кіретін Малай дүниежүзінің ең үлкен архипелагы болып саналады. Ол Үнді мен Тынық мұхиттарының түйіскен жерінде орналасқан және Азия мен Австралия континенттерін жалғастырушы көпір іспеттес. Индонезия аралдарының көпшілігі таулы-орманды келетіндіктен, сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады екен. Мұнда жер сілкіністері жиі болып тұратынға ұқсайды. Халыққа зор қатер төндіретін, айтып келмейтін апаттар Ява, Суматра аралдарында жиі тіркелетін көрінеді. Жұртшылық 1963 жылы Агунг жанартауының атқылап, бес мыңнан астам адамды мерт еткенін, үлкен материалдық шығынға ұшыратқанын әлі күнге дейін қорқынышпен еске алатынын естідік. Ел экономикасы тайфун, цунамиден де қатты зардап шегетін көрінеді. Ел 32 провинцияға және 2 ерекше әкімшілік округке – Джакарта және Джокьякарта қалаларына бөлінеді. Оларды губернаторлар басқарады. Солай бола тұрғанмен, үш провинцияның әлі күнге дейін шариғат ілімімен тіршілік етіп жатқан жайы бар. Бір атап өтерлігі, тұрғындар аралдарды негізінен ұлты және діни сенімі бойынша мекендейді. Мәселен, Бали аралындағы 5 миллиондай тұрғынның басым бөлігі – индустар. Ең үлкен аралдар–Калимантан және Суматра. Ява аралында орын тепкен Индонезия астанасында (Джакарта) маңайын және келіп-кетіп жұмыс істейтіндерді қосқанда 18 миллионға жуық тұрғын бар екен. Бұдан басқа, Сурабая, Бандуң, Медан, Семаранг ірі қалалар тобына жатады. Ресми тілі индонезиялық болғанымен, ағылшын тілі кеңінен қолданылатынына көз жеткіздік. Ява тұрғыны ең көп арал, ал Бали аралы туристер жиі баратын аймақ әрі Индонезия көне мәдениетінің ірі орталығы болып есептеледі. Климаты – тропиктік, муссондық. Жазы жауын-шашынды, қысы құрғақ көрінеді. Ява аралындағыдай ылғалды ыстық леп сезіле бермейді. Күн райының бұл ерекшелігін жан-жағы мұхиттармен, теңіздермен шектесіп жатқандықтан, ылғалдың мөлшерден тыс көп түсуімен байланыстырған орынды. Сол себепті болар, ғимараттар мен қоғамдық көліктердің іші желдеткіштермен мұқият жабдықталған. Онсыз, оларды қайдам, сырттан келгендер үшін жүріп-тұру мүмкін емес сияқты. Сөз арасында, Индонезия жайлы газетімізде жан-жақты жазылғанын айта кеткен жөн («Шалғай елмен де жақындасуға болады», 2012, 14 сәуір; «Боробудур», 2013, 3 қыркүйек). Олардағы деректерге сүйенсек, «Индонезия» атауы «Индия» топонимі мен гректің «несос» – арал деген сөзінің қосындысынан шыққанын аңғарамыз. Былайша айтқанда, «Аралдық Үндістан» деген мән-мағына береді. Соған орай, даму тарихы да көне дәуірден бастау алады. Бірінші мемлекеттік құрылымдар біздің заманамыздың ІІ-V ғасырлары аралығында теңіз жағалауы аудандарында пайда болған. VІІ ғасырдың ортасында Шривиджия деген атпен Суматрия империясы орнаған. VІІІ ғасырдың бірінші жартысында Ява аралының орталығында шиваист әулеті басқарған Матарам мемлекеті құрылған. ХІ ғасырдан бастап Ява аралы Индонезияның экономикалық, мәдени және саяси орталығына айналған. ХІҮ ғасырда ислам дінінің енуі күшейе түскен. Суматра аралындағы мұнай қорлары ағылшындарды, голландтықтарды қатты қызықтырған. Оның ақыры Ұлы Шығыс Азия үшін кескілескен шайқастар мен соғыстарға, отарлауға жалғасқан. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, 1945 жылы 17 тамызда Индонезия мемлекетінің тәуелсіздігі жарияланған. Содан бері ұлттық мереке ретінде аталып келеді. Елдің бірінші президенті Сукарно 1950 жылы Индонезияны унитарлық мемлекет деп жариялаған.
Соңғы жылдары Қазақстан мен Индонезия арасындағы екіжақты сауда айналымының арта түскенін байқауға болады. Бұл көрсеткіш 2012 жылы 57,2 миллион АҚШ долларын құраса, былтыр 200 миллион АҚШ долларына жеткен. Елімізден негізінен темір және оның өнімдері, құрал-жабдықтар, әртүрлі аспаптар, химиялық өнімдер экспортталса, Қазақстанға мал мен өсімдік өнімдері, дайын азық-түлік тауарлары, машиналар, көлік құралдары, тоқыма өнімдері, аяқ-киім жеткізіледі. Мұнда пальма майы, банан, кокос, каучук үлкен сұранысқа ие. Туризм, тау-кен, күріш өндірісі жақсы дамыған. Ал, қой, сиыр еттері мен сүт өнімдерін өндірмейтіндіктен, Австралия мен Жаңа Зеландиядан әкелінеді. 2030 жылға таман әлемдегі аса дамыған мемлекеттердің «ондығына» кіруді жоспарлағанына қарағанда, игерілмей жатқан ішкі, сыртқы әлеуеттер мен мүмкіндіктері зор ма деп қалдық. Ал, демократиялық үрдерістердің дамуы жағынан алға Үндістан мен АҚШ-ты ғана шығарады деген пайым қалыптасқан. Алайда, жан басына шаққандағы ІЖӨ Қазақстанмен салыстырғанда, көп төмен екенін ескерсек, шешімін табатын мәселелердің аз еместігі аңғарылады. Төмен деңгейде өмір сүретіндердің қатары әлі де жыртылып айырылады. Бай мен сіңірі шыққан кедейлердің арасалмағы жыл өткен сайын алшақтап барады, дейді білетіндер. Экстремистік лаң, ұлттық, діни қақтығыс едәуір саябырсығанымен, ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты ауыздықтау үлкен күшке түсіп отырған сыңайлы. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары жалғыз әйел губернатордың жемқорлыққа батқан қылығын жарыса жазған. Қазір ол бикеш темір торға тоғытылыпты. Біз барған сәтте қызу саяси талас-тартысқа кез болдық. Сөйтсек, шілдеде өтетін президенттік сайлау қарсаңындағы доданың нағыз қызған шағы екен. Парламенттік сайлауға 12 саяси партия мен Ачех провинциясындағы 3 жергілікті саяси ұйым түскен. Бұлар Индонезияның Халық Өкілдері Кеңесіндегі /төменгі палата/ 560 орынға, Өңірлік Өкілдер Кеңесіндегі /жоғары палата/ 132 орынға, провинциялық деңгейдегі Өкілдер палатасындағы 2 137 орынға, регенттік /аудандық/ деңгейдегі Өкілдер палатасындағы 17 560 орынға таласқан. Бір қызығы, қазіргі таңдағы билеуші партия, яғни Демократиялық партия бар-жоғы 10 пайыз дауыс жинаған. Оның басты себебіне соңғы жылдары партия мүшелерінің бірқатар сыбайлас жемқорлық фактілеріне байланысты істі болғаны көлденең тартылады. Сарапшылардың болжамынша, Джакарта қаласының губернаторы президенттіктен бірден-бір үміткер болып отыр екен.
Көк аспанда қалықтаған қазақ әні
Сапарымыздың басты мақсаты саяхатшы ретінде ел-жер көру, қызықтау емес, осы елдегі Қазақстанның мәдени күндеріне қатысу еді. Бұқаралық ауқымдылығымен, өткізу формасымен, ұлттық мәнерімен ерекшеленген шара Елбасымыздың бастамасымен, Мәдениет министрлігінің қолдауымен, «Қазақ әуендері» АҚ-тың ұйымдастыруымен қолға алынып, өзіміз тәжірибе жинарлық, өзгелер үлгі-тағылым аларлық тәлімді де мәнді басқосу алаңқайына айналды. Қазақстан мен Индонезияның әріптестік қарым-қатынасының бастау бұлағы өткен ғасырдың 90-шы жылдарына барып тіреледі. Дәлірек айтсақ, екі ел арасындағы дипломатиялық берік байланыс 1993 жылы 2 маусымда орнады. 1995 жылы сәуірде Индонезия Президенті М.Сухартоның Қазақстанға және осы жылы маусымда Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың Индонезияға ресми сапарлары саяси, экономикалық түзілімдерге айқара жол ашып, көпқырлы белсенді ынтымақтастықтың жаңа жолдарын белгілеп берді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылы Индонезияға, осы ел Президенті Сусило Бамбанг Юдойононың 2013 жылы Қазақстанға мемлекеттік сапарлары аясында экономикалық, сауда-саттық кеңістігін одан әрі кеңейтумен қатар, мәдениет саласындағы ынтымақтастық жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Осы уағдаластыққа орай биыл Қазақстанның Индонезиядағы мәдениет күндерін өткізуге шешім қабылданған-ды. Міне, бірнеше күнге созылған мәдени шаралардың ашылу рәсімі «Джакарта-ХХІ ғасыр» атты кинотеатрда белгілі режиссер Рүстем Әбдірашевтің Елбасымыздың балалық, жігіттік, азаматтық шағын бейнелейтін киноэпопеясын тамашалаумен басталды. Президентіміздің өнегелі өмірін арқау еткен кинолента индонезиялық көрермендерді ыстық ықыласқа бөлеп, зор қызығушылығын тудырды. Біз тілдескен көрермендердің қай-қайсысы болсын Қазақстан жайлы үлкен әсер алғандарын таласа-тармаса айтып жатты. Олардың қатарында орталық оқу орындарының бірінде оқитын студент Деди жүрекжарды лебізін былай бөлісті: – Шыны керек, қазақстандық кинематографистерден жоғары дәрежелі мұндай көрсетілім күтпеген едім. Өте сәтті шыққан. Фильмнің жастарға беретін патриоттық, тәрбиелік өнегесі мол. Қазақ халқының тамаша салт-дәстүрлеріне, сұлу табиғатына, адамдардың кеңпейілділігі мен қайырымдылығына керемет тәнті болдым. Президенттеріңізді қадірлей, бағалай білетін халық екенсіздер. Фильмнен кейін көкейімде Қазақстанды өз көзіммен көрсем деген құлшыныс оянды. Құрбым екеуміз «Жаужүрек мың бала» фильмін де міндетті түрде тамашалайтын боламыз. Естен кетпейтін әсер алғанымды атап өткім келеді. Ауқымды шара басталар алдында осы елдің Мәдениет және білім министрі профессор Мұхаммад Нух пен Қазақстан жағынан Мәдениет министрінің орынбасары Асқар Бөрібев арасында кездесу өтті. М.Нух ел өмірінде алғаш рет ұйымдастырылған мәдени басқосуға индонезиялықтар зор қолдау көрсеткенін атап көрсетіп, алда да мәдени, ғылыми байланыстардың тереңдей беретініне сенім көрсетсе, вице-министр жылы шырайлы қабылдауға алғысын білдіріп, Назарбаев Университеті шеңберінде атқарылып жатқан істерден хабардар етті. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық жұмыстарын ортаға салды. Бұдан басқа, әлемдегі 30 елдің қатарына енуге ұмтылып отырған Қазақстанның ішкі-сыртқы экономикалық зор әлеуеті, Астананың әлемдік түрлі саяси бастамалар өткізудегі көшбасшылық рөлі, екіжақты студенттер алмасу, тәжірибе бөлісу, озық технологияларды қолдану, ғылымның беделін арттыру мәселелері талқыланды. 1500 орындық беделді концерт залында ине шаншатын орын болмасын екі тарап та күтпесе керек, ұйымдастырушылар бір-біріне жымыңдаса қарап қойып, көңіл-күйлерінің көтеріңкі екенін жасыра алмайды. Сахнаға Мәдениет вице-министрлері А. Бөрібаев пен профессор Виенду Нуриянти көтеріліп, Қазақстанның Индонезиядағы мәдениет күндерінің ашылуын жариялауы мұң екен, зал ішін ду шапалақ кернеп кетті. Қазақстанның Әнұраны орындалғанда жиналғандар орындарынан тұрып, ерекше құрмет көрсетті. Жергілікті Әнұранды үлкен де, кіші де шын жүрекпен, жасампаздық толғаныспен шырқап, ұлттық рухтың, мұқалмас ерік-жігердің отбасы, ошақ қасынан басталатынын ұқтырғандай болды. Осындайда 1928 жылы өткен ұлттық азаттықты аңсаған жастар ұйымының конгресі туралы естігенім ойға оралды. Сол жолы «Ұлы Индонезия» әнұраны алғаш рет орындалып, «Жастар анты» бірауыздан қабылданған екен. Оның түпқазық идеясы «бір отан, бір ұлт, бір тіл» деген үштағанға негізделіпті. Содан бері өскелең ұрпақ туған жерге деген перзенттік адалдығы мен беріктігін іспен дәлелдеумен келеді. Тұрғындардың орта жас мөлшері 30-дың маңайында екенін ескерсек, рухы мықты жас ұрпағы бар елді жау іштен де, сырттан да ала алмайтыны түсінікті. Жә, Қазақстанның Индонезиядағы мәдениет күндеріне арналған концерттік бағдарламаға оралайық. Сахна шымылдығы ашылғанда зал ішіне шыбын ызыңы ғана естілетіндей өлі тыныштық орнай қалды. Өйткені, сахнадағы Н.Тілендиев атындағы Академиялық фольклорлық этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі мүшелерінің ұлттық нақыштағы киімдері мен аспаптары, бір сөзбен айтқанда, қыздың жиған жүгіндей көрінісі залды бір жағынан таңғалдырып, екінші жағынан өнерлерін тағатсыздана күткенін жүздерінен аңғару қиын емес-ті. Бір кезде Дінзухра Тілендиеваның дирижерлік етуімен Түркештің «Көңіл ашары» ойнап сала бергенде, зал іші ду ете қалды. Ризашылық эмоциялық көңіл-күйді жасыра алмағанның белгісі бұл! Күй аяқталғанда қол соғу көпке дейін толастамады. «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің тал шыбықтай мың бұралған ырғақтарына шын пейілдерімен риза болысты. «Жетігеншілер» квартеті ұлттық аспапта шебер ойнауларымен көзге түсті. Өнер майталмандары, Қазақстанның халық әртістері Ескендір Хасанғалиевтің, Нұржамал Үсенбаеваның, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаеваның, халықаралық конкурстардың лауреаттары Медет Шотабаевтың, Біржан Хасанғалиевтің, «Белес» этнофольклорлық квартетінің әуелеткен әндерін жиналған қауым жан жүректерімен тыңдады. Әсіресе, А. Жорабаева «Жали-жали», Б.Хасанғалиев «Унтук буми кита» әндерін тамылжыта шырқап, залды аяғынан тік тұрғызды. Сонымен, бір жарым сағатқа созылған, бас-аяғы жұп-жұмыр концерттік бағдарлама да тәмамдалды. Алайда, фойеге жиналған жұртшылықтың кеткісі жоқ. Джакарта тұрғындарының бірі Саронды қара домбыраның күмбірлеген үні қызықтырса, Сунарио деген азамат Ықыластың «Жезкиігін» бебеулеткен қобызшы қыздан қолтаңба алғанша асық (Ол республикалық конкурстардың жеңімпазы Балжан Жүнісова деген қарындасымыз болатын). АҚШ елшілігінде қызмет атқаратын Андрет Шилкоат Қазақстанда бес жыл жұмыс істегенін, содан бері қазақ әндерін сүйіп тыңдайтынын, осы жолы да үлкен әсер алғанын жеткізсе, осындағы орыс мәдениет орталығы жетекшісінің орынбасары Анна Шапошникова бұрынғы Одаққа қарасты жеті елшілік арасынан қазақстандықтардың бірінші болып мәдени шара өткізуін үйренерлік үрдіске бағалады. Саналы ғұмырын осы елде өткізіп жатқан Роза Ысмайылқызы, Іңкәр Серікбайқызы секілді апаларымыздың қуанышында шек жоқ. Бейнебір төркіндері көшіп келгендей мәре-сәре. Индонезияның Мәдениет және білім министрлігі қазақстандық қонақтар үшін қонақасы беріп, жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. Орталық музейде ұйымдастырылған шара да ұмытылмастай есте қалды.
* * *
Кері ораларда туған жердің бір жұтым ауасын жұтқанша асықтық. Жиренше шешен бабамыз: «Өз үйім – өлең төсегім», деп рас айтыпты. Сыртта жүргенде ел-жұрттың, Отанның қадір-қасиеті ерекше сезіледі екен.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан».
АСТАНА – ДЖАКАРТА – АСТАНА.