Технология • 11 Қазан, 2022

IPhone 14 Pro – 699 990 теңге

560 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Apple компаниясының брендке айналған өнімі iPhone смартфондары үлкен сұранысқа ие. Көпшілік әр күз сайын оның кезек­ті нұсқасын асыға күтеді. Биыл нарыққа iPhone 14 Pro келіп түспек. Осы орайда сарапшылар әр елдегі орташа жалақы баға­сы мен смартфон құнын салыстырып көріп, қызық зерттеу жасаған.

IPhone 14 Pro – 699 990 теңге

Picodi.com командасы iPhone 14 Pro-ның (128 GB) жер­гілікті бағасын әр елдегі жа­ла­қы мөл­шерімен салыстыра қарап, ай­фонның индексін есептеп шығарған. Қазақстанда бұл смартфонның базалық комплектациясы 699 990 теңге тұрады. Ал АҚШ-тағы таза бағасы – 999 доллар. Бірақ бұл баға сатудан түскен салық 0 пайыз болатын төрт штатта ғана өзекті болып саналады.

Соңғы ресми деректер бо­йын­ша Қазақстанда орташа ста­тистикалық жалақы 312 011 теңгені (қолға тиетіні 251 401 теңге) құрайды. Осылайша, орташа статистикаға ие қазақстандық iPhone 14 Pro сатып алу үшін 58,5 күн жұмыс істеуі керек екен. Яғни бүкіл жиған-терген ақшасын түгел смартфон сатып алуға жұмсайды деген сөз. Был­тырмен салыстырғанда жұ­мыс істейтін мерзім 4,3 күнге азайған.

Соңғы бес жылдағы Қазақ­стандағы айфон индексі ке­лесідей көрініс табады: 2018 жылы – 86 күн; 2019 жылы – 76,5 күн; 2020 жылы – 74,6 күн; 2021 жылы – 62,8 күн; 2022 жылы – 58,5 күн. Соңғы шық­қан айфонды бәрінен бұрын ең жылдам сатып алушы – Швейцария азаматтары. Бұл елдің тұрғындарына қажетті соманы жинау үшін небәрі 4,6 күн керек. Америкалық азамат 5 күннен сәл асыра жұмыс істеп қажетті қаражатты тауып алатын болса, аустралиялық бір апта тынбай еңбек етуі тиіс.

Ең нашар көрсеткіш Тәжік­станға тиесілі. Бұл елдің орташа статистикалық азаматы 179,5 күн жұмыс істеуі керек. Соңынан санағанда екінші және үшінші орындарда Түркия (146,7 күн) мен Қырғызстан (136,3 күн) орналасқан.

«iPhone 2022 индексі жер­гілікті Apple дүкендерінде немесе рұқсат етілген сатушыларда көрсетілген iPhone 14 Pro (128 ГБ жады бар) ресми ба­ғалары негізінде есептелді. Орташа жалақы туралы ақ­парат мемлекеттік статисти­ка ор­­ган­дарының немесе тиіс­ті

ми­нистр­­­­­ліктердің веб-сайт­та­ры­нан алынды және белгілі бір ел­дегі iPhone бағасы жарияланған сәтте өзекті болып саналады. Салықты шегергендегі жалақы мөлшері жергілікті жалақы калькуляторы арқылы есептелді. Ай­лық жалақыны біз бір айдағы орташа жұмыс күні – 21 күнге бөлдік», делінген Picodi.com хабарламасында.