«Бүгінгі сапар дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орайластырылып отыр. Оның үлкен символдық мәні бар. Осы кезеңде екі ел арасында тығыз саяси диалог, өзара құрмет пен сенімге негізделген бауырластық қарым-қатынас орнады. Мәртебелі мейманның бұл сапары да екіжақты ынтымақтастықты нығайтып, жемісті де табысты болады деп сенеміз. Бүгінгі келіссөздер қазақ-түрік байланыстарын нығайта түсетіні сөзсіз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысында.
Қазақстан Республикасының Президенті Түркия Қазақстанның ең жақын және сенімді серіктестерінің бірі екенін ерекше атап өтті.
«Біздің елдеріміздің ата тегі, тілі, рухани құндылықтары ортақ. Түрік мемлекетінің республикалық даму жолын таңдағанына ғасырға жуық уақыт өтті. Осыған орай, сізді және бауырлас түрік халқын тарихи белеске жетуіңізбен шын жүректен құттықтаймын. Елдеріңіз бұл белеске үлкен жетістіктермен қадам басып келеді. Бүгінде Түркия саяси және әлеуметтік-экономикалық даму жолында үлкен қадамдар жасады. Аймақтық және жаһандық мәселелер бойынша белсенді және табанды саясатты ұстанады. Соның арқасында Түркия әлемдік саясатта беделі жоғары мемлекет болып қала береді. Режеп бай, еліңіздің биік белестерді бағындыруына тілектеспін! Сіз екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге зор үлес қосатыныңызға сенімдімін», деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.