Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Көрме аясында көптеген шара жоспарланған. Олар – ауыл шаруашылығындағы тың технологияларды таныстырудан бастап, түрлі тақырыптарға конференция, іскерлік кездесу өткізу, тауарлар мен өнімдер саудасы, аукцион, баспасөз мәслихаты мен жеке кездесулер және тағы басқа іс-шаралар.
Көрменің жалпы аумағы 20 мың шаршы метрді құрайды. Кеше көрменің ресми ашылу салтанаты өтті. Көрмеге қатысушыларды еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев құттықтады.
«KazAgro/KazFarm – өте маңызды оқиға. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің аса күрделі де жауапты жұмысының нәтижесінде биыл егін орағын өте жақсы нәтижелермен аяқтағанымызды көріп отырмыз. Бұл көрме аясында көптеген келісімшартқа қол қойылатынына сенімдімін. Біздің компаниялар байланыс, технология және озық тәжірибе алмасу арқылы өздері үшін көптеген мүмкіндікті ашатынына сенімдімін», деді министр.
Ал Ауыл шаруашылығы вице-министрі Тамабек Әбілқайыр Қазақстан – аграрлы ел болғандықтан, агроөнеркәсіп кешені ел экономикасында шешуші рөл атқаратынын жеткізді. Бұл – елдің тұрақты дамуын, қауіпсіздігін және экспорттық әлеуетінің өсуін қамтамасыз етудің ең маңызды факторы. Агроөнеркәсіптік кешен – халықтың жартысына жуығы үшін негізгі табыс көзі және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге, оны өңдеуге және сақтауға маманданған, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу өнеркәсібін қажетті өнімдермен қамтамасыз ететін тығыз экономикалық және өндірістік байланыстары бар салаларды қамтиды. Көрменің мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерді көрсету және Қазақстанның барлық фермерін бірегей алаңға біріктіру. Көрме өткізу игі дәстүрге айналғаны қуантады», деді вице-министр.
Салтанатты іс-шарада дипломатиялық миссиялар басшылары атынан Германияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Моника Иверсен неміс компаниялары үлкен қызығушылық танытатын агроөнеркәсіп кешенінде Қазақстанның әлеуеті зор екенін, бүгінгі таңда көрмеге ұсынылған компаниялардың саны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп, 24-ке жеткенін атап өтті.
Қазақстан мен Германия арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығын DLG (Германия ауылшаруашылық қауымдастығы) басқарушы директоры Тобиас Эйхберг де атап өтті. Спикер «KazAgro/KazFarm» білім алмасу, инновациялар мен ғылыми әзірлемелерді көрсету, сондай-ақ өндірушілер, фермерлер және тұтынушылар арасында байланыс орнату үшін тамаша алаң екенін атап өтті.
Ал «Ростсельмаш» компаниясының Қазақстандағы сату департаментінің директоры Сергей Робченко тиімді ынтымақтастыққа мүмкіндік беретін және жаңа нәрселерді үйренуге қолайлы жағдай жасайтын тамаша платформа үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Көрме тарихында алғаш рет Астанада асыл тұқымды қошқарлар мен ешкілердің биоматериалының (ұрығының) аукционы өтті. Бұл аукционның ерекшелігі, жануарларды іріктеуге, сол арқылы ет, сүт және жүннің ең жоғары сапасына қол жеткізуге мүмкіндік бар. Мысалы, Гэмпшир асыл тұқымды қошқар биоматериалы 100 жылға дейін сақталады. Мұндай биоматериалдың бағасы жыл сайын өсіп келе жатқанын атап өткен жөн. Көрмеге осы секілді «элиталық» сыныптағы асыл тұқымды Еділбай, Дорпер, Қаракөл, Меринос, Цвартблес тұқымдары, Заанен сүтті ешкілері қойылады. Шәуетті криоконсервациялау зертханада IMV технологиясы бойынша (Франция) жүргізіледі.
Көрме барысында ұсынылатын инновациялық технологиялық шешімдердің қатарында сиырларға қолайлы жағдай жасап, өнімділікті арттыруға арналған Dairy Robot R9500 сауу роботының тұсаукесері де бар.
Көрме аясында алғашқы күні «Үздік сауыншы» байқауы өтті, онда әркім ірі қара малды сауу шеберлігіне тестілеуден өтті. Қауіпсіздік мақсатында байқау сиырлардың ағаш үлгілері бойынша ғана өткізілді. Сауыншылар байқауына қатысу ерікті түрде болды. Қатысқандардың біразын ер адамдар құрады.
Сондай-ақ көрме барысында мал өсірушілер, ветеринарлар және Қазақстанның мал шаруашылығы саласының инвесторлары үшін «Жоғары сапалы идентификация құралдарын пайдалана отырып, жануарлардың асыл тұқымдылығын жақсарту: Қазақстан Республикасындағы ағымдағы тәжірибе және болашақ әлеуеті» ақпараттық шарасы өтті.
Көрмеге қатысу кез келген адам үшін пайдалы деуге болады. Мәселен, көрмені аралай жүріп Қазақстанда сатылып жатқан түрлі ауыл шаруашылығы техникаларының онлайн базары секілді арнаулы мобильді қосымшаны жүктеп алуға, сол арқылы қай жерде қандай техника сатылымға шығарылатынын біліп, оның иесімен қолма-қол келіссөз жүргізуге болады. Осы қосымшаны әзірлеген «Traktor.app» мамандары бұл сервистік қызметтің қарапайым шаруаларға көмегі мол екенін айтты.