Қоғам • 13 Қазан, 2022

Қадағалаудағы құнттылық

178 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміз бойынша пробация қызметінің есебінде 28 мыңнан астам адам бар. Оның ішінде 300-ден астамы кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмауына қарсы баптар бойынша сотталған. Ішкі істер министрлігі олардың жүріс-тұрысын қадағалау мақсатында электронды бақылау құралдарын енгізуді мықтап қолға алды.

Қадағалаудағы құнттылық

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Электронды білезіктер бас бостан­ды­ғы шектеліп және шартты түрде сотталғандарға, жазасын өтеу тәртібін бұзу­шыларға қолданылатынын атап өт­кен жөн. Ең әуелі кәмелетке толма­ған­дар­дың жыныстық қол сұғылмауына қарсы қылмысқа қатысы бар адамдарға жазаны өтеу мерзімінің бүкіл мерзі­мін­де тағылады. Бүгінде елімізде электронды білезік арқылы 2 500-ден астам адам бақылауға алынған. Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, сотталғандарды қашықтан бақылау жүйесінің нәтижесі жаман емес. Электронды білезікті пай­далану есеп беретін адамға бас бос­тандығынан айыру орындарына түс­пеуге мүмкіндік береді.

Жалпы, жұрт арасында еліміздегі түрмелердің пайдасынан шығыны көп деген пікір қалыптасқан. Орманға қарап ұлитын қасқырдың бөлтірігіндей көбі түрмеден шыққан соң бұрынғы әдетіне қайта басып «құтты» орнына қайта оралады. Ал қылмыскерге орта есеппен мемлекет жылына 1 миллион теңге жұмсайды екен. Әрине, электронды білезікті қолдану арқылы шығын азая қоймас. Десе де елімізде енді ғана енгізіліп жатқан жаңашылдықтың ал­дағы уақытта тиімділігі байқалуға тиіс, деп есептейді тәртіп сақшылары.

Естеріңізге салсақ, пробациялық ба­қылау­дағы адамның пробация қыз­метін жазбаша хабардар етпей тұрақты тұрғылықты жерін ауыстыруға, сондай-ақ оның еркін жүріп-тұруға құқығы жоқ. Олар үшін бірқатар тыйым да белгіленеді. Атап айтқанда, белгілі бір орындарға баруға, тәуліктің рұқсат етілмеген уақытында нақты орындарда болуға рұқсат жоқ. Ендігі жерде электронды білезіктер қолданыла бастағанын жаздық. Құрылғы GSM/GPRS арнасы арқылы радио сигналын таратады және ғаламдық пози­циялау жүйесі арқылы адамның қоз­ғалысын нақты уақыт режімінде бақы­лау­ға мүмкіндік береді. Бастысы – сот­та­лу­шыға қайта қылмыс жасау қау­пін бол­дырмауға тосқауыл болады. Егер есептеуіш режім бұзылса, тәртіп сақ­шы­ларына бұл туралы сигнал бірден келеді. Пробация қызметінің инспекторы сотталғандармен дереу байланысқа шығады. Пробация есебінде тұрған азаматтар электронды білезікті бір жыл бойы тағуға міндеттеледі. Егер ол осы уақыт аралығында заңға қайшы әре­кетке бармаса, құрылғы алынып тасталады. Ал олай болмаған күнде материал сотқа жіберіледі. Егер құқық бұзушылық жиі тіркелсе, электронды қадағалау бас бостандығынан айырумен ауыстырылуы мүмкін.

Алыстан мысал іздеп керек емес. Күні кеше Қызылорда облысында екі азамат темір торға қамалды. Дәлірек айтсақ, Жалағаш аудандық пробация есебінде тұратын, қайта қылмысқа бейім А және В есімді сотталғандар сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 120-бабының 1-бөлігімен біреуі 3 жылға, екіншісі 4 жылға шартты жазаға сот­талылып, пробациялық бақылау белгіленген. Жуырда екі сотталғанға электронды бақылау құрылғысы да тағылған. Алайда олар заң талаптарына бағынбаған. Әкімшілік құқық бұзушылық жасауына электронды құрылғы да кедергі келтіре алмады. Бірнеше рет ескерту берілсе де тұр­­­ғылықты мекенжайын тексеру бары­сында себепсіз мекенжайында бол­­маған. Соңғы рет масаң күйінде жүргендігі анықталып, әкімшілік хаттама толтырылған. Екі сотталғанға қа­тысты құжаттарды жинақтаған аудан­­­дық пробация қызметі оның бас бос­­­­­тан­дығын шартты жазасының бас бос­­тандығынан айыру жазасына ауыс­тыру туралы сотқа ұсыным жолдаған. Сот қаулысымен екі азаматта шартты жазасын өтеу үшін түзеу мекемесіне жіберілді. Қаулы заңды күшіне енді.

Жалпы, Қызылорда облысы бойын­ша қылмыстық атқару жүйесі депар­таментінің аудандық, қалалық пробация қызметінің есебінде 1 мыңнан астам азамат бақылауда тұр. Олар­дың арасында сот жүктеген мін­дет­­терді орындамай, жаза өтеуден жалтарып жүрген сотталушылар да кез­де­седі. Пробация инспекторларымен жүргізілген профилактикалық жұ­­мыстардан нәтиже шығармаған сот­тал­ғандар сот қаулысымен түзеу ме­ке­месіне жіберіледі. Жыл басынан 26 сотталған түзеу мекемесіне тоғы­тылған.

Иә, бас бостандығынан айырыл­ған­дарды әлеуметтік өмірге бейімдеу оңай емес. 10-20 жыл отырып, қоғамнан тысқары қалған адамның жан дүниесін сауықтыру психологиялық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да ауыр. Сон­дықтан орташа қылмыстарды бос­тандықта жүріп өтеген құптарлық жайт, деп есептейді кейбір мамандар. Елі­міздің құқықтық саясат тұжырым­да­масында қоғамдық қауіп тудыратын қылмыстардың аражігін ажыратып, оны жасаған қауіпті тұлғалардың жазасын ауырлатып, керісінше, жеңіл қылмыстар санатын ізгілендіріп, жаза өтеудің балама жолдарын қарастыру мәселесіне баса назар аударылған. Электронды білезік қылмыс жасаған аяғы ауыр, босанатын әйелдерге қол­данылғаны да тиімді, дейді мамандар. Бала перенаталдық орталықта, білікті медициналық көмек көрсетілетін жерде дүниеге келуі керек. Олардың туу туралы куәлігінде түрмеде туылғаны көрсетілмей, жазасын өтеп жатқан ана­ларының жазасын бостандықта жү­ріп өтеуге мүмкіншілік жасау қажет. «Экономикалық қылмыстармен 10-15 жылға сотталғандар бар, ол қоғамдық қауіп туғызбайтын қылмыс ретінде сараланып, жазасын электронды бақылау арқылы шартты түрде бостандықта өтегендері дұрыс», дейді кейбір сарапшылар.

Павлодарда жазаны өтеу шарттарын жүйелі түрде бұзатын және бір­неше ескертуі бар сотталғандар қа­таң түрде электронды қадағалаудың «құрығында». Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің хабарлауынша, 2 жарым мың сотталғандарды бақылау үшін мыңдаған электронды білезіктер жалға алынған. Осы ретте қазақстандық колонияларда алғаш рет рұқсат етілген тауарларды сатып алуға арналған элек­трон­дық дүкендер, шағымдар мен өті­ніш­тер беруге арналған терминалдар, сондай-ақ пробация қызметінің соттал­ған­дарына қатысты электронды ба­қы­лау құралдары жұмыс істей бас­та­ға­нын атап өткен жөн. Білезіктің бір жиынтығына орташа есеппен 10 мың теңге жұмсалады, оларға қызмет көр­сету және техникалық сүйемелдеу қоса беріледі.

Ал Жамбыл облысында бүгінде пробация қызметінде 1 634 жазасын өтеуші есепте тұр. Биыл маусым айынан бастап 115 сотталушыға электронды білезіктер тағылған.

Тараз қаласының №3 пробация бөлімінің бастығы Қуаныш Қалықтың айтуынша, бақылау құралдары түрлі құқық бұзушылықтың алдын алуға және әрбір сотталғанды үнемі бақылауда ұстауға көп көмегін тигізіп отыр.

– Өңірдің пробация қызметіне 115 электронды білезік бөлінді. Олар жаза өтеу шарттарын жүйелі түрде бұзатын және бірнеше ескертуі бар сотталғандарға тағылады. Осылайша, істі болғандардың әр жүріс-тұрысы арнайы жүйе арқылы күндіз-түні қада­ға­ланады. Яғни инспектор жұмыс орнында отырып-ақ олардың іс-әрекетін планшет, ноутбук немесе ұялы телефон арқылы бақылай алады. Егер де жазасын өтеуші шектеу шараларын орындамаса немесе электронды білезікті бүлдірсе құрылғы бірден дабыл береді. Жалпы, есепте тұрған азаматтар электронды білезікті бір жыл бойы тағуға міндеттеледі. Осы уақыт аралығында заңға қайшы әрекетке бармаса, құрылғы алынып тасталады. Ал олай болмаған күнде материал сотқа жіберіледі. Мәселен, білезіктерді қолданысқа енгізген күннен бастап 16 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде, 11 материал сотқа жолданып, 6 адам темір торға қайта қамалады. Ал 5 адамға қатысты материал қаралу үстінде. Тәртіпке бағынбай, сот залынан тікелей түзеу мекемесіне жөнелтілген азаматтардың осынау әрекетінен өзге­лері сабақ алғаны жөн. Себебі заң бәріне ортақ. Жалпы алғанда, бақылау құралдары түрлі құқық бұзушылықтың алдын алуда және әрбір сотталғанды үнемі бақылауда тиімділігін көрсетуде, – дейді Қ.Қалық.

Электронды білезікті 1950 жылдары Гарвард университетінің ғалымдары ойлап тапқан, ал америкалық судья Джек Лав оны 1983 жылы пайдалана бастады. Қазір әлемнің 60 елінде қолданылады. Статистикаға сәйкес әлемде бір күнде 100 мың адам электронды білезік тағады екен. Білезік тағып бақылауда болғанша, білімді болып ел ішінде еркін қатынауға не жетсін?!