Аймақтар • 17 Қазан, 2022

Қоқыс өңдейтін кешендер

953 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Табиғатқа қарсы жасалған тағылықтың бір көрінісі рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгуден байқалады. Мәселен, Атырау облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ-ның ғарыштан мониторинг жүргізу қорытындысына сәйкес, 87 стихиялық қоқыс алаңы анықталған. Оның ішінде 30 қоқыс алаңы жеке иелікте екені белгілі болған.

Қоқыс өңдейтін кешендер

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Осыған байланысты Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қыз­метінен мәлім еткендей, шаһар аумағында 75 стихиялық қоқыс алаңы орналасқаны белгілі болған. «Қолдан жасалған» қоқыс алаңы рұқсат етілмеген аумақтарға құры­лыс қалдықтарын төгудің салда­рынан пайда болған. Осыған орай, әкімдіктің тапсырмасымен «Арнау­лы Автобаза» ЖШС-ның жа­ны­нан стихиялық қоқыс алаң­да­рын жою үшін жұмыс тобы құры­лып, құрылыс қалдықтарын тазар­туға «Арнаулы автобаза» серіктес­тігінен 30 жұмысшы мен 10 арнайы тех­ника тартылды. Осылайша, 35 алаң­нан 2 300 тонна қоқыс шығарылды.

Атырау облысында қатты тұр­мыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдейтін екі кешенді салу­ға енді мән беріле бастады. Об­лыс­тық табиғи ресурстар және таби­ғатты пайдалануды реттеу бас­­қармасының басшысы Нұрлан Жан­тоқовтың мәліметінше, биыл қатты тұрмыстық қалдықтарды сұ­рыптау және қайта өңдеу көрсет­кішін 33%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Мұнайлы шаһарда жеке инвес­торлардың қаржысымен қатты тұр­мыстық қалдықтарды сұрыптап, өң­дейтін екі кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Жаңа кешендердің қуаты – жылына 225 мың тонна. Мәселен, «ПромЭкология» ЖШС-ның сұрыптау-өңдеу кешенінің құрылысы үшін қаланың сол жақ бө­лігінен 30 гектар жер телімі беріл­ген. Шаһардың оң жақ бөлі­гінен қоқысты қайта өңдеу зауы­тын салуға ниет білдірген «Грин­СитиКлининг» ЖШС-ға 5 гектар жер телімі бөлінген. Екі кешеннің құны 2,5 млрд теңгені құрайды.

– Биыл «ГринСитиКлининг» ЖШС-ның қаржысына салынып жатқан кешен іске қосылады. Ал «Промэкология» ЖШС құрылыс жұмыстарын 2023 жылы аяқтауды көздеп отыр. Жаңа кешендер нысаны пайдалануға берілгеннен ке­йін ескі қатты тұрмыстық қал­дық­тар полигонын қалпына кел­тіру жұ­мыстары басталады. Бұл жұмыстар толықтай іске асырылғаннан кейін 2025 жылға қарай ауаға таралатын жағымсыз иістер, сондай-ақ жер­асты суларының зиянды заттармен ластануы азаяды, – деді Н.Жантоқов.

Ал Жылыой аудандық әкімді­гінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тұрғын үйлерден шыға­рылған қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу жоспарланып отыр. Бұл ауданда мекемелердің қатты тұр­мыс­тық қалдықтарын сұрыптап, қайта өңдеумен айналысатын бір мекеме бар. 2019 құрылған «Экоқала ХХІ» ЖШС қайталама шикізат алу мақсатында жылына 30 мың тонна қатты тұрмыстық, 6 мың тонна азық-түлік, ауылшаруашылығы, 2 мың тонна құрылыс қалдықтарын жинап, оның 96%-ын қайта өң­дей­ді. Енді тұрғын үйлерден шыға­рылатын қоқыс қалдықтарын қайта өңдеуді қолға алып отыр. Қазір тұрғын үй иелерімен келісім­шартқа отыру жүріп жатыр.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық өкілдігінің жетекшісі Ерлан Нұрлановтың айтуынша, аталған серіктестіктің 30 арнайы техникасы бар. Мұнда 100 адам жұмыс істейді.

– Серіктестікте автоматты жүк таразылары, қалдықтарды сұ­рыптау цехы, арнайы сұрыптау желісі, қайталама шикізат қоймасы, қалдықтарды кәдеге жарату картасы бар. Резервтік сақтау орны, құрылыс қалдықтарын сұрыптау, кәдеге жарату алаңы, арнайы көлік­тер мен контейнерлерді жуу, санитарлық тосқауыл орындары қа­растырылған. Бұрын кешен қуаты жылына 30 мың тоннаға есептелген болса, енді бұл екі есеге артатыны жоспарланып отыр, – дейді Е.Нұрланов.

Өткен сенбіде мұнайлы өңірде «Жер-Ана» атауымен сенбілік ұйымдастырылды. «Табиғатта қо­қысқа жол жоқ» деп аталған жал­пы ұлттық экологиялық акция­сы аясында өткен сенбілікке мың­нан аса адам қатысты. Оның ішін­де экология департаментінің мамандары, аймақтың атқарушы органдардың, кәсіпорындардың өкілдері, экобелсенділер мен студенттер бар. Қоқыстарды шығаруға 23 техника тартылды.

– Жыл сайын тұрғындар тарапынан бұл акцияға қатысу белсенділігі артып отыр. Бұл – өте керек іс-шара. Биыл Атырау облысында экологиялық сенбілік кезінде бес аумақ қамтылды. Сенбіліктен аудандар да шет қалған жоқ. Мақсат – қысқы маусымның алдында жаға­лауларды, саябақтар мен скверлерді қоқыстан тазарту. Іс-шара жұрт назарын қоршаған ортаның ластану мәселесіне, табиғатты сақтау мен экологиялық мәдениетті қалып­тастырудың маңызына аударуға бағытталды, – дейді басқарма басшысы Н.Жантоқов.

Оның дерегіне қарағанда, сен­білікке қатысушылар 1 591 тал кө­­шетін еккен. Бір күнде облыс аума­ғынан 45 тонна қоқыс жинал­ды. Қоқыстың арасында қайта өңдеу­ге болатын қалдықтың кейбір түрі бар. Сол себептен сұрыпталған қо­қыс­тар арнайы кәсіпорынға қайта өңдеуге жіберілді. Бұл акция қазан айының соңына дейін жалғасады.

 

Атырау облысы