Суретте: Айт Қорғанбаев, шәкірті Саят Шәмшиев, ұлы Дәулет
Жауынгерлік рух дарыған өлке
Қарабұлақ – Қытай елімен шекаралас қиырда жатқан елді мекен. Бағзы заманда бұл өлкені еліміздің даңқты қолбасшысы Қаракерей Қабанбай жайлап, жаудың көлеңкесі де түспеген деседі. Содан болса керек, жауынгерлік рух кейінгі ұрпақтың бойына да дарып, қанмен берілген қасиет саламатты өмір салтынан көрініс тауып отыр.
Әлбетте, әрбір жетістік белгілі бір тұлғалардың есімімен байланысты. Бұл орайда аталған ауылда жас ұрпақты жаман әдетке жолатпай, күрестің әліппесіне баулуда Айт Қорғанбаевтың орны бөлек. Білікті маманның әке-шешесі 1963 жылы Қытай Халық Республикасынан Қазақстанға өтіп, қолдарында Кеңес Одағының төлқұжаты болғандықтан Қорғас бекетінен оларды бірнеше отбасымен бірге Қызылорда облысының Бозкөл кеңшарына жібереді. Ол жерде 5-6 ай тұрғаннан кейін әкесі туған жері Мақаншы ауылына көшуді ұйғарады. Сол жылы ол Сәкен Сейфуллин атындағы мектепке барды.
«Еңбекке 7-8 сыныптан бастап ерте араластым. Әкем Мақабай Мақаншыға келіп орналасқаннан кейін жыл өткен соң өмірден озды. Жазғы демалыста ауылдағы балалармен Мичурин атындағы жеміс-жидек өсіретін кеңшарда жұмыс істеп, уақытты көңілді әрі пайдалы өткізетінбіз», деп еске алды сол кезді күрес майталманы.
Айт Қорғанбаев спортқа 8-сыныптан бастап ден қоя бастапты. Сол кезде Мақаншы мен Үржар өңірінде Рысбек Берікболовтың даңқы асқақтап тұрған. Еркін күрестен Қазақстан мен одақ көлеміндегі жарыстарда тұғырдан түспей жүрген балуанды жастардың көбі үлгі тұтып, чемпион болуға тырысатын. Осы маманның қолдауымен Айт ағамыз да алғаш рет күрес мектебінің табалдырығын аттап, балуандық өнердің қыр-сырына қаныға бастаса керек.
«Мінезі ақкөңіл ағамыз түрлі әдіс-айланы балаларға оңай түсіндіріп, жаттығуларды бірге орындайтын. Жаттығатын спорт залымыз тастан соғылған бұрынғы электр стансасының орны еді. Тас еденге сабан мен қамысты жайып, оның үстіне матрас төсеп, бетін матамен жабатынбыз. Балалар қолдан жасалған кілемді кезекпен жуып, таза ұстап жүрдік. Сол кезде осы залда Тұрлан Сафинов, Орынжан Нұғыманов, Рифхат Керейев, Болат Әлдебаев, Тайыр Закиров сынды азаматтар дайындалып, облыстық додаларда қарсылас шыдатпай Мақаншы күрес мектебінің даңқын асқақтатып жүрді. Біз соларға қарап еліктеп өстік», деді ол.
Балуаннан – бапкерлікке
Жеке спорттық мансабында алғашқы жарысы Үржар ауылында өтіп, Р.Берікболовтың демеуімен сол сайыста 1-ші орын алғаннан кейін бапкердің «әлеуетің зор, сенен мықты спортшы шығады», деген сөзі қанат бітіріп, қарқынды еселеуге жігер берген-ді.
«Аудандық құрама сапында Семейде оқушылар арасындағы облыстық спартакиадада жеңіске жеттім. 1970 жылы мектепті тәмамдап, Алматыдағы дене шынықтыру институтына оқуға тапсыру үшін бағымды сынап көрдім. Өкінішке қарай, оқу орнына қабылданбай, сол жылы Мақаншыдағы С.Сейфуллин атындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып, еңбек жолымды бастадым. Алайда көп ұзамай әскер қатарына шақырылып, Қиыр шығыстағы Тынық мұхиты флотына қарасты сүңгуір кемелер дивизиясының құрамында Отан алдындағы борышымды өтедім. Күннің көзін 2-3 айдай көрмеген кезіміз болды», деп еске алады жастық шағын Айт Қорғанбаев.
Қарулы күштер сапынан ауылға оралған бойда ол Мақаншы мектеп-интернатында дене тәрбиесі пәні мұғалімімен қатар аудандық спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы ретінде жұмысқа кіріскен. Осы жылдары мектепті басқарған Сапарбек Оңғарбаевтың ұстаз ретінде қалыптасуына көп көмегі тиеді. Бұл кезеңде аудандық спорт мектебінде бірге еңбек еткен Рифхат Керейев, Тасболат Жаманов, Асхат Теміржанов және Төлеубек Шәкенов Мақаншы өңірінде күрес өнерін дамытуға көп үлес қосты. Олар республикалық әрі халықаралық деңгейде еліміздің абыройын лайықты қорғаған спортшыларды тәрбиелеп, дайындауға күш-қайраттарын жұмсады. Рысбек Берікболов негізін қалаған күрес мектебін қалыптастырды.
«Сол жылдары өзім де еркін күрес, самбо және қазақ күресінен облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, жүлдегер атандым. Рысбек ағаның «сенен үлкен спортшы шығады» деген арманын орындай алмадым. Ол өмірден ерте кетті. Әскерде үш жылдай болып, спорттан қол үзіп қалдым», деді А.Қорғанбаев.
Қарымды балуандарды тәрбиеледі
Әйтсе де спорт мектебінде бапкерлікті қолға алған бойда Айт Мақабайұлы республикалық деңгейде біраз белесті бағындырған шәкірттерді даярлады. Олар – Ақан Анкежанов, Ардақ Қорғанбаев, Жұман Бакиев, Ерлан Сыдықов және Нұрлан Әбсейітов. Барлығы бірдей әлемде топ жармаса да спорт арқылы ерінбей еңбек етудің жолдарын тауып, түрлі салада табысты қызмет етіп жүр. Ең бастысы, жаман әдетке жолаған жоқ дейді боз кілем шебері. Мұндайда спорт пен еңбек егіз ұғым деп бекер айтылмаса керек.
Егемендіктің елең-алаң шағында А.Қорғанбаев Қарабұлақ ауылына көшіп, ауыл жастарымен жұмыс істеп, күрес мектебінің ашылуына күш салғанын айта кеткен орынды. Бұл кезде аудандық спорт мектептері жабылудың аз-ақ алдында тұрған. Соған қарамастан ауыл азаматтарымен ақылдасып, ата-аналар комитеті арқылы Қарабұлақта қаңырап бос тұрған ғимаратты спорт залға айналдырды. Ата-аналардың қаражаты есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Дәулеттің мәрттігі
Сол уақытта Парламент Мәжілісінің депутаты болған даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов грек-рим күресінен ұлттық құрама команданың оқу-жаттығу жиынын Алакөлде өткізіп, әйгілі спортшылармен кездесуді Қарабұлақта ұйымдастыруға мұрындық болды. Олардың қатарында Юрий Мельниченко, Бақтияр Байсейітов сынды Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарының жеңімпаздары болды. Дәл осы жылы Дәулет Болатұлы ауылдағы күрес мектебіне жаңа бозкілемді сыйға тартты. Бұл да өз кезегінде ауылдағы бұқаралық спорттың дамуына септігін тигізді.
«90-шы жылдары елімізде қиын кезең болғаны белгілі. Балаларды жарысқа апаруға қаражат табу қиынға соғатын. Ауыл тұрғындары 100-200 теңгеден ақша жинап, балаларды жарысқа жіберетін. Қарабұлақтан 10 шақырым жердегі Жарбұлақ ауылында өтетін сайыстардан кейде көмірге баратын трактордың тіркемесіне отырып, кейде жаяу қайтқан кездеріміз болған. Осындай еңбек арқылы ауылдағы «Дәулет» күрес мектебінің оқушылары аудандық, облыстық және республикалық додаларда оқ бойы озып жүрді.
«Кенже ұлыма Дәулет Тұрлыхановтай мықты балуан болсын деген ниетпен Дәулет есімін бердік. Қазір ол дзюдо және қазақ күресінен бірнеше республикалық жарыста жүлдегер атанып, халықаралық сайыстарда бағын сынап жүр. Дзюдо, қазақ және самбо күресінен спорт шебері. Сол секілді ағайынды Дулат және Саят Шәмшиев, Нұрлан Дәлдірбаев, Ержан Құлсейітов, Жақсылық пен Жандос Тұрсынғалиев, Елдос Тұрабаев, Шалқар Тұрсынқанов, Ринат Баянбаев, Құрманғазы Диқанбаев, Еркебұлан Алпысбаев және Әділет Рамбаев сынды шәкірттерім жақсы нәтижелер көрсете білді. Қазір бұл азаматтар спортта, кәсіпкерлікте және тағы да басқа салаларда табысты еңбек етіп, жастарға саламатты өмір салтын насихаттап келеді.
Ал Саят Шәмшиев есімді оқушымның қазақ күресінен әлем чемпионы атануы үкілі үмітті ақтағанның айқын дәлелі деп білемін. Ол жастайынан алғыр, намысшыл болып өсті. Алматыдағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спорт-интернатына түсіп, тәжірибелі аға жаттықтырушылардың қолдауымен әлемдік аренада айтарлықтай жетістіктерге жетті. «Қазақстан барысы» республикалық турнирлерінде де жақсы қырынан танылды», деді А.Қорғанбаев.
«Дәулет» күрес мектебі қазір де жұмыс істеп тұр. Алдыңғы аға буынның ізгі жолын жалғап, жас ұрпақты саламатты өмір салтына бүгінде жас жаттықтырушы Жандос Тұрсынғалиев баптап келеді. Аудан орталықтары мен облыс орталықтарындағы сықылды зәулім спорт кешені болмаса да қарабұлақтық өрендердің жетістігі жеткілікті.
Қызығы сол, жекпе-жек түрлерінен бөлек Қарабұлақ ауылының жастары спорттың барлық түрінен аудандық спартакиадаларда тұғырдың биігінен көрініп-ақ жүр. Оның ішінде ұлттық ат спорты түрлерін, қазақ күресін, волейбол, футбол сынды командалық ойындарды да айтуға болады. Соған қарамастан ауылда заманауи спорттық инфрақұрылым атымен жоқ. Талай толағай азаматтың қалыптасуына үлес қосқан спорт ардагерінің осы бір олқылықтың орны толса екен тілегі бар. Тағы бір айта кетерлігі, республикалық және халықаралық деңгейдегі саңлақтарды дайындап шыққанына қарамастан Айт Қорғанбаевқа осы күнге дейін Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілмепті. Бұл да өңірдегі спорт саласы мамандарына сын. Сонымен қатар кәнігі маман ауылдағы жаттықтырушылардың жалақысын көтеру қажет деп санайды. Өйткені мардымсыз жалақыға жас мамандарды ұстап тұру қиынға соғады.
Абай облысы,
Үржар ауданы