QazNetEtiquette деп аталатын әдеп кодексі – халықаралық және қазақстандық құқық қағидаттарына негізделген және аудиторияға түсінікті ақпараттық кеңістіктегі мінез-құлық ережелерінің жиынтығы. Оны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығының сарапшылары құрастырған. Бұл іске отандық және шетелдік сарапшылар тартылыпты. Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігі қаржылай қолдау көрсеткенін атап өткен жөн.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыровтың айтуынша, әлеуметтік желі арқылы ұлтаралық алауыздықты тудырып, жалған ақпарат тарату әлемдік ақпарат кеңістігін әлекке салып тұр. «Мұндай жобаны әзірлейтін уақыт келген сияқты. Цифрландыру үдерісі алға жылжыған сайын «өшпенділік тілі» де өршіп барады. Министрлік өз тарапынан мұндай бастамаларды қолдап, қоғамдағы бейбіт қатынасты қалыптастыруды жалғастыра береді», деді ол.
Этносаралық қатынастар комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин бүгінде кейбір қоғам қайраткерлері де жалған ақпараттарды тарататынына тоқталды. Сондықтан қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік органдар осы құжатты пайдалана отырып, қоғамдағы өшпенділікті азайту керектігін айтты.
– Әдістемелік нұсқаулықта «этностық топтарға қарата айтылған жағымсыз, жалпылама пікірлерді өшпенділік тіліне жатқызамыз» делінген. Этносаралық қатынастар саласында кей кезде біздің азаматтарымыз әлеуметтік желілерде этностарға, ұлттарға қатысты жағымсыз ақпараттар таратып, пікірлер қалдырады. Біреулерді айыптайды, жалған ақпараттарды өзінше түсініп, «өшпенділік тілі» пайда болады, – деді Ғ.Шойкин.
Әлеуметтанушы, «PaperLab» зерттеу орталығының директоры, Қазақстандағы әлеуметтік желілердегі өшпенділік тілін зерттеу авторларының бірі Серік Бейсембаев мониторинг жұмыстары жүйелі жүргізілгенін жеткізді.
– Біз көп жағдайда әртүрлі әлеуметтік коллизиямен бетпе-бет келеміз. Адамзат қарым-қатынасы тұрғысынан қарағанда, коллизия – қарама-қайшы күштердің, көзқарастардың, мүдделердің қақтығысы. Қақтығысқа қатысушылар мен сырттан бақылағандар бірден этностық астарына мән беруі мүмкін. Осыдан келіп «этностық», «жартылай этностық» немесе «бір бөлігі этностық дау» деген пайымдар айтылады. Қарапайым мысал келтірейік. Көрші елдерден келген еңбек мигранттары әртүрлі қиындыққа тап болады. Олардың тұратын жері, тұрғын үйді жалға беру нарығындағы қарым-қатынастар «этносаралық» ретінде талқыланады немесе көп адам өзге елдерде болып жатқан оқиғаларға қатысты (мысалы, Украинадағы жағдай) ұлтына қарап баға береді. Осылайша, әңгіменің желісін этностық арнаға бұру кез келген этностық қауымдастық туралы, тіпті шыққан тегі бөлек әртүрлі қауымдастықтан тұратын топтар туралы (мысалы, кавказдықтар) негізсіз немесе толықтай негізі жоқ пікір қалыптастырады. Жағымды болсын, жағымсыз болсын, кез келген этностық стереотип халық санасына сіңіп, қалыпты түсініктердің бір бөлігіне айналып кеткен. Алайда кез келген негізсіз, жалпылама айтылған сөз іс жүзінде жалған қорытынды жасауға алып келеді. Пікір нысаны болып отырған адамдардың намысына тиеді. Мұның барлығы жинала келе жанжал тудырады, – дейді Серік Бейсембаев.
«MediaNet» Халықаралық журналистика орталығының сарапшысы, жоба редакторы Игорь Братцев «өшпенділік тілі» әртүрлі болуы мүмкін екенін еске салды. «Мәтінде қандай да бір топқа деген өшпенділік анық көрініп тұруы да, кейде әзіл-қалжың түрінде кездесуі де мүмкін. Автор кімге арнаса да ол адамның намысына тиіп, қорлайтынын естен шығармаған жөн», дейді ол.
Конрад Аденауэр атындағы қордың Қазақстандағы өкілдігінің директоры Йоханнес Рай демократия мен сөз бостандығын шектеу туралы өз ойын ортаға салды. Жоба редакторы, «Factcheck.kz» жобасының бас редакторы Думан Смақов нұсқаулықты ілгерілету тұжырымдамасын тәптіштеп айтып берді. Кодекс әлеуметтік желілердегі этносаралық қарым-қатынастар мәдениетін жақсартуға және интернет-коммуникацияның өзін-өзі реттеу ережелерін насихаттауға бағытталатынын еске салды.