Павлодар қаласының Солтүстік өнеркәсіп аймағындағы «Жер қабатындағы қабырға» жобасы осыдан 18 жыл бұрын (бұрынғы химиялық зауыттың айналасында) іске асып, алғашқы кедергілер салынған. Сынап қалдықтары жиналған арнайы орындардағы улы зат Ертіс өзені мен Павлодарское ауылына жетпеуі үшін оның сыртынан енді шеңбер түрінде 700 млн теңгеге қорғаныс құрылысы жүргізілуде. Жерасты су көздеріне сынап түссе, оның жақын маңдағы ауылдарға деген экологиялық ауыртпалығы аса ауыр болуы мүмкін. Әлгі жер астындағы қабырғаның тереңдігі кемі он метр. Сынапты тұмшалап қоюға арналған қабат түзу үшін әуелі ұзын орлар қазылады. Одан соң қазылған шұңқырларға сазды балшық пен тиксотропты сұйықтық төгіледі. Нәтижесінде, жер астында химиялық улы зат өтпейтін қорғаныс пайда болады.
Қазан айының басында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына келіп, өңір жұртшылығымен кездескенде жергілікті жердегі экологиялық мәселелерге айрықша назар аударған. Мемлекет басшысы өнеркәсіптің дамуы экологияға салмақ түсіретінін айтып, елдегі шығарындылардың үштен бірі – жыл сайын 700 мың тоннаға жуық өндірістік қалдық Павлодар облысына тиесілі екенін атап өткен-ді.
«Күнделікті жұмысы тұтас елдің индустриалды өсуінің негізі болатын аймақ тұрғындары туған өлкесінің қоршаған ортасының жай-күйіне қатты алаңдайды. Экологиялық жағдай – азаматтардың өмір сүру сапасының маңызды көрсеткіші. Сондықтан өндірістік әлеуетті күшейту мен экологияны қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды. Тағы бір жауыр болған мәселе – Былқылдақ су жинақтаушы көлі, оның түбінде орасан зор өнеркәсіптік сынап жиналған. Қазір көл аумағының ластануын таратпау бойынша шаралар кешені қолға алынды. Тағы да сынаптың жерасты суларына түсу ықтималдылығын бағалау керек және сарапшылармен бірлесіп, бұл мәселені шешудің тиімді жолдарын анықтау қажет деп санаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Химпром» деп аталған павлодарлық зауыт 1975-1993 жылдар аралығында жұмыс істеген. Сынапты пайдалана отырып каустикалық сода мен хлор шығарған қауіпті өндірісте 82 электролизер болған. 28 жыл ішінде кәсіпорыннан топырақ қабатына шамамен 1 350 тонна сынап түскен деп шамаланады. Бірақ бұл нақты сан емес. Зиянды зауыт жабылған соң онда құрамында сынап бар қалдықтар мен топырақ полигондары, электролиздер мен өндіріс суын жинайтын су айдындары анықталды. Сол уақытта мемлекет билігінің алдында халық денсаулығын қорғау және өңірдегі экологиялық ахуалды тұрақтандыру мәселелері тұрды. Қоғам тарапынан бұған байланысты наразылық та күшейіп, жылдар бойы жиі талқыланған тақырыпқа айналды. Ал Былқылдақ көлі сол зиянды қалдықтардың ордасына айналған.
Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының маманы Аңсар Әлешовтің айтуынша, әлгі жерден сынапты бөліп алып шығатындай тиімді әдіс жоқ, тек зиянды заттарды ұстап тұру стратегиясы ғана қолданылады.
– Былқылдақ маңайындағы экологиялық оңалту шаралары тоқсаныншы жылдары басталған. Қалдықтардың біраз бөлігі арнайы қоқыс алаңдарында тарамайтындай көміліп тасталды. Осыдан 18 жыл бұрын салынған жер астындағы қабырға өзінің сенімділігін байқатты. Енді оның сыртынан айналдыра басқа қабат түзілуде. Бұл қорғаныс жақын маңдағы елді мекендерге, Ертіс өзені арқылы басқа су көздеріне түспеуі үшін жасалуда. Ертіс өзені трансшекаралық су айдыны болғандықтан бұл мәселеге Ресей Федерациясы да айрықша алаңдап отырғанын айту керек. Олармен бірлескен зерттеу жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Әзірше өзен суынан сынап анықталған жоқ. Ал мына жобамыз екі жылда жүзеге асады, – дейді ол.
Жобаны жүзеге асырушы мердігер компанияның басшысы Дәулет Сардаров «қорғаныс шымылдығы» өзінің беріктігін кемі 240 жыл сақтап тұра алады дейді сеніммен. Физикалық әсер ететін факторлар, мысал үшін жер сілкінісі секілді табиғи құбылыстар бұл өңірде жоқ. Сондықтан бірнеше ғасырға шыдас беретіні анық.
Мамандар Былқылдақ су жинақтаушы көлінің маңайындағы жағдайды үнемі бақылап отырады. 2005 жылдан бері мұнда жерасты су көздерінен, топырақ қабатынан, ауадан, өзен суынан сынамалар алынып, құрамы тексеріледі. Тіпті бұл аумақта жұмыс істейтін кәсіпорын қызметкерлерінің, көлді мекендейтін балықтар мен құстардың ағзасы тексеріліп, сынап мөлшерінің нормалары тіркеледі.
Кешенді жұмыстардың жалғасы ретінде қазіргі күні мәліметтер мен нәтижелер тіркелетін электронды база, яғни GIS – картаны құру жобасын айтып өтуге болады. 2016 жылы әзірленген сынаптан арылудың арнайы Тұжырымдамасына отандық және шетелдік сарапшылар қатысқан. Құжат уақыт сайын толықтырылып отырады.
Сынапты толығымен жою үшін не қажет? Оқымыстылар оған түрлі нұсқаларды ұсынады. Мәселен, келер жылы екі ластанған ошаққа (қалдықтар полигоны мен зауыттың бұрынғы электролизері) арналған техника-экономикалық негіздеме әзірленеді деп жоспарланып отыр. Аумақты сынап қалдығынан толықтай оңалту өте көп көлемде қаржылай шығындарды талап ететіні шын. Сондықтан зиянды қалдық көздерін оқшаулау арқылы қаржыны үнемдеу ұсынылып отыр.
ПАВЛОДАР