Аймақтар • 21 Қазан, 2022

Алаш шаһарының архитектуралық келбеті

391 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Семейдің бірегей мұрасы мен сәулеттік келбетін сақтау өте маңызды. Облыстың туристік әлеуетін нығайтудың негізгі шарттарының бірі – инфрақұрылымды дамыту». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысының халқымен кездесуде айтқан осы бір сөздері өңірде мәдени-танымдық туризмді дамытудың әлеуеті зор екенін байқатқандай.

Алаш шаһарының архитектуралық келбеті

Қаладағы көне мешіт

Рас, ұлы Абай, Шәкәрім жә­не Мұхтардай алыптар дү­­­ниеге келген, сондай-ақ Әли­­хан Бөкейханұлы, Ахмет Бай­тұрсынұлы және Міржақып Дулат­ұлындай Алаш ардақ­ты­ларының табаны тиген қасиет­ті өлкеде тарихи орын же­терлік. Бір ғана Семейді алып қара­­сақ, мұнда өткеннен сыр шерте­тін құнды жәдігерді көптеп кез­­дестіруге болады. Әсіресе та­рихи-сәулет ескерткіштерінің орны бөлек. Оның ішінде діни ғибадатқа арналған нысандарға жеке тоқталып өткен жөн.

Еліміздің рухани-мәдени ор­дасына баланған шаһарда бір­неше тарихи мешіт бар. Кейбір деректерде Семейде 17 мешіт бол­ған деседі. Қазір солардың төр­теуі ғана қалып отыр. Оның ішінде ең көнесі қаланың сол жағалауында орналасқан Ты­ныбай мешіті саналады. Алла­ның жердегі үйін шамамен 1836 жылы Тыныбай Кәукенұлы сал­дырған. Ол – ХІХ ғасырдың бі­рінші жартысында Қазақстан­да тауар-ақша қатынасы қарқын­ды дамып, қанат жая баста­ған ­кезде Семей өңірінде сауда­мен ­айналысып, 2-ші гильдиялы кө­пес атанған алғашқы қазақ саудагері.

«Тыныбай Кәукенұлы өз заманында дәулетті, зиялы адам­­дардың бірі еді. Құнанбай қажымен құдандалы болған. Бір деректерде бұл мешіттің 1825 жылы тұрғандығы келтіріледі. Алайда нақты құжатының рә­сімделіп, көрсетілген мерзімі 1836 жыл саналады. Осы ме­шіттен Құнанбай бабамыз­­дың қажылыққа аттанғаны туралы мәліметтер бар. Сондай-ақ Шәкәрім Құдайбердіұлы да осы жерден қажылық сапарына шыққан дейді. Әйгілі ғалым, зерттеуші Шоқан Уәлиханов та Қашқарияға аттанбас бұрын мұн­да құлшылығын өтеген де­седі. Алаш арыстарының да табан тіреген қасиетті орын­дардың бірі осы жер.

Ұлы Абайдан бастап мұқым Алаш ардақтыларына дейін қарайтын болсақ, олардың алғаш білім алған жері мешіт, медреселер екені тарихтан бел­гілі. Сондықтан бұл тек ғи­ба­дат орны ғана емес, сондай-ақ үлкен рухани орталық болған. Мұнда намаз оқумен қатар дә­ріс берілетін. Былайша айтқан­да, қазіргі білім ордаларының міндетін атқарған.

Жалпы, бұл мешіт ашыл­ған сәтінен бастап есігі жа­был­маған. Сол кездері қала­да екі мешіт қана жұмыс істе­генін ескерсек, оның бірі оң жағалаудағы Ағаш мешіті бол­са, екіншісі осы Тыныбай ме­шіті. Соғыс жылдары бұл жер әскерилердің киімін тіге­тін цех ретінде пайдаланылған. Десе де бейбіт заман орнаған­да қылышынан қан тамған Ке­ңес өкіметінің тұсынан бастап осы күнге дейін мешіт жұмыс істеп келеді. Сыйымдылығы 150 адамға шақталған», деді Тыныбай қажы мешітінің бас имамы Мақсат Алтыбай.

Бір мұнаралы мешіттің бас­тап­қыдағы нұсқасы бөрене ағаш­­­тардан салыныпты. Алай­да уақытқа шыдас бермеген құл­шылық орынды 90-шы жыл­дардың аяғы­на таман күрделі жөндеуден өткізуге тура келді.

м

Озық сәулет туындысы

Семейдің орталық бөлі­гін­де орналасқан Әнет баба атын­дағы екі мұнаралы мешіт облыс орталығының көркін кел­тіріп тұрған үздік сәулет туын­дыларының бірі. Оның ерек­шелігі сол, мұнда XIX ға­сырға тән батыс еуропалық мә­­де­ниет пен шығыс өркение­тінің архитектуралық үйле­сімі байқалады. Тарихи мәлімет­­тер­ге сүйенсек, бұл мешіттің ­құ­ры­лысы шамамен 1852-1858 жылдары сол кезеңнің сауда­герлері Әбдешов, Рафиқов, Ха­литов және Сүлейменов сын­­ды аза­маттардың демеу­ші­лігімен қолға алынып, 1862 жылы аяқталған деп айтыла­ды. Құрылыстың жобасын сәу­летші А.Болбатов пен инженер А.Манашев дайын­даған. Мұнда тік бұрышты жақ­таулары қима тастармен доға­ланып бітетін 14 терезе, сол секілді сыртқы бүйір қабыр­ға­ларында жер астындағы қа­батқа апаратын бас­пал­дақ қа­ра­стырылған. Бөл­ме­лерінің төбесі күмбезде­ліп, кіреберіс жа­ғындағы ша­тырына екі мұнара орнаты­лып, бұл композиция­лық ше­шімнің ұтымдылығын көр­се­теді. Мешіттің қабырғала­ры ірге­тасынан бұғатына дейін өр­нек­ті кірпіштермен қаланған. Кеңес өкіметі тұсында аталған мешіт жұмыс істемеген.

1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығына орай құлшылық орны қайтадан халық игілігіне берілді. Ал 90-шы жылдар­дың аяғында мешітке Әнет баба Кішікұлы аты берілді. Жергілікті іскер азаматтардың қолдауымен бұл сәулет туындысы бірнеше рет жөндеуден өткізілді.

п

Бір мұнаралы Ағаш мешіті

Жоғарыда айтылғандай, ­Ке­ңес дәуірінде Семейде есігі құ­­лыпталмаған екі мешіт бол­ған. Соның бірі – оң жаға­лау­да­ғы бір мұнаралы Ағаш ме­шіті. Та­рихы 155 жылды қам­ти­тын мұ­сылмандардың бұл ғиба­дат орны да өзіндік архи­тек­ту­ра­­лық келбетімен ерекше. 1867 жылы салынған мешіттің компо­зи­­ция­лық шешімінен ыс­тан­бұл­дық сәулет иірімдері аңға­рылады.

«Кеңес Одағы тұсында бұл мешіттің қасбетінде «№1 мешіт» деген жазу ілулі тұр­ған. Демек сол заманның өзін­де жұмыс істеген. Себебі осы құл­шылық үйі әкімшілік орта­лықтары мен күре жолдардан қашықта орналасқандықтан жабылмаған шығар деп ойлаймыз. Яғни сол кездегі ше­неуніктердің көздеріне түспе­ген болуы мүмкін. Неге десеңіз, Шығыс кентіне апаратын Абай көшесінде Ертістің жағалауын­да тағы бір мешіт болған деп айтылады. Өкінішке қарай, қазір оның ізі де қалмаған. Бұрынғы «Рахат» сауда орта­лы­ғының маңында да мешіт тұрған. Оны да қиратып, кейіннен орнына тұтынушылар одағының ғимараты салынған еді. Аталған ғимараттың есіктеріне зер сал­саңыз, дәл құбылаға қарап тұр­ғаны байқалады. Панфилов кө­шесінің бойында да Алланың жердегі үйі болғандығы туралы деректер бар. Уақыт өте келе оның орнында жатақхана пайда болып, кейіннен жекеменшік зәулім үй салынды.

Байқасаңыздар, осы тари­хи мешіттің барлығы бір-біріне жа­қын орналасқан. Оның себебі діни мерекелер кезінде халық­тың сыйымдылығын қамтама­сыз ету үшін ойластырылған амал болатын.

1943 жылы Орталық Азия және Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы құрылғаннан бері Ағаш мешіті егемендік ал­ғанға дейін қызметін үзген емес.

Тағы бір ерекшелігі, мұнда тарихи кітаптар сақтаулы. Оның арасында жағрафия, матема­тика сынды оқу құралдары мен Құран кітаптары да бар. Қазір бұл құнды жәдігерлер көз­дің қарашығындай сақталып отыр. Екі жыл көлемінде бас ша­һардағы Назарбаев Уни­вер­ситетпен тығыз байланыс­та­мыз. Олар Британиядағы ғы­лыми мұ­ражайлармен келі­сім­шартқа отырып, осындай құнды әдеби еңбектерді ақпа­раттық базаға енгізіп, сақтап отырады екен.

Мешіттің сыртқы келбетіне келсек, аса күрделі өзгерістер жоқ. Осыдан екі жыл бұрын құзырлы орган өкілдері бұл мешітті тарихи-мәдени тізім­ге қосайық деген ниетпен ха­бар­ласқан болатын. Алайда пан­демия басталып, жұ­мыс сол күйі қалды. Мемле­кет осы діни нысанды тарихи-сәулет ескерткіші ретінде өз қарама­ғына алса деп ойлаймын. Өйт­кені алдағы уақытта турис­тер ке­летін болса, мұны көнеден қал­ған архитектуралық жәді­гер ретінде мақтанышпен көрсе­ту­­ге тұрарлық. Сондықтан оны тек белгілі бір тізімге ғана кіргізіп, назарсыз қалдыруға бол­май­ды деп есептейміз. Мә­селен, Түркияның азаматтары келіп, осындағы XIX ға­сыр­дың жылыту пешіне қарап, қызығушы­лық танытқан болатын. Оларда мұндай пештер жоқ. Сол себепті осы мешіт рухани-мәдени нысан ретінде ерекше бақылауға алынса, артық болмайды», деді бір мұнаралы Ағаш мешітінің бас имамы Дәулет Мақажанов.

а

Ұлт ұстазы некесін қидырған

Кезінде шаһардың ескі бө­лі­гіндегі «Татар слободкасы» деп аталған тағы бір сәулет інжу-маржаны – бір мұнаралы Тас мешіт. Бұл нысан XIX ға­сыр­дың екінші жартысында татар саудагері Фатих Мусиннің де­меушілігімен салыныпты. Оны ыстанбұлдық сәулетші Ғабдул­ла әфенді жо­балаған. Мешіттің негізгі экстре­рьерін – басы ­конус тәріздес биік мұнара мен негізгі залдың үстінде орналасқан аласа мұнара құрайды. Басты зал­да қасиетті Меккеге қаратылып жасал­ған михраб бар. Мешіт астында­ғы жертөледе ертеректе діни кітапхана болған деседі.

Әйгілі қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов Қашқарияға кетіп бара жатқанда осы мұнаралы мешіттің суретін қарындаш­пен салған деген мәлімет те бар.

«Бұл мешітте Алаш ардақ­тысы Ахмет Байтұрсынұлы не­кесін қидырған. Хакім Абай мен Шәкәрім де осында бастарын сәждеге тигізген деп айтылады. 2007 жылы мешіт тарихи, мәдени ескерткіштер қатарына енгізілді. Осында үнемі келіп тұратын мұсылман қауымның, жергілікті азаматтардың қол­да­уымен мешітке жөндеу жұмыс­тары жүргізіліп тұрады. Себебі өткен тарих бұл тек мемлекетке ғана қажет емес. Әлбетте, іскер жандардың тарапынан мешітті заман талабына сай өзгертіп, жаңартып беруге ұсы­ныс түсіп жатады. Бірақ бұл бабаларымыздан қалған құн­ды аманат болғандықтан оны қаз қалпында сақтап, кейбір жер­лерін жаңғыртуға тырысып ке­леміз», деді бір мұнаралы Тас ме­шітінің бас имамы Нұрбек Сәлімов.

Түйіндей келсек, бір кез­дері Алашорданың астанасы са­налған Семейде туристердің көзін тартарлық орындар жер аз емес. Тек сол қираудың аз-ақ алдында тұрған көне ғимараттарға көңіл бөлініп, ерекше қорғауға алынса артық болмас еді.

 

Абай облысы