Қазақстан • 27 Қазан, 2022

Елімізде тозығы жеткен инженерлік жүйелер 45%-ға азаяды

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Парламент Сенатының «Өңір» депутаттық тобының отырысы өтті. Кездесу барысында еліміздегі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның қазіргі жай-күйі талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде тозығы жеткен инженерлік жүйелер 45%-ға азаяды

Басқосуға орталық атқарушы орган өкілдері, «Qazaq Gaz» АҚ, «KazTransOil» АҚ және «KEGOC» АҚ өкілдері қатысты. ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшиннің айтуынша, бүгінде министрлік еліміздің сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жүйелерін дамытудың үш негізгі бағыты бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының желілер мен қуаттардың тозуын қысқарту, сондай-ақ инновацияларды енгізу үшін пәрменді ынталандыруды әзірлеу туралы тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылып келеді.

Сонымен қатар спикер Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп жаңа тарифтік саясат шеңберінде желілердің тозу көрсеткішін 15 пайызға дейін төмендету бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сүйенсек, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 118,6 мың шақырымды құрайды. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде 2026 жылға қарай желілердің тозуын 45 пайызға дейін төмендету жоспарлануда. Бұл межеге қол жеткізу үшін министрлік республикалық бюджеттен қаражат бөлудің екі тетігін іске асыруда.

«Бірінші тетік несие алушы үшін қолайлы шарттармен бюджеттік кредиттеуді қарастырады (жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 0,01%; несиелеу мерзімі – 20 жылға дейін; негізгі борышты төлеу бойынша жеңілдікті кезең – 6 жыл; бюджеттік кредитті игеру кезеңі – 2 жыл).

Екінші тетік – жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды субсидиялау. Субсидия инвестициялық жобаларды қаржы институттарының (Еуропалық Қайта Құру және даму банкі, Азия Даму Банкі және т. б.) қоса қаржыландыру шарттарына сәйкес беріледі», делінген хабарламада.

Айта кетсек, аталған екі механизм арқылы 79 табиғи монополия субъектісі қаржыландырылады.