27 Мамыр, 2014

Елбасы – «Жібек жолы бейбітшілік сыйлығының» алғашқы иегері

487 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
01-газета Қазақстан Президенті сый-құрметтен кенде емес, әрине. Дегенмен, әлем әлеуметінің алдында бірнеше мәрте еңбегі еле­ніп, абыройы асқақтап жатса, қалайша айрықша атап өтпессің?! Ал әрбір тапсырылған сый-сияпат жаһан жұр­ты­ның Қазақ елі басшысын мойындағаны, ал басшысына деген ілтипат бүкіл елге деген қадір-құрмет болса керек-ті. Өткен бір аптаның ішінде Ел­басына әлемдік деңгейдегі еңбегін елеген екі бірдей халықаралық сый­лық тапсырылды. Оның бірі – Жаһандық диалог және ынтымақтастық орталығының сыйлығы болса, екіншісі – Қытайға мемлекеттік сапары барысында Аспанасты елі табыстаған «Жібек жолы бейбітшілік сыйлығы». Елбасына Жаһандық диалог және ынтымақтастық орталығының сыйлығы күні кеше ғана елімізде дүркіреп өткен әлемдік маңызы зор ірі халықаралық шара – Астана экономикалық форумы барысында тапсырылды. Бұл сыйлық Қазақстан басшысына 2013 жылғы «Әлеуметтік бизнес-диалогты нығайтуға қосқан үлесі» үшін берілді. Ал айрықша атап өткіміз келетін халықаралық мәні, саяси салмағы зор, маңызды марапат – «Жібек жолы бейбітшілік сыйлығы» Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытайға мемлекеттік сапары барысында берілді. Қытайдың бейбітшілікті жақтау­шы ұйымдары мен жекелеген тұлғалары бұл сыйлыққа Қазақстан Президентін Жібек жолы рухын биіктеткені, өзара сенімді, достықты, ынтымақтастықты нығайтқаны, әлем елдерімен бірге өсіп-өркендеуге, татулыққа және ортақ дамуға ықпал еткені үшін лайық деп тауыпты. «Сіздің бейбітшілік ісін қам­тамасыз етуге және оның өркен­деуіне қосқан үлесіңізге біз­дің алғысымыздың белгісі ре­тінде «Жібек жолы бейбітшілік сыйлығын» тапсырамыз. Сіз – бұл сыйлық беріліп отырған алғашқы адамсыз», – деді Қытай Төрағасы Мемлекет басшысын марапаттау салтанатында. Осылайша, бұл сыйлықтың алғашқы иегері Қа­зақстан басшысы болып отыр. Яғни, Жібек жолы рухын биіктеткені, өзара сенімді, дос­тықты, ынтымақтастықты ны­ғайт­қаны, әлем елдерімен бірге өсіп-өркендеуге, татулыққа және ор­тақ дамуға ықпал еткені үшін де­ген тұңғыш номинацияға олар Нұр­сұлтан Назарбаевты лайық көрді. Қазақстан Президентінің кө­ре­гендігіне тәнті ел бұл жолы да айрықша сый-сияпат, ерекше ілтипатын осылай көрсетті. Ал аузын айға білеген, халықаралық саяси сахнада «айдаһар ел» атан­ған алып Қытайдың құрметі Қа­зақ­стан үшін үлкен абырой-бедел деп білеміз. Айта кету керек, аталған сыйлықтың иегерін анықтайтындар Қытайдың белгілі қоғам қайраткерлері, саясаткерлері, сарапшылары мен ғалымдары болып табылады. Ал сарапшы топтың жетекшісі – Қытайдың бұрынғы сыртқы істер министрі, Жалпықытайлық Халық Өкілдері Жиналысының халықаралық комитет төрағасы Ли Чжаосин. Сондай-ақ, бұл ұйым қытайлық және басқа да шетелдік танымал ұйымдардың, мәселен, Қытай халық дипломатиясы ассоциациясы, Заманауи жаһандық мәселелерді зерттеу орталығы және Шетелдермен мәдениет алмасу ассоциациясы сынды құрылымдардың тең құрылтайшысы. Сыйлықты қабылдай отырып, Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара байланыстың негізі – экономикалық ынтымақтастық. Өздеріңіз білетіндей, былтыр қыркүйекте Астанада «Назар­баев Университетінде» Сіз аса маңызды тарихи дәріс оқып, «Жібек жолы эконо­ми­калық белдеуін» құруға баста­ма көтердіңіз. Қазақстан эконо­мика, сауда, көлік, инвести­ция, қаржы және мәдениет секілді сала­ларды қамтитын осынау ауқым­ды жобаны жүзеге асыру жол­дарын қарастыруға белсене қаты­суға дайын», – деді Қы­тай Ха­лық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге қарата айтқан сөзінде. Мемлекет басшысы осы мемлекеттік сапар аясында Қытайдың Синьхуа ақпарат агенттігінің интернет пай­даланушыларымен болған он­лайн-сұхбатында да өзіне беріл­ген «Жібек жолы бейбітшілік сый­лығына» тоқталып, бұл үшін алғысын жеткізді. «Қытай үкіметіне «Жібек жолы бейбітшілік сыйлығы» үшін алғыс білдіремін. Мен бұл сыйлықтың бірінші лауреаты атанып отыр­мын. Мұны екі ел арасындағы ынтымақтастықтың артуына жа­салған алғышарт деп білемін. Қазақстан мен Қытай арасында экономикалық мәселеде жасалған келісімдер – Жібек жолының бас­тауы ғана, бұл жолдың бойымен әлі талай адам, капитал, ресурс өте­ді және бізге бір-бірімізді жа­қын­нан тануға, өмірімізді жақсарта түсуге мүмкіндік береді», – деді Қазақстан басшысы. Иә, Жібек жолы – бүгінде Қа­зақстан дамуының Азиядағы дара даңғылы, экономикалық-әлеуметтік тұрғыда ілгерілеудің сара жолы. Сол себепті де, Елбасының Қытайға сапарында «Жібек жолымен» байланысты сыйлыққа ұсынылуының мән-маңызы зор деп есептейміз. Бұл – қайта жаңғырып келе жатқан Ұлы Жібек жолының жалғасы іспеттес «Қазақстан – жаңа Жібек жолы» жобасының тиімді жүзеге асу кепілі. Бұрын Қытай жерінен бас­талып, Қиыр Шығыс пен Еуропа елдеріне беттеген керуен жолы, басым бөлігі Орталық Азия мен Қазақстан жерінің үстімен өтетін Ұлы Жібек жолы арқылы сауда жүйесі дамып қана қоймай, Шығыс пен Батыс өркениеті тоғысып, мәдени және дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған еді. Бүгінгі Қазақстан да бұрынғы тарихи рөлін қалпына келтіріп, Еуропа мен Азияның арасындағы өзіндік көпір ретінде Орталық Азиядағы ірі іскерлік транзиттік хабқа айналуды мақсат етіп отыр. Демек, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізін салу «Қазақстан – жаңа Жібек жолы» сынды үлкен жобаның бір бөлігі болып табылады. Бұл өз кезегінде Қазақстанда халықаралық дәрежедегі сауда-көлік, қаржылық-іскерлік, ин­но­вациялық-технологиялық және туристік маңыздағы транзиттік дәліз қалыптастырады. Мұндай ме­гажобаны жүзеге асыру нәти­жесінде 2050 жылға қарай ел ау­мағынан жүк тасымалдау көлемі ондаған есеге ұлғаятын болады. Міне, Қазақстан Президентінің Қытай Халық Республикасына жасаған мемлекеттік сапарының өзегі, түйіні де осында жатыр. Әл­бетте, Қытай табыстаған «Жібек жо­лы бейбітшілік сыйлығы» Елба­сының осы «Жаңа Жібек жо­лы» жобасын қолдағандары, Ел­басы көрегендігін мойындап, құп­тағандары деуге әбден негіз бар. Осыдан шығар, бұл сыйлық екі ел арасындағы байланыс­ты бекіте түскен темірқазықтай көрінеді. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.