Аймақтар • 31 Қазан, 2022

Атыраудың жолдары ойдым-ойдым

1484 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсартуға септігін тигізетін инфрақұрылымның бірі – жол. Алайда бұрын пайдалануға берілген, тіпті жаңадан салынып жатқан жолдың кейбірі талапқа сай емес. Мәселен, биыл Атырау облысындағы жолдарда 300-ден астам ақау анықталды. Ал мұнайлы шаһардан Ресей Федерациясының Астрахан өңіріне бағыт алған жол құрылысында 61 ақау табылған.

Атыраудың жолдары ойдым-ойдым

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының сапа және мемлекеттік есеп бөлімінің басшысы Нұрлан Жантуриннің мәліметінше, жыл са­йын асфальт төселген жолдың жайына тексеру жүргізіліп келеді. Биылғы жыл басынан бері 74 жолға 848 рет тексеру жүргізіліпті.

– Біздің филиалдың инженерлері жолдарды тексеру кезінде 302 ақауды анықтады. Оның ішінде 65 өрескел ақау бар. Жол құрылысын жүргізетін мекемелер пайдаланып отырған материалдардан 1 470 сынама алынып, филиал зертханасында тексерілді. Нәтижесінде, 218 сынаманың жол сапасы жөніндегі стандартқа сай еместігі белгілі болды. Өрескел ақаудың бірі қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқан «Ақтөбе – Атырау – РФ шекарасы» республикалық жолында анықталып отыр, – дейді Нұрлан Жантурин.

Оның айтуына қарағанда, өрескел кемшілік Атырау қаласындағы Балықшы шағын ауданынан Зарослый елді мекеніне дейінгі аралықта қайта жаңғыртылып жатқан 5,7 шақырым жол бойында анықталыпты. Аталған жолда асфальтбетон жабындысының төменгі қабаты бұзылып, шөгіп кеткені байқалған. Тіпті асфальтбетон жабындысының төменгі қабаты біркелкі бірікпеген. Анықталған кем­ші­ліктердің басым бөлігінде нор­мативтік-техникалық құжаттар да, тіпті құрылыс нысандарында техни­калық қадағалаушы да болмаған. Исатай ауданының орталығы – Аққыстаудағы 16,3 шақырым, Х.Ерғалиев ауылында күрделі жөндеу жүріп жатқан 8,6 шақырым жол мен жаяу жүргіншілер жолы, Құрманғазы ауданындағы «7 разъезд – Асан – Азғыр – Балқұдық – Сүйіндік» жолының 0-36 шақырымдағы аралы­ғы, Қызылқоға ауданының Сағыз ауылын­дағы 6,8 шақырымдық жол құры­лысы техникалық қадаға­лаушы­ның бақылауынсыз жүргізіл­ген. Аққыстаудағы 16,3, Махамбет ауданының Сарытоғай ауылындағы 10,9 шақырым жол құрылысы нормативтік-техникалық құжатсыз салынған.

Ал Атырау қаласынан Ресей Федерациясының шекарасына дейін қатынайтын жолдың құрылысы 185 рет тексеріліп, 61 ақау анықталған. Алайда жол құрылысындағы 17 ақау әлі жойылар емес.

– Мемлекет басшысының өзі Ресейге қатынайтын жолдың құрылы­сына назар аударып отыр. Сол себептен, жол сапалы салынуы керек. Жобаға сәйкес ұзындығы 2 шақырым жол негізінің жоғары қабатына 5-40 фракциялы қара қиыршық­тас төселуге тиіс. Бірақ бұл жерге 0-40 фрак­циялы қара қиыршықтас төсел­ген. Біздің мамандар керн алу кезінде жол жабындысының төменгі қабатына төселген асфальтбетонның қалыңдығы талапқа сәйкес келмейтіні, асфальтбетон төсеуде жіктерінің тегіс­тігі сақталмағаны анықталды, – деп мәлім етті Н.Жантурин.

Аталған жол құрылысына пайдаланылып жатқан материалдардан алынған 523 сынамаға сараптаманың нәтижесі де көңіл қуантарлықтай емес. Сараптама қорытындысымен 74 сынаманың нормативтік талапқа сай еместігі белгілі болған. Нақтылай айтқанда, қара қиыршықтастың, қиыршықтастың түйіршік құрамы, керн кескіндерінің тығыздығы, суға қанығу коэффициенті норма талабына қайшы болып отыр.             

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженері Мейірхан Бекесовтің уәжіне сүйенсек, жол сапасының нашарлауына әсер ететін бірнеше себеп бар. Соның бірі – ауыр жүк көліктерінің белгіленген мөл­шерден әлдеқайда артық жүк тасы­малдауы. Мәселен, «Атырау –Индер» жолымен ауыр жүк көліктері жиі қа­тынайды. Өйткені Индер ауданының аумағынан алынатын құрылыс материалдары Атырау қаласына осы жолмен тасымалданады.

– Жол сапасының бұзылуына ста­тис­тикалық талдау жүргізіп көрдік. Соған сәйкес талдау нәтижесі Атырау облысында асфальттың 35 пайызы жүк көліктеріндегі ауыр салмақтың салдарынан тез тозатынын көрсетіп отыр. Сол себептен, жол сапасын сақтау үшін жылдың әр мезгілінде ауыр жүк көліктеріне бақылау іс-шаралары күшейтіледі. Ережеге сәйкес ауыр жүк көліктерінің салмағы 8 тоннадан асқан жағдайда айыппұл салынады, – дейді Мейірхан Бекесов.

Жақында филиал мамандары Атырау облысы бойынша көліктік бақы­­лау инспекциясы, облыстық жолау­­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкіл­дері­мен бірге жүк көліктерінің сал­мағы­на тексеру жүргізді. Тексеру кезін­де көлік бақылау инспекторлары бірне­ше жүк көлігін тоқтатып, арнайы құрыл­ғ­ымен салмағын өлшеді. Құм тиеген кейбір жүк көліктерінің сал­мағы шекті мөл­шерден 3-5 тон­наға асып кеткен.

– Көлік иелеріне Әкімшілік құ­қық бұзушылық туралы кодексінің 571-бабының 6-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Жыл басынан бері жол бо­йында заң бұзған 62 мыңнан астам көлік иелеріне салынған айыппұл 46 млн теңгені құрады, – дейді инспекция маманы Талғат Жантеміров.

Міне, жол сапасын бақылайтын орталық филиалының мамандары анықтаған ақау мен кемшіліктің бір парасы осындай. Бұдан жол құрылысын жүргізетін мердігер мекемелердің нормативтік-техникалық құжатты да, техникалық қадағалаушыны да қажет етпейтіні аңғарылып отыр. Жол құрылысына пайдаланатын инертті материалдардың сапасына мән берілмейді. Демек мердігерлер мен шамадан тыс ауыр салмақты жүк тиейтін көлік иелері өзімбілемдікті ұстанып отыр. Жол сапасының төмендігі мен тез тозуының басты себебі осында жатқан жоқ па? 

 

Атырау облысы