Экономика • 02 Қараша, 2022

Сақтандыру нарығының қауқары қандай?

637 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сақтандыру нарығындағы ком­паниялардың ұсынған дерегінше, елімізде сақтандыру өнімдеріне сұраныс өсіп келеді. Бүгінде азаматтар сақтандыру мәдениетін түсіне бастады, бұрынғыдай жа­тырқап қарамайды. Қаңтар оқи­ғасы нарыққа қатты әсер етті. Көп­теген кәсіпкер тәуекелдерді жабуға және сақтандыру өнімдерін сатып алуға қызығушылық таныта бастаған.

Сақтандыру нарығының қауқары қандай?

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Сонымен бірге шетелге шығатын азаматтар саны артып, өз кезегінде туристі міндетті сақтандыру және медициналық сақ­тан­дыруға деген сұраныс күрт өскен. Әлбетте, бұл әуелі қаржы­лық сауаттылыққа байланысты қалып­тасатын нарық. Осы ретте отандық сақ­тандыру нарығы ойыншыларының қазіргі экономикалық сын-қатерлер кезең­інде тұтынушыларды тартуда қандай қадамдарға барып жатқанын зерделеген едік.

Nomad Life компаниясының мәлім­деуінше, 2020 жылы ішкі жалпы өнімдегі өмірді сақтандыру саласының үлесі 0,3 пайыз болса, 2022 жылы 0,5 пайызға жеткен. Өмірді сақтандыру бойынша Астана мен Алматы қалалары көшбасшы. 2022 жылы бұл өнімді тұтынғысы келетіндер саны күрт өспегенімен, қалыпты қар­қынмен жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл 8 айда 54,4 млрд теңге сақтандыру сыйлықақысын жинаған компанияның корпоративті табыс салығын есептемегенде, таза табысы 8,8 млрд теңге. Адамдардың көбі зейнетақы аннуитетін және жинақтаушы сақтандыруды сұрайды. Қазір бірлескен зейнетақы аннуитеті танымал бола бастады. Компания бұл өнімді енгізуге дайындалып жатыр.

«Бірлескен зейнетақы аннуитеті шартын жасасу мүмкіндігі заңда көзделген. Бірақ осы мүмкіндікті практикалық тұр­ғыдан іске асыру үшін өмірді сақтандыру нарығы уәкілетті мемлекеттік органның бірлескен зейнетақы аннуитеті шартының үлгілік нысанын айқындайтын, сондай-ақ бірлескен зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру ұйымынан сақ­тандыру сыйлықақысы мен сақтандыру төлемін есептеуге қойылатын талаптарды белгілейтін заңға тәуелді нормативтік актілерді қабылдауын күтеді. Олар осы қарашада бекітіледі деп күтілуде», де­лінген компания жауабында.

Freedom Life өмірді сақтандыру ком­па­ниясының басқарма төрағасы Азамат Ердесовтің айтуынша, азаматтардың қаржылық сауатын арттыру мақсатында компания бірқатар шараны қолға алған. Мәселен, балалардың сауатын ашатын Freedom Camp курсы, Алматыдағы төрт университеттің студенттері үшін дәрістер өткізді. Компания биыл 21,67 млрд теңге сыйлықақы жинап (2021 жылмен салыстырғанда 43,7 пайызға көп), 3,84 млрд теңге таза пайда тап­қан.

«Қазір компания зейнетақы ан­нуитеті, өмірді жинақтаушы сақ­тан­дыру бағдарламасы, сондай-ақ COVID-19 диагнозымен ауруханаға жат­қызу тәуе­келі кіретін туристік сақ­тандыру бо­йынша келі­сім­шарттарды жасап жатыр. Қа­зақстандықтар арасында осы бағ­дарламалар танымал. 2021 жы­лы кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті енгізілген соң, зейнетақы ан­нуитеті бойынша келісімдер са­ны күрт өсті. Девальвация кезін­де жинақтаушы сақтандыру бағ­дар­ламалары сұранысқа ие болады. Әсіресе долларлық эквива­лент­те жылдық тиімді сыйақы мөл­шер­ле­ме­сімен жинауға мүміндік береді. Мысалы, Freedom First жинақтау бағ­дарламасы бойынша бұл долларда 2,76 пайызды құрайды», деді А.Ердесов.

«Евразия» сақтандыру компа­ниясы басқарма төрағасының орын­басары Нұржан Жантөреев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігінің қаржылық сауаттылықты арт­тыру жобаларына белсенді үн қосып жатқанын жеткізді. Өздерін «Сақ­тан­дыру көмекшісіміз» деп атайтын, шын мәнінде нарыққа залал келтіріп, алаяқтықпен айналысатын топтармен күресетін бірегей компания ре­тін­де санайтынын айтады. Мін­дет­ті сақтандыруға қарағанда, ерікті сақ­тан­дыру үлесі артып келеді. Демек, азаматтар сақтандырудың қажет және маңызды өнім екенін түсіне бастады. Өнімдерді тұтыну бойынша белсенді қалалар ретінде Астана, Алматы және Атырауды атайды.

«2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Ұлттық банк дерегінше «Еуразияның» жыл басынан бергі таза табысы 31 млрд теңгеге жетті. Есепті мерзімде компания 122 млрд теңге сыйлықақы жинады. Бұл – нарықтағы бүкіл компания сыйлықақысының 32,7 пайызы. Халық арасында ең көп сұранысқа ие сақтандыру өнімі – жүргізуші жауап­кер­шілігін міндетті сақтандыру не­месе автокөлікті сақтандыру. Мұн­да да Еуразия жиналған сыйлық­ақы­лардың 30 пайызы немесе 21,6 млрд теңге үлесімен жетекші орын алады», дейді Н.Жантөреев.

«Халық-Life» АҚ басқарма тө­райымы Жанар Жұбаниязованың сөзі­не сүйенсек, компания клиенті екі жыл бұрын 1 млн болса, қазір 1,3 млн-нан асты. Биыл 8 айда бұл компаниямен өмірді сақтандыру бойынша шарт жасасқан клиенттердің 49 пайызы – әйелдер, 51 пайызы ерлер болған.

«Жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша жарналардың көлемін ба­ға­лайтын болсақ, ер адамдар әйел­­дерге қарағанда көбірек ин­вес­ти­ция салады. Осылайша, әйел­дер­дің сақ­­тан­­дыру жарнасының орташа мөл­шері 20 млн теңгені, ерлерде 44 млн тең­гені құ­райды. Клиенттердің көбі жасы 40-тан асқан орта жастағы қазақ­стан­дықтар. Бұл деректер өмір­ді сақтандыру бағдарламаларына қаражат салу жалпы отбасын, балала­рын, тіпті мұрагерлерінің бола­ша­ғына алаң­дай­тын азаматтар екенін байқауға мүм­кін­дік береді. Олар үшін өз жинақтарын барынша тиімді инвес­тициялау, оны валюта ба­ға­мы­ның ауытқу қаупінен қорғау және күтпеген оқиғалар орын алған жағ­дайда өз өмірлерін қаржылай қорғау маңызды. Өйткені олардың отба­­­­­сылары мен жақындары үшін жауап­кер­шілігі жо­ғары. Өңірлерге бөле­тін болсақ, әри­не халқы көп қалалар – Алматы, Шым­кент, Астана алда келеді. Өмірді жи­нақтаушы сақ­тан­ды­ру­дың артық­шылықтарының бірі – кез келген жастағы адам үшін оңтайлы бағдар­ла­маны таңдауға болады», дейді Ж.Жұбаниязова.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша компания 82,6 млрд көлемінде сақ­тан­дыру сыйлықақыларын жинады және оның нарықтағы үлесі 34 па­йызды құ­райды. 8 айдағы таза табыс – 5,9 млрд теңге.

«Іс жүзінде көрсеткіштерге назар аудар­сақ, қазір өмірді сақтандыру нары­ғында әрбір үшінші шарт бізде жасалады екен. Мұны мақтан тұта­мыз. Сондықтан клиенттер үшін жаңа өнімдер мен сервистерді енгізе оты­­рып, осы сенімді ақтауға барынша күш саламыз. Компанияның ең таны­мал өнімдерінің бірі – валютада па­йыз­­дық мөлшерлемесі 3,52 пайызға де­йін­гі «Халық-Қазына» атты өмірді сақ­тан­ды­рудың ұзақ мерзімді жинақ­тау­шы бағдарламасы. Бұл бойынша клиенттер өз жинақтарын ұлттық ва­люта ба­ға­мының ауытқуынан қорғай­ды, сондай-ақ жинақтау мер­зі­міне сақ­тандыру қорғанысында бо­ла­ды», деп түсіндірді компания басшысы.

Қазір «Халық-Life» АҚ «Unit-linked» өмірді инвестициялық сақтан­ды­ру өнімін сатуға мұқият дайындалуда. «Өмірді инвестициялық сақ­тандыру өнімі мүмкіндігінше икем­ді, ыңғайлы және сонымен бірге техно­логиялық болуы керек екенін ескере отырып, бұл мәселе мұқият зерт­теуді қажет етеді. Компания осы өнім­нің шығуына байланысты бар­лық тә­уе­келді ескеруде», деді Ж.Жұба­ниязова.

«Номад Иншуранс» сақтандыру ком­паниясы қаржылық сауатты арттыру жөнімен Nomad Agent қосым­шасын іске қосқан. Онда азаматар сақтандыру негіздері бойынша тегін оқу бағдарламасына қатысып, ықыласы түскен жағдайда сақтандыру агенті де бола алады. Сондай-ақ бұл ком­панияда менеджерлерді оқы­татын, сосын агенттер мен брокерлер үшін консультация жүргізетін штат­тық бизнес-тренерлер жұмыс істейді.

«Nomad.kz сайтында биыл 9 айда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тыр­ғанда КАСКО және мүлік сияқты ерікті сақтандыру түрлері есебінен сатылымдар 32 пайызға өсті. Сайтта полистерді сатып алу адамдардың өнімдерді және олардың шарттарын өз бетінше зерттей отырып, сақтандыруды таңдауға саналы түрде жақындағанын көрсетеді. Сондай-ақ экономикалық құрамдас бөліктің ішінара жақсаруына байланысты халықтың бір бөлігі өзі­нің автопаркін жаңартты және My Car сияқты кейбір жобалар есебінен КАСКО-ның есептелген сақтан­ды­ру­ын іске асырдық, соның есебінен оның сату көлемі ұлғайды. 8 айдағы таза пайдамыз 5,2 млрд теңге болса, жиналған сыйлықақы көлемі 25,4 млрд теңгені құрады», дейді басқарма төрағасы Дәурен Иманжанов.

 «KM Life» өмірді сақтандыру компаниясы басқарма төрағасы Назым Бекболатованың пікіріне қарағанда, қаржылық сауаттылық деңгейі, оның ішінде сақтандыру мәдениеті ұдайы өсіп келе жатыр. Бірақ Қазақстанда сақтандырудың кірігіп кету деңгейі әлі жоғары емес. Бүгінде компания сақ­тан­дырудың мынадай түрлері бо­йын­ша белсенді жұмыс атқаруда: қызметкерді еңбек (қызметтік) мін­дет­терін атқару кезінде жазатайым оқиға­лардан міндетті сақтандыру, ЖОМС шеңберіндегі аннуитеттік сақ­тандыру, ерікті медициналық сақ­тандыру және қарыз алушыларды сақтандыру.

«1 қыркүйектегі жағдай бо­йынша 13,1 млрд теңге сақтандыру сый­лық­ақысы жиналды. Былтырмен салыс­тыр­ғанда 24 пайызға өсім бар. Жыл басынан бергі компанияның таза пай­дасы – 920 137 мың теңге. Оған ба­ғалы қағаздар портфелінің құнын қайта бағалау, әлемдік нарықтардағы жаһандық өзгерістер, жоғары инфляция, ставкалардың өсуі және тағы басқа факторлар айтарлықтай әсер етеді», деді Н.Бекболатова.

Оның айтуынша, мемлекет пен қар­жы реттеушісінің қолдауымен отан­­дық сақтандыру нарығында қа­жетті шаралар дер уақытында қа­был­данды. Бұл – заңнамаға өз­герістер мен түзетулер енгізу, дағ­дарысқа ұшы­­рамаған қаржы ұйым­дарына ак­тив­терді орналастыру және т. б.

«Аталған шаралар компания­лар­дың нарықтағы орнықты ұстаным­дарын сақтауға, тұрақты қаржылық кли­матты қалыптастыруға және сақ­тан­дыру секторын бүлдіруі мүмкін теріс әсерлердің болмауына жағдай жасады. Егер сақтандыру компа­ния­­ларының жыл басындағы және қа­зір­гі көрсеткіштерін талдайтын бол­сақ, сақтандыру секторы бар­лық көрсет­кіш бойынша дамуын және өсуін жалғас­ты­рып жатқанын көруге болады. Рет­теу­ші­нің үйле­сім­ді жұмысын атап өтіп, сақ­тандыру нарығын қол­дағаны, ынты­мақ­тас­тығы және да­мыт­қаны үшін зор алғыс білдірген жөн», деді басқарма төрағасы.