Мұндай келісім Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегациясының Иран Ислам Республикасына жұмыс сапары кезінде жасалған.
Кездесу барысында талқыланған мәселелер - Қазақстандық аграрлық және өнеркәсіптік өнімдер үшін жаңа өткізу нарықтарына шығу мүмкіндіктері мен қолданыстағы солтүстік-оңтүстік бағыттағы кедергілерді жою.
Сондай-ақ Серік Жұманғарин екіжақты кездесу бұл Қазақстан мен Иран арасындағы өзара сыйластық пен сенімді қарым-қатынастың айғағы екенін айтты.
Иранның Көлік және қаланы дамыту министрі Ростам Қасемимен кездесу барысында Серік Жұманғарин қазақстандық тараптың тауарлар көлемін жылына 1 млн тоннадан 4 млн тоннаға дейін ұлғайту ниетін айтты. Ол үшін 2022 жылдың соңына дейін «тар» инфрақұрылымдық орындарды жойып, 2022-2025 жылдарға арналған Солтүстік-Оңтүстік бағытының әлеуетін дамыту бойынша үшжақты жол картасын қабылдауға келісті.
Сонымен қатар келісімнің ішінде келесідей тармақтар бар:
– жүк көлігі жүргізушілері, халықаралық тасымалдарға қатысушылар үшін арнайы визалық режим құру. Бизнес өкілдері үшін осындай визалық жеңілдіктер алу мүмкіндігін қарастыру;
– бірыңғай тариф, бірыңғай көлік құжатын және бірыңғай ақпараттық жүйені енгізуді қоса алғанда, екі елдің кедендік ресімдеу процестерін оңтайландыру;
– «Қырғызстан - Қазақстан - Ресей» үлгісі бойынша навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, «Қазақстан - Түрікменстан - Иран» бағыты бойынша жүктерді автокөлікпен тасымалдау бойынша пилоттық жобаны іске қосу.
Сондай-ақ логистикалық процестер мен екіжақты сауданың тиімділігін арттыру мақсатында тараптар бірлескен экспорттық-импорттық компания құру мүмкіндігін пысықтауға келіскен.
Кездесу нәтижесінде тараптар сауда, көлік және логистиканы дамыту саласындағы өзара іс-қимыл жөніндегі ортақ меморандумға қол қойды.