28 Мамыр, 2014

Шарын

2516 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Шарын Директор Елнұр АхметовШарын мемлекеттік ұлттық табиғат паркі экологиялық, тарихи-ғылыми, сондай-ақ, эстетикалық табиғат байлықтарын қалпына келтіру және оларды сақтау мақсатында ұйымдас­тырылған. Қазақстан Үкіметінің 2004 жылғы 23 ақпандағы бұйрығы­мен құрылған бұл парктің аумағы алғашында 93150 гектар болатын. Кейін, яғни 2009 жылы парк аумағы кеңейтіліп, мемлекеттік жер қоры есебінен 32900 гектар жер қосылды. Қазіргі кезде парктің жалпы аумағы 127050 гектарды құрайды. Паркке өзінің табиғи ерекшелік­теріне байланысты республикалық маңызы бар табиғат қорғау және ғылыми жұмыстар жүргізілетін мекеме мәртебесі берілген. Ерен тоғайы Шарын мемлекеттік ұлттық табиғат паркі Алматы облысының үш ауданы – Райымбек, Ұйғыр және Еңбекшіқазақ аудандарының аумағында орналасқан. Ұлттық паркте өсетін өсімдіктер әлемі мен онда тіршілік ететін жануарлар дүниесінің орналасу ерекшеліктеріне қарай парк аумағы бірнеше бөлікке, нақтырақ айтқанда, бірнеше учаскеге бөлінген. Соның бірі – Шарын ерен тоғайы. Тоғай ерекше қорғалатын республикалық маңыздағы табиғат ескерткіші болып табылады. Оның жалпы аумағы 5014 гектар жерді алып жатыр. Осы аумақтың 2315 гектарында ағаш түрлері өседі. Ал әлемде өте сирек кездесетін ерен ағашы өсіп-өнетін алқап 1015 гектарды құрайды. «Шарын ерені» деген атпен көпшілікке белгілі соғды ерені ылғалды жерді ұнатады, құнарлы топырақта жақсы өсіп-жетіледі, сондай-ақ, ол ағаш түрлерінің майлы тұқымына жатады. Ұлттық парктің өзгеше бір символына айналған бұл ерен ағашы өзінің ұзақ жасайтындығымен де ерекшеленеді. Ғалым мамандардың деректеріне қарағанда, өніп шыққанына 30 жылдай болған ереннің биіктігі 25-30 метрге дейін жетеді. Ұзақ жасайтындығы соншалық, ол үш ғасырдан астам уақыт бойы жапырақ жайып, табиғи реңкін жоғалтпайды. Оның бұтақ жіберу кезеңі 40-60 жылға созылады, тамыр жүйесі аса қуатты болып келеді. Тамыры топырақ қабатынан өтіп, жерасты суына дейін жетеді. – Парк аумағындағы орманның негізгі тегі таза ерен ағашының алқабы болып табылады, – деді Шарын мемлекеттік ұлттық табиғат паркінің директоры Елнұр Ахметов бізбен әңгімесінде. – Оның фитоценозы орманның 35 пайызын құрайды. Олар негізінен Шарын өзенінің бойында өседі. Ал екінші терассада шөлге шыдамды сексеуіл мен жыңғыл тектес өсімдіктер өседі. Ерен ағашы мен сексеуіл, жыңғыл, басқа да өсімдіктер әлемі бірлесіп, жапырақ жайған жаз бен күз маусымында төңіректі ерекше бір көрініске бөлейді. Керемет орта қалыптастырады екен. Ерен тоғайының айналасында тораңғы да жиі ұшырасады. Парк директорының айтуынша, тораңғы соғды еренімен бірге полеоген заманынан бері сақталып келе жатқан көрінеді. Бұл екі ағаш түрі де Қызыл кітапқа енгізілген. Тоғайда, сондай-ақ, Қызыл кітапқа енгізіл­ген жапырақты-бұталы әрі сәнді болып ке­летін ұшқаты да көптеп кездеседі. Бұл өсім­діктердің жидектерін осында мекен­дейтін аңдар мен құстар қорек ретінде пайдаланады. Шарын ерен тоғайында екі-үш ғасыр жасаған, жеті-сегіз адамның құшағы әрең жететін алып ерен ағаштарын да кездестіруге болады. Олар бірінші терассада ғана табиғи түрде өседі. Ал екінші терассада соғды ерені тұрақты суару арқылы қолдан өсіріледі. Ондағы мақсат – әлемде өте сирек кездесетін ерен тоғайын табиғи түрде сақтап қалу. Бұл жұмыстар 1970-1980 жылдары жүзеге асырылыпты. Қолдан отырғызылған сол ерен ағаштары бүгінде бір-бірімен бой таластыра өсуімен қатар, өзінің сымбаттылығымен де табиғи орман тыныштығының сақшысы болып тұрғандай әсер қалдырады. – Осы ерен тоғайында сирек кездесетін қолаңтас, жыланшы қыран, қара дегелек, ителгі, үкі, жұртшы, ортаазиялық бақа, шұбар батбат кесірткісі секілді құс­тар мен жәндіктер де мекендейді, – деді Елнұр Ахметов әңгіме барысында. – Ор­ман-тоғайды, ондағы жануарлар мен құстарды қорғаудың режімі бекітілген. Мұнда ұйымдастырылмаған туристердің келуіне шектеу қойылған. Тоғай ішіндегі ағаштарды кесуге және онда мал жаюға тыйым салынған. Өйткені, Шарын ерен тоғайы ұлттық парк аумағындағы ерекше қорғауға алынған маңызды жерлердің бірі болып есептеледі. Шарын шатқалы Шарын шатқалына жолы түсіп, ондағы табиғат салған кереметтерге куә болған адамның көз алдына сол көріністер жиі келетіні анық. Дәлірек айтсақ, шатқалдағы табиғат ескерткіштерін көрген де арманда, көрмеген де арманда! Өйткені, онда тас аралас биік жартастар, көне дәуірдегі жануарлардың тасқа айналған қалдықтары, палеонтологиялық қазбалар жетіп артылады. Шатқалда, сондай-ақ, өсімдіктер мен жануарлар түрлері молынан кездеседі. Шатқал республикалық маңызы бар, ерекше қорғалатын аумақ саналады. Әрі ол Қазақстан Үкіметінің шешімімен жасалған экологиялық және ғылыми құндылықтар көп кездесетін жер қыртыстарының тізіміне енгізілген. Шарын шатқалы түрлі пішіндегі қамалдар мен қорғандар тәріздес жер бедерінің геморфологиялық нысандарына жатады. Сонымен қатар, шатқалдың қос қапталы неше түрлі табиғат ескерткіштеріне толып тұрғандықтан, бұл жер елімізде саяхатшылар мен туристерді ерекше қызықтыратын бірден-бір орын болып табылады. Өйткені, қамалдары мен қорғандары жетіп-артылатын осындай шатқалдар әлемде екі-ақ жерде кездеседі. Бірі – АҚШ-тың Аризона штатында, екіншісі – Қазақстанның Алматы облысында. Табиғат сыйы – ғажайып ескерткіштерді теледидар мен суреттерден көру бір басқа, ал оны турист ретінде арнайы келіп көру мүлде бөлек. Шарын шатқалына атбасын бұрып, ондағы биік қорған-қамалдарды, өзге де дүниелерді тамашалауыңызға әбден болады. Өкінбейсіз. Алматы қаласынан онша қашық емес, 200 шақырымдай жерде. Халықаралық Алматы – Қалжат автокөлік жолы бірер сағатта жеткізеді. оқ жылан 368 Үлкен Бұғыты Бұл учаске Бұғыты тауының солтүстік-шығыс бөлігін алып жатыр. Ол солтүстігінде Іле өзенімен, шығысында Шарын өзенімен, батысында Шелек өзенімен, оңтүстігінде Сөгеті алабымен шектеседі. Оның жер бедерін негізінен эрозиялық-тектоникалық тізбектерден тұратын монолитті тау сілемдері құрайды. Парк аумағына кіретін Үлкен Бұғыты тауының ең биік жері теңіз деңгейінен 1818 метр болады. Біраз жылдардан бері құрғақ әрі шөлейт болып келетін парктің осы бөлігіне шетелдік натуралистер ерекше назар аудара бастады. Себебі, онда шөл далаға бейімделген өсімдік түрлері молынан кездеседі. Олардың түрлерінің жалпы саны алпыстан асады. Бұлардың жартысына жуығы сирек кездесетін өсімдіктер қатарына жатады. Осы өсімдіктердің ішінде еліміздің Қызыл кітабына енген, ерекше қорғауды қажет ететіндері де бар. Мысалы, қылқан жапырақты қазжуа, Краснов ырғайы, көпсабақты тұтасжапырақ, Бунге қоянжапырағы, тағы басқалар. Үлкен Бұғыты аумағындағы ағаш бұталарында ұя салып, балапан өрбітетін қос қанаттылар да аз емес. Арасында көпшілігіміз өзін көрмек тұрмақ, атын естімеген құс түрлері де бар. Жамансары, сұр шыбыншы, еменмұрын, үлкен құралай құс... Бұл учаскеде, сондай-ақ, «отырықшылар» тобына жататын құстардың 26 түрі – бүркіт, сақалтай, ителгі, бидайық, кекілік, көк кептер, құлақты үкі, ақ қанатты тоқылдақ, мүйізді бозторғай, шатқал өрмелегіш және басқа қосқанаттылар мекендейді. Сонымен қатар, бұл жер Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген сұр құр мен қарабауыр құрдың да соңғы мекені саналады. – Ұлттық парк аумағында сүт қоректілердің 32 түрі мекендейді, – деді парк директоры Елнұр Ахметов. – Мысалы, тұяқтылар тобына жататын қабан, сібір елігі, сібір тауешкісі, қарақұйрық, жыртқыш аңдардан – қасқыр, түлкі, қарсақ, дала күзені, борсық, аққалақ. Парк аумағы осы аңдардың тұрақты мекеніне айналған. Соңғы жеті-сегіз жылдың ішінде олардың саны едәуір көбейе түсті. Бұл, біріншіден, мемлекет тарапынан табиғат байлықтарын қорғауға деген шынайы қамқорлықтың, екіншіден, біздің инспекторларымыздың өз міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарап келе жатқандығының нәтижесі деп айтуымызға болады. Туристік бағыттар Шарын мемлекеттік ұлттық паркі өсім­дік­­­тер мен құстарға, жан-жануарларға өте бай. Мұнда өсімдіктердің 985 түрі, сүтқорек­тілердің – 32, құстардың – 130, бауырымен жорғалаушылардың – 18, қосмекенділердің 4 түрі өседі және тіршілік етеді. Паркте жалпы көлемі үш гектар болатын тұқымбақ бар. Онда негізінен сәндік ағашты-бұталы болып келетін өсімдіктер – емен, бозарша, терек, талжаңғақ, қарағай, аққайың, сиверс алмасы, жөке, көгілдір шырша сияқты өсімдіктердің көшеттері өсіріледі. Тұқымбақ аумақты көгалдандыру және орман-тоғайды көшеттермен қамтамасыз ету үшін қажет. Бүгінде елімізде туризм индустриясын дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Бұл жағынан Шарын ұлттық паркі де сырт қалып жатқан жоқ. Туристерді көптеп тарту мақсатында парктің инфрақұрылымы бұрынғыға қарағанда едәуір жақсара түсті. Жалпы қашықтығы 50 шақырымды құрайтын үш туристік бағыт ашылды, оларға жеткізетін автокөлік жолдары талапқа сай жөндеуден өткізілді. Бірінші бағыт бойынша туристер Шарын ерен тоғайына барып, ондағы бірнеше ғасырлық соғды ерені табиғат ескерткішімен таныса алады. Екінші бағыт – зираттар мен қорғандарға апарады. Онда туристер осы өлкенің ортағасырлық тарихына куә болады. Ал үшінші бағыт – жоғарыда тоқталып өткен Шарын шатқалы. – Туристердің парк аумағындағы тарихи­ жерлерді тамашалауларына, ойдағыдай дем алуларына қажетті жағдайлар жасалған, – деді Елнұр Ахметов. – Оларға 42 төсектік екі қонақ үй қызмет көрсетеді. Көліктер қойылатын автотұрақ бар. Жыл өткен сайын келушілер қатары көбейіп келеді. Туристер мен саяхатшылар арасында алыс-жақын шетелдерден арнайы келгендер де кездеседі. Біздің ең басты міндетіміз – өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесін, сондай-ақ, қайталанбас табиғат ескерткіштерін қорғау. Парк ұжымы осы үдеден шығып келеді. Ұлттық паркте 46 адам еңбек етеді. Олардың 16-сы мемлекеттік инспекторлар. Барлығы қажетті байланыс құралдарымен, табельді қарулармен, көліктермен, тағы басқа да техника түрлерімен толық қамта­ма­сыз етілген. Ерекше атап өтерлігі, парк құрылғалы бері мұнда тілсіз жау – өрт­ке бірде-бір рет жол берілмеді. Бұл мем­ле­кеттік инспекторлардың өз істеріне жауап­кершілікпен қарайтынын, кез келген мәсе­леде қырағылық танытатынын көрсетеді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы, Ұйғыр ауданы.