28 Мамыр, 2014

Нобель сыйлығының лауреаттары – Кенді Алтайда

456 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

100-851«Өскемен ЭКСПО-2014» көрмесі Шығыстың әлеуетін паш етті

Шығыс өңірінде тұңғыш рет «Өс­кемен ЭКСПО-2014» көр­месі өтті. Бұл көрме өткен аптада мәресіне жеткен VII Астана экономикалық форумының қисынды жалғасы іспетті болды. IMG_9404 Өңірдің ғылыми-техникалық жетіс­тіктерін таныстыру, жаңа «жасыл» технологияларды енгізу, халықаралық экономикалық және ғылыми байланыстарды кеңейту мақсатында ұйымдастырылған көрмеге Парламент депутат­тары, ірі кәсіпкерлер мен ғалым­дардан құралған әлемнің 12 елі­нің өкілдері қатысып, Астана экономикалық форумының мәртебелі мейманы болған Нобель сыйлығының лауреаттары Курт Вютрих пен Святослав Тимашев алғаш рет аталған көрме аясында Шығыс Қазақстан облысына арнайы келді. Көрме қонақтары қатарында әлемдік ғылымда есімі кеңінен танымал Клаус Тиссен, Джузеппе Эрамо, Лали Бердзенешвили, Алексей Кавокин және Оңтүстік Африка Республика­сы, Финляндия, Ресей Федерация­сы елшіліктері, «Астана ЭКСПО-2017» АҚ өкілдері, Ресей Федерациясының Ал­тай аймағы, Қытай Халық Рес­пуб­лика­сы Шыңжан-Ұйғыр автономиясы мен Оңтүс­тік Кореядан келген арнайы делегация да бар. «Алтай» технопаркінде өт­кен көрмеден бүгінде кеңінен қол­данысқа енгізілген және креа­тивті жобаларды байқауға болады. Мәселен, Өскеменнен шығарылатын «Азия Авто» көліктері мен Семейде құрас­ты­рылатын «Дэу» автобус­тары­мен бірге «ДЭТ-250М» шынжыртабан тракторы үлкен қызы­ғушылық туғызды. Бұл – кеңес­тік заманда Челябі зауыты шығарған ауыр өнеркәсіп техникасы. Бүгінгі өндірісте жоқ тракторды «К Мәди» ЖШС мамандары өз күштерімен жасаған бөлшектерімен қайта жаңғыртып ұсынып отыр. Аталған трактор шет­елдік техникалардан қуаты жағынан жоғары, бағасы жағынан төмен екен. Қыс қатты болатын Шығыс өңірінде бұл техни­каны жолдарды тазалауға, кен қазуға кеңі­нен пайдалану жоспарланып отыр. Өскемендегі «КЭМОНТ» АҚ өнді­ретін электр реттеуші панель, Жарма ауданынан әкелінген күн мен желден қуат алатын вагон, Бесқарағайдан жеткізілген қоршаған ортаға зиянсыз экоотын жобалары мәртебелі мейман­дардың көңілінен шықты. Өңір­дегі өнертапқыштардың ұсын­ған жобалары да назар аударды. Мәселен, күршімдік Мейір­жан Серікбаев мал тезегін энергия­лық қуат пен қорек көзі және тыңайт­қыш ретінде пайдаланатын жылыжай жобасын таныстырды. Технопарк ауласында, дәліз бен залда қойылған көп­те­ген жобалардың соңында «Бола­шақтың қуаты» байқауында жеңімпаз болған жұмыстар таныстырылды. Олардың арасында Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары және Ресейдің Санкт-Петербург қаласынан түс­кен 21 инновациялық жоба бар. Мамандардың пікірінше, «Өскемен ЭКСПО-2014» көрмесі өндіріске инновациялық технологияларды енгізіп, жаңа идеялардың коммерциялануына тың мүмкіндіктер бермек. Яғни, мемлекет, ғылым және бизнес өкілдеріне өзара тиімді байланыс орнатуға жан-жақты мүмкіндіктер жасауымен ерекшеленеді. Бұдан кейін «Өскемен ЭКСПО-2014» көрме жұмысы пле­нар­лық отырыспен жалғасты. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев елдегі инновациялық өнімнің төрттен бір бөлігін өндіретін өңірдің әлеуеті туралы әңгімеледі. – Энергетика – өнеркәсіптің негіз­гі салаларының бірі. Шығыс Қазақ­стан облысының аумағында 9 негіз­гі энергия көзі, оның ішінде жалпы қуаты 2076 МВт құрайтын 5 су электр стансасы, 4 ірі жылу стансасы орналасқан. Облыс экономикасы энергияны тұтынушы өндірістің үлкен үлесімен ерекшеленеді. Айталық, электр энергиясының 70 пайызға жуығын өнеркәсіп кәсіпорындары пайдаланады. Экономиканың индустриялық-инновациялық дамуға бет алғанын есептесек, энергияның баламалы түрлерін дамыту, энергиялық қауіпсіздік және энергияны үнемдеу технологиясын енгізу мәселесі өте өзекті, – деді өңір басшысы. DSC_6576Облыс әкімінің айтуынша, Шығыс Қазақстан – жаһандық энергия мәселесін шешу жолында бірқатар инновациялық жобаларды қолға алып отырған өңір. Мәселен, өткен жылы Өскеменде жылына 50 МВт қуатқа жететін күн батареяларына арналған кремний пластинкалары өндірісі іске қосылды. Баламалы энергия көзінің бірі – су. Шығыста елдегі су қорының 60 пайызы шоғырланған. Басым бөлігі тау өзендері болғандықтан, оны қуат көзі ретінде пайдалану ойлас­тырылуда. Яғни, өңірде жалпы сомасы 200 миллион долларға жетеғабыл шағын су және жел электр стансаларының құрылысы басталады. Қазіргі уақытта 13 жоба бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл Өмеш жел және Тұрғысын су электр стан­­саларының құрылысы жүргізілмек. – Атом энергетикасын дамыту мәселесі де еліміздің энергетикалық қауіпсіздігінің басты салаларының бірі болып табылады. Онсыз энергия өндірісін әртараптандыру мүмкін емес. Атом энергетикасы Чернобыль мен Фукусима апа­тын қайталамайтындай, қауіп­­­сіздіктің жоғары шегінде дәстүрлі түрде де, баламалы түрде де дамуы тиіс, – деді Б.Сапарбаев. Бұл үшін Курчатов қаласында ядро­лық физиканы дамытуға қажет инфрақұрылым да, мамандар да, ғылыми база да жеткілікті. Әсі­ресе, торий энергетикасының артық­шы­­лықтарын тиімді пайдалану қажет. Қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі Ерлан Нысанбаев әлемнің жетекші елде­рімен бірге Қазақстанда да жаңа энергия көздерін іздеуге көңіл бөлінгенін, бұл ретте министрлік тарапынан табиғи ресурстарды үнемдеп пайдалануға назар аударылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, аталған көрменің Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық іспетті болғанын және Астана экономикалық форумының көшпелі отырыстар кезегін бастап бергенін атап өтті. Шығыс өңіріне алғаш рет табан тигізіп отырған Нобель сыйлы­ғының лауреаттары бүгінде жасыл экономика мен жасыл энер­ге­тиканың алға шыққаны жөніндегі тұщымды ойларымен бөлісті. Химия саласы бойынша Нобель сыйлығын алған Курт Вютрих Шығыс Қазақстан өңірін түсті металлургия өлкесі ретінде бұрын­нан білетінін, ал көрме барысында ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жаңаша көзқарасты байқағанын атап өтті. – Әсіресе, мені малдың тезегін қажетке жарату идеяларының сан алуандығы таңғалдырды. Елдің табиғи жағдайы баламалы қуат көздерін алуға өте қолайлы, – деді К.Вютрих. Келесі кезекте сөз алған Нобель сыйлығының лауреаты Свя­тослав Тимашев Астанадағы экономикалық форум аясында Президентпен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше мәселені көтергенін жеткізді. – Біздің қолымызда Президент көтерген кейбір мәселелердің ғана шешімі бар екен. Нұрсұлтан Назарбаев – ұлттық шеңберден тыс мәселелердің шешімін нұсқауға қабілетті тұлға. 2007 жылы жаһан­дық экология жайы әлемдік сая­саттың басты нысанасына айналу керектігі Қазақстан Президенті тарапынан айтылды. Бүгінгі таңда ғаламдық жылынудың зардабын жою және оның жағымды тұстарын кәдеге асыру жобаларына сұраныс көп. Өндірістік қалдықтарды шығаруды мемлекетаралық деңгей­де реттеу барысындағы идеялар да экологиялық мәселелердің шешімін табады. Адамзаттың орташа өмір сүру жасын ұзарту туралы да ойға қонымды ұсыныстарыңыз бар. Сондықтан жасыл экономикаға көшу тұрғысында Қазақстанның ұзақ мерзімді көзқарасқа құрылған байыпты қадамын айрықша атап өтуге болады. Қазақстанда энергияның барлық түрлерінің болғанына қарамастан, жел, су, уран және тағы басқа қуат көздері мәңгілік емес. Мұнай мен газ сарқылатын келешектегі қуат көзі туралы қазірден бастап ойлану қажет. Осы бағыттағы зерттеулер жалғасуы, кеңеюі және дамуы тиіс. Бүгінгі көрмеден мен көптеген идеяларды көрдім. Бұл идеялар жақын арада Қазақстан мен әлемнің энергиясына қомақты табыс әкелуге үлес қосады деп санаймын, – деді С.Тимашев. Ал күн энергиясын пайдалану­дың бірнеше жолы туралы айтқан әлемдік танымал сарапшы Клаус Тиссен бүгінде ғалымдар оның түрлі модульдерін, жылжымалы және жылжымайтын құрылғылары төңі­регінде ойласып жатқанын жет­кізді. – Осы елге келе жатқанымда, жасыл экономика туралы Қазақ­стан­ның ұстанымы мен менің пікірім қабысатынын алдын-ала сездім. Қазақ елі күн энергиясының қуатын өте ертеде байқаған. Тіпті, Шығыс Қазақстанда күн энергиясына арналған зауыт бар екенінен де хабардармын. Қазақстанның нағыз патриоты күн энергетикасын игерумен шұғылдану керек. Жарығы өте мол күн энергиясын не­ге пайдаланбасқа?! – деді К.Тиссен. Ғалымның айтуынша, «Өскемен ЭКСПО-2014» көрмесі қуат көздерінің көптеген түрлерін жаңғырту идеяларын көрсете білді. – Осыдан 20 жыл бұрын Мәскеу мемлекеттік университетінде Пре­зиденттеріңіз Нұрсұлтан Назар­баевтың дәрісіне қатысқан едім. Мен – аталған университеттің түлегі­мін. Сол кезде Қазақстан Пре­зи­денті алғаш рет Еура­зиялық даму жолы туралы айтты. Қазіргі кезде өз идеясын халқымен бірге іске асыруда. Аталған идея жөнінде Шарль де Голль: «Еуразиялық аймақ Лис­сабоннан Қиыр Шығыс­қа дейін созылып жатыр» деген еді. Еуразиялық тұтас­тық өте маңыз­ды бастама. Бұл идея іске асса, қазір­гідей аймақаралық қақты­ғыс­тар орын алмайды, – деді К.Тиссен. Еліміздегі «Жасыл экономика» үшін және G-GLOBAL дамы­ту коалициясы бірлестігі» қо­ғамдық ұйымының төрайымы Сал­танат Рақымбекова алдағы уақытта шығыстағы бірқатар кәсіп­орындар жасыл компаниялар тобына енетінін жеткізді. – Дәстүрлі уран реакторын алмас­тыруға арналған торий энергетикасы жобасы және басқа да жұмыстар ЭКСПО-2017 көрмесінің аса қызықты жобаларының бірі болады деп ойлаймыз. Бұл ЭКСПО-2017 көрмесіне алдын ала жасалған дайындық көрмесі деп ойлаймын, – деді ол. Торий энергетикасының артық­шылықтарына жапондық «Киото Нейтроникс» компаниясының прези­денті Такаша Камей де тоқталып, аталған элементтің қоры жөнінен Қазақстанның үшінші орынға ие болуы торий энергетикасы саласын өркендетуге негіз болатынын жеткізді. Техас университетіндегі нанотехнологиялар институтының директоры Анвар Захидов аймақ басшысының болашақтың энергиясын іздеуші жергілікті ғалымдардың барлығын түстеп танитынына ризашылық білдіріп, Техас ковбойының символы болып табылатын төсбелгі тарту етті. Отырыс соңында бірқатар мемо­рандумдарға қол қойылып, байқауға қатысушы үздік жоба авторлары марапатталды. Көрме күнінің екінші жартысында Нобель сыйлығының лауреаттары Курт Вютрих пен Святослав Тимашев, сондай-ақ шетел­дік ғалымдар, күн энергия­сын зерттеуші Клаус Тиссен, Англия­дағы Саутгемптон университетінің нанофизика және фотоника­ кафедрасының меңгерушісі Алек­сей Кавокин мен Жерорта теңізі іргелі физика институтының президенті Джузеппе Эрамо шығысқазақстандық студенттермен кездесті. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемле­кеттік техникалық университеті және Шәкәрім атындағы Семей мем­лекет­тік педагогикалық универ­ситетінің студенттерімен кездесу барысында жас­тар баламалы энергия, инновациялық техноло­гия, физика мен химияға қатысты көкейдегі сауалдарын қойды. Танымал ғалымдар жастармен ашық сұхбат барысында жетістікке жету жолындағы сырларын ақтарды. «Қазір ғылымға ағылшын тілін білу міндетті. Ғылымның тілі – ағылшын тілі» деді К.Вютрих. Ал С.Тимашев адам бойында құш­тар­лық болса, кез келген көзде­ген мақ­сатқа жетуге болатынын жет­кіз­ді. Мәртебелі меймандар кездесуден соң еліміздегі үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық бағдарлама аясында салынған фотоэлектрлі пластиналар шығаратын «Қазақстан Солар Силикон» зауытының жұ­мысымен танысты. Зауытта ғалым­дарға күн батареяларына қажетті күн сәулесін энергияға айналдыратын фотоэлектрлі ұяшықтар жасау барысы көрсетілді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН. Суреттерді түсірген Есімхан Орынбаев.