Ғылым • 07 Қараша, 2022

Оралда отырып Өфе университетінде оқиды

292 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Өфе мемлекеттік мұнай техникалық уни­верситетінің өкілдігі ашылды. Бұл еліміздегі «Үйден – шетелдік білім» қағидасын жүзеге асыру мақсатында ашылған жоба.

Оралда отырып Өфе университетінде оқиды

Осы іс-шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Өфе университетінің ректоры Олег Баулин мен проректоры Наиль Чанышев, Жәңгір хан университетінің басқарма төрағасы-ректоры Асқар Нәметов және серіктес компаниялардың басшылары қатысты.

Университет өкілдігінің тұсаукесер шарасына Баш­құрт­стан Республикасы басшысының әкім­шілік жетекшісі Максим Забелин, Ғылым, білім және мәде­ниет бойына федерация кеңесі ко­митетінің төрайымы Лилия Гумерова, Білім және ғылым минис­трінің бірінші орынбасары Ильдар Мавлетбердин онлайн түрде қосылып, қос универ­си­тет­тің арасындағы әріптестік бай­ла­ныстың кеңеюімен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін Қазақстанда шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Бүгінгі шара – осы бағытта жасалған алғашқы қадам. Бұл екі білім ордасының ғана емес, бауырлас елдердің ғылым, жоғары білім саласындағы әріптестігінің нығайғанын көрсетеді, – деді өз сөзінде қазақстандық вице-министр Қуаныш Асылханұлы.

– Біз бір жыл бұрын ғана Башқұртстан елінде болып, бірнеше бағыт бойынша ортақ келісімге келген едік. Соның бірі – жоғары білім беру саласындағы әріптестік болатын. Міне, бір жыл ішінде осындай нәтижеге қол жеткізіп отырғанымыз қуантады. Шетелдік білімді «үйде» отырып алу – өте тиімді шешім. Соның ішінде мұнай-газ секторы – маңызды сала. Бұл бастама кейіннен құзырлы министрліктің қолдауымен филиал ашуға ұласып жатса, нұр үстіне нұр болар еді, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Осы жиында Жәңгір хан университеті мен Өфе универ­си­тетінің ректорлары өкілдіктің ашылуы жөніндегі келісімге қол қойды. Бұдан кейін қонақтар ғалым­дардың өндіріске енгізуге дайын ғылыми жұмыстары қойылған «Ғылым – аймақтың эконо­микасы үшін» атты көрмемен және Erasmus+ жобасы бо­йынша «Қазақстандағы индус­триалды автоматика және робот­техника бойынша қосарлы білім беру (DIARKAZ)» жобасы аясын­да ашылған роботтехника зерт­ханасының жұмысымен танысты.

 

Батыс Қазақстан облысы