26 Мамыр, 2010

БОЛАШАҚТЫ БАСТАП БЕРГЕН БАЛА ШАҚ

1454 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін
Адамның саналы өмірінің шалқар дариясы тұнық тұмалы балалық шақтан бастау алатыны, ер жігіттің бақытының дарағы туған жерден тамыр тартатыны дүйім жұртқа белгілі ақиқат. Олай болса, тарихтың толғақты тұсында тұңғыш рет жаңа тұрпатты тәуелсіз Қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған, ерен тұлға екендігін әлемдік қоғамдастық қапысыз мойындаған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың туған жері, кіндік қаны тамған кіші Отаны – Алматы іргесіндегі Қаскелең, соған жалғас Шамалған ауылы, оның аржағындағы Үшқоңырдың тауы мен жайлауы. Қазақстанның болашақ Президентінің балалық шағы осы жерлерде өткен. Сол балалық шағында-ақ бойындағы асыл қасиеттердің алғашқы белгілері бой көрсетіп, бүр жарған. Оның  үстіне “Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары” деген толайым тағылымды да еске алайықшы. Өйткені, Президент те ең әуелі ет жүректі адам ғой. Бұл күндерде әлем таныған ұлт көшбасшысына, бүтін бір халықтың үкілеген үміті мен мақтанышына айналған аса көрнекті саясаткер һәм қайраткер тұлға да бір кездерде бала болған. Бүгінгі шырқау биікке шарықтап, Алатаудың текті мұзбалағындай самғап көтерілу, Қазақ елінің тағдыр-талайының құбыланамасы болу феноменінің сыр-себебін ең алдымен туған жерден, балалық шақтан тартып суыртпақтауымыз керек сияқты. Елдің бағын ашқан Ер тудырғаны туған топыраққа, ортасынан осындай ел бастаған кемеңгер шығарғаны туған ауылға мерей. Әрине, Нұрағаңның перзенттік сағынышының бұлжымас Қағбасындай осынау туған өңірдің қасиет қайнарлары бөлек әңгіменің өзегі. Ал туған жер, балалық шақ, бала күнгі достар әрдайым Елбасы көңілінің төрінде. Туған ауылға Нұрсұлтан Әбішұлы мүмкіндігінше ат ізін салып тұрады, бал-дәурен балалық шақтағы достарды, бірге оқыған сыныптас жора-жолдастарды ұмытпайды, достық дәнекерін үзбейді. Сондықтан да біз ел Президентінің болашағын бастап берген бала шағы туралы әңгімеге оның Шамалған ауылындағы бала күнгі досы, тоғыз жыл бірге оқыған сыныптасы Нүсіпхан Нұрмағанбетұлын, қатар өскен құралпас туыс әпкесі Шара Шегебайқызы Қатубаеваны, сондай-ақ 1958 жылы Қаскелеңдегі Абай атындағы орта мектепті бірге бітірген сыныптас достары Жомарт Исабекұлы Сексенбаев пен Сайлаубек Қасенбайұлы Қыдырәлиевті тартқан едік. Нүсіпхан НҰР­МА­ҒАНБЕТҰЛЫ, зейнеткер, Шамалған ауылы: – Өзім есімді бі­ліп, көзімді ашқан­нан ауылда алғаш та­ныған балам Нұр­сұл­тан еді. Бірінші клас­қа да бірге бардық, бірге оқыдық. Осы Шамалғанда “Кол­хоз­ная” деп аталатын бір көшенің бойында тұрдық. Әбіш аға­ның үйі, менің әкемнің Тұзақ, Жұмақан деген бауырларының үйі – бәрі қатар орналасты. Біздің үй мен ол үйдің ара­сын­да Әбет деген кісінің үйі болды. Қаза­қы ұғымға салғанда, бәріміз бір атаның ба­ласымыз. Сонда да болса Әбіш аға біз­дің шалды, менің кіші әкем Жұмақанды сондай жақсы көретін. Екеуінің көңілдері өте жақсы болды. Дос. Құрдас. Бір-бірін туған бауырдан артық сыйлайтын. Бір-бірін көрмесе, “қайда жүр?” деп сағынып іздейтін. Бастары қосылса, әңгімені соғып таңға дейін отыратын. Елуінші жылдардың басында ғой деймін, қыс айрықша қатты болып, кол­хоз­дың малы түгелдей тауда қыстап шық­ты, төменге түсірмеді. Содан Шамал­ған­дағы “Фурманов” колхозының бастығы Ивакин: “Сол жерде өзің бас-көз болып басқарғын” деп Әбіш ағаны отбасымен тауға жібереді. Есімде, Әбіш аға менің шешеме келіп: “Әй, Зағипа жеңеше, ана басқарма Федор Ивакин бізді тауға жі­бе­ріп жатыр. Мына Сұлтан мен Нүсіпхан бірге болсын”, – деді. Содан Нұрсұлтан біз­­дің үйде қалды. Екеуміз бір қыс бір үйде, бір төсекте жатып оқыдық. Мек­теп­ке бірге барамыз, бірге келеміз. Бірге ой­най­мыз, бірге сабақ қараймыз. Әйтеуір Сұл­тан екеуміздің жұбымыз жазылмай­тын. Үйде не барды бөліп жедік, бір жа­пы­рақ нан болса екеумізге бөліп береді. Шешем Зағипа колхозда сауыншы. Фер­ма­дан сүт ала келіп, екеумізге пісіріп бе­руші еді, жарықтық. Бетінің қаймағын сы­пырып, табаның түбіндегі қаспағына дейін қырып бөліп жейтін, қызығы мен мұңы аралас, қимас балалық шағымыз­дың бір үзік суреті осындай... Нұрсұлтанға рахмет, 1992 жылы апам қайтыс болғанда Сара Алпысқызы екеуі келіп көңіл айтты. Қойғанда бірге болып, топырақ салды. Ал енді Нұрсұлтан сабағын өте жақсы, кілең беспен оқыды. Өте зейінді, зерек бала болды. Мұғалімнің айтқан бір сөзін де қағас жібермей, қағып алып отыратын. Бала кезде не болмайды? Біз жүгіріп ой­нап кетеміз. Сұлтан болса, қолынан кітап түспейді, оқитыны – тек кітап. Әрқашан салмақты, байыптылы­ғынан жазбайды. Қақ-соққа кіріспейтін, өте ұстамды болатын. Бір ғажабы, бала да болса өзін үлкен кісілер қатты сыйлап тұратын. Қарасаев Жылқыбай деген бір мұғалім бол­ды. Өзі соғысқа барып келген кісі еді. Ол кісі жүргенде мектепте ұшқан шы­бын­ның ғана ызыңы естілетін. Сондай сұсты, қа­тал адам болатын. Бірде бәріміз шуыл­дап, ойнап, апыр-топыр болып сыныпқа кірдік. Сөйтсек, Нұрсұлтан жайымен ғана партада отыр. Осыны көрген Қарасаев әл­гі жерде: “Мына Нұрсұлтаннан басқа­ла­рың бәрің өгіз айдайсыңдар. Алысып-жұ­лысып, түйебас ойнап жүргендерің мы­нау!” деп ұрысты бәрімізге. Сол ұстазы­мыз сонда нағыз әулиенің сөзін айтқан екен. Нұрсұлтан өз анасын жеңеше дейтін де, әжесі Мырзабаланы апа дейтін. Нұр­сұлтанның айтуымен Әлжан апаны бүкіл ауыл жеңеше деп атап кетті. Апамдардың айт­қанынан естимін ғой, кішкентай ке­зін­де Сұлтанды анасы емізіп болғаннан кейін Мырзабала әжесі қайтадан өзі алып алатын көрінеді. Зарығып ұзақ күтіп көр­ген бала болғандықтан, көз тимесін деп, көйлегінің етегімен жауып қояды екен. Осылай ырымдап, қорғалып-қоршалып өскен досым Нұрсұлтан жасында жақсы тәр­бие де көрді. Әке-шешесінің бар тілегі әсіресе осы тұңғыштарының үстінде бол­ды. Әбіш аға балам орысша жақсы сөйлеп үйренсін деп ылғи қазақ тұратын Кол­хоз­ная көшесінен Панфилов көшесіне кө­шіп, қоныс аударды. Мұнда орысша сөй­леушілер көп. Осындағы Кесікбай деген бір жылқышы кісімен үйін айырбастады. Нұрекеңнің әуелден орысша таза сөйлеуіне осы жағдайдың, әкесінің бала болашағын бастан ойлауының да көп септігі тиді ғой деп пайымдаймын. Шамалғанда біраз ұлттардың басы қо­сылды. Чешендер, болгарлар, түріктер кел­ді. Орыстар бар. Ауылдың, көше-кө­шенің балалары кейде топтасып, бір-бірі­мен ренжісіп, шекісіп қалатын жағ­дайлар да болып тұратын. Нұрсұлтан осын­дай кез­дерде әділеттілігімен та­ныл­ды. Құрал­ыптас­тардың бәріне айтқанын тың­дататын, төбелес жағына барғызбай­тын. Екі дай топтың дұрыс-бұрысын анықтап, татулас­ты­рып отырғаны талай басымыздан өткен, болған әңгіме. Бала күнімізде талай қызықты бірге өткердік. Тау ішінің қойнау-қойнауын аралап кезіп кететінбіз. Ешкібүлдірген, қойбүлдірген теретінбіз, бұлақтардан тәтті су ішетінбіз. Біздің әкеміз Жұмақан деген кісі мал бағады. Малға барғанда атқа мі­ніп серуен құрамыз. Қызық үшін еліктің лақтарын қуалаймыз, бірақ зәбір жасамаймыз. Үшқоңырдың ол шеті мен бұл шетін Нұрсұлтан екеуміз сәйгүлікке мініп талай дүбірлеткенбіз. Нұрсұлтан мектеп бітіргеннен кейін Теміртауға кетті. Одан кейінгі жағдай­лар­ды ел біледі. Жыл сайын ауылға дем­алыс­қа келіп тұрды. Сонда бос қарап отыр­май­ды. Әкесіне болысады, ағаш жарады. Анау-мынау, үйдегі тіршілік қой енді. Бар­лық шаруаны атқарады. Сонда ағайын-туғандар осы жерде көп еді. Бәрі бір үлкен төре келгендей: “Сұлтан келіпті! Нұрсұлтан келіпті!” деп мәре-сәре боп, жас та болса жапырыла құрметтеп, үй­ле­ріне кезек-кезек шақырып қонақ қыла­тын. Таң қалатыным, сол кездің өзінде үлкен әкім келгендей сый көрсететін. Қарындағы майын ашып, қымбат қонаққа сақтағанын дастарханға төгетін. Бұрын Алматыда Орталық комитеттің хатшысы болып тұрғанда Нұрекеңе еркін кіруші едім. Қазір, енді, артық мазалауға болмайды. Тәртіп керек қой. Елбасымыз осы Шамалғандағы үйіне келіп қал­ға­нын­да өзі шақыртып алады. “Жағдайың қа­лай? Бәрі дұрыс па?” деп хал-жайымызды сұ­райды. Ал бізде басқа бұйымтай бол­май­ды. Құдайға шүкір, бұйырғанның бәрі бар. Маған Президенттің бала күнгі досы дегеннен артық бақыт болмақ емес. Жал­ғыз ғана тілек: Нұрсұлтан досым аман бол­сын, қасындағы азаматтар аман болсын! Шара ҚАТУ­БАЕВА, зейнеткер, Шамалған ауылы: – Нұрсұл­тан­ның әжесі Мыр­за­бала мен менің әжем Түңіл апа­лы-сіңлілі, ал Әбіш аға мен ме­нің әкем Шегебай туған бөлелер. Сон­дықтан да тон­ның ішкі бау­ын­дай араласты. Ал Нұрсұлтанның ше­шесі Әлжан мен менің шешем Әсет Үшқоңырда бірге өскен жақын дос, жақсы құрбылар екен. Соғыстан бұрын Әбіш ағалар Үшқоңырда болған ғой. Онда биокомбинаттың филиалы, мықты подхоз орнап тұрған. Әке-шешелеріміз туыс әрі дос бол­ға­сын Нұрсұлтанды тегі есім кірер-кірмес кіш­кентайымнан біліп, бірге өскен қыз­бын ғой. Әсет шешемнің төркіні алыста. Сонда төркіндеп кеткенде мені ылғи Әбіш ағаның үйіне табыстап қалдырады. Әлжан жеңешемнің бірдеңесі болса, Нұрсұл­тан­ды біздің үйге әкеліп тастайды. Екеуміз тай-құлындай тебісіп бірге өстік. Нұр­сұлтаннан бір жарым жас үлкендігім бар, мені әлі күнге дейін әпкем деп отырады. Үшқоңырда мектеп болмағандықтан, мен бесінші-алтыншы сыныптарды Ша­мал­ғанда, Әбіш ағалардың қолында оқы­дым. Аға-жеңгем өз қызындай мәпелеп ұстады. Әсет шешем менің 13 жасымда қайтыс боп кетті. Содан соң Әлжан жеңешем мені бауырына тартып, жаны ашып, жақсы көріп, қамқор болатын. Нұрсұлтанды үйде бәріміз Сұлтан дейміз. Сұлтан ақылды, жақсы бала бо­лып өсті. Үй ішіне де, әке-шешесіне де жай­лы. Әкесінің бір сөзін екі етпейтін. Сол үйдегі баланың үлкені болғаннан кейін қарды күреу, отынды жару, көк­темде бау-шарбақ отырғызу сияқты бар­лық жұмыстар Сұлтанның мойнында еді. Ол анау-мынау деп қиқаңдап, кейбір балаларша жұмыстан қашпайтын, сабағын да үлгеріп үздік оқитын. Әке-шешеге жа­сынан қайырымды, мейірімді болды. Артындағы екі іні, бір қарындасына да жаны ашығыш еді. Сатыбалды деген інісі еркелеу болып өсті. Сабақтан қашып ке­теді. Бір күн барса, үш күн ойнап қалып қояды. Содан бір күні мұғалімі келіп: “Мына Сатыбалды сабаққа келмей жүр” деп үстінен шағым айтыпты. Жеңгейдің ашуы келіп, баланы қолына кітап ұста­тып, сыртынан құлып салып, моншаға қамап қояды. Әнипа деген қарындасы 5-6 жаста, есі кіріп қалған ғой, бір уақытта Сұлтан бір жақтан келсе, алдынан жүгіріп шығып: “Сатыбалдыны жеңешем (анасын Нұрсұлтан атап кеткендей, балалардың бәрі жеңеше дейді) қамап қойды, мон­ша­да жылап отыр”, деп сыбыр етіп жет­кі­зеді. Содан Сұлтан ақырын жасырынып барып, терезенің әйнегін еппен алып, Са­тыбалдыны білдірмей шығарып жіберіпті. Сыртта құлып тұрғасын жеңешеміз: “Са­ты­балды моншада отыр” деп алаңсыз жүре берген. Сонан кешке асқа отыра бергенде Әбіш ағамыз: “Ау, Сашка жоқ қой. Сашка қайда?” деп Сатыбалдыны із­дей­ді. Сөйткенде жеңешем ақырын орны­нан тұрып кетіп, барып баланы шыға­райын деп құлыпты ашса, бала жоқ. Бұл кісі: “Әй, бұл қайда, мен кіргізіп едім ғой, кітабы тұр ғой. Өзі жоқ. Бұл қалай?” деп шошып қалады. Үйге қайта жүгіріп кіріп: “Ей, Сатыбалды жоқ. Қайда кетті ол?” деп ары-бері мазасызданып, дегбір-тағат таппайды. Сөйтсе Сұлтан отырып: “Е, балаң мұржадан шығып кеткен ғой”, деп мырс етіп күліпті. Кейін жеңешем айтады ғой: “Сасқанымнан жүгіріп барып мұр­жаны қараппын ғой сығалап” дейді ғой. Әбіш ағамыздың өзі момын болса да, сондай сабырлы, тереңнен ойлайтын, еңбекқор кісі еді. Еңбекқорлығы сол, нау­рыздың соңы, сәуірдің басында жеделде­тіп картобын отырғызып тастайтын. Жаз­дың ортасында оны қазып алып сатып тастайды. Орнына қайтадан картоп салып, күзде қайта қазады. Осының бәріне бел шешіп көмектесіп, басында жүретін Нұрсұлтан. Әбіш аға бригадир, ферма меңгерушісі болып, ауылдағы әр­түрлі жұмыстарды басқарып жүрді. Бол­гарлар, түріктер, чешендер жаңа көшіп келген кезінде солардың кем-кетігіне, отын-суына көмектесіп, бәрімен тіл табысып, чешенмен чешенше, орыспен орысша ұғысып, балаларымен балалары достасып кетті. Және бір ғажабы, бұл кісілердің өз­де­рі­нің осы Шамалғанда орыстардан пор­т­нойы – киім тігуші ісмері болды. Аға­мыздың досы. Оған Нұрсұлтанға, басқа ұлдарына арнайы киім, кәстөм-шалбар тіккізіп беретін. Ұлдарын сөйтіп ерекше ұстады. Содан кейін бір пимакат Иван деген досы болды. Бәріміздің аяғымызға пима бастырып беруші еді. Әнипа, жеңе­шем үшеуімізге ақ пима. Ағамыз сондай, үйдің шаруасына тастай болатын. Әбіш аға мен жеңгеміз біраз жыл бала­лары болмай жабырқап жүріп, содан құдайдың құдіретімен осы Сұлтан өзде­рі­не бір ерекше қуаныш болып келді. “Қызығымның басы, отымның алды, суым­ның тұнығы, балаларымның төре­сі...” деп Сұлтанын Әлжан апа айналып-тол­ғанатын. “Сұлтаныма келген қыздың маң­дайының ырысы бес елі” деп отыра­тын. Енді, баласының мінез-құлқын бай­қайды ғой. Шынында да Сұлтанның міне­зі қыздай еді. Мектепте оқудың озаты. Бірақ ол “мен мынандаймын” демейді. Қарапайым. Кішіпейіл. Жан-жағына мейі­рімді бала болды. Ойға алғанын істемей қоймайтын қайсар. Бала күнінен батыр еді. Мектепті бітіре сап 17 жасында сонау Украинаға тартып кетуі – о да батыр­лығы ғой. Бет-алды бала бара ма? Кейбіреу баласын жетектесе де бармас еді сол жерге. Бұл болса өзі жарып шықты. Әйтеуір әкесі малын сатып, ақшасын салып, жолына көлденең тұрмай, бара ғой деп батасын беріп, тілегін тілеп отыратын. “Әке – балаға сыншы” дегендей, осы ба­лам­нан бірдеңе шығады деп байқайды ғой. Тағы да “бала күнінен батыр еді” дей­тінім, қыс бойы аяғынан шаңғы түспей, мына Үшқоңырға шаңғымен нешеме рет шығып келетін. Назарбай атаның Жаныс­бай деген ағасы бопты. Сол кісінің баласы Мәмбетбай ата Үшқоңырда отырды ғой. Сұлтан сондағы отыз шақырымдай Үш­қарасай деген жерге шаңғымен жолсыз тура жүріп барып қайтады. “Мына таудан асып түстім” деп отырады. Содан бір күні жеңешеміз: “Өй, сен таудан түскенің қалай? Тау іші, жолсызбен жүрме. Ол Үшқоңырда қасқырдың апаны болады. Аңдаусызда түсіп кетесің. Жолсыз жермен жүргені несі?” деп шырқырады. Сонда Сұлтан: “Е, шаңғының таяғымен ұрып жықпаймын ба? Қасқырдан кім қорқа­ды?” деп күлетін де қоятын. Үшқоңырды тегі жақсы көретін. Жаз бойы жайлаудың қызығына достарын ертіп, Үшқоңырға шығып кететін. Аржағында Мәмбетбай атадан, менің әкемнен жақсы ат мініп, жайлауды аралап кетеді, “Көкпарға барып келдім, бәйгені көріп келдім” деп отыра­тын. Ол жақтағылар да: “Сұлтанымыз келді!” деп, Сұлтан десе жандарын үзеді. Жалпы, Сұлтанның өңі, мінезі, отыр­ған жерін думан қылып күлдіріп отыруы, қалжың айтып, тауып сөйлеуі мамасына тартқан. Әлжан жеңешеміз бесаспап жақ­сы кісі еді ғой. Ол кісінің қолынан бәрі келетін: іс те, сөз де. Ағайынның арасын­да қадірі тегі жақсы еді. Ол кісісіз бұл ауыл­да той өтпейтін. Өлім-жітімнің де артын күтудің бәрін сол кісі басқарып жүретін. Қыз ұзатылса, келін түссе, тізгін жеңешемізде болатын. Осындай ұйтқы­лық, көпшілдік қасиет Нұрсұлтанға анасынан дарыған. Әбіш ағаның үйі үлкен екі бөлме болды. Сұлтан екеуміз қатар сыныпта оқы­дық, сабақты бір үстел басында оты­рып дайындаймыз. Сатыбалды ініміз жармасып, менің қасымда отырады. Өйт­кені, ол да мен сияқты орыс сыныбында оқыды. Мен сабағын қарауға көмек­тесе­мін. Өзім математикаға шорқақпын. Ма­ған Сұлтан көмектеседі. Жазып беріп, кө­шіріп ал демейтін. Есепті қалай шығару­дың жолын түсіндіріп қана айтатын. Өзі қазақ сыныбының бағдарламасын місе тұтпайтын. Орыс әдебиетін орыс сыны­бының оқулығынан оқитын. Шығарма жазса бағдарлама шеңберінде қалмай, ұлғайтыңқырап жазып отыратын. Қазақ сыныбында оқыса да орыс әдебиетін орыс сыныбының дәрежесінде білетін. Пушкин, Чернышевский, Некрасов. Фадеевтің “Молодая гвардиясы”. Басқа да кітаптарды көп оқитын. “Ботагөз”, “Абай жолы”, “Робинзон Крузо”, “Гулливердің саяхаты”. Дәу-дәу кітаптарды кітапхана­дан алып оқиды. Бірнеше кітапты қатар бермесе, маған алғызады. Түнде майшам­мен оқиды. Сосын Әбіш аға үйге елден бұрын электр жарығын кіргізді. Кейін мен ертерек тұрмыс құрып, жай жұмыс істедім. Шалым екеуміз 47 жыл жақсы өмір сүрдік. Бес-алты бала өсірдік. Қазір 17 немерем, 3 шөберем бар. Нұр­сұлтан бауырыммен араласып тұрамыз. Көзінің қырын салып, қарайласып жүреді. Анда-санда ауылға келгенде: “Өздеріңді сағы­нып кеттім ғой” деп жағдайымды тәп­тіш­теп сұрайды. “Ешкімге бермей, өзің ұста” деп тағы бірдеңесін қолыма ұстатып кетеді. Бауыр ғой. “Мені сендер телеви­зор­дан күнде көресіңдер. Мен сендерді көрмеймін. Президент болсам да ет жүректі адаммын ғой, сағынамын ғой”, – деп күлетіні бар. Нұрсұлтан бауырым осы шуақ күлкі­сі­нен жазбасын. “Бірінші байлық – ден­саулық” дейді ғой, денсаулық тілеймін. Бауырым аман болсын, дені сау болсын. Жасап жатқан қыруар еңбегі алдынан шығар мол жақсылықтарға ұлассын. Елі аман болсын. Сайлаубек ҚЫ­ДЫ­РӘЛИЕВ, Қара­сай аудандық арда­гер­лер кеңесі төр­аға­сының орынбасары: – Нұрекеңмен Қас­келеңнің Абай мектебінде 10-шы сыныпта бірге оқы­дық. Бірақ біздің та­ныстығымыз одан сәл ертерек бас­та­лып еді. Тоғызын­шы­ны бітірер кезде Шамалған техни­кумында оқитын бір жолдасыма барғам. Содан би алаңында болып, танысқан қыз­дарды жатақханаға шығарып салып қайт­қанымызда алды­мыз­дан төрт-бес жігіт шыға келді. Әңгіме басталды, әне-міне шатақ шыққалы тұр. Араларында Нұрсұл­тан бар екен. Шымыр денелі, орта бой­лыдан жоғары, аққұба келген, маңдайы кереқарыс жігіт. Жолдастарының қыз­ба­лықпен бастаған сөзін басып тастады. Сондағы менің таңғалғаным: Нұрекең сол жергілікті жердің баласы, бізді танымай­ды. Сөйте тұра, жанжал іздеген жерлесте­ріне жақтаспай, жаңағы жерде істі әділ шешті. Күзде Нұрекең екеуміз Абай мекте­бінде ескі таныстарша кездестік. Әзіліміз де, ойынымыз да жарасып, араласып, мектеп бітіргенше бірге жүрдік. Оның адамды үйіріп алар тартымдылық қасиет­тері біздің мектепте тіпті ерекшеленіп көріне бастады. Сол кездің балаларының бәрінде білімге, өмірге құштарлық мол. Ал Нұрекең мүлдем ерекше еді. Ауы­лы­нан 9 жыл бойы беске оқып келген екен, мынау соңғы жыл. Мақсаты – алтын медаль алу. Сол мақсатқа жету үшін он шақты күн интернатта бізбен бірге жатқаннан кейін сабақ оқуға мүмкіндік болсын деп пәтерге шығып кетті. Бірақ күнделікті біргеміз. Бір жарым айдың ішінде Нұрекең өзінің ұйымдас­тыру­шылық қабілетімен, сабаққа деген ынтасымен, көркем әдебиетті көп оқи­тын­дығымен бәрімізді үйіріп алды. Қазан айында комсомол ұйымының жиналы­сын­да Нұрсұлтан Назарбаевты мектептің комсомол комитетінің хатшысы етіп сай­ладық. Келе сала, біржарым айда ондай құрмет тегін адамға көрсетілмейді. Нұре­кең осы аз уақытта өзінің кім екенін та­нытты. Ол кезде комсомол комитетінің хат­шысы мұғалімнен кем емес. Бүкіл тәлім-тәрбие, сабақтан тыс жұмыстар түгелдей соның мойнында. Нұрекең осы жауапты жұмысты дөңгелетіп алып кетті. Бұрын мектеп бітіруші сыныптардың мемлекеттік емтиханға дайындығы төртін­ші тоқсанда басталатын. Нұрсұлтан болса бізді екінші тоқсанның басында комсомол комитетінің отырысына жинап алып: “Қане, біз дұрыс білім алып шығамыз де­сек, емтиханға дайындықты қазірден бас­тауымыз керек”, деді. Сонымен, дайын­дықты бастадық. Нұрекеңнің ұсынысы­мен жақсы оқитындар нашар үлгеретін­дерге көмектесті. Күндіз бос сынып бол­майды. Ылғи кешкі тамақтан кейін барып дайындаламыз. Жақсы оқитын балалар дайындалып келеді де, қалғандарына тү­сіндіреді. Үшінші тоқсанда Нұрекең енді орташа оқитындарды тартып, оларға та­қы­рыптар бойынша дайындалуға тапсыр­ма беретін болды. Төртінші тоқсанда нашар оқитын балалар шама-шарқынша икемделіп қалды. Мұндай бұрын ешқа­шан болмаған. Біздің мектепте үлкен жаңалық болды. Мұғалімнің көмегінсіз, емтиханға өзіміз дайындаламыз. Бұл Нұре­кеңнің сол кездегі жаңашылдығы, жаңалыққа құштарлығы еді. Бала кезінен-ақ бар еді бойында, қазіргіше айтқанда, лидерлік. Сол кезден-ақ бір нәрсені ойлап тауып, жаңалық ашуға тырысатын. Байқайсыз ба! Сөйтіп, екі сыныптың 42 оқушысы мамырдың 25-і күні емтиханға сақадай-сай келдік. Ол кездегі дәстүр бойынша 7 қараша мен 1 мамырда аудан орталығының бас көшелерінде сап түзеп, ту ұстап, ән айтып шерулетіп жүреміз. Сол 1957 жылғы ең бірінші, 7 қарашадағы шеруде туды Нұр­сұлтан ұстады. Сонда мектепке келгеніне екі-ақ ай болған. Оқудың үздігі, оқушы­лардың көшбасшысы, комсомолдың серкесі, мұғалімдер арасында беделді. Менде сол кезден қалған ескі сурет бар еді, ауданның музейіне бердім. Музейде тұр. Нұрсұлтан ту көтеріп, шеруді бастап барады. Шеру басындағы жас Нұрсұлтан сол туды әлі де қолынан түсірмей нық ұс­тап келе жатқан жоқ па! Жұлдызды бола­шақты бастап берген қадірлі бала шақ осы емес пе! Біз мектеп бітіретін 1958 жылы Қазақ­стан Магниткасы ашылып жатты. Нұре­кең бастаған комсомол комитеті бас бо­лып мектеп бітірушілер Магниткаға бара­мыз деп үндеу тастадық. Көпшілігіміз бо­лат қорытушы боламыз деп Оралға, Свер­длов­скіге жолдамамен бардық та. Бірақ әртүрлі кедергілер кездесті. Мақсатқа жетуде болаттай берік мінез танытқан жалғыз Нұрсұлтан болды. Нұрекеңнің мектеп бітіргенде алтын медаль ала алмай қалғанына бәріміз өкіндік. Күміс медаль алды. Орыс тілінен жа­зылған диктантта бір үтір артық қойыл­ды, әлде кем қойылды деді ме, әйтеуір жоғарғы жақта, облыста бір бұрмалау­шы­лық болған сияқты. Бірақ Нұрекеңнің білімі толық алтын медальдікі болғанына әлі күнге дейін кепілдік етіп, қол қоя аламын. Мектеп бітірер шақта виньеткаға су­ретке түскенбіз. Ол сурет те тұр музейде. Виньетканы Қаскелеңде құрастыра алмай­ды екен, Алматыдан шығаратын болды. Соған Нұрсұлтан мен пионервожатый Кенжеш деген апай барды. Нұрекең сонда суреттерді орналастырған кезде үстіне мектеп директорын, одан кейін екі сы­нып­тың екі тәрбиешісін, екі сынып жетекшісін, содан кейін оқушылардың бірінші қатардағы қақ ортасына ең сүйікті ұс­тазымыз, оқу ісінің меңгерушісі әрі пар­торг Сейітхан Исаев ағайымызды қояды. Сейітхан ағаның сол жағына өзін, одан кейін мені, менен кейін қазіргі сынып­тас­тар бригадирі Едіген Жүнісбековті қойыпты. Нұрекеңмен келесі, 1959 жылдың жа­зын­да кездестім. Талғардан клуб меңгеру­шілерінің курсын бітіріп келгем. Шамал­ған техникумында оқитын Рауза деген қыз­бен үйленуге сөз байласқам. Сол қыз­ды іздеп келсем, каникулдан әлі келмеген екен, содан Нұрекеңнің үйіне түстім. Днепродзержинскіден демалысқа жақын­да келген екен, құшақтасып қауышып, Әлжан апамның қуырдағын жеп, шайын ішіп, әбден әңгімелестік. Украинадағы оқуының жайын айтып жатыр. Мені Дәу деп атайтын. Мен оны Сұлтан деймін. Содан 31 жыл өткенде, 1990 жылы Нұр­сұл­тан Әбішұлы ел тізгінін қолға алған шағында бір-ақ кездестік. Одан бергі уа­қытта Елбасы өз сыныптастарын көзінен қағыс қалдырған емес. Біз үшін ортамыз­дан осындай адамның, Қазақ елінің тұңғыш Президенті, Мемлекетіміздің басшысы шыққаны мерей, мақтаныш, бақыт. Құдай Нұрекеңе қуат берсін деп тілейміз. Алдына қойған барша мақсат­тары орындалсын. Бүкіл әлем таң қала­тын мемлекет болайық. Соған шамамыз келгенше әрқайсымыз атсалысайық. Жомарт СЕК­СЕН­БАЕВ, зейнет­кер, Қаскелең қа­ла­сы: – Марқұм болған жұбайым Қантбала Жанғабылова екеуміз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­мен бір сыныпта бір жыл оқып, 1958 жылы Қаскелеңдегі Абай мектебін бірге бітірдік. Бұған дейін ол Шамалғанда оқыған. Қазақ сыны­бының оқушылары аз болған соң оны жауып тастап, 6 бала ма екен, соларды біз­дің мектепке ауыстырды. Нұрекең ин­тернатта жатқан жоқ, мектептің жанын­дағы бір ақсақалдың үйінде пәтерде тұрып оқыды. Жаңадан келіп қосылса да ешбір тосырқамады, көпшіл мінезімен баурап, бірден ішімізге кіріп кетті. Аз уақытта қалай көшбасшымызға айналғанын өзіміз байқамай да қалдық. Жақсы көрдік. Жа­сы­ратыны жоқ, ішіміздегі ең сымбатты, көріктіміз Нұрсұлтан еді. Қыздардың бәрі оған ғашық болып жүретін. Көзі оттай жанған, бет-әлпетіне нұрлы алау тұнған осы бір бозбала жігіттің өзімізден көп-көп артықшылықтары бар екенін іштей мойындайтынбыз. Сабақты ынтасын сала жақсы оқыды. Өте еңбекқор. Қашан көрсең мектептен тыс құшақ-құшақ кітап алып оқып жүретін. Соны сабақ үстінде айтқанда мұғалімдердің өздері білмей абдырап қалатын кездері де болушы еді. Өзі ән де салатын, домбыра да тарта­тын. Әрбір мейрамды құр жібермей, ойын-сауықтардың бәрін қыздыратын да өзі. Ол кезде күйтабақ, бүгінгідей музыка жоқ. Бір ескі қос қатарлы сырнай болушы еді. Нұрсұлтан досымыз сол гармоньды құй­қылжыта тартып, ылғи соның әуен-ырғағына билейтінбіз. Сондағы біздің түбін тескенше билейтін жастық шағы­мыз­дың билері танго, вальс, фокстрот бо­латын. Осыны ұйымдастырған Нұрекеңе қыз-жігіттер рахметімізді жаудыратынбыз. Мектепті бітіре сала бірінші болып іле-шала мен үйлендім. Қантбаланы Жан­досов ауылынан Қаскелеңге сыртынан брезент жапқан грузотаксимен алып ке­ліп, енді 6 шақырым жердегі менің ауы­лым Әйтиге бүкіл кластастар жаяулап тарт­қанбыз. Тамыздың сол бір тәтті кү­нінде менің әке-шешеме келе жатқаны­мызды білдіріп, сүйінші сұраймын деп Нұрсұлтан жүгіре басып алға озған. Біз келіп жеткенде үйдің іші қуанышқа кенеліп, қойын сойып, тоқашын пісіріп, той қамына кірісіп кетіпті. Бәрі мәз. Қазақтың дәстүрімен жақсылап тұрып той өткіздік. Көкпар, бәйге, күрес. Неше түрлі ұлттық ойындар ойналды. Ойын-сауықты өткізуде тағы да Нұрекең жарқылдап көзге түсті. Біздің ауылдың үлкендері сон­да мынау бір болайын деп тұрған бала екен деп баталарын берген болатын. Мектепті бітірген соң кешегі кластас­тар арман қуып әр тарау жолға түстік. Біздің аудандық партия комитетіне үш ба­ланы комсомолдық жолдамамен Украина­ға оқуға жіберу жөнінде облыстан хат ке­ліпті. Таңдау түскендердің ішінде алдымен Нұрекең, мен және Тұрар ауылынан Ерғали деген бір бала болды. Мен үйленуіме байланысты аяғыма тұсау түсіп қалып қойдым да, екі досымыз алыстағы оқуға аттанып кетті. Днепродзержинскіде оқып жүргенінде Нұрекең екеуміз хат жазысып тұрдық. Ол хаттың аяқ жағына ылғи “Хай живе наша дружба!” деп жаза­тын. “Достығымыз жасай берсін!” дегені ғой. Өкінішке орай, ол хаттардың ешқай­сысы сақталмады. Әттең, әттең-ай дейміз. Бірақ Нұрекеңнің өзі сол бала күнгі достығымызға өмір бақи адал болып келе­ді. Бір жылдан кейін демалысқа келіп, біздің үйде қонақ болғаны бар. Алпысыншы жылдарда бір шаруамен Қарағандыға бара қалдым да, Теміртау­дағы Нұрсұлтанға соқтым. Жайраңдап қарсы алды. Қалалық партком хатшысы ғой деймін. Сара Алпысқызымен таныс­тырып, үйінде қонақ қылды. Мені Жоңқа деуші еді. “Міне, Сара, Жоңқа деген досым осы. Мен саған айтқанмын. Енді өз көзіңмен көріп тұрсың”, деп балаша қуанып, су қоймасында катермен серуен­детіп, кешке мәшинесімен әуежайға жеткіздіріп салғаны есімнен кетпейді. Содан соң Орталық партия комитетінің хатшысы болып Алматыға ауысқанында екі рет қабылдауында болдым. Онда мен Нұрекеңнің туған ауылы Шамалғанда ауылдық Кеңестің төрағасы едім. Мәде­ниет үйіміз, дүкеніміз жоқ болатын. Сол мә­селелерді халықтың атынан айтып бар­дым. Соларды тездетіп жоспарға қосуға көмектесті. Елбасы өз сыныптастарын қашан да ұмытпайды. Әркез уақыт тауып кездесіп тұрады. Арамыздан Едіген Жүнісбековті бригадир етіп сайлағанбыз. Президент сыныптасы болу үлкен жауапкершілік жүк­тейді. Барлық жерде өзімізді осы биік мәртебеге лайықты ұстауға тырысамыз. Бізге сөз келсе, ол кісіге де бір ұшы тиіп кетер деп сақтанамыз. Иә, ел Президентінің батыр жүрегі мен байыпты мінезі сонау бала шағында бүр жарып, көктеді. Бүгінгі әлем таныған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы жолының сүрлеу-соқпағы туған ауы­лында, алтын ұя мектебінде басталды. Қазіргі түркі дүниесінің көшбасшысы ең әуелі туған топырақтан тамыр тартты. Жазып алған Қорғанбек АМАНЖОЛ.