Өнер • 09 Қараша, 2022

Уитни мен Димаш

341 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан алты жыл бұрын тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша бір топ магистрант Еуропадағы бес елге сапарға шықтық. Прагадан Парижге баратын автобусқа билет алып, вокзалда екі сағат шамасында аялдадық. Әне сол сәтте мен әлемдік деңгейдегі үлкен әнші, актриса Уитни Хьюстонмен «таныстым». Оның әндері бірінен соң бірі Берлин вокзалының үлкен экранында қойылып тұрды. Тіпті соның концерті болып жатқандай жұрт зейін қоя тыңдап отыр. Аздаған мәдени-шоктарға қарамастан, біз де Хьюстон әлеміне енуге тырысып көрдік. Сөйтсек, ол биік те мәртебелі әнші екен.

Уитни мен Димаш

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Елге қайтқан соң, оның әндерін тауып, өмір­баяны­мен жақын таныстым. Ағылшын тілін­дегі әрбір музыкалық шығармасы өнер­сүйер жұрт­тың құлағының құрышын қандырып, әлдеқашан әлем сахнасын мойындатып үлгерген тұлғаны кеш те болса білгеніме қуандым. Өнерін бағала­маса, тамсанбаса, өркениетті қоғамның тыңдар­маны оған жайдан-жай «Дауыс» деген лақап ат қоймайды ғой. Оның ән таспалары күні бүгінге дейін жер жүзіндегі ең көп сатылымға ие болды. Нақтырақ айтсақ, бүкіл әлем бойынша 200 миллионнан астам үнтаспасы сатылып, рекорд жасады. Сондықтан оның өзгеше таланты мен ән сахнасындағы талғамы осы саладағы көпте­ген әншіге әсер етті. Оның тағы бір даралығы, вокалдық музыканы импровизациялаудағы күшті қуаты еді. Әлі күнге оның бұл ерекшелігін ешбір музыка майталманы қайталай алған жоқ. Хьюстон фильмге түскеннен кейін оның танымалдығы үш есе артты. Адал еңбегімен өнер саласында екі рет Эмми сыйлығын, алты мәрте Грэмми сыйлығын, он алты рет Billboard музыкалық марапатын жеңіп алды.

Оның үлкен өнерге деген талпынысы сонау бала кезінде шіркеуде ән айтып жүргенде басталған. 1981 жылы ол жасөспірім модель болып көзге түскен соң, көп өтпей оның суреті Seventeen журна­лының мұқабасына басылды, бұл тарихтағы алғашқы қара нәсілді әйелдің аталған журналдың бас бетіне шығуы еді. Әншінің тағдырын өзгерткен оқиғалар бір бұл емес, оның алғашқы екі ән альбомы Billboard 200 тізімінде бірінші орынға ие болды әрі сол орнын сақтап қалды.

Хьюстон өзінің актерлік дарынын «Оққағар» фильмімен бастады. Аталған фильм осыған дейін ең көп табыс тапқан фильмнің бірі ретінде кино тарихында алтын әріппен жазылды. Өзі рөл ойнаған фильмнің саундтрегі болған «Мен сені әрқашан сүйемін» әні жыл рекорды үшін Грэмми сыйлығын жеңіп алды.

 Әннің де естісі бар екенін бұл қоғам баяғыда-ақ сезінді, түсінді. Жылтыраққа құмар топтың тыңдайтыны сол баяғы қуатсыз, күйсіз, нәрсіз музыка. Ал Хьюстон айтқан әндердің тыңдау үшін де адамға ой көзі керек, көңілге алтын сәуле керек. Оның айтқан әндері құдды оның мәртебесі сияқты зәу биіктен түскен жоқ. Мейлі оның жүрекжарды әндерін көлікте, әсем табиғат аясында, тіпті жалғыз қалғанда тыңдасаңыз да сізге сыйлар ләззаты біреу ғана, ол – өмірге құштарлық.

Қайбір жылы Димаш көптің көңілінен орын алып, әндерін шетелдіктер құлай тың­дап жатқанда, мәртебеміз биіктеп, қуанып жүрдік. Оның өнеріне баға берген шетелдік сарап­шы­ның бірі «Димаштың дауысымен соғысты тоқта­туға болады», деді. Ән шолпандарына бұндай биік баға ешқашан айтылған жоқ, айтылса да Майкл Джексонға ғана айтылған шығар.

Димаш мейлі халық әндерін, мейлі авторлық әндерді орындасын, бәрі оның дауысымен бірге зеңгір көкке ақ қанат көгершіндей қалықтап ала жөнеледі. Затаевич кезінде «Енді он жылда қазақ әншісі патшаның алдында ән салады» дегенді текке айтпаса керек, даралық пен даналықты тау мен шың құздардан үйренген кең халықтың өнері мен мәдениеті келесі ғасырларда да өркен жаярын аңдаған да шығар. Біздің Димаш патшаның да, алпауыт елдердің президенттерінің де алдында қазақ үнін самғатты. Осындайда қазақтың «Астынан алты қырдың үні естіліп» деген керемет теңеуін ойға аласыз. Оның дауысындағы нәзіктік пен өнеріндегі тазалық оны кешегі Хьюстондар жеткен биік сахналарға жетеледі, әлі де жетелей бермек.