28 Мамыр, 2010

Өңір жаңалықтары

586 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін
ЕРТЕГІДЕ ҚОНАҚТА Кеше Өскемен қаласында Қазақстанның Азаматтық альянсының  “Бірлігіміз жарасқан” әлеуметтік шарасы одан әрі жал­ғасты. “Ертегіде қонақта” акциясы – балалар мен “Ма­тросоВо!” жастар орталығының интерактивті қолдауымен өтіп, оған қаладағы мекемелер мен ұжымдардың өкілдері қатысты. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ата-аналарының жылы алақанының табын сезіне алмай, көшелерде жүрген балалар аз емес. Өскемендегі “Уақытша шеттету орталығында балалар небары бір-екі күн болса,  бұл олардың осы жерден басқа көңіл-күймен және ой өзгерістерімен шығуына жеткілікті. Біз барлық адамдардың ізгілікке сенгенін, барлығы бірлігі жарасып, бірге бақытты өмір сүргенін қалаймыз!” – дейді акцияны ұйымдастырушылар. –“Таза, ізгілікті, ашық істердің ұрығын себу, ертегіде айтылатын құндылықтарды қайталау – бұл біздің балалар мен жастар үшін қажет деп есептеймін.  Олардың пікірлес болып өсуі бірлігіміз жарас­қан­дығының көрінісі емес пе! – дейді ШҚО Азаматтық альянсының атқарушы директоры Мүнира Абулова. Оңдасын ЕЛУБАЙ. ӨҢІРЛІК ЖОБАЛАР – ӨРКЕНДЕУ НЕГІЗІ Кеше “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин екі күндік жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына келді. Жұмыс сапарының негізгі мақсаты – өңірдің экономикалық дамуымен және индустриялық-инновациялық жобалардың жүзеге асырылуы барысымен танысу. Облыста 2010-2014 жылдардағы үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл инвестиция сомасы 113,5 млрд.теңге болатын 24 нысанды пайдалануға беру көзделуде, соның 12-сі үстіміздегі жылғы 1 шілдеге іске қосылуы тиіс. Нұрлан Нығматулин мен облыс әкімі Елеусін Сағындықов әуежайдан тікұшақпен бірден Хромтау ауданына ұшып барды. Ол мұнда инфрақұрылымы дамыған тау-кен аймағы болып табылатын өңірде орналасқан бірқатар нысандарда болды. Бірінші Көктау ауылындағы “Ақтөбе мыс компаниясы” ЖШС-іне атбасын тіреді. Астаналық қонаққа серіктестіктің карьерлеріндегі кен қоры туралы кәсіпорынның бас инженері Александр Кошик кеңірек әңгімеледі. Одан кейін ол серіктестіктің №2 байыту фабрикасының жұмысымен танысты. “Ақтөбе мыс компаниясы” ЖШС директоры Анатолий Гоготиннің айтуынша, құны 10 миллиард теңге тұратын мыс және мыс-мырыш кенін өңдейтін байыту фабрикасының екінші кезегінің құрылысы бойынша жоба 2008 жылы басталыпты. Оны іске қосу үстіміздегі жылғы маусым айына белгіленген екен. Жоба толық пайдалануға берілгенде Приморское және Весенне-Аралчинское кен орындарынан 2,5 млн.тонна мыс-мырыш кенін өңдеуге мүмкіндік туады, жылына 17 мың тонна мыс және 30 мың тонна мырыш өндіріледі. Кен Финляндияның “Оутокумпу” компаниясының өнімділі жоғары озық технологиясымен өңделеді. Өнімді Қазақ­станның ішкі рыногында, сондай-ақ, Ресейге, Қытайға және басқа шетелдерге өткізу бағдарланған. Мұнда 1300 адам жұмыс істейтін болады. Олардың орташа жалақысы 86 мың теңгені құрайды. Кәсіпорындағы жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту тәжірибесі “Нұр Отан” ХДП Төрағасы бірінші орынбасарының кө­ңі­лінен шықты. Ол сондай-ақ, “Нұрлы көш” бағдарламасы бойынша елімізге келетін қандастарымыз үшін салынатын 450 пәтерлік 120 үйден тұратын “Көктау-2” ауылының жоба-жоспарымен танысты. Биылдың өзінде мұнда 140 пәтерлі 54 үйді пайдалануға беру көзделуде екен. Басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы қатар жүргізілетінін естігенде дән риза болды. Бұдан кейін ол “Восход Ориел” ЖШС-інде болып, шахтаға түсті. “Восход” кенішінде салынып жатқан тау-кен байыту комбинатының құрылысына 168 млн. АҚШ доллары жұмсалыпты. Комбинат толық қуатында жұмыс істегенде 1300,0 мың тонна кен өңдейтін көрінеді. “Восход” кенішіндегі кен қоры 19 млн.тонна, оның құрамындағы хром 48,5 пайызды құрайды. Осы кеніштен өндірілген хром концентратының 40 пайызы Ресейдің Тихвин ферроқорытпа зауытына, Ұлыбританияға жөнелтіледі. Қалған бөлігі Қытайға экспортқа шығарылады. Кәсіпорында қуаты жылына 180,0 мың тонна жоғары көміртекті ферроқорытпа өндіретін феррорқорытпа зауытын салу жоспарлануда. Оның құны 300,0 млн.АҚШ долларын құрайды. Мұнда 153 жаңа жұмыс орны ашылады. Нұрлан Нығматулин мен Елеусін Сағындықов “СпецТрансСтрой Компаний” ЖШС құрылыс бұйымдарын шығаратын зауыттың тетігін басып, кәсіпорынды іске қосты. Бұл зауытта 2,5 түрлі құрылыс бұйымдары шығарылатын болады. Жобаға 60 миллион теңге инвестиция салынған. Осы кәсіпорынның алдында “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” марафон-эстафетасына қаты­су­шылармен бір сәт тілдесіп, бұл бастаманы еліміз бойынша алғашқы болып ақтөбелік жастар көтергеніне тоқталды. Елбасының оны қол­дап, барлық аймақтарға үлгі еткенін, барлық облыстарда жастардың еңбек вахтасын осылай ұйымдастыруға тапсырма бергенін жеткізді. Түс қайта Нұрлан Нығматулин мен Елеусін Сағындықов бастаған топ Кеңес Нокин ауылындағы көріктендіру жұмыстарымен танысты, жастар жұмыс істеп жатқан стадионды көрді. Осы жерде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат берді, сапар барысында алған әсерлерімен бөлісті. Ол өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУДІҢ ҚҰПИЯСЫ ЖоҚ Адамдардың ұзақ өмір сүруінің құпиясын зерттеуге ғұмырларын сарп етіп жүрген ғалымдар жеткілікті. Сол тоқсан түрлі зерттеу­дің тобықтай түйіні – айналып келгенде адамдардың саламатты өмір салтына барып сая береді. Сол сияқты, адам астан қуат та алатынын, шегін білмесе ауру да табатынын халық даналығы баяғыда-ақ, ғылыми-зерттеу институттарының көмегінсіз, өмірдің өзінен алып, айтып қойған. Ендеше елдің еңсесі тіктеліп, әл-ауқатымыз көтеріле бастаған тұс­та Елбасы да қазақстандық­тар­дың өмір сүру ұзақтығын 2020 жыл­ға қарай 72 жасқа жеткізуді Жол­дауда кездейсоқ көтермегені ан­ық. Мемлекеттің даму индексін анық­тайтын осы бір тетік әр адамға өз денсаулығына күтіммен қарау қағидасын да жүктейді. Түрлі дерек көздеріне сүйенсек, қазір Қазақстанда адамдардың о­р­­­таша өмір сүру ұзақтығы – 66 жас, ал Еуропадағы бұл көрсеткіш – 79 жас болса, таяу онжылдықта он­да 80-нің сеңгіріне шыққандар са­ны екі есе көбейеді деген болжам бар. Ұзақ өмір сүруден алдына жан салмай отырған елдердің бірі – Жа­пония, Күншығыс елі орта есеп­пен 82,3 жасқа дейін өмір сүреді. Ал қазақстандықтар 2015 жылға қарай өмір сүру ұзақтығын 70-ке, 2020 жылға қарай – 72 жасқа жет­кіземіз деген асыл мақсатқа қалай жақындамақ? Бұл мәселенің тағы бір қарапайым жолы – нәрлі азық­тарды тамақ мәзіріне көптеп қо­сып, дұрыс тамақтана білуді наси­хат­тау екендігін елеп, оны қолға алып жатқан ұйымдар елімізде пай­да болуда. Соның бірі – Қазақ­станның алкогольсіз сусындар мен шырындар өндірісі қауымдастығы мен спортшылардың басын бірік­тіретін “С.О.К. – Қазақстандық­тар­ды шырынмен сауықтыру” қоғам­дық қозғалысы. Елдің басынан өткен экономи­каның қиын кезеңдерінде халыққа ең қажетті деген тамақ өнімдері ас мәзірінен түсіп қалып, дәрумен­дер­ді, дәрі-дәрмектерді үнемдеуге тура келгенімізді қайта-қайта еске сала берудің жөні жоқ болса да, мұның бәрі тұрғындардың денсаулығынан кері көрініс тапты. Canadean халықаралық сарапта­малық компаниясы 2009 жылы Қа­зақстанда жылына жан басына шаққанда шамамен 13 литр шырын ішеді, бұл көрсеткіш 2008 жылға қарағанда 10 пайыз төмен деген мәлімет берген болатын. Әрине, бұл көрсеткіштің өзін де адамдар­­д­ың әлеуметтік жағдайына қарап тағы да жіктеу керек. Осы компа­ния Канадада бұл көрсеткіш жы­лы­на – 48 литрді, Германияда – 39 литрді құрайтынын алға тартады. – Маркетингтік компаниялар­дың зерттеулері бүкіл әлемнің адам­дары денсаулыққа пайдалы та­ғам­дарға қызығушылық таныта бас­тағанын көрсетіп отыр. Қазақ­стан Үкіметі де осы мәселеге көңіл бөле бастады. Қазіргі таңда шырын өндірісі әбден дамыған, АС Nіelsen зерттеу компаниясының мәліметі бойынша, шырын өндірісі халыққа қажетті нектар мен шырынды 80 пайызға қамтамасыз етіп отыр, – дейді Қазақстанның алкогольсіз су­сындар мен шырын өндірісі қауым­дастығының атқарушы директоры Әлия Әбдірахметова. Осы іске ат салысып отырған Қа­зақстан нутрициологтары қауым­дастығы да дәрумендер мен микро­элементтердің қайнар көзі ретінде жеміс және көкөніс шырындары күн­делікті нәрлі тағамның ажыра­мас бөлшегіне айналуы тиіс екен­дігін, күніне 250 мл шырын адам­ның бір күндік қажеттілігін өтей­тін­дігін айтып келеді. Диетологтардың міндеті дұрыс тағамдана білуді насихаттау болса, қарапайым халық та шырынның адамға қуат, ағзаға нәр беретінін бі­леді. Бірақ, күн сайын бала-ша­ға­сына табиғи шырын сығып беруге тұрғындардың бәрінің бірдей қал­тасы көтере бермейтінін де ұмыт­пау керек. – Тұтынушыға қазіргі шағын бюджет жағдайында нәрлі тағам­дар­­ды пайдалану үшін дұрыс бағдар керек. Дәрумендер қажет. Күн­де­лікті қолдан сығылған шырынды пай­далану қиын әрі қымбатқа тү­седі. Мұндайда арнайы қораптарға құйылып сатылатын шырындар ас мәзірінің қатарында болу керек, –деп ақыл қосады Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті Игорь Цой. – Қазақ тағамтану академиясы да үнемі зерттеулер жүргізіп, су­сын­дардың сапасын анықтаумен ке­леді. Отандық өндірушілердің өнім­дері бізге белгілі. Қазақстанда шығарылатын шырындар барлық сапа талаптарына сай деп сеніммен айтуға болады. Ал шетелдік өнім­дер­дің бәрін бірдей зерттеп отыру мүм­кін емес, – дейді ол. Жалпы елімізде шырын өндірі­сінің туған күні 1996 жыл деп білу керек. Дәл осы жылы қазіргі қо­раптағы шырындарды шығару ісі жол­ға қойылып, отандық өндіру­ші­лер озық технологияларды қолда­ныс­қа кіргізді. Алдыңғы қатардағы өндірушілер табиғи шикізаттан өндірілетін, яғни қайта қалпына келтірілген шырындарды қатаң сапа талаптарына сай, қораптарға құй­ып сатуды қолға алды. Жоға­рыдағы Canadean компаниясы елі­міздегі шырындардың 84 пайызы қағаз қораптармен шығарылып жатқандығын айтады. Зерттеулер картон қораптардағы шырынның пайдалы қасиеттері, сондай-ақ дәмі мен түсі тиістісінше сақталынатынын көрсетіп отыр. Бұл асептикалық қосындыдағы же­тілген технологияны пайдаланудың арқасында қол жеткізілген табыс, ол әдіс консерванттардың көме­гін­сіз дәрумендер мен минералдарды ұзақ сақтауға септігін тигізеді. Қо­раптың фольга қабаты шырынды күн сәулесі мен ультракүлгін сәу­лелерден сақтайды. Мұның бәрі қарапайым халық­тың қаперінде жүруге тиіс жәйт­тер екендігі “С.О.К. – Қа­зақстан­дық­тар­ды шырынмен сауықтыру” қо­ғам­дық қозғалысының алғаш­қы бас­пасөз мәслихатында ма­ман­дар та­­рапынан егжей-тег­жей­лі айтыл­ды. Аталмыш қоғамдық қозғалыс үстіміздегі жылы табиғи шырын­­дарды тұтынуды, елдің ішінде нәрлі тағамдарды дәріптейтін бірқатар іс-шараларды қолға алып отыр. Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ. МЕМЛЕКЕТ ПЕН ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ 26 мамыр күні “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ (ҚМГ БӨ) “РД OPEN” деп аталған елеулі шара өткізді. Бүгінгі таңда акцияларының шамамен үштен бірі Лондон қор биржасында еркін айналымда жүрген осы компания тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де жақсы танымал. Бір күнге созылған осы шара барысында компанияның бас директоры мен жоғары дәрежелі менеджерлерінің бір тобы журналистермен ашық әңгіме жүргізіп, олардың қойған сауалдарына жауап берді. “ҚазМұнайГаз” Ұлттық компа­ния­сының мұнай өндіру жобалары жөніндегі бас менеджері Сейсен­ғали Өтеғалиев бүгінгі таңда ҚМГ БӨ акцияларының шамамен 63 пайызы мемлекет бақылауында екенін атап өтті. Бұл өте өзекті мә­селе. Себебі, жұртшылық ара­сын­да “мемлекет өз активтерін ба­қылай алмай отыр” деген жаңсақ пікірлер айтылып жүр. Ашық есік күні шақырылған журналистердің үлкен бір тобы компанияның өкілдері берген ақпаратпен таныса отырып, шын мәнісінде ондай келеңсіздіктің орын алмағанына көз жеткізді. Бұны мемлекеттің мұнай-газ саласындағы тұғыры нығайып, ұлттық компания арқы­лы әсер ету тетігінің күшейе түс­кендігінің айғағы деп те бағалауға болады. Осы уақытта “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ Қазақстанда мұнай өндіру көлемі жағынан екінші орынға шығып отыр. Ал екі биржаға, яғни қазақстандық және лондондық қор биржаларына өз акцияларын шығарғаннан кейін компанияның жалпы мұнай қоры 31 пайызға өсіп, мұнай өндірудің жалпы көлемі шамамен 50 пай­ызға артқан. Компания жүргізіп отырған жұмыстардың нәтижелілігін мем­ле­кетке тиесілі акциялар пакетінің құны екі есеге артқанынан да бай­қауға болады. Мәселен, 2006 жылы мемлекетімізге қарасты акциялар пакеті 481 млрд. теңгені құраса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 823 млрд. теңгеге жеткен екен. Бір атап өтерлігі, компания өзінің өндіретін мұнайының 21 пайызын ішкі нарықта сатады, қалған бөлігін экспортқа шығара­ды. Бұл ретте журналистер компа­ния мамандарының өндіру, сату көлемі бойынша берген нақты мәліметтеріне сүйене отырып, “ҚМГ” БӨ” компаниясының ішкі нарыққа сатумен салыстырғанда сыртқы нарықта шамамен 3 есе артық пайда көретінін есептеп шығарды. Соған қарамастан ҚМГ БӨ өз мұнайының елеулі бөлігін ішкі нарыққа бағыттап отыр. Мұны коммерциялық пайда табу мен мемлекет мүддесі арасындағы теңгермелікті сақтау бағытындағы компанияның ұстанатын саясаты деп те айтуға болады. Яғни, бұл екі жаққа да тиімді тәсіл болып тұр. Сонымен қатар, бұл тек экспортпен ғана шектелмейтін үрдіс. Аталған кездесу барысында журналистер осы күндері қоғамда және Парламентте зор қызы­ғушылық тудырып, біраз әңгімеге азық болған бірқатар мәселелерді сараптап, зерделеді. Мұнай өнді­руші компаниялар бюджетінің кі­ріс-шығыс бөліктері қалай қалып­тасатынын зерттеп, мұнай барре­лінің шынайы құнын есептеп шы­ғаруға мүмкіндік алды. Мәселен, 2009 жылы компания 485,5 млрд. теңге көлемінде табыс тапса, оның 330 млрд. теңгесі түрлі опера­циялық шығындарға (оның 118 млрд. теңгесі операциялық салық­қа кеткен шығыс, 76 млрд. теңгесі табысқа салынатын салық ретінде төленді) жұмсалған. Компания мамандарының сөзіне қарағанда, бүгінде өндірілген мұнайдың бір барреліне кететін түрлі шығындар көлемі 34 долларды құрайды екен. “ҚазМұнайГаз” Барлау Өн­діру” АҚ бас директоры Кенжебек Ибрашев өз сөзінде компания жұ­мысының мемлекетке әкеліп от­ыр­ған пайдасы жөнінде айрықша тоқталып өтті. Бұл – нарықтық жағдайда мұнай-газ активтерін өз қолында шоғырландыру арқылы мемлекеттің мұнай-газ саласына тікелей қатысу аясын кеңейту, елдің инвестициялық тартым­ды­лығын арттыру, қазақстандық қор нарығын дамыту, ұлттық эко­но­миканың бәсекеге қабілеттілігін халықаралық деңгейге көтеру секілді игіліктер. Қазіргі таңда “ҚазМұнайГаз” Барлау Өндіру” АҚ еліміздің ең ірі салық төлеушілерінің бірі болып табылатынын мақтан тұтады. 2008 жылы осы компанияның төлеген салығы Қазақстанның Ұлттық қорына түскен кірістердің 12 пайызын құрады. Ал 2009 жылы Ұлттық қорға, республикалық және жергілікті бюджеттерге компания қоржынынан 213 млрд. теңгеге жуық қаржы құйылған. Бұл ретте компания мұнай-газ активтерін өз қолында шоғыр­лан­дыру арқылы өзінің өсіп-өркендеу стратегиясын сәтті орындап келе­ді. Бұл мемлекет мүддесіне де сай келеді. Өйткені жұмысы халық­аралық стандарттарға негізделген, беделі жоғары компания арқылы мемлекет те мұнай-газ саласы жо­баларындағы өз үлесін айтарлық­тай көбейтуге мүмкіндік алып отыр. “ҚМГ” БӨ соңғы уақытта са­тып алған активтер қатарында “ҚазГерМұнай” мен “Қара­жан­басмұнай” компанияларындағы 50 пайыздық үлестер, “ПетроҚа­зақстан” компаниясындағы 33 пайыздық үлес бар. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл сауда-саттықтар ҚМГ БӨ мен ҚМГ ҰҚ компанияларында мақұлданудың күрделі сергелдеңінен өткендіктен, екі компанияның да мүддесіне толықтай сай келеді. ҚМГ БӨ мамандары “компа­ния активтерді шоғырландыру және сатып алу бағытындағы өз жұмыстарын әлі де жүргізе береді, алайда Қазақстанның өз­інде мұндай мүмкіндіктер шек­теулі” деген ойларын жеткізді. Осы орайда, компания басшы­лы­ғы өз алдына дамудың жаңа ба­ғыттарын белгілепті. Бұл бағытта Каспий қайраңы маңындағы жо­баларға қатысу, сондай-ақ, жа­қын және алыс шетел нары­ғына кіру секілді жоспарлар жүзеге асырылмақ. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. МЕКТЕПТЕГІ МҰРАЖАЙ ЖӘДІГЕРЛЕРІ СОҒЫС ЖӘНЕ ЕҢБЕК АРДАГЕРІ, ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДЫҢ ЕРЛІГІ МЕН ЗАМАНДАСТАРЫНЫҢ ӨНЕГЕЛІ ІСТЕРІ ЖАЙЫНДА СЫР ШЕРТЕДІ Майтөбенің етегіндегі Қызыл­­әскер ауылының іргетасы 1920 жылы қаланыпты. Майтөбенің етегіндегі табиғаты тамаша аймаққа сол жылдары қызыл әскерлер келіп, дайындықтан өткендіктен, көпшілік кейіннен ауылды осылай атапты. Көкбастаудың басындағы ескі мешіттің орнында бастауыш мектеп 1934 жылы ашылса, 1937 жылдан мектеп меңгерушісі Әбдіразақ Мә­миев, ал алғашқы ұстаз, оның зайы­бы Тұрар болғанын аға буын өкіл­дері әлі күнге жаңылмай айтады. Содан бергі кезеңде қаншама жылдар өтті. Халықта “Екі адамның жақсылығы мәңгі жалғасады” деген қанатты сөз бар. Оның алғашқысы бар саналы ғұмырын балаға білім беруге арнаған ұстаз да, екіншісі жақсы ұрпақ тәрбиелеген ата-ана десек, ерлі-зайыпты жандар осы екеуіне де лайық. Ұстаз бен ата-ана еңбегінің қаншалықты жауапкершілікті екені осыдан-ақ аңғарылады. Ұядай ауылдағы үлкен-кішінің ілтипатына бөленіп, соңына жақсы іс қалды­рып, жақсы ұл-қыз өсірген Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз, марқұм Әбдіразақ Мәмиевтің осы еңбегі ерекше бағаланып, жұ­пыны үйдің орнына жаңа ғимарат салынып, мектепке 2004 жылы ардагердің есімі берілгенін алыс-жақыннан келгендер қуанышпен қабылдаған еді. Ұлы Отан соғысының 65 жыл­дығына орай Брест қамалында 1941 жылы басқыншы жаумен айқасқа қатысқан жауынгердің ерлігі ерекше бағаланды. Мектепте арнайы мұ­ражай ашылып, ғұмыры мен қыз­метіне жоғары баға берілді. Оның соғыста көрсеткен ерлігі “Қызыл Жұлдыз” орденімен және бірнеше медальдармен атап өтіліпті. Ел басына күн туған сұрапыл шайқаста ол бірнеше мәрте жараланып, 1946 жылы соғыстың өтеуіне бір аяғын беріп, елге оралады. Соғыстан кейін де жүрек түпкірінде жатқан асыл арманы мектепке қайта оралтып, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруін жалғастырған жанның еңбегі өлшеусіз екені анық. Тау қойнауындағы шағын ауылдағы мектеп жұмысын жан­дандыруға, білім сапасын көтеруге басшы ретінде аянбай тер төгеді. Елім деп еміренген атпал азаматтың алдынан қаншама шәкірт білім алды десеңізші. Мектептегі мұражай “Қобыз сарыны” тақырыбымен басталып, жыр сүлейлері Сүйінбай мен Жам­был, Түктібай әулие-абыздардың, осы киелі мекеннен шыққан қа­ламгерлердің суреттері қойылып, жаңа баспадан шыққан шығарма­лары орналастырылыпты. “Өткеннің бәрі қарт тарих” деген бөлімде Қызыләскер елді мекенінің іргетасын қалап, оның өркендеуіне қажыр-қайратын жұмсаған ардагерлердің суреттері мен өмір деректері тізілген. Олардың қатарында Әбдіразақ аға мен зайыбы Тұрар апа, Жаңғұтты Еділов, Мұхаметжан Жаншуақов, Әбсемет Бұлғақов, тағы басқалар орын алса, “Отан үшін от кештік, мұз құрсанып” бөлімінен осы киелі мекеннен соғысқа аттанған Әбжа­пар Мәмиев, Төлеш Смағұлов, Төлеген Жарқынбеков, Құрманқұл Сейдақұлов, Нұрділдә Оспанов бастаған 40-тан астам азаматтардың дерек-дәйектеріне қанығасыз. Мұражайдағы құндылықтарды тамашалаған сайын сол бір отты жылдар еске түседі. “Брест қама­лындағы қантөгістен көрініс” деген бейнелі суреттен қаланы қорғаудағы кеңес жауынгерлерінің жанкеш­ті­ліктері нанымды бейнеленіпті. Жаумен бетпе-бет шайқас, қаптаған жау танкілеріне кеудесін тосқан жауынгерлердің қайсарлығы мен батырлығы нанымды. Міне, осы жерде қызыләскерлік Әбдіразақ Мәмиев те кеудесін оққа тосып, жаумен шайқасқанын бүгінгі ұрпақ – шәкірттер әрдайым мақтаныш­пен еске алады. Ұстаздар “Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран” тақы­ры­бындағы сыныптан тыс сабақтар осы мұражай мұрағаттары арқылы өрбитінін де айтады. Осы тұста жауынгер Әбдіразақ Мәмиевтің әскери гимнастеркасы, бас киімі, етігі, белдігі, қол сағаты, құжаттары, еңбек кітапшасы, тағы басқа да марапаттары орналастырылған. Мұражайдың ашылуына Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев арнайы келіп, саналы ғұмырын балалардың өмірден өз орнын табуы мен жан-жақты бі­лі­міне арнаған, атақты Брест қорғаны үшін болған шайқаста батырлы­ғы­мен танылған жауынгерге арналған мұражайға Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қыз­мет­ке­рі атағы мен төсбелгісі тапсырыл­ғанын ұжым ерекше ілтипатпен қабылдапты. “Еңбек ардагерлері мен ақжаулықты аналар” қабыр­ға­лықтарында ауылдағы айтулы аза­маттардың суреттері орналас­ты­рылып, өткен мен бүгінгінің арасын жалғағандығымен құнды. Әбдіразақ Мәмиев атындағы мек­теп директоры Марат Сей­де­құлов іскер басшы әрі ақын. Қа­зіргі кезде ұжым жас ұрпақтың тия­нақты білім алуы жолында жұмыла еңбек етуде. Ұстаздар Фарида Бо­ранбаева, Әділет Айсаева, Құралай Әлімова, Бекболат Тілеухан, тағы басқалары шәкірт жүрегіне жол тауып, білім сапасының бүгінгі за­манның талабына сай болуы үшін шығар­машылықпен еңбек етіп келеді. Жақсының аты өшпейді деген. Үкіметтің арнайы қаулысымен бой көтерген мектеп оқушы қатарының толығуына байланысты кеңейтіліпті. Аулада бүлдіршіндердің саламатты өмір салтын қалыптастыруына на­зар аударылып, арнайы спорт алаңы жабдықталған. Біз келгенде мұн­да спорттың түр-түрімен айна­лысқан оқушылардың сергек сәтіне куә бол­дық. Бүгінде мектептің матери­ал­дық-техникалық жағдайын жақ­сартуға көңіл бөлініп, компьютер сыныбы жабдықталса, басқа да көрнекі­ліктермен толықтырылғанын көресіз. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. ІС ПЕН НӘТИЖЕ БІРЛІГІ Зеленов ауданының Дариян ауылында үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы өткізілді. Онда қаралған басты мәселе – облыс аумағында құқық бұзушылықты болдырмау және қылмыстың алдын алу жөніндегі 2009-2011 жылдарға арналған аумақтық бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде атқарылған жұмыстарды талдау. Сондай-ақ кеңесте құқық бұзушылықпен күресте Зеленов ауданында жинақталған оң тәжірибелер сарапқа салынды. Жергілікті тұрғындардың ты­ныш­тығын сақтау мен тәртіп бұ­зушылықтың алдын алуда мұнда атқарылған жұмыстар аз емес. Мектептегі жас инспекторлар то­бының қызметі және ауданның ішкі істер бөлімінің тынысымен танысқан әрі аудан әкімі Ғайса Қапақов пен ауыл әкімдерінің ба­ян­дауларын тыңдаған кеңес мү­шелері зеленовтықтардың жұмыс істеу тәсілі мен нәтижесін барлық ауданға тарату туралы шешім алды. Қаламен шектесіп жатқан Зеленов ауданы қалаға жақын орналасқан, халқы жиі орналасқан аймақ. Осыдан бірнеше жыл бұ­рын бұл аудан тұрғындары ара­сын­дағы құқық бұзушылық көрі­ніс­тері туралы мәселе де күн тәр­тібінен түспейтін. Ауданға Ғайса Қапақов әкім болып келгелі жағ­дай біртіндеп түзеле бастады. Көш­пелі отырыс соңында Зеленов ауданының атқарушы және уәкі­лет­ті органдарының қоғамдық бір­лес­тіктермен біріге отырып, қыл­мыстың алдын алуда тұрғындар арасында нәтижелі байланыс жүргізудегі іс-тәжірибелерін облыс көлеміне таратуға шешім алынуы­ның өзі көп нәрсені аңғартса ке­рек. Кеңес барысында “Облыста 2009-2011 жылдарға арналған қылмыстарға қарсы күрес және құқық бұзушылықтың алдын алу аумақтық бағдарламасының” бір жылының қорытындысын талқы­ла­ған кезде де бұл ауданның қыл­мысты құрықтаудағы қомақты істері арнайы аталып өтілді. Атап айтқанда, аудан әкімі жа­нындағы депутаттар, “Нұр Отан” ХДП аудандық филиалы, ІІБ өкіл­дері, ҮЕҰ жетекшілерінен құ­рал­ған үйлестіру кеңесі нақты істер­мен ай­на­лысуда. Ауданның барлық ауыл ок­­ругінде ауыл әкімі, ақса­қал­дар және әйелдер кеңесі, учас­келік инс­пек­торлар біріге отырып, әрбір он күн сайын аудан басшы­лары және тұр­ғындар алдында есеп беріп отырады. Осы аралықта олар ауылдас­тарымен сан қайтара кездесіп, олар­­дың тыныс-тіршілігімен та­нысады. Есепте тұрғандармен, бе­ре­кесіз отбасы иелерімен, еңбек­пен түзету орындарынан оралған­дармен әңгіме өткізіп, оларды үне­мі назарда ұстайды. Соның нә­ти­жесінде аса ауыр қылмыстар жасау төмендеген. Өзгенің мүлкін ұрлау 39 пайызға, кісі өлтіру – 100, қарақшылық шабуыл 35 пайызға азайған. Дегенмен, ауданда болатын қыл­мыстың төрттен үш бөлігі Дариян, Переметный, Мичурин, Көшім ауылдарында жасалатыны ол жер­лер­ге әлі де бақылауды кү­шейтуі қа­жеттілігі байқалып отыр. Бұл мақ­сатта ішкі істер қызмет­­керлерінің тұрақты, тиімді жұмыс істеуі үшін жағдай жасау жолға қойыла бастаған. Оларға қызметтік үйлер берілуде. Жыл аяғына дейін барлық тәртіп сақшылар үймен түгелдей қамтамасыз етілетін болады. Оған қоса ауданда 300 адам ерікті түрдегі тыныштық сақшылары құрамында. 41 мектепте “Жас инспек­тор­лар” тобы құрылған. Саламатты өмір салтын насихаттау бригада­ла­ры ұйымдастырылған. Мектептер­де спорттық шаралар жиі ұйым­дас­тырылып, балалардың бос уақы­тын тиімді өткізу мақсатында туризм және экология орталығы, спорт, екі музыка мектебі жұмыс істейді. Оларда 30 мыңнан астам кәмелетке толмағандар қамтылса, алты мыңнан астам бала әртүрлі секцияға қатысады. 35 футбол ко­мандасы бар. Гүл өсіретін, өз ауы­лының тарихын зерттеу топтары құрылған. Барлық ауыл округінде “Полицияның жас көмекшілері” отряды жұмыс істейді. Олар сол ауылдағы тәртіп сақшылары, ақса­қалдар, әйелдер кеңесіне үлкен қолғабыс беруде. Аудан Ресеймен шекаралас орналасқан. Соған орай алты ай сайын ресейлік көршілермен бірлескен кездесулер өткізіледі. Мұндай шаралар мал ұрлығын ашуға, қылмыскерлердің өзге елде жасырынып жүруіне жол бермеуге септігін тигізуде. Ғайса Қапа­қовтың ауданда болып тұратын мал ұрлығына қатысты “90 мың теңге жалақы береміз десек те, мал бағуға адам таба алмай отырмыз” дегені ата кәсіптің соншалықты қиындап кеткені ме, әлде халық­тың тоқтығынан ба деген де ойға қаласың. Қараусыз қалған жекенің малына көз қызықтырып, малды шекара асырып жіберудің бір себебі осында жатса керек. Сон­дықтан құқық қорғау сақшылары мен аудан, ауыл әкімдеріне тұр­ғын­дар арасында кездесетін жатыпішер­лердің азайып, қоғамдық тәр­тіппен айналысуы үшін көп күш жұм­сауына тура келеді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, ондайлардың қатары жылдан-жылға азайып келе жатқаны сол жүргізілген жұмыс­тың нәтижелі екенін көрсетсе керек. Кеңесті қорытындылаған Ба­тыс Қа­зақстан облысының про­ку­роры Жақ­сылық Байтұқбаев зе­ле­нов­­тық­тардың оны ұйымдастыруға жан-жақты көңіл бөлгенін айтты. “Кейде осындай кездесулерде зал­ға ішкі істер қызметкерлерін тол­тырып отырғызып қояды. Ал бүгін олардан гөрі қара­пайым халық көп болды. Кез келген ауыл әкімінің өз қыз­ме­тіне мұқият қарайтыны аңғарылып тұр. Жер­гі­лікті халық пен биліктің ара­сындағы байла­ныс­тың нәтижесі бірден байқа­лады” деп түйін жасады ол. Тәрбие СМАҒҰЛОВА, журналист, Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы,  Зеленов ауданы. ТУҒАН ЖЕР ТАРИХЫНЫҢ ШЕЖІРЕСІ Өскемен қаласында “Шығыс полиграф” баспа­сынан Мәкен Мешелованың “Қарт Алтай аясында Ару Марқа” атты кітабы жарық көрді. Бұл кітапта Марқа өңірінде 1930-1957 жылдары “Мар­қа алтын өндірісінде” еңбек еткен алғашқы жұ­мысшылар, Ұлы Отан соғысына қатысқан жауын­­гер­лер және осы өңір азаматтарының өмірі қамтылған. “Қазақ шежірелері” тарихына тоқталып, “Найман мемлекеті”, “Түркі қағанаты” кездері де сөз болады. Ардақты азаматтарды ел есінде қалдыруды мақсат еттік, – дейді автор. Кітап авторы М.Мешелова осы өңірде дүниеге келген. Мамандығы – педагог. “Құрмет Белгісі” орденімен марапатталған. 7 бала, 14 немере өсірген ардақты ана. “Қарт Алтай аясында Ару Марқа” кітабының тұ­сау­кесері  Алматы қаласында 2010 ж. 30 мамырда болады. Фарида ОМАРОВА. ЖАС МАМАНДАР ЖӘРМЕҢКЕСІ Осыдан он жылдан астам бұрын Семейдегі бірқатар инс­титуттардың басы бірік­ті­ріліп, ірілендірілген уни­вер­ситетке айналдырылған еді. Дала данышпаны атанған Шәкәрім есімін иеленген сол жоғары оқу орнында бүгінде болашақ ауыл шаруашылығы ма­мандары мен инженерлер, экономистер мен гума­ни­тар­лық мамандық иелері оқып, білім алуда. Бір абзалы, аталған оқу ор­ны өз түлектерінің бола­ша­ғынан сырт қалып отыр­ған жоқ. Со­ның айғағындай, мұн­да соң­ғы жылдары жас ма­мандар жәр­меңкесі тұ­рақты түрде өткізіліп келеді. “Жыл тү­легі” жәр­мең­кесін өткізбес бұрын уни­вер­си­тет сайтында олар туралы маз­мұнды анық­тама жария­ланды. Оның ішін­де оқу үздіктерінің есімдері бөлек көрсетілді. Бұдан кейін еліміздің ірге­лі кәсіпорындары мен компа­ния­ларына, серік­тес­тіктеріне атал­ған жәрмеңкеге қатысу жөнінде екі жүзден астам шақыру қа­ғаз­дары жіберілді. Соның ішінен түрлі ұйым­дардан жәр­меңкеге 54 өкіл келіп қатысты. Сөйтіп, жәрмеңкеге қа­ты­су­шылар елуге жуық ма­ман­дық иелерін таңдау құқығын ие­ленді. Соның нәтижесінде биылғы тү­лектердің елу па­йыздан ас­та­мы жұмыспен қамтамасыз етілді. Оның ішінде ауылды түлетемін деп отыр­ғандар да баршылық. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, СЕМЕЙ. ТАБИҒАТ ЖАНАШЫРЛАРЫ-РЕГАТАШЫЛАР МӘРЕГЕ ЖАҚЫНДАДЫ Қапшағай су қоймасынан бас­тал­ған “Іле-Балқаш” регатасына қа­ты­сушы табиғат жанашырлары мамыр айының басындағы бәсе­келерін аяқтауға жақындады. Олар ескекті қайықпен, бай­дар­калармен, ката­ма­ран, сал және желкенді қайықпен су бетіндегі тартысты сапарларын жалғастырып, жази­ралы Жаркент өңі­ріне аялдап, жұртшылықпен кездесті. Көктал және Айдарлы ауылдық округтерінің қонақжай тұрғындары спортшыларды жылы шыраймен қарсы алды. “Табиғат” эколо­гия­лық одағының мүшелері жарыстың мән-маңызы жайлы әңгімеледі. Мәселен, Балқаш көлінің эколо­гиялық ма­ңы­зы­на байланысты алғашқы халықаралық форум бұдан 10 жыл бұрын өткізіліп, ондағы Іле-Балқаш су бассейнінің дағда­рысын айқындаған қозғалыстың жұмысы қоғамдық ұйымдарға ой салуымен басталған екен. Содан бергі кезеңде Балқаш көлі суының 80 пайызы Іле өзенінен құйылатындығы анық­та­лыпты. Жа­рыс­тың мақсаты көл деңгейінің мо­лығуын тұрақты ұстауға бағытталса, су спорты жарысына биылғы жылы 80-нен аса команда қатысуға тілек біл­дірген. Іріктеу нәтижесінде бәсеке талаптарына төтеп беретін 45 команда жүлделі орындарға ұсынылған. Бір айта кететіні, қарасайлық сал-қайықшылар мен Алматы және Талғар қаласы, Балқаш ауданының командалары регата талаптары тұр­ғы­сынан көрініп, алдыңғы қатарлардан орын алуымен ерекшеленген. Қоғамдық қозғалыстың жан­аш­ырлары Іле өзенінің ел шекарасы бас­талатын Добын айлағынан кезекті жарысын бастап, сал-қайықтарын қайтадан суға салды. Сөйтіп, олар 30 мамыр күні жарыс басталған Қап­шағай қаласында қорытындылатын мәреге жол тартты. Су бетіндегі тол­қынмен тер­белген қайық­шы­лардың туған та­биғатқа деген ынта-ы­қыластары ерекше. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы