29 Мамыр, 2014

Мақсат – ілкімділікпен ілгері басу

272 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
22 002-1 Экономиканың қай саласы болса да жеке-дара дамымайды. Нақтырақ айтсақ, әрқайсысы оқшауланып дами алмайды. Ауыл шаруашылығы өндіріспен тамырласа үйлескенде ғана экономика, ол арқылы әлеуметтік сала дамудың даңғыл жолына түседі. Қостанай облысының бұрыннан алтын астығымен даңқы шыққан еді. Егін шаруашылығы жаңа технологиялармен, озық тәжірибелермен байи түсіп, бұл өңір еліміздің астық державасына айналды. Қазір Қостанай Қазақстандағы барлық астықтың төрттен бірін береді. Сыртқа сатқан ұнның да төрттен бірі Қостанайдағы ұқсату кәсіпорындарына тиесілі. Мұнымен құнарлы өлке тек ауыл шаруашылығымен шектеліп қалған жоқ. Жаңа ғасырдың басында Қостанай экономикасы жаңа леппен дамыды. Кеңес одағы дәуірінде аяқталмай қалған дизельді қозғалтқыштар зауытының қаңқасы қазір «АгромашХолдинг» алып кәсіпорнына айналды. Нақ осы «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамында жүргізіліп жатқан жұмыстар Қостанайды тек астықты, кенді өлке ғана емес, еліміздегі машина жасау ісінің ірі орталығына айналдырды. Машина жасау саласының дамуында біздің кәсіпорын интеграция үдерісіне қарыздар. Өйткені, «АгромашХолдинг» кәсіпорны алдымен Ресейде өндірілетін ауыл шаруашылығына қажетті техникаларды құрастыруды қолға алған еді. Бұл күнде астық жинайтын «ESSIL КЗС-760», «ESSIL КЗС-740» және жемазықтық шөп жинайтын КСК-600 комбайндарын шығарамыз. Бұлардың барлығына Қазақстанға қарағанда, машина жасау ісінде ысылып қалған Ресей және Беларусь Республикасымен ықпалдаса жұмыс істеу арқылы қолымыз жетті. 2007 жылы Ресейдің Красноярск зауытының «Енисей» астық комбайнын құрастыра бастап едік, ал 2009 жылы Беларусь Республикасындағы «Гомсельмаш» зауы­тымен бірлесіп, ауылшаруашылық техникаларының түрлерін шығаруды одан әрі дамыта түстік. Әріптестік келісімдер жыл өткен сайын жаңа келісімдермен толығып отырады. Қазір «АгромашХолдинг» пен беларусьтық «Гомсельмаш» ашық акционерлік қоғамы арасында бірлескен кәсіпорын құру жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Болашақ кәсіпорын техника модельдерінің түрлерін көбейтуге және өнімнің көлемін арттыруға мүмкіндік туғызатын болады. Ал бұл Отанымыздың машина жасау және агарарлық қуатын арттырары анық. Мысалы, 2013 жылы біздің кәсіпорын 390 ауылшаруашылық техникасын құрастырды. Үстіміздегі жылы бірлескен кәсіпорын іске қосылады да, соның арқасында 420 техника сапқа қойылатын болады. Ал 2018 жылы техника қатарын 530-ға жеткізетін боламыз. Біз отандық ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерді астық және жемазықтық шөп жинайтын комбайндармен толық қамтамасыз етпекпіз. Өндіріс көлемі­нің кеңеюі жұмыс орнының көбеюіне ықпал етері хақ. Өндірістегі тек ауыл­шаруашылық техникаларын шығару цехтарына 500 адам тартылады. Қатар жатқан және машина жасау ісі дамыған елдермен бұл саланы ықпалдаса дамытуда қазақстандық мазмұн үлесін молайтуды басты міндеттің бірі деп санаймыз. Мысалы, 2013 жылы шығарған өнімдегі қазақстандық мазмұн үлесі 35 пайызды құраса, осы жылы оны тағы да 5 пайызға арттырамыз. Биыл Лисаков қаласындағы «ДонМар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Агромаш Холдингте» шығарылған астық комбай­нына тіркейтін жатка өндіруді жүзеге асырды. Сонымен бірге, Екатеринбург қаласындағы «Пневмостроймашина» ашық акционерлік қоғамымен бірлесіп, осы кәсіпорын шығарған қондырғылар арқылы астық комбайндарын икемдеу жұмыстары жүргізілді. Қазақстан диқандарының өтініш-тілегін ескере отырып, «Гомсельмаш» кәсіпорны Essil КЗС-740 астық комбайндарын жаңғырту, түрлендіруді жүзеге асырды. Комбайндарға бұрын пайдаланып келген Минск мотор зауыты шығарған қозғалтқыштар орнына одан да қуатты Ярослав мотор зауыты қозғалтқыштарын салатын болды. Мұның барлығы да елдер арасындағы интеграция арқасында мүмкін болып отыр. Беларусь Республикасындағы ірі машина жасау кәсіпорнымен ықпал­дастығымыз жұмысшы кадрларын дайындауда да жақсы нәтижесін беріп келеді. Машина жасау ісіне білікті мамандар ауадай қажет. Оларды бірлескен кәсіпорында оқытамыз. Ал техно­лог-конструкторлар «Гомсельмаш» кәсіпорнында біліктілігін көтереді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­та­масы, Ресей және Беларусь Респуб­ли­касы президенттерінің қолдауы ар­қа­сында құрылған Кеден одағы көптеген экономикалық үдерістерді, рәсімдерді жеңілдетті. Әсіресе, кедендік рәсімдер, құжаттарды дайындау, толтыру, тір­кеу секілді үдерістер жеңілдеді әрі жедел­детілді. Осының әсерімен республикалардан тауар тасуда кедендік бекеттерден өту үдерісінің уақыты қысқартылды. Сырт елдермен таза экономикалық қарым-қатынастар қазақстандық өнер­­кәсіп өнімдерінің сапасын көтере­ді, бәсекеге итермелейді. «Агро­машХолдинг» кәсіпорны ауыл­­­шаруа­­шылық техникаларының сыртында Оңтүстік Кореяның SsangYong, Украи­наның Chance, ресейлік IVECO, УАЗ машиналарын құрастырады. Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанның машина жасау өндірісін кеңейте түсуге, өнім түрін көбейтіп әрі сапасын көтеруге қамшылайды. «АгромашХолдингтің» өндіріс алаңынан шыққан машиналар тек Қазақстанды қамтамасыз етіп қоймайды, Еуразиялық экономикалық одақ нарығын да қамтитын болады. Біздің компания осы бағытта жұмыс жүргізіп отыр. Қазір біз машина жасау өндірісінің жаңа деңгейіне көтеріліп келеміз. Ол өндірген өнімде қазақстандық мазмұн үлесін молайтудан тұрады. «АгромашХолдинг» автомобильдер қораптарын дәнекерлеу, бояу секілді ұсақ желілік құрастыруды қолға алған Қазақстандағы алғашқы кәсіпорын десек артық айтқандық емес. Компанияда экспортқа бағытталған жобалар бар. Ол үшін алдымен отандық нарықты игеріп алуымыз керек екенін де білеміз. Мұның барлығы алдымен сапаға байланысты. «АгромашХолдингтің» өндіріс алаңында «САРЫАРКААВТОПРОМ» кәсіпорны шығаратын SsangYong Nomad автомобилі Кеден одағы елдерінің нарығын бағындырады деген сеніміміз зор. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына «Индустрияландыру көшбасшысы» аталымы бойынша компанияның «SsangYong Nomad автомобилін ұсақ желілік әдіспен құрастыру» жобасы ие болды. Сонымен қатар, «АгромашХолдингті» жақында Женевада өткен 84-ші халықаралық автосалонда Оңтүстік Кореядан сырт жерде сатылатын SsangYong автомобилін ұсақ желілік әдіспен құрастыру жобасын (CKD) жүзеге асырып отырған дүниежүзіндегі жалғыз зауыт ретінде атап өтті. Бұл күнде отандық SsangYong Nomad автомобилін тек Ресейге ғана емес, Беларусь Республикасы мен Әзербайжанға да экспорттауға келіссөз жүргізілуде. Біз ресейлік нарықтың сенімін жаулауды келесі жылдан бас­таймыз. Биыл өндірілген машинаның барлығы да Қазақстанда сатылатын болады. Міне, интеграция болмаса Қазақ­стан­дағы машина жасау өндірісі осылай шапшаң дамымас еді, тіпті тұл болар еді. Еуразиялық экономикалық одақ осы үдерісті одан әрі ілгері сүйрейтін болады. Бұл одақ ішкі нарықты сырттан келетін, Кеден одағы елдерінің мазмұндық үлесі аз автомобильдерге ауып кетпеуінен сақтайды. Алда осы саладағы талай ілкімді, ел үшін игілікті істер күтіп тұр. Алексей СИДОРЕНКО «АгромашХолдинг» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы. ҚОСТАНАЙ.