29 Мамыр, 2014

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №469

225 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
2014 жылғы 11 мамыр,  Астана, Үкімет Үйі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзетін кеме экипажының құрамына шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың кіру мүмкіндігінің шарттарын бекіту туралы «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 25-бабының 2-тармағына және «Ішкі су көлігі туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 34-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзетін кеме экипажының құрамына шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың кіру мүмкіндігінің шарттары (бұдан әрі – шарттар) бекітілсін. 2. Осы қаулы шарттардың 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармағының 2) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 11 мамырдағы №469 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзетін кеме экипажының құрамына шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың кіру мүмкіндігінің шарттары 1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзетін кемеге шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмысқа қабылдау мынадай шарттарды сақтай отырып, Қазақстан Республикасының шетелдік жұмыс күшін тарту саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады: 1) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды ішкі суларда жүзетін кеменің капитаны, кеме капитанының аға көмекшісі, аға механик және радио мамандары лауазымдарына тағайындауға болмайды; 2) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды теңіз кемесінің капитаны, капитанның аға көмекшісі және аға механик лауазымына тағайындауға болмайды; 3) кемеге шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды жұмысқа қабылдау кемеде бос жұмыс орындары бар болғанда және ішкі еңбек нарығында жекелеген кәсіптер мен біліктіліктер бойынша қызметкерлерге сұранысты қанағаттандыру мүмкіндігі болмаған кезде жүзеге асырылады; 4) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзетін кеме экипажының құрамына еңбек қызметін жүзеге асыру үшін тартылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың білім деңгейі (кәсіптік даярлығы) және еңбек өтілі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сауда мақсатында теңізде жүзу мен ішкі су көлігі саласы мамандарының лауазымдарына қойылатын талаптарға сай болуға тиіс; 5) кемеге жұмысқа қабылданатын шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың кәсіптік даярлығының және құзыреттілігінің деңгейі: Қазақстан Республикасының қолданыстағы халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасы танитын білім беру туралы құжатпен және қажет болған жағдайда білімі туралы құжаттың нотариалды расталған мемлекеттік немесе орыс тілдеріндегі аудармасымен; жұмыс беруші куәландырған қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттармен расталады; 6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзетін кемеге жұмысқа қабылданатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың: денсаулық жағдайы бойынша мұндай жұмысқа жарамдылығын растайтын медициналық комиссияның қорытындысы; шетелдіктер үшін – жарамды шетелдік паспорт, бүл ретте Қазақстан Республикасы олардың мемлекеттерімен келудің және болудың визасыз тәртібі туралы келісім жасамаған шетелдіктер үшін – Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті визасы; азаматтығы жоқ адамдар үшін – азаматтығы жоқ адамның куәлігі немесе азаматтығы жоқ адамның құқықтық мәртебесін растайтын, шет мемлекет берген шетелдік паспорт болуға тиіс.