Саясат • 14 Қараша, 2022

Цифрлық құжаттар сұранысқа ие

247 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында халықаралық байқау­шыларды аккредиттеу мен оның қорытындылары, сондай-ақ сайлаушылар тізімдері бойынша онлайн сервистің жұмысын ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Цифрлық құжаттар сұранысқа ие

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман Сыртқы істер министрлігінің ұсынуымен, Шанхай ынтымақтастық ұйымының және Ислам ынтымақтастығы ұйымының өтініштері негізінде екі халықаралық байқаушыны аккредиттеуді кері қайтарып алу туралы мәселе шығарылғанын хабарлады. Осыған орай «2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мем­лекеттердің байқаушы­ларын аккредиттеу туралы» Қазақстан Республикасы­ның Орталық сайлау комиссиясының қаулы­ларына тиісті өзгерістер енгізілген.

Мұхтар Ерман 9-14 қараша ара­лығында 7 миссияның және 23 шет мемлекеттің, оның ішінде дипломатиялық корпустың байқаушыларын аккредиттеуге Сыртқы істер министрлігінің ұсыныстары әлі де келіп түсіп жатқанын хабарлады.

Бұдан кейін Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров азаматтардың тіркелген жері жөніндегі мәліметтерді «электрондық үкімет» порталында тексерудің онлайн-сервисін іске асыру және сайлау учаскелерінің мекенжайлары бойынша азаматтарды тіркеу туралы баяндама жасады.

Ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңға сәйкес сайлаушылар тізімдеріне еліміздің белсенді сайлау құқығы бар азаматтары енгізілетінін хабарлады. Азаматты сай­лау­­шылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бо­йынша тiркелу фактiсi негiз болады.

Еліміздің барлық өңірінде жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізі­мінде өзін тексеру бойынша 200-ден астам Call-орталық пен онлайн сер­вис­тер жұмысын ұйымдастырды. 195 мыңға жуық өтініш келіп түсті, соның ішінде сайлаушылар тізіміне енгізу мәселелері де бар. Жергілікті атқарушы органдардың жедел мәліметтеріне сүйенсек, азаматтардың орналасқан жері бойынша тізімге енгізу туралы жазбаша өтініштерінің негізінде 80 мыңнан астам азамат, оның ішінде уақытша тіркеуі бар азаматтар енгізілген. Сонымен қатар өткен сайлау науқандарының тәжірибесі көрсеткендей, азаматтар көбінесе сайлаушылар тізімінде өздерін тексеру үшін уақтылы шаралар қабылдамайды. Орталық сайлау комиссиясы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, сайлау комиссияларының онлайн сервис арқылы «электрондық үкімет» порталында азаматтарды тіркеу орны бо­йынша мәліметтерді тексеру мәселесін пысықтады.

Жоғарыда баяндалған мәліметтерге орай Ортсайлауком облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына тиісті аумақтық сайлау комиссияларымен бірлесіп, 2022 жылғы 15 қарашаға дейінгі мерзімде белгіленген тәртіппен онлайн сервиске қол жеткізу үшін сайлау учаскелері мен сайлау комиссияларының мүшелерін айқындауды тапсырды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «ҰАТ» АҚ-мен бірлесіп «электрондық үкімет» порталында азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексерудің онлайн сервисін іске қосуы керек.

Баяндама соңында Константин Петров сайлау құқығын іске асыру мақсатында тұрғылықты жері, ғимараты немесе үй-жайы меншік иесінің өтініші негізінде тіркеуден шығарылған адамдарды сайлау күні сайлау учаскесінің мекенжайы бойынша ғимаратта немесе үй-жайда тіркеуге жол берілетінін хабарлады. Осыған байланысты президент сайлауында сайлау учаскелерінің мекенжайлары бойынша азаматтарды тіркеу алгоритмін бекіту мақсатымен Ортсайлауком Ішкі істер министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлескен нормативтік актіні қабылдады.

Бұл сервис 181 сайлау учаскесінде іске асырылатын болады және тек елдің бірде-бір сайлау учаскесінде сайлаушылар тізіміне енбеген және тұрғылықты жері бойынша қолданыстағы тіркеуі жоқ сайлаушыларға ғана қолжетімді.

 «Цифрлық құжаттар азаматтар арасында үлкен сұранысқа ие. Олар құжаттың түпнұсқасының аналогы. Сондықтан азаматтар сайлаушының жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасының электрондық нұсқасын ұсынуға құқылы. Сайлау комиссиясының мүшелері сайлаушылар тізімдері негізінде цифрлық құжатты ұсынған кезде сай­лаушыға дауыс беруге арналған бюллетень беруге тиіс. Мұндай тәжірибені біз респуб­ли­калық референдум өткізу кезе­ңінде қол­дандық. Президенттік сай­лауды өткі­зуге дайындық барысында учас­келік сайлау комиссияларының мүше­лері құжат­тың дұрыстығын тексеруге қо­сымша оқытылды», деді Орталық сайлау ко­мис­­сиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Кезектен тыс президент сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемле­кеттердің байқаушыларын аккредиттеу қоры­тындылары туралы Ортсайлауком хат­шысы Мұхтар Ерман баяндады. Ол шет мем­лекеттер мен халықаралық ұйым­­дардың байқаушыларын аккредит­теу 22 қыркүйекте басталып, 2022 жыл­дың 14 қарашасында сағат 18.00-де аяқтал­ғанын хабарлады. Осылайша Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын байқауға 641 байқаушы, оның ішінде 10 халықаралық ұйымдардан 532 байқаушы және 35 шет мемлекеттерден 109 байқаушы қатысатын болады.

«Халықаралық байқаушылардың қатысуы науқанның ашықтығы мен жариялы­лығына, мемлекеттің халықаралық міндеттемелерді сақтауына ықпал ететінін тағы да атап өткім келеді. Бұл біздің халықаралық міндеттемелерге деген адалдығымыздың, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен, шет мемлекеттермен сайлау саласындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастырудың дәлелі болып табылады», деді Нұрлан Әбдіров.