Қазақстан • 15 Қараша, 2022

«Ұрпақ тағдырымен ойнаған ұлт оңбайды»

230 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Бүгінгі кейіпкеріміз – ғұмырының басым бөлігін жазуға арнаған қаламгер. Әр жазғаны әсерлі болуы үшін жүрегінің түбіне терең бойлайды. Ұлт деп уайымдайды, ұрпақ деп мұңаяды. Ол – қазақ журналистикасының қара нары, бас басылымның ардагері Сүлеймен Мәмет.

«Ұрпақ тағдырымен ойнаған ұлт оңбайды»

– Журналистика машақаты мен марапаты қатар жүретін салмақты сала. Өзіңіз де осы маман­дыққа жарты ғасыр­ға жуық ғұмырыңызды арна­­дыңыз? Не таптыңыз? Не жоғалт­тыңыз?

– Журналистика – мәртебелі маман­дық. Біздің кезімізде бір ғана ҚазМУ-де жылына 50 талапкерді қазақ тілінде, 50 талап­керді орыс тілінде даярлайтын. Талап қатал еді. Онда Т.Амандосов, Т.Қо­жакеев, А.Мархабаев секілді алыптар дәріс оқыды. Журналистерді билік пен халықтың ортасындағы алтын көпірге балайтын. Басқа ірі басылымдарды қойып, аудандық газеттегі сын мақалада талай­ды шалқасынан түсіргеніне куәміз. Бұл өткенді аңсау емес, сабақ алу үшін еске түсіру. Кезінде «Егеменнің» бас редакторы болған Шерағаң (Мұртаза) кейбір шенді шенеуніктердің қияс қылығы ырық бермей бара жатқан кезде, «десант түсіру керек» дейтін. Десанты – журналис­тер еді. Сон­дайда жазылған сын мақала талай­дың шаңын қағатын, тіпті мұрттай ұшыратын. Сын мақаланы кезінде Үкімет басшысының, министрдің атына деп беретінбіз. Оның бәрі бүгінде азайды. Адамның жеке құқығына тиісуге болмайтын көрінеді. Барласақ, несін жасырамыз, арғы жағында жемқорлардың жеке мүддесі жатыпты. Оларға сіздің ұлтыңыз, тіліңіз керек емес. Ақыр аяғы не болды? Қаңтар оқиғасына әкелді...

Жоғалтқаным не? Жоғалт­қаным, жаз­ғанымды былайғы халық оқыды, тиісті мекемелер сөзімді ұқпады ма, үнсіз қалып отырды. Неге зарлай бересің дегендер де табылды. Мазамды кетірген ұлттың, ұрпақтың ертеңгі жайы болатын. Айтып жүріп, зарлап жүріп, зейнетке шықтық. Тағы бір жоғалтқаным не? Шерағаңдай айбындылардан, табандап тұра алатын бетті-өтті беделділерден көз жазып қалғандаймыз. Кезінде Шераға Президентке де тіке қарап тұ­рып: «Бақ дегеніңіз, Төлегеннің астындағы ойнақтаған ақбоз ат» деп еді-ау. Сондай шын тұлғаны іздейсің кейде. Қашан жарқ ете түсер екен деймін. Бұл бізге емес, кейінгілер үшін керек. Кейбіреулер аталы сөзден ауытқып кеткенде іштей ойланатыным бар.

Тағы бір жоғалтқаным, елдікті, қасиетті тіліміздің тағдырын тастай ғып кейінгі ұрпаққа ұстата алмай, әлі күнге дейін көкпар тартқандай жұлқыласып келе жатқанымыз. Мұның бәрі қайдан келді? Жөні болмай тұрса да көңілге қарап үлкенді сыйлай салудан, басшының қабағын бағудан болар. Ұлт бүтіндігінен, жұрттың жұмылуынан артық не бар қазір. Үміт сәулесі себез­гілейді, серпілткендей болады.

Бүгіп қайтеміз, сыбырла­ған­ды Құдай есті­мей ме деп, бір шоғырымыз дүниенің құлына айналдық. Шын нарық емес, жабайы нарық деген бәле келді де, «жан бағуға» көштік. Аштан өліп, көштен қалатындай бол­дық. Үндемей жүріп жегендерді, үндемей жүріп жұтқандарды көре отырып, баттитып бетіне басып айта алмадық. Ұшқындаттық. Есіміз енді кіргендей, ештен – кеш дейміз бе, тағы?

Менің тапқаным – шамам кел­генше қоғамда қордаланған мәселелерді жаздым. Алаш­тық­тардың сөзіне сүйендім, әлі де «... жетім, жетекшіл халықсың» (Ә.Бөкейханов) дей ме деп, өзге­лер үшін олардың ойлы байламдарын жиі дәйекке алдым. Жердің иесі сенсің, жұртың сол жерде жатыр, жеріңді қорға деген ғой олар. Сондықтан да жұр­тым деген сөзді көп қолданам. Ал марапатым – жұртым туралы айтқан сөздерім. Сол сөздерімнің кейбіреулерін оқыған ағайындар осы күнге дейін, сіз осылай деп жазып едіңіз, сіз солай деп айтып едіңіз дейді. Мен үшін үлкен марапат сол деп білемін.

– Қазақ балаларының тағ­дыры туралы қалам тербеуіңізге не түрткі болды?

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз жер байлығын былай қойып, ұрпақ тағдырын тәлкекке салдық емес пе? «Неке және отбасы туралы» заң 1998 жылы қабылданып, 1999 жылы күшіне енді. Соған дейін мыңдаған бала шетке кетті. Іздеушісіз кетті. Сол кезде «Егеменге» шы­рылдап жазып жүрдім. Заң күшіне енгеннен кейін соны алға тарта отырып жаздым. Сол заң қабылданғаннан соң кеткен балалардың тағдырына үңілсем, ауру балалар дейді. Бірақ олар ауру емес еді. Тақырыпты тереңдете бердім. Сенбесең барып көр, деді іс басында жүргендер. Америкаға сапар шектік. Бұл 2001 жыл еді. Қазақтың балалары, Қазақстаннан барған өзге ұлттың балалары етегіңе жармасады. Асырап алған әке-шешесінің көзін ала беріп мойныңа асылады. Сол балалар тегін кетіп жатқан жоқ. Ақшаға сатылып жатыр ма, деген күмәнді мәселе бойынша Батыс Қазақстаннан сайланған Мәжіліс депутаты Қайрат Шала­баев Бас прокуратураға сұрау салды. Сол сұрауды негізге алып «Егеменге» шағын мақала жаздым. Кейін Амалбек Тшанов та шетелге кетіп жатқан балалар­дың обалы кімге деп депутаттық сұрау салды. Ешкім тыңдамады. Сол тыңдамағанның кесірінен қазір шетелде он мыңнан артық бала жүр. Америкаға барған балалардың есімдері: Айжамал-Джимми, Аида-Хилари болып өзгерген.

Жат жұртқа кеткен бала­лар­дың ел, жер дегенде ықылас­тары бөлек, қан тартады да тұра­ды екен. Флорида штатына бар­ған кезде Айжамал деген қыз шешесі сыртқа шығып кеткен кезде бізді өзінің бөлмесіне апар­ды. Бөлмеде Қазақстанның туы ілінген, ұлттық бұйымдар бар­шылық. Айжамал аудармашы қызға бұл – менің Туым деп туды, жерде жатқан өрнекті кілемді көрсетіп, бұл – менің дүнием деді. Бір бала ұйықтамайды екен. Түні бойы қақиып отырады. Асырап алғандар баяғыда қазақ­тар ер-тоқымды жастанып жерге жатқан дегенді естиді де, ер-тоқым сияқты затты тауып, баланы жерге жатқызған кезде бір күн, бір түн қозғалмай жатып ұйықтапты. Көрдіңіз бе, текке тар­ту деген осындайдан шығады. Мен бұл мәселені айтқан кезде жүрегім шымырлайды. Шетелге кететін балаларға соңғы сөзді сот айтады. Ол заңдастырылған. 1998 жылы қабылданған заң бойынша мемлекеттік баж мөлшері 72 теңге еді. Ол кезде ондай іспен айналысатын 25 фирма болды. Кейін ол 50-ге жетті. Америкалық көптеген адам біздің Қазақстандағы біраз азаматтың аты-жөнін білетін болып шықты. Сонда жер байлығының қызығын біреулер көрсе, екінші біреулер фирмалар арқылы ұрпақ тағдырын тәлкекке салады. АҚШ сапарынан кейін сол балалардың бәрі Бейбарыс емес-ау деп едім. Қателесіппін. Марат-Теодор 2020 жылы ағасы Рүстемді әлеуметтік желі арқылы Өскеменнен тауыпты. «Егеменге» «Жұртын іздеген ұл» деп толғау жаздым. «...намысты нанға сатпа» (Б.Момышұлы) деп, ұрпақ тағдырымен ойнаған ұлт оңбайды. Ұрпақ тағдырын тәлкекке салғандар оңалмай, ұрпақ жолы түзелмейді.

– Өзіңіз көп жыл бойы жақ­сылығын жазып, мәсе­ле­сін көтерген білім сала­сы­ның, мектептің бүгіні мен болаша­ғына қандай баға берер едіңіз?

– Қанша жерден жамандасақ та, кеңес дәуіріндегі білім жүйесі мықты болатын. Оны мен емес, төрткүл дүниеге танылған академик Өмірзақ Сұлтанғазин айтып еді. Ол кісі аясы тар маман (узкий специалист) дегенге қарсы еді. Аясы тар мамандық тек қана нан тауып же, төңірегіңе қарама, ешкіммен айтыспа, тартыспа, саясатта жұмысың болмасын, жан-жақты болма деген сөз. Бұл капитализм қағидасы, білімсізді басқару оңай, құлақ тыныш дегендік. Бірақ білімсіздіктен жуан жұдырықтың шығатынын ескермеген. Бір күні сол жуан жұдырықты ыза кернесе ештеңеден тайынбайды. Мылтық болса мылтық, балта болса балтамен жайпап жібереді. Америкада ондайлар аз емес. Білім сананы ашады, ойды оятады, қатыгездіктен арылтады. Қырып салғыштар бізден аулақ, деуші еді зейінді академик.

Иә,12 жылдық керек. Жүйелі жүр­гізілсе. Америкаға барған кезде осыны зерттедім. Зерттесем баяғы біздегідей үш саты, 8-сыныптан соң училищеге жібереді, 10-сыныпқа жоғары оқу орнына түскісі келетіндер барады. Бағ­дарламасы жоқ, не кітабы жоқ 48 мектепте 12 жыл­дықты оқуды бастадық. Әлі күнге де­йін жалғасып келе жатыр. Аяғына жет­кен жоқ. Себеп не­гізі қаланбаған, тәжі­рибеден өтпеген, ғылыми жүйесі осал.

Биыл өмірден озған Шәмша Көп­байқызы (Беркімбаева) ауылды көтермей, ауыл баласын дамытпай болмайды деп «Ауыл» бағдарламасын жасады. Ұлт­тық мектептің ұлы мұратын алға оздырмақ болды. Бірақ онысы ұзаққа бармады. Өйткені ол кісі бүгін күн тәртібіне шық­қан, ауыл туралы ақиқатты айтты. Ол ақи­қаттың арғы жағында «жара» бар ғой. Сол жараны тырнады. Көп отырғызбады. Жылжытып жіберді. Міне, білім саласы осылай құлдырады.

Үш тілді меңгертеміз дедік. Бала­­бақша баласы да ағылшын­ша сөйлеп кетті деп есеп бердік. Кейбір пән мұғалімдерін санау­лы айларда ағылшынша үйретіп, сабақ береді дегенге сендік. Сен­дірдік. Бес жыл оқып біразы әрең білетін ағылшын тілін сауат ашудай қысқа мерзімде мең­геріп, сабақ береді деген­ге күмәнданудың орнына гүмпіл­дедік. Ақыры не болды, қыруар қаржы құмға сіңді. Жауап берер адам табылмады. Ақшасы бө­лініп, сағаты саналған желбуаз іс жылан бауырлап әлі жалғасып жатқан жоқ па екен?

 Екінші бір мәселе, ақылы мектеп, ақылы орталықтар. Көбінде ақылы мектепте кімдер оқиды? Қал­та­лылардың балалары. Олар балаларын әртүрлі тілде, ақылы оқытып жатыр. Балаларды, сөйтіп, бөлектедік. Заман солай дейміз. Бірақ аз қазақты бөлшектей беру қалай болар екен, әсіресе ұл мен қызды? Олар жоғары білімді де шетелде алары анық. Ел мен жерден алшақтау, көп замандасынан шеттеу, кейін түсінбестік туындатып жүрмей ме? Бай мен кедей ұғымы да бұл жерде мен мұндалап тұр. Жалпы, мектептердегі кейбір мұғалімдер өзінің жауапкершілігін жеңілдету үшін: «бізді қаламасаң ақылы мектепке бар» дейтінді шығарды. Ақылы мектепке кез келген оқушы бара ала ма? Бара алмайды.

Осы жерде мына бір нәрсені айтуға тиістіміз. Мемлекет бюджеттен қыруар ақша бөледі. Ал сол қыруар қаржы бөл­­ген мектепте жауапкершілік жағы ке­міп бара жатқандай. Ақылы мектеп, ақы­­лы орталықтар, мемлекеттік білім меке­­мелерінің ара-жігін ажырату керек се­кілді. Ашықтық, әділ бәсеке болуға тиіс. Отбасы тәрбиесін, ата-ана үлгісін, ертеңге қадамын естен шығарып алмасақ екен.

Жалпы, ұлттық білім, ұлттық тәрбие салтанат құрмай, қазақ баласы халықтық қалыпқа түспесі анық.Түсу былай тұрсын, жаттай жатырқай бермек.

Мұғалімдер сабақтан кейін қосымша оқытып, ақша табу жағын да жақсы ойластырып алды. Мұны екі жеп, биге шығу десек, асырып айтқандық болмас.Ақшаның шеті шыққан жердің арғы жағында бір жұмбақтың жатары анық. Егер мұғалім қосымша оқытатын пәнді өз сабағында саралай түсіндірсе, ата-анамен жұмыс жасаса екі «асаудың» қанша қажеті бар? Қазір білім емес, ақша алға озып тұр. Бұл терең ойланатын мәселе. Қазір жақсы мұғалімнің айлығы жаман емес. Өскен үстіне өсіп жатыр. Бірақ білім сапасы туралы әр алуан әңгіме ­тыйылар емес.

Ақылы деген сөз шыққанда атақты ұстаздар Қанипа Бітібаева мен Орынша Қарабалина-Қазы­баева бірден қарсы шықты. Мық­тылар болатын. Балаларды бөлектемейік деді, қазақты бай-кедей деу ағаттық, байдың балалары мықты болып шығады, бас­қалар қалып қояды деп сәуегейлік жасау жараспайды, бай-кедей болып қазақ күн кешіп көрген. Ол заман мен бұл заман жер мен көктей деп зарлаған. Зар-заман ақындарының жырларын Бітібаева жатқа айтып, мұғалім­дер білім емес, ақша қуып кетеді-ау деп күйінуші еді.

Ақылы мектепте қазақ тілі деген мәселе кем. Ол жерде ағыл­шын тілі, қытай тілі, басқа тілі. Қазіргі қалалы жердегі кез келген үйдің бірінші қабатында неше түрлі ақылы орталықтар орналасқан. Үш айдың ішінде тілді үйретіп, математиканы оқытып тастаймыз дейді. Ол не деген білімгерлік?

90-нан асқан Малайзияның Пре­мьер-министрі М.Мохамад елор­да­дағы Еуразия университетінде оқыған дәрісінде малай быт-шыт болған кезде бүкіл елдегі талантты балаларды жинап оқытқанын, олар елдің дамуына өлшеусіз үлес қос­қанын, қазір де оқы­тып жатырмын деп еді. Талантты бала бастықтың, байдың баласы ғана емес, қараның ортасында да көп, тек таба біл, алалай көрме деген еді.

Бізде де кезінде мықты математика, өнер мектептері болды. Қазір де бар. Таңдап алу та­тымсыз демесек. Айталық, Асқар Тоқпанов жер-жерден та­уып әкеліп оқытқандар бүгін қазақ өне­рінің бір-бір алыптары емес пе?! Орынбек Жәутіков атындағы фи­зи­ка-математика мектебінің түлек­тері ше? Біз бұл жайларды неге қозғап отырмыз, себебі барды бағалай алмай, өзге деп жүріп сабақтастықты үзіп алдық. Енді соның зардабын тартумен келеміз. Білім саласы, жасыратыны жоқ, біраз адамның бизнесіне айналды. Әр адам өзінің қам-қарекетіне, жан бағысына ыңғайлап алды. Жалпы жұрт, ұлт деген ұғымды нарыққа тели салып, өзімізді ақтаған боламыз. Бұл жаһандану кезінде жұтылуға апармай ма? Кеңес үкіметі төбесінен ұрып тұрған кезде алаштықтар өзім демей, ұлтын демемеп пе еді. Ұлт баласының қажетіне деп Мағжан ақын психологияны, жазушы Ж.Аймауытов алгебраны, геолог Қ.Сәтбаев математиканы, дәрігер Х.Досмұхамедов руханиятты жазды емес пе? Мұның бәрі оқулықтар.Ал бізде қазір не көп? Ғылым докторы көп. Академик көп. Оқулық неге оңбайды? А.Колмогоров деген академик айтады екен: «Оқулық жазу деген – биік үйдің төбесінен секіріп өлу­мен бірдей. Өзің өлмес үшін, ұрпақты өлтір­мес үшін оқулығың керемет болу керек, сауатты болу керек». Ендігі бір мәселе, мұғалім теориялық білімді университеттерде оқиды, тәжірибеден өтпейді. Мектепке барған кезде оқыған білім мен тәжірибе екеуі ұштаспайды. Өркениетті елдерде алты сағаттың үш сағатын теориялық білімге, үш сағатын тәжірибеге жұмсайды.

– Көзкөргендердің арасында біраз достарыңызбен бірге «Сегіз сері» атан­ды­ңыз­дар? Олар кімдер еді? Заман­­дас­тарыңыз жайлы сыр шерт­сеңіз.

– Біздің замандастары­мызда ішкі есеп деген болмады. Адам­дыққа, ар-ұятқа жүгіндік. Бір ауылдың баласы емес едік. Сонау Қарақалпақстаннан, Қа­зақстанның төрт бұры­шы­­­нан жинал­ған жігіттер едік. Біз бауыр болдық, туыс бол­дық. Олар: Ержұман-Жақан Сма­йыл­дар, Ербол-Күләш Шай­мер­дендер, Құдайберген-Дәме­жан Тұрсынов­тар, Қуаныш-Әтір­гүл Жиенбайлар, Әділ-Зәуре Аман­жоловтар, Құдияр-Рәзия Ағы­баевтар, Қожахмет-Әсия Назар­­бетовтер, Азат екеуміз.

Қазақта бір үлкен болады «тәйт», обал болады дейтін. Ұрпақ тәрбиесінде де сол обал мен сауапты, ұят пен арды айтпаған жағ­дайда қоғам да, адам да, ұрпақ та бұзылады. Біздің курсы­мызда соны айтып отыратын бір адам болды. Ол – Ержұман Сма­йыл еді. Сол сегіздің де, бүкіл курсымыздың да ұйытқысы сол кісі еді. Ераға айтатын, біз орындайтынбыз. Әр баламыз өмірге келгенде бір кісідей қуандық. Оқығанда қуандық. Жоғары оқу орнын бітіргенде, үйлі болғанда, немерелі болғанда да сол қуаныш жалғасып жатты.

Амал не, селеудей селдіреп бара жатырмыз. Ераға мен Ерболдан көз жазып қалдық. Бас кету деген бар екен. Ерағаң кеткелі бүкіл курсты түген­дейтін адам аз. Ерағаң әр күні «әй, бүгін бәленшенің бала­сының туған күні» немесе «бә­лен­шенің жарының туған күні, құт­тықтадыңдар ма?» деп, қандай да бір қуаныш, жақсылық болса, ерінбей-жалықпай өзі баратын. Өмірден озған курстастардың қайғысына ортақтасып жүретін. Оны айтасыз «Егеменінің» үлкен-кішісін бір сәт те назардан тыс қал­дырмайтын еді-ау! Біз «Әр қазақ – менің жалғызым», деп Сабыр Адай айтпақшы, әр қазақ – бір қазақ болуға тырысса екен дедік. Алдыңғы ағадан үлгі болмаса, кейінгі іні қалай оңалсын. Сегіз жігіттің ұраны осы еді. Біз адал болайық, біз арлы болайық, ал ұрпақ бізге қарайды. Өзің адал болмай тұрып, өзіңнің ниетіңді Құдай ұрып тұрып, сен балаларыңа бірдеңе айтсаң, өз қателігіңді бетіңе басуы мүмкін. Ерағаң осылай дейтін. Тек дегеніңіздің ар жағында тәйт жатыр. Біз сол тәйтке бағындық. Ерағаң тоқ­саныншы жылдардың аласапыраны басталғанда айтатын, «Сендер не түсініп жүрсіңдер, мына қазақтың жерін талап жатыр ғой. Соны жазбасаңдар сендерге серт, баспасам маған серт» деп. Жер дауы болған кезде біз соны жаздық. Жер сатылады деген кезде мен «Атадан қалған мұра еді» деп бір ауыз сөз жаздым. «Егемен» бірінші бетке шығарды. Сонда Сапабек Әсіп ақсақал хабарласып, «Мыналарың ерлік болды ғой, мұны басқан газеттің басшыларына рахмет», деді. Ол кезде «Егеменнің» басшылары Ержұман Смайыл мен Еркін Қыдыр болатын. Бірі бастық, бірі орынбасар еді. Жер дауына да сөйтіп араласқаным бар.

– Ауылыңыздағы мектептен кітапха­на аштыңыз, қазіргі таңда он­дағы кітап қоры қанша? Ауыл­дас­тары­ңыздың оқуға деген құштарлығы қалай?

– Алтын бесік – ауылдан ар­тық не бар? Өзімшілдік, бай­лық қуу, бұл –  қазақтың соры. Соры екенін қазір көріп отырмыз. Ұрпақ алдындағы парызды орындау міндет. Менің бар идеям осы еді. Арманым – өзім оқыған, өзім өскен, қызмет еткен ауылға бір жақсылық жасау еді. Балалар өз алдына кете бастағанда, соны ойладым. Апырмай, не істесем екен? Азын-аулақ ақша жинадым. Сөйтіп жүргенде, бұрынғы «Нұр Отан» партиясының «Нұр-Сұңқар» сыйлығына ие болдым. Миллион теңге берді. Жиған қар­жымды алып ауылға бардым. Мектептің кітапханасы жұпыны екен. Аядай бөлмеде, азғантай оқулықтар ғана тұр. 1176 балаға деп салған мектепте 500-дей бала оқиды екен. 110 шаршы метр бос тұрған бөлмені директор берді. Жөндеуден өткізіп, кітапхана аштым. Қазақтың мықтылары, М.Жолдасбеков, М.Өтелбаев, У.Қалижан, Б.Сманов, тағы да басқа ұлтжанды азаматтар жүзде­ген кітабын берді. Соларды Аста­надан Алматыға тасыдым. Тасып жүріп мың­даған кітап жина­дым. Компьютер қойып, интер­активті тақта орнаттым. Қол­дан келгенді жасадым. Екі тоқсан сайын жоғары сыныптың бір баласына, төменгі сыныптың бір баласына шәкірт­ақы бердім. Мұғалімдер күніне бір мұға­лімді ынталандыруға ұйытқы болдым. «Балдәурен» балалар лагеріне әр жыл сайын шамамның келгенінше 2 баладан, 5 баладан демалдырдым. Барған балалар қанша достар таптық деп қуанады. 70-ке толғанда кездесуге шақырды. Еңбек кабинетінде тігін машинасы жоқ екен, соны апардым. Мұның бәрін мақтану үшін емес, ауылына әр азамат иненің жасуындай септігін тигізсе, бастаудан бұлақ, бұлақтан өзен құралатынын аңғарту еді. Шүкір, ауылдан шыққан азаматтар, мектеп түлектері осындай игі шаруаны жалғастырып жатыр. Соған қуанасың. Біз алдыңғы ұлыларды мақтан етеміз. Олардың сөзін үлгі етіп айтамыз. Егер біздің бойымызда сондай бір қасиет болмаса, кейінгі ұрпақ кімді үлгі етеді?

 

Әңгімелескен

Рауан ҚАЙДАР,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін