Қаржы • 16 Қараша, 2022

Қаржы секторындағы өзекті мәселелер қозғалды

239 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Алматыда Қазақстан қор биржасы, Ұлттық банк және Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының ұйымдастыруымен Х Қаржыгерлер конгресі аясында «Қаржы саласының нақты секторды дамытудағы рөлі, сын-қатерлер мен мүмкіндіктер» тақырыбында форум өтті. Бұл форум теңге күніне орайластырылды.

Қаржы секторындағы өзекті мәселелер қозғалды

Кәсіби мерекемен құттықтады

Қаржыгерлер конгресі мем­ле­кет­тік органдар мен қаржы ұйым­дары өкіл­де­рі­нің макро­эко­­номикалық саясат пен қаржы сек­­­торындағы өзекті мәсе­ле­лерді бірлесіп талқыға сал­ған не­­гізгі диалог алаңына айнал­ға­лы талай жылдың жүзі болды. Биыл қатысушылар экономиканы несиелендіру, қаржы­лық мүдделерді қорғау үшін сақтан­ды­ру нарығын дамыту, қар­жы­лық қолжетімділікке цифрлық тәсіл мәселелерін, сондай-ақ қор нары­ғын­дағы жаңа инвестициялық мүм­кін­дік­терді талқылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы саласы қыз­меткерлерін кәсіби мереке­ле­рімен құттықтап, қаржы секторын дамытудағы стратегиялық ма­ңыз­дылықты атап өтті. «Қиын кезеңдерде мемлекет қаржы саласына қолдау білдіру ар­қы­лы оның тұрақтылығын сақтап қалды. Банктерге де қорлан­ды­ру­дағы бизнестің қажет­ті­лік­терін қамтамасыз ету арқылы дәл осындай рөлді өз міндет­те­­ріне алатын кез келді. Ақша-кредит саясаты және реттеу эко­но­миканың динамикалық дамуы мен макроқаржылық тұрақ­ты­­лық мүдделерінің теңге­рім­­ділігін қамтамасыз етуге тиіс. Біз­дің барлық жоспарымыз бен мін­детіміз, ортақ жалпы­мем­ле­кет­тік міндет – азамат­тар­дың әл-ауқатын көте­ру призмасы арқылы құ­рыл­уы керек. Форумда ай­тыл­ған бастамалар мен ше­шім­дер Қазақ­станның валю­та­лық нарығы мен қаржы жүйесін нығайтуда іс жү­зін­де қолданысқа енгізіледі деп сенемін», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Қазақстанда ір­ге­лі жұмыстардың атқарылғанын және Бюд­жеттік кодекске бюджет­тік ереже бөлігінде өзгеріс енгізіл­ге­нін, оның 2023 жылдан бастап күшіне енетінін атап өтті.

Бұл кепілдендірілген трансферт өте консервативті деңгейде мұ­найдың кесімді бағасымен шек­теледі. Осы ретте жалпы бюджет шығыстары экономикалық өсу үрдісіне және инфляцияға бай­ланысты шектеледі. Ал бұл фис­калдық және ақша-кредит саясатын жақсырақ үйлестіруге инсти­туц­ионалдық негіз болады. Ұлттық банк төрағасы айтып өткендей, қазір сараптамалық болжамдарды қайта жаңар­ту тұрғысында жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның қоры­тындысы бойынша шешім қабылданады.

«Қажеттілік туындайтын болса, база­лық мөлшерлемені тағы да көтеруге әзір­міз. Ол шешімді 5 желтоқсанда жариялаймыз. Біз қа­шанда шешім қабылдарда негізгі макроэкономикалық пара­метр­лер бойынша болжамдарды, инф­ля­ция­лық күтулерді және басқа да факторларды назарға аламыз», деді Ғ.Пірматов.

Базалық мөлшерлеме төңірегіндегі пікірталас

Ғ.Пірматов аса өзекті мәсе­ле­лер­ге, әсіресе базалық мөл­шер­лемеге қатысты пікір­таластың кәсіби ортада талқы­лан­ға­нын құп көретінін айтты.

«Біздің шешімдеріміздің түп­кі мәнін нарықтағы кәсіби қа­­ты­сушылардың күн­нен-күнге тү­­с­іне бастағанын көріп отырмын. Мөлшерлемені тым төмен дең­гей­де дейтіндер де, керісінше, оны тым жоғары көретіндер де бар. Дегенмен кәсіби ортадағы пікір­таластарға қарап, ақпарат­тан­­дырылудың әлдеқайда жоғары екенін бай­қап отырмыз», деді Ұлттық банк төрағасы.

Қазір валюта нарығындағы ахуал ішкі факторларға ғана байла­ныс­ты емес екені белгілі. Ұлт­тық банк ашық коммуникация орнатып, валюта нарығында қабыл­дан­ған шешімдер дер кезінде хабарланып отырды.

«Бізде еркін айырбас бағамы сая­саты бар. Біз оны қатаң ұста­на­мыз. Еркін айырбас бағамы сыртқы күйзелістерді абсорбция­лау­­ға мүм­кіндік береді. Сон­дық­тан ол сыртқы қысыммен немесе ішкі күй­зеліспен өзгеруі мүмкін», деді Ұлттық банк төрағасы.

Пленарлы үзілісте журналис­термен сөйлескен Ұлттық банк басшысы елдегі инфляция өсуі­нің себептерін атады. Бұл жолы сыртқы фактор көбі­рек себеп болып отыр. Азық-түлік­ке, шикізатқа және энергияға сыртқы қысым басым болып тұр. Инфляция Қа­зақ­стан­ның негізгі елдерінде – сау­да серіктестерінде басталды. Сонымен қатар рубльдің күш алуы да негізгі себептердің бірі ретінде айтылды. Ұлттық банк басшысы бас банктің жылына төрт рет инфляция болжамын жасайтынын атап өтті.­ Соңғы болжам тамыз айында жарияланды, ал келесі бол­жам қарашада жасалады, оның қоры­тындысы 5 желтоқсанда бел­гілі болады. Жыл соңына дейін инфля­ция өседі деп күтілуде, бірақ қай деңгейде болатыны айтыл­ма­ды.

Форумға келген отандық және шетел­дік қаржыгерлер, сарапшылар алдында сөз сөйлеген Қазақстан қаржыгерлер қауым­дастығының төрағасы Елена Бахму­това қар­жы­­герлер форумы қиын ке­зең­­де өтіп жатқанын қаперге салды. Ел эко­но­ми­касының бәсең­деуіне, ақша-несиелік конъюнк­ту­раның айтарлықтай қатаюына қарамастан, елдің банк секторы тұрақты экономика үшін қарыз қаражатының негізгі көзі болып қала береді.

«Үшінші тоқсан қаржы сек­то­рының активтері мен капиталы өскенін көрсетті. Банктер, сақ­тан­дыру ұйымдары, брокерлер және инвестициялық портфельді басқа­рушылар, микроқаржы және ли­зинг­тік ұйымдары жаңа тех­­­но­логия­лық ше­шім­дерге қол жет­кізді. Өсу траек­то­рия­сы­ның қазіргі деңгейін сақтау үшін қан­дай сыртқы күйзелістерге да­йын­далуымыз керек, оның ел экономи­ка­сына тигізетін кері әсерін азай­ту­ға бола ма және мұндай жұм­­сартудың құны қандай? Осы жайт­тар­ды түсінуіміз керек», деді Е.Бахмутова.

Банктер мемлекет көмегінсіз жұмыс істей алады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбіл­қа­сымованың ай­туын­ша, ресейлік банк­тер­дің на­рық­тан кетуіне байланысты бір­қатар өзгеріс орын алды. Атал­ған агенттік Үкіметтің «Сбербанк» АҚ ЕБ сатып алу және оны Қазақ­стан­ның банк сек­торындағы жеке ойыншы ретінде қал­дыру туралы шешімін қолдайды. «Бәйтерек» холдингі банк SDN санкцияларынан шыққаннан кейін бұл банкті жеке инвесторға сатуды жоспарлап отыр. Қазір осы ба­ғыт­та жұмыс жүр­гі­­зі­ліп жатыр. Бұл банк секторындағы бәсе­­­ке­­лес­тікті қолдауға және дамытуға кө­мек­теседі.

Сондай-ақ агенттік басшысы лицензиялау рәсімдері оңтай­ландырылатынын айтты. Депозит­тер­ді тартуды бір жыл ішінде шек­тей­тін норма бар, бұл норма 20 жыл бұрын қарастырылғанымен тәуекелдерді басқару жүйесі бол­маған. «Сондықтан бұл норманы алып тастауға болады және келесі жылы тиісті заңнамалық түзетулер қабылданады деп есептейміз», деді М.Әбілқасымова.

Осыған дейін 2019 жылы қар­жы рет­теушісі банк актив­те­рінің сапасына бірінші рет бағалау жүргізгені, 2020 жылы Қазақ­­стан­дағы коммерциялық банк­тер стресс-тестілеуден өткені ай­тыл­­ған еді. Биыл наурыз айын­да Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық банк­пен бір­лесіп, жыл сайынғы қада­ғалау про­цесіне AQR және қадағалау стресс-тестілеуін (SST) енгізуді аяқ­тады. Жобаға төрт банк қатыс­ты.

М.Әбілқасымова қазақстандық банк­тер мемлекет көмегінсіз де жұмыс іс­тей алатынын айтты. Биыл алғаш рет елі­міздегі 10 ірі банкте кезекті активтер са­па­сына шолу (Asset quality review) жүр­гізіліп, 17 қазанда аяқталды. «Біз прови­зия­лардың қосымша қа­лыптасуын 2,3 па­йыздық тар­мақ деңгейінде баға­лаймыз. Бұл – жақсы нәтиже, экономиканы жо­ға­ры сапалы несиелеуді арттыруды жал­ғас­тыру үшін банктердің мүмкіндігі жеткі­лікті екенін көр­сетеді», деді М.Әбіл­қа­сы­мова.

Агенттік басшысы күрделі сырт­қы экономикалық жағдай­лар­­ға қара­мас­­тан, биыл бизнеске қарыз беру қар­­қыны артқанын атап өтті. Биыл 9 айда экономиканы несиелеу 21,1 трлн тең­­геге дейін өсті, бизнесті несиелеу 5,2 пайызға – 8,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Жалпы алғанда, банктерді капиталдандыруды күшейту бойынша ауқымды жұ­мыс жүргізілді. «Тұрақты AQR ен­гізіліп, стресс-тестілеу іске қо­­сылды. Макроэкономикалық орта­ның нашарлауының барлық әлеуетті тәуекелі 2023 жыл­ғы нау­рызда аяқталатын стресс-тес­ті­леу сценарийінде қам­тыл­ған», деп атап өтті ведомство басшысы.

Сондай-ақ несиелеу бо­йынша көр­сеткіш­тердің өсуіне мем­ле­кеттің қол­дау шаралары ық­пал еткен. «Көр­сет­кіштерге мем­ле­кеттік бағдарламалар бо­йынша несиелерді субсидиялау ық­пал еткені сөзсіз. ШОБ туралы айтатын болсақ, олар мемлекеттік бағдарламалар бойынша барлық субсидия мен кепілдікті пайдаланады. Бұл ШОБ үшін өте маңызды қолдау құралы. «Қарапайым заттар экономикасы» – бизнеске жеңілдетілген мөлшерлемемен ұзақ мерзімді несие ресурстарын (5-7 жыл) беретін жалғыз бағдарлама. Жоба бойынша бірінші жар­тыжылдықта банк­тердің лимиттері таусылды. Содан кейін біз өзгертулер енгіз­дік, лимиттерді ұлғайттық және мөл­­­шер­лемелерді көтердік, өйт­кені база­лық мөлшер­леме өсті», деп түсіндірді М.Әбілқа­сы­мова.

2022 жылғы наурызда Ресей үкіметі ше­телдік инвесторларға бағалы қағаз­дармен операциялар үшін шектеулер ен­гіз­гені, Қазақстан азаматтарының кей­бір бағалы қағаздары ресейлік есепке алу ұйымдарында бұғатталғаны белгілі.

Форумға қатысқан KCSD Орта­лық депо­зитарийдің басқарма төра­ғасы Әділ Мұхамеджанов Ұлт­тық есеп айырысу депози­та­рийіне сілтеме жасай отырып, ре­сейлік бағалы қағаздардан және Ресей Феде­рациясының есепке алу ұйым­да­рынан қаражат шы­ғару механизмін айтып, көпті тол­ған­дыр­­ған сауалдың жауабын тарқатты. Ұлттық есеп айырысу депозитарийіндегі Қазақстанның Ор­та­лық депозитарийінің шотына қатыс­ты шектеу С типіндегі шот ретінде қо­йылған. «Оған қағаз­дар­ды кіргізуге болады, ал ол жерден қағаздарды шыға­ру­ға болмайды. Онда барлығы 51 эмитенттің 47 акциялар шығарылымы және 21 облигациялар шығарылымы бар. Бұл шығары­лым­дардың индикативтік көлемі шамамен 35 млрд рубльді құрайды. Оның шамамен 94%-ы облигацияларға тиесілі, жартысынан көбі Ресей заңнамасына сәйкес шығарылған Қазақстан Қаржы ми­нистрлігінің еуроноталарына тиесілі», деді Ә.Мұхамеджанов.

Тамыз айында Мәскеу биржасы дос­тастық елдердің бейре­зидент­теріне ак­циялар мен облигациялар нарығына кіруге рұқсат берді.

Шетелдік бағалы қағаздар өскен

Ә.Мұхамеджанов бағалы қа­ғаз­­дардан және Ресей Феде­ра­ция­сы­ның есепке алу ұйым­да­рынан қаражат шығару тетік­те­рі туралы да әңгімеледі. Қазақ­стандық ин­вес­торлар актив­терін ауда­ру және оларды кейіннен сату үшін ре­сейлік брокерге жүгініп шот ашуы, осы қағаздарды KCSD ар­қылы есептен шығаруға және оларды ресейлік брокер арқылы есепке алуға тиісті бұйрықтар бе­рілуге тиіс. «Бағалы қағаздар есеп­­телгеннен кейін оны ресейлік бро­кер арқылы Мәскеу биржасында сатуға болады. Осы механизм бойынша бағалы қағаздарды KCSD шотынан ҰЕД-ға шығару бойынша алғашқы операциялар жүргізілді. Бұл механизмнің жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді», деді Орталық депозитарий басшысы.

Сондай-ақ 2022 жылғы қазан айының соңында KCSD-де депо­зитарлық қызмет көрсетуге қа­был­данған бағалы қағаздар шы­ға­рылымының саны жыл басынан бері екі есеге өсіп, KCSD-де депозитарлық қызмет көрсетуде тұрған шетелдік бағалы қағаздар шығарылымдары да ұлғайған. Осы жылдың 1 қарашасында басқа мемлекеттердің заңнамасына сәй­кес шығарылған бағалы қағаз­дар­дың индикативті көлемі 11 млрд доллардан асты. Шетел­дік бағалы қағаздардың жаңа шы­ға­рылымының жартысына жуы­ғы (47,4%) облигациялар болды. Қазанның соңындағы шетелдік об­лигациялар шығарылым­да­ры­ның саны жыл басынан бері үш еседен астамға өсті (165-тен 572 шығарылымға дейін).

Цифрлы теңгеге кепілдік береді

Ұлттық банктің цифрлы тең­гені 2022 жылдың соңына дейін енгізетіні осыған дейін ай­тыл­ған. Ұлттық банктің Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы цифр­лы теңгенің технологиялық әле­уе­тін, экономикалық пайдасы мен шығынын, жүйені реттеу мүм­кіндіктерін, сондай-ақ эко­жү­йе­­ні дамыту әлеуетін баға­лау бойынша зерттеу жүр­гіз­ген. Орталық төрағасы Бинұр Жәленов «Цифрлы теңге» қанат­қақты жобасын жүзеге асыру­дың алдын ала нәтижелері туралы әңгімеледі. Оның айтуын­ша, цифрлы теңге қолма-қол ақ­шамен де, қолма-қол ақшасыз да қаражаттың қасиеттерін бірік­ті­ретін үшін­ші төлем нысанына айналады. Цифр­лы теңгенің көмегімен интернетке қосылмай-ақ оффлайн режімде төлеуге, сон­дай-ақ банктік қосымшаларда неме­се интернет-дүкендерде онлайн режімінде төлем жасауға болады. Яғни цифрлы теңгеге мемлекет кепілдік беріп отыр. Сондай-ақ токенизация технологиясы арқылы бірегей қасиеттерге ие болады. «Бағдарламалану және смарт келісімшарттар нарық қатысушылары мен мемле­кеттік органдар үшін жаңа мүм­кін­діктер ашады. Қосымша мүм­кіндіктер тұтынушыларға қол­же­тімді болады. Мысалы, цифр­лы теңге сақталған құрылғы жо­­­ғал­ған жағдайда оны қалпына кел­­тіруге болады. Ең маңызды қа­сиет­­тердің бірі, азаматтардың кон­с­титу­циялық құқықтарына анонимдік қауіп төндірмейді», деп атап өтті сарапшы.

Осыған дейін «цифрлы теңге айна­лымға енсе, дәстүрлі теңгенің болашағы қалай болады?» деген сауал көкейде жү­ретін. Б.Жәленов бұл дәстүрлі тең­генің орнын ауыс­­­тырмайтынын, тек қол­даныстағы төлем инфрақұрылымын толық­ты­ратынын айтады. Бұл туралы екінші деңгейлі банктермен және төлем ұйымдарымен «екі деңгейлі архитектура» қағидаты бойынша жұмыс жүргізілді. Спикердің айтуынша, цифрлы теңгені инвес­тиция немесе жинақтау құралы емес, ең алдымен төлем құралы болатындай етіп дамыту және енгізу маңызды.

Төлем мен қаржылық тех­но­ло­гия­ларды дамыту орта­лы­ғы­ның төрағасы цифр­лы теңгені енгізу мем­ле­кеттік қара­жатты жетон­дарды таңбалау және кері таң­балау механизмі арқылы жұмсау тиімділігін де арттыратынына сенімді. Сондай-ақ транс­­шекаралық және көтерме төлемдерді жылдамдатады, сондай-ақ құнын төмендетеді, цифрлы активтер индустриясымен және DeFi (орта­лық­тан­дырылмаған қаржы) қауіпсіз және ыңғайлы интеграцияны қамтамасыз етеді. Ол 2022 жылдың қазан айында цифрлы теңге платформасында 5 күндік қанатқақты жоба өтіп, 3 594 транзакция жасалғанын еске түсірді. Оның 68 пайызы онлайн төлем жағдайында QR кодтары арқылы арнайы, бағдар­ламаланған VG арқылы және төлем оффлайн режімінде жүр­гізілді. Сарапшының айтуынша, жүйе тұрақты жұмыс істеген. Демек, цифрлы теңгені енгізу қа­жет­тігі туралы түпкілікті шешім қа­был­данса, үш жыл ішінде бұл жүйені қалыпқа тү­сіруге мүмкіндік бар. 2023 жы­лы токендер, 2024 жылы оффлайн режімінде қолжетімді болады, ал 2025 жылы басқа платформаларда еркін инте­грацияланады. Сондай-ақ орта­лық жетекшісі цифрлы тең­гені енгізу бойынша түп­кілік­ті шешім жыл соңына де­йін қабыл­данатынын еске салды.

Ұлттық банк 15 желтоқсанға дейін оны енгізу технологиясын, тәуе­келдерін және келешегін ег­жей-тегжейлі сипаттайтын ақ қағаз есепті жариялайды. «Эко­но­ми­калық модельдеу нәти­желері туралы қосымша хабар­лаймыз. «Цифрлы теңге эко­номикаға қажет пе, жоқ па?» деген сауалдың жауабы сол кезде айтылады», деп түйіндеді Б.Жәленов.

Форум аясында цифрлы тех­но­­логияларды енгізудегі қар­жы­лық қыз­мет түрлеріндегі ерек­­шеліктер, қор на­рығының ин­теграциялық үдерістері, қор нарығы арқылы экономиканы қар­­жы­ландыру, биржалық ин­фра­құры­лымдарды дамыту сияқты мәселелер талқы­ла­нып, ық­палдастық келісімдер туралы меморандумға қол қойылды.

 

АЛМАТЫ