Аталған басқарманың мәліметіне сүйенсек, 73,7 миллион теңгеге тұмауға қарсы 73 138 доза «Гриппол Плюс» вакцинасы сатып алынған. Облыста бұл вакцина 5 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Алайда аталған мөлшер өңір халқының тек 9,8 пайызына жетеді. Сол себепті қосымша тағы 2 500 вакцина сатып алынады.
«Қазірдің өзінде 71 361 мың ақмолалық тұмауға және маусымдық ауруларға қарсы екпе алды, оның 8 265-і – 2-10 жас аралығындағы балалар. Сонымен бірге жабық үлгідегі мекемелерде (балалар үйі, мектеп интернаттары, балаларға/мүгедектерге арналған интернаттар) – 416 адам, 284 – жүкті әйел егілді, ал қарттар мен мүгедектер үйлерінің контингенті – 1 040, созылмалы аурулары бар ересектер – 21 342. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасады», делінген хабарламада.
Вакцинациядан кейінгі қорғаныс әсері әдетте 8-12 күннен кейін пайда болып, 12 айға дейін сақталады. Адамның жас ерекшелігіне қарай вакцинациядан кейін тұмау вирусына қарсы антиденелердің қорғаныс титрлерінің деңгейі 75-95 пайыз болуы тиіс.
«Облыста есепте тұрған 73 138 адамның барлығы да екпе алуы тиіс. Бұл – созылмалы аурулары бар адамдар, медицина қызметкерлері және жүктіліктің 2-3 триместріндегі әйелдер, жабық мекемелердегі адамдар», деп қосты басқарманың баспасөз қызметі.
Тұмаудың алдын алудың ең ұтымды жолы – вакцинация. Халық арасында тұмаудың жаппай таралуын болдырмау және организмде «иммундық қабат» құрылуы үшін жалпы халықтың кемінде 10 пайыз екпе алуы қажет. Вакцина тұмауға қарсы иммунитеттің жоғары деңгейін қалыптастырады.