Тарих • 18 Қараша, 2022

Бір көштің тарихы

358 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Біздің кеңестік қазақ тарихында көп айтылмай жүрген ақтаңдақ жетерлік. Соның бірі – 1952 жылы Капустин Яр әскери полигоны ашылғанда туған жерінен еріксіз көшірілген мыңдаған адамның тағдыры. Биыл сол сүргінге 70 жыл толды.

Бір көштің тарихы

Батыс Қазақстан облысында осы тарихты қаузап, «Капустин Яр» әскери полигоны: қазақ депортациясы» атты жинақ шығарған ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаеваның айтуынша, Капустан Яр ядролық сынақ полигонын ашу туралы бұй­рыққа Сталин 1951 жылдың нау­рыз айында қол қойған. Осылай­ша, полигон аумағында қалатын Орда ауданындағы 175, Жаңақала ауданындағы 125 ұжымшар тара­тыл­ған. Екі ауыл Гурьев облы­сына қосылған. Таратылған колхоз­дардың Батыс Қазақстан облы­сы­ның бірнеше ауданына, ал Орда ауданынан 774 тұрғын 1952 жылы 11 шілдеде Оңтүстік Қазақстанға жөнелтілген.

Бұл үлкен трагедия болатын. Әйгілі Исатай мен Махамбетке, Құр­манғазы мен Динаға туған жер, атамекен болған қасиетті құм На­рын күшпен босатылды. Ел туған жерінен еңіреп көшті. Бү­гінде сол қаралы керуеннің, жылаулы көш­тің куәгерлері саусақпен санар­лық қана қалды. Бірақ атамекені­нен еріксіз ажыраған аға буын­ның қанындағы қызу, санасындағы сағыныш кейін­гі ұрпақтың жүре­гіне де жатталып қалғандай.

Бұлай деуімізге себеп – жа­қын­да Батыс Қазақстан облы­сы Қазталов ауданына қа­рас­ты Қараоба ауылында жанте­бірен­тер­лік жиын өтті. 1952 жылы құм Нарынның қойнынан, бұрынғы Жаңа­қала ауданы Ұмтыл ауыл кеңесіне қарасты Амангелді кол­хозынан еріксіз көшіріліп, Қара­обаға қоныстандырылған ха­лық­тың ұрпақтары жаз бойы ұйым­да­сып, бірнеше тағылымды іс-шара өткізді. Осыдан жетпіс жыл бұрын болған оқиғаны советтік идеология да, уақыт табы ада қан­ша жасырғанымен, тарих тозаңы­нан аршып, халықтың мұң-зарын алып шықты. Осы бастама­шыл топтың серкелерінің бірі – Батыс Қазақстан өңірінде талай лауа­зымды қызмет атқарған ел ағасы Нә­сіпқали Иманғалиұлы 1952 жылы Нарыннан еріксіз көшіріл­ген халықты советтік репрессия құр­бандары қатарына жатуы қа­жет­тігін айтады. Біздің ойымызша, бұл әбден дұрыс талап. Бүгін болмаса да, ертең бұл тарих толық ашылады. Әскери полигонның әлегінен ойран болған ауылдардың тағдыры әлі-ақ шынайы бағасын алады.

Қараоба ауылының қарттары, қаралы көштің көзі тірі куәгерлері Кәрім Қарағойшин, Нәсиболла Ғұ­башев, Нәбидолла Мәжитов, Қадыржан Ғазизов, Темірболат Абды­ғалиев сынды ақсақалдар 1952 жылы жасөспірім бала болса да, көп жайтты еске сақтап қал­ған. Бүгінде барымен бөлісіп, сонау құм қойнауында қалған ата­жұртқа деген сағыныш пен ма­хаббатты кейінгі ұрпақтың санасына сіңіре беріпті. Содан да болар, биыл Қараоба ауылының жас-кәрісінен құралған бірнеше экс­педиция Нарын құмына арнайы сапар шегіпті. Ол жақтағы ата-баба қорымдарын іздеп тауып, елдің табанына – бұрынғы Амангелді колхозының орнына ескерткіш белгі орнатқан. Одан кейін қазіргі қоныс – Қараоба ауы­лында «Тарихқа тағзым» атты аллеясы ашылған. Ауылдық мә­дениет үйінің ауласында орналас­қан бұл мүйісте субұрқақ, көше шамдары орнатылып, өрнектас төселген. Жалпы, аллеяны абаттандыру жұмысы сапалы жүргізілген. «Алдағы жылы осы жерге Жаңа­қала ауданындағы №12 ауылдан Қараобаға көшіп келгендердің есімдерін жазып қоймақпыз. Біздің есебімізше, 1952 жылы осы жерге 120-ға жуық отбасы көшірілген екен», дейді Қараоба ауылдық округінің әкімі Жалғас Сүндетов.

Айта кетейік, «Тарихқа тағзым» аллеясын жасақтап, абаттандыруға 5 млн теңгенің үстінде қаражат жұм­салыпты. Бірақ бұл қаржыны то­лығымен халық өзі көтеріп алған.

Қараобалықтардың ұйым­шы­лы­ғы әр ісінен көрініп тұрады екен. Облыс орталығынан да, аудан­ орталығынан да шалғай жат­­қан, асфальт жолы жоқ елді ме­кен болса да, шаруасын шашырат­пай, тап-тұйнақтай етіп ұстап отырған ауыл азаматтарына риза болдық. Әйгілі Ғұмар Қараштың есімін ие­ленген Қараоба мектеп гимназиясы – 1996 жылы еліміз бойынша ауылдық жерде ашылған ал­ғаш­қы гимназияның бірі екен. Жыл сайынғы жетістіктері бөлек ма­қалаға жүк боларлық. Біз сөз етіп отырған атаулы іс-шара да мектеп өмірін айналып өтпеген. Мектепте 1952 жылғы оқиға туралы тәрбие сағаттары өткізіліп, бейнероликтер шығарылған. Оқушылар арасында «Туған жер» тақырыбына сурет байқауы, «Туған жерім тамаша» атты эссе байқауы ұйым­дастырылған. Мұның бәрі жас ұрпақтың санасында 70 жыл бұ­рынғы жосықсыз оқиғаның ұмы­тылмай сақталуына себеп.

Әр істің басы-қасында уақы­ты мен күш-жігерін, махаббатын салып қызмет қылатын азамат­тар болады. Қараоба ауылында ат­қарылған тағылымды іс-ша­ра­лардың сыртында ауыл азамат­та­ры, әртүрлі кәсіп иелері Нұр­лы­­ғали Сағынғалиұлы, Руслан Жұ­мағұлов, Рысты Қайсаға­­­лие­ва сынды жанкешті жандар жүр екен. Ауыл мектебінде ұйым­дас­ты­рыл­ған шағын музейден ауыл тари­хына деген ыстық ма­хаббатты сезіндік. Ал ардагер ұстаз, тарихшы мұғалім Рысты Жүніс­қызының «Сағындырған са­ғым құм» атты жинағы біз сөз етіп отырған оқиғаның түп қазығы, жұлын-жүйесі десе де болғандай. Қа­рапайым ауыл мұғалімі 70 жыл бұрынғы оқиғаны әбден зерттеп, куәгерлердің естелігін жинақтап, әр сөзін архив құжаттарымен бекі­тіп қойыпты. Әзірше қолдағы прин­терден шығарылып, қолдан түп­телген кітапша сәл-пәл өңдеп, кәсіби баспаханадан басылса, то­лыққанды ғылыми еңбекке айнал­ғалы тұр.

Қараоба ауылындағы кешенді іс-ша­ралардың нүктесін «Сағын­дыр­ған сағым құм» атты ғылыми-тағылымдық конференция қой­ды. Шағын ауыл клубында өт­кен жиынға халық көп жиналды. Жиынға аудан орталығынан ар­найы келген Сағит Садықов атын­дағы аудандық мәдени-демалыс ор­талығының жас әртістері «Са­ғын­дырған сағым құм» атты қойы­лым­ды сахналады.

Конференция барысында­ «Құр­мет» орденінің иегері, Қаз­­талов және Жәнібек аудан­да­рының құрметті азаматы Нә­сіпқали Иман­ғалиұлы жаңа­қала­лық өл­ке­танушы Тыныштық Өтеш­қа­лиев депортация тақырыбында баяндама жасап, 70 жыл бұрынғы оқиғаның себеп-салдары туралы сөз қозғады. Конференцияның тағы бір қонағы Әлихан Декартұлы осы оқиғаға құқықтық баға беру керек деген ұсыныс айтты. Жиынға қатысқан Қазталов ауданы әкімі Рүстем Зұлқашев «Өткен өмір – біз үшін үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие. Тарихи-мәдени іс-шаралар көптеп ұйымдастырылып, қарияларымыз жастарға жиі ақыл-кеңесін айтып отырса, нұр үстіне нұр болар еді», деген тілегін айтты. Осы іс-шараға көмек қолын созған кәсіпкерлер, ауыл азаматтары алғыс хаттарға ие болды. Іс-шараның соңы ата-баба рухына бағышталған асқа, соңынан дала қызықтарына ұласты.

Шағын ғана Қараоба ауылын­да тағылымды іс-шараға қатысып, тұ­шынып қалғанымызды жасыр­май­мыз. Соңғы кезде бай­қап жүрміз, әр ауыл өз тарихын түгендеп, жеке жинақ шығаруы үрдіс алып келеді. Және бұл бастама төменнен, сол ауыл азаматтарының тарапынан басталғанымен де құнды. Өткенсіз болашақ жоқ, ел тарихы жекелеген елді мекендердің тарихынан құралады. Жекелеген адамдар­дың тағдыры қоғам құбылысын айқындап тұрады. Сондықтан 70 жыл бұрынғы тарихты түгендеп, үлкен мәселе көтеріп, тағылымды іс-шара өткізген Қараоба халқына мың алғыс айтамыз.

 

Батыс Қазақстан облысы