Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі телемарафон 80-ге жуық республикалық және аймақтық БАҚ арқылы онлайн жүйеде таратылатынын мәлімдеді. Сала басшысының айтуынша, еліміз үшін аса маңызды күнде ұйымдастырылып отырған іс-шарада түрлі бағыттағы 400-ге жуық спикер пікір алмасты. 16 сағат нон-стоп режімінде жұмыс істеген телемарафонда түрлі тақырыптарда дискуссия ұйымдастырылып, отандық сарапшылар елдегі мәселелерді ортаға салды. Мәселен, «Аймақтардың дамуы» пікірталасының спикерлері елдегі демографиялық ахуал мен кәсіпкерліктің жайын қозғады. «Мен үшін сайлау нәтижесі емес, сайлаудан кейінгі ел ертеңі маңызды», деп бастады сөзін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин пікірталас алаңында.
– Мемлекеттің мықты болуы өңірлердің мықты болуына байланысты. Сондықтан 3 мегаполис пен 17 облыс мықты болуы керек. Барлық салада әділдік маңызды. Өңірлерді басқаратын тұлғалар ниеті дұрыс, таза менеджерлер, білікті мамандар болуы қажет. Жаңа кадрлар жұмыс істеуі керек. Мәселен, «Қуатты өңірлер» жобасына 7,5 триллион теңге бөлінген. Ал бұл қаржыны тиімді игеріп, тиісті нысандарды уақытында салу үшін бізге білікті кадрлар, мықты басшылар керек. Маған бүгінгі сайлаудың нәтижесі емес, сайлаудан кейін не болатыны маңызды. Халық осы сайлаудан зор үміт күтіп отыр. Сондықтан жаңа адамдар, жаңа менеджерлер келмей біз әлеуметтік әділетсіздікті жоя алмаймыз. 19 миллион халықтың арасында күшті менеджерлер жоқ деп айтуға болмас, кәсіпкерлік, квазимемлекеттік салада да, депутаттар арасында да, министрліктерде де мықты мамандар бар, соларды тартуымыз керек, – деді депутат.
Ал меценат, кәсіпкер Исламбек Салжанов отыз жылда кәсіпкерлерге тең мүмкіндік берілмегенін атап көрсетті.
– Кәсіпкерлікті әр өңірде дамытуға болады. Қарапайым халыққа тұрақты жұмыс қажет. Ал осы тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін де, шетелден инвестиция тартып, елге салық төлейтін де кәсіпкерлер. Өкінішке қарай, 30 жылда кәсіпкерлерге тең мүмкіндік берілген жоқ. Олигаполия мен монополияның тамырын шауып, түбегейлі жою керек, сыбайлас жемқорлықпен күресуді күшейтіп, оны да жою қажет. Сонымен қатар кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын әділ сот болуы керек. Сонда ғана мемлекеттің әлеуметтік мәселелерді шешетін мүмкіндігі де, қаражаты да болады. Мықты өңір – мықты мемлекет, – деді И.Салжанов.
Сарапшылар халықтың көші-қон мәселесін шешу жолдарын да ұсынды. Негізі халықты оңтүстіктен солтүстікке көшіру стратегиялық бағдарламасы бойынша 2017-2020 жылдар аралығында 40 мың адамды көшіру қажеттігі айтылған еді. Алайда деректерге сүйенсек, бұл бағдарламамен 10 мың адам ғана қоныс аударған. Сарапшылар әрбір өңірде халықты қызықтырып, өзіне тартатындай бағдарлама әзірлеу қажет деп санайды. «Бұл мәселе мемлекеттік деңгейде ғана реттелмейді, әр облыс, әр аудан бәсекеге түскен жағдайда шешімін табады», деген пікірде Экономикалық зерттеулер институты Өңірлік зерттеулер орталығы директорының орынбасары Нұрболат Құрметұлы.
Сондай-ақ марафон алаңының TED-x форматында ұйымдастырылған мотивациялық дәріске Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «Қазақстандық Ник Вуйчич» – Әли Тұрғанбеков қатысты.
TED-x-тің алғашқы спикері Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мамандық таңдаудың маңыздылығына жан-жақты тоқталды.
– Еңбек нарығы күннен күнге өзгеріп келеді. Жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Енді 10-15 жылда кейбір мамандықтар жойылып кетеді, кейбіріне сұраныс артады. Осыған орай мамандық таңдаудың қарапайым үш формуласымен бөліскім келеді. Біріншіден, «Мен қандай саланы қалаймын? Мені қандай сала қызықтырады?» деген сұраққа жауап беру керек. Екінші – «Менің қандай қабілетім бар? Менің қолымнан не келеді?», үшінші «Еңбек нарығына не керек? Сұраныс қандай?» деген сұрақтардың жауабын зерттеу керек. Оған Navigator.kz, Enbek.kz секілді құзырлы министрліктердің жасаған онлайн платформалары көмек береді. Осылар арқылы еңбек нарығын зерттеп, қажетті, өзіңізге жақын мамандықты табуға болады, – деді министр.
С.Нұрбектің айтуынша, ІТ-мамандар (ақпараттық қауіпсіздік), Big data (ақпаратпен жұмыс істейтін инженерлер), мұғалімдер, медицина қызметкерлері, көлік және тасымалдау қызметкерлері, ауылшаруашылық мамандарына сұраныс арта түседі.
– Еліміздегі демографиялық өсімге байланысты алдағы уақытта да балабақша, мектептер салынады, жаңа нысандарды кадрлармен қамту үшін болашақта 120 мыңға жуық ұстаз қажет болады. Сондықтан бұл мамандыққа қажеттілік өспесе, кемімейді. Медицина қызметкерлерінің қажеттігін пандемия кезінде сезіндік. Әсіресе еңбек нарығында инфекционист, вирусолог секілді мамандар тапшы. Сондай-ақ жаһандану кезеңінде көлік тасымалы, логистика мамандары, инженерлер үлкен сұранысқа ие, – деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ телемарафонда электораттың саяси белсенділігі бойынша сағат сайын баспасөз конференциялары ұйымдастырылып, халықаралық байқаушылар, сарапшылар, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің өкілдері дауыс беру барысына қатысты соңғы ақпараттармен бөлісіп отырды.
Онлайн марафонның ОКҚ алаңында «Партиялық емес бақылау орталығы» РҚБ төрағасы Төлеген Құнәділов сайлауға 22 мыңнан астам адам байқаушы ретінде даярлықтан өткенін мәлімдеді.
– Елімізде 10 мыңға жуық ашық сайлау учаскесі болса, барлығында байқаушылар таңғы сағат алтыдан бастап, заңнамаға сәйкес өз жұмыстарын атқарды. Жалпы алғанда, осы науқанға 22 мыңнан астам адамды байқаушы ретінде дайындадық. Оларға үздік әлемдік тәжірибе негізінде, үздік стандарттар, заңнамалар шеңберінде 400-ге жуық офлайн және онлайн форматта оқыту жүргіздік, – деді Т.Құнәділов. Ал «Экспресс-камера» алаңында 1500-ден астам қонақ БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.