Қоғам • 22 Қараша, 2022

Балабақшадағы тәрбиеші ағай

573 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Құралбай Исабектің Кентау қаласындағы балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеп жүргеніне биыл 6 жыл болыпты. Ол мұнда жастар тәжірибесімен келген. Содан бері балалардың жан-жақты дамуына өз үлесін қосып келеді.

Балабақшадағы тәрбиеші ағай

Жұртшылықтың ер тәрбиешілерге тіксіне қарайтыны да рас. Кейбірі бала­ларын бергісі келмей жатады. Кен­таудағы «Сәуле» балабақшасында да солай болған. Бірақ уақыт өте келе барлығының пікірі өзгерді. Құрал­байдың өз міндетін жоғары деңгейде атқарып жүргеніне көзі жеткен ата-аналар балаларын сеніммен әкеліп, қолына тапсыратын болды. Алғашында оның жұмысына ата-аналар да күмәнмен қараған екен. Мысалы, тәрбиешілік қызметте тек әйелдерді көріп келген ата-ананың бірі Гүлзат Сейітжанқызы алғашында сенімсіздік танытқанын айтады. «Бірақ ұлым бір жыл осы Құралбай Кенжеханұлында болғанда өте жақсы көрсеткіш көрсетті. Тақпақтарын үнемі жаттап алады. Балалармен жұмысты өте жақсы жүргізеді. Ата-анамен қа­рым-қатынасы да жақсы», дейді Гүлзат.

Құралбайдың негізі мамандығы – бас­тауыш сынып мұғалімі. Ол Кен­тау­дағы колледжді бітірген. Қолына дип­лом ала салысымен жастар орта­лығына барған ол «Жастар практикасы» бағдарламасымен балабақшаға жұ­мысқа орналасқан. «Бала күнімнен педа­гогика саласының маманы болу­ды армандадым. Бірақ дәл балабақша­да жұмыс істеймін деген ой бол­мады. Балалармен тез тіл табысамын. Әл-Фараби бабамыздың «Адамға ең бірін­ші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адам­заттың қас жауы» деген өсиетін өз жұ­мысымның ұстанымы етіп келемін. Орталықтағылар «тәрбиеші боласыз ба?» деген ұсыныс айтқанда, бірден келістім», дейді Құралбай. Алғашында оны балабақша меңгерушісі мен әдіскер ерекше бақылауына алыпты. Тіпті бала тәрбиелеу жұмыстарына арнайы қатысып, жұмысын қадағалап жүрген. Сенімді ақтаған ол 6 айдан соң мектепке дейінгі мекемеге тұ­рақ­ты жұмысқа қабылданған. Жас ма­ман­ның бұл таңдауын туыстары мен дос­тары ерсі қабылдапты. Ал ана­сы ұлының таңдауына құрметпен қарап, қолдау көрсеткен. Бүгінде бала­сын өз тобына алуын өтінетін ата-аналар да бар. Құралбай елге қызмет ететін мықты азаматты қалыптастыру үшін балабақшадан бастап жан-жақты тәрбие берілу керек деп есептейді. «Анам, отбасым жан дүниемді түсінеді. Әрине, құрдастарыма қызық. Не себеп­ті мұғалімдікті емес, тәрбиеші болуды таңдағанымды жиі сұрайды. Осы балалардың өзіңе деген махаббатын, ата-аналардың құрмет, қошеметін көргеннен кейін сырттың сөзіне көп алаңдамаймын», дейді Құралбай.

Ұжымдағы әріптестерімен де тез тіл табысып кеткен ол жақсы маман ғана емес, мықты ұйымдастырушы ретінде де танылып үлгерген. «Келіншегім екеуміздің де тіршілігіміз балалармен тікелей байланысты. Сондықтан тәрбиеші болудың мен үшін ешқандай қиындығы жоқ. Қайта керісінше, топ­тағы балалармен жеке сөйлесу – мен үшін үлкен тәжірибе. Соның арқа­сында өз балаларымның психология­сын түсіне бастаймын. Шынымды айтсам, балабақшадағы жұмысым өзіме ұнайды. Одан ерекше әсер аламын. Балалардың бал-бұл жайнаған жүздерін көріп, миым тынығып қалады. Балабақшаны өзімнің екінші үйімдей көріп, келуге асығып тұрамын», дейді тәрбиеші жігіт. Құралбай – екі ұл, бір қыздың әкесі. Ұлдың үлкені 4 жаста, балабақшаға барады. Екінші ұл мен бір жасқа келер айда толатын қызын келіншегі үйінде тәрбиелеп отыр. Құралбайдың жары да педагогика сала­сының маманы.

Тәрбие мәселесінде ер адамның орны бөлек. Еркек түздің адамы болға­нымен, оның тұлғасының өзі үлкен маңызға ие. Мамандар мектептерде ер ұстаздардың көптеп болуы көп мәсе­ленің оң шешілуіне әсер ететінін айтады. Ілгеріде мектептерде мұғалім ер азаматтардың аздығы айтылып, бұл мәселе жиі көтеріліп жүр. Ер азамат бар жерде бала жинақы, түзу жүретінін, ер адамның сөзі де салмақтырақ, өтімдірек болып келетіні мәлім.

В

«Ер-азаматтардың бұл салаға бар­ма­уының басты себептерінің бірі – жалақы­ның аздығы болса, екіншіден, қоғамда «тәрбиеші қызметін тек әйел­дер атқаруға тиіс» деп қалыптасып қал­ған жаңсақ қағида тағы бар. Ана сәбиіне кішіпейілділік, әдептілік, қайырым­дылықты үйретсе, әке өмірдің қиындықтарын мойымай көтеретін табандылықты, сабырлылықты санасына сіңіреді. Осындай тәрбиені ата-ана баласына бірдей беретін болса, жас ұрпақ өмірге бейім болып өседі. Ер адамдардың көбі жұмысбасты. Сондықтан да бала тәрбиесімен аналар көбірек айналысады. Мектепте де оқушыларға сабақ беріп жүрген мұ­ғалімдердің басым көпшілігі – әйел­дер. Бұл баланың мінез-құлқына кері әсер етеді, қыз мінезді жігіттердің кө­беюі соның кесірі. Сондықтан, бала тәр­биесінде ер адам беретін тәр­бие­­нің рөлі зор. Қазақтың тұрмыс-сал­тында бала тәрбиесімен тікелей әйел айналысқанымен, ер азаматтың қас-қабағы, мысы, бір ауыз сөзі, бейнесінің өзі көп нәрсені шешеді. Міне, осы көзқарас ұлттық педагогикамызда ер­лер­дің маңыздылығын арттырып отыр. Тапсырылған міндет көбіне ер адам­ның аузынан шықса, оның орындалуы да уақтылы болып жатады. Әйел адам мейірбан, жұмсақ, кешірімді бо­ла­тындықтан, оған бала көбіне еркелейді. Тентек, бұзақы балаларды тәртіпке салуда да ер адамның айбыны зор мәнге ие», дейді Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасының штаттан тыс бас психологы Мөлдір Баймұханбетова.

Құралбай Исабек – балабақша­ның белсенді әрі бетке ұстар қызмет­керлерінің бірі, кәсіподақ ұйымының төрағасы. Облыстық тәрбиешілер сайысында жүлделі орынға ие бол­ған. «Менің тобымда 3-4 жастағы бал­дырғандар тәрбиеленеді. Жалпы саны – 26. Ата-ананың өтінішінен де бас тарта алмаймыз. Алғашында ата-аналар мені көріп, таңғалатын. Қазір үйреніп қалды. Оның үстіне Кентау кішкентай ғана қала ғой. Біздің балабақша – шаһардағы үлкен мекемелердің бірі. Мұнда 300 бала тәрбиеленеді. Мен туралы көбі естіген, біледі», дейді Құрал­бай. Топтағы 26 баланың көңілін тауып, ата-аналарымен жақсы қарым-қатынас орната білу – нағыз маманның ғана қолынан келетін іс. Оның негізгі жұмыс уақыты жарты күндік. Бірақ соған қарамастан тәрбиеші таңнан кешке дейін балабақшада жүреді екен. Өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтын тәрбиешіні мазалайтын мәселе де жоқ емес. «Жас отбасыларға, мен секілді жекеменшік балабақшада жұмыс істей­тін жастарға баспана мәселесін шеше­тін бағдарлама болса. Менімен қатар мемлекеттік балабақшаға жұмысқа кір­ген әріптестерім былтыр баспаналы болды. Осы саланы таңдап, егемен елі­міздің болашағы – бүгінгі ұрпақтың саналы да сапалы тәрбие алуы жолына өз үлесімді қосып келемін. Тек көңіл мұңайтатыны – баспана мәселесі. Үш баламмен, мүгедек анаммен пәтер жалдап жүрмін. Пәтер кезегіне тұрайын десем, ЖШС қызметкерісің деп кезекке қоймайды. Осы мәселе Президент, тиіс­ті органдар тарапынан қолдау та­уып, бас­пана алсақ нұр үстіне нұр бо­лар еді. Әйт­песе, айлығымыз пәтерақы мен тамақ­тан артылмайды», деді Құрал­бай Исабек.

Түркістан облысы аумағындағы 1364 балабақшада 144372 бала тәрбие­ленуде. Құралбек Исабек – тек Кентау қаласында ғана емес, жалпы облыс бойынша балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейтін жалғыз ер-азамат. Және қиындығы мен әлеуметтік мәселесіне қарамай, жанына ләззат сыйлайтын мамандықты ауыстыру ойында жоқ.

В

 

Түркістан облысы