Тумақ бар да өлмек бар дейміз. Бірақ ерте өлу – қасірет. Сол ерте өлуге бір себеп – соғыс. Ал қасіреті одан он есе күшті кесапат бар. Ол – темекі. Мысал келтірейік пе? Солтүстігіміздегі Ресей дейтін тату көршіміз бар. Халқы айтарлықтай көп. Бірақ азайып келеді. Соның бір себебін сарапшылар темекіден көреді. Жыл сайын мұнда темекі тарту зардабынан 500 мың адам өледі екен. Жарты миллион! Бүкіл дүниежүзінде темекіден өлетіндердің (5 миллион) 10 пайызы осы елде. Бұл елде 43 миллион адам темекі тартады. 25 жасқа дейінгі ер балалардың 68 пайызы, қыздардың 39 пайызы шылым шегеді. Өлмегенде қайтсін! Бір кезде бұл алып елдің халқы 146 миллион болса, қазір 141 миллионға түсті. Онда темекінің үлкен үлесі бар.
Өзіміздегі жағдай да оңып тұрған жоқ. Бірден көршімізді мысалға алуымыз – олардың көрсеткіштері «көрнектілеу» және есебі дұрыс жүргізілетін сияқты. Олардың жығылғанына күлгендей болсақ, өзіміздің де сүрініп жатқанымыз анық. Бізде бір деректе 5 миллиондай, бір деректе 4 миллиондай адам темекі тартып, содан ауруға шалдығып, ақыры өлім құшатындар саны жыл сайын 25 мыңға жетіп отыр. Айдын-күннің аманында, соғыс жоқ кезде өздері сұрап алған кесапаттан көз жұмады.
Ал әлемде темекіні ең көп тартатын ел – шығыстағы көршіміз Қытай. Екі «мықтының» ортасындамыз. Солардан жұқты десек, ол – әбестік. Ешкім бізді зорлап темекі тартқызған жоқ. Оны өзімізден көрейік. Сол темекі дейтін кесапатпен күресе алмай келеміз.
Осы жерде тағы бір елдің мысалына тоқтала кеткен жөн. Ол да өзімізге жақын дейтін ел – түрік ағайындар. Олар 500 жылдан бері темекі тартып келеді. Тартқанда, бүгінге дейін алдарына жан салмаған, тіпті, көрші елдерде «темекіні түрікше тартады» деген мәтел де бар екен.
Сол түрік елінде соңғы бес жылда «шылымшылар» саны күрт кеміпті. Оның бір себебі – темекіге қарсы күресті премьер-министр Реджеп Тайып Ердоғанның өзі бастапты. Темекіге қарсы заңды, шараларды күшейту өз алдына, премьер өзіне бағынатын басшы қауымға «тартпасаңдаршы» дейтін көрінеді. Бастықтың сөзі шенеуніктерге ерекше өтімді. Бірінші басшы темекі тартқанды ұнатпайды екен деген сөзді естіген олардың көпшілігі шылым шеккенді тастаса, ал олардың өз тарапынан басқаларға ықпалы да әжептәуір болмақ. Мұны да темекіге қарсы көп шараның бірі деп қабылдауға болар еді. Басшы темекі тартпаса, ол басқаларға – өнеге.
Жалпы, түрік ағайындар темекіге қарсы күресті белсенді жүргізіп жатқан көрінеді. Соның арқасында бұл елде темекі тартатындар үлесі 27 пайызға дейін төмендепті. Ал бұрын мұнда екінің бірі шылым шеккенін еске алсақ, бұл үлкен жетістік. Бәрібір бұл елде де темекі зардабынан көз жұматындар саны жыл сайын 100 мыңға дейін жетеді екен.
Иә, адамдар соғыстан емес, темекіден өліп жатыр. Тіпті, бір қылмыскер құқық қорғау адамының қолынан жазатайым қаза тапса, кісі өлімі болды деп айқай саламыз, өлтіріп жатырмыз, қырып жатырмыз деп шулаймыз. Ал темекінің зардабынан, тіпті, жақын адамдарымыз қыршынынан қиылып жатса, өкінеміз де қоямыз. Темекіні тарту-тартпау адамның өз құқы деп кейде сол кесапатқа ара түсетініміз де бар.
Соңғы кезде бұл өмірлік аса зор мәні бар мәселенің көбірек сөз бола бастағаны қуантады. Қоғамдық орында темекі тартуға қатаң тыйым салу жөнінде Парламентте де мәселе қозғалуы, оған қоғамдық ұйымдардың араласуы, күндердің күнінде мәселенің мәніне сай заң қабылдану мүмкіндігі жақсы үмітке жетелейді – темекі дейтін кесапатқа қарсы күреске мән беріле бастағандай.
Елімізде осыдан екі жыл бұрын қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салған заң (Халықтың денсаулығы жөніндегі кодекс) қабылданған. Мұндағы қоғамдық орындардың ұзақ тізімі бар. Іріктеп айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде, қоғамдық тамақтандыру орындарында, адамдар демалатын жабық мекемелерде, спорт ғимараттарында, адамдар жұмыс істейтін жерлерде, тіпті, үйлерге кіре-берістерде де темекі тартуға тыйым салынған. Әуежайлар мен вокзалдарда тек бөлінген және жабдықталған жерде ғана рұқсат етіледі.
Соны да артық көретіндер көп. Тіпті, бұл заңды көпе-көрнеу орындамайтындар да жеткілікті. Адам өміріне арашашы болып, шырылдап жүретін аяулы азамат Жәмилә Садықова қарындасымыз басқаратын «Темекінің түтінінен азат Қазақстан үшін» деп аталатын темекіге қарсы коалиция солардың бәрінің мәліметтерін алып, сараптап, барлық билік деңгейлері алдына өткір мәселелер қойып келеді. Сол қозғалыстың мәліметі бойынша олар Алматыда тексеру жүргізген 651 қоғамдық тамақтандыру орындарының тек 2 пайызы ғана темекішілерге арнайы орын белгілеп, жалпы жұрттан бөлген екен. Ал барлық кафелердің, барлардың, мейрамханалардың, караокелердің, түнгі клубтардың, тіпті, асханалардың 66 пайызында темекі тартуға рұқсат етіледі. 26 пайызында күл салғыштарын алдыңа қойып қарсы алады. Бұл аздай, сол қоғамдық тамақтандыру орындарының 16,4 пайызында кальян деген бәлені ұсынады.
Сөйткендерге, заңды бұзып тайраңдағандарға пәрменді шара қолданылмайды. Шара болғанда, алдымен айып салынсыншы, олар сөзсіз аяқтарын тартар еді. Шетелдерде солай. Қоғамдық орындардың басшылары да жаза тартады. Алдымен ақшалай.
Қоғамдық орындар дегенде, әсіресе, қоғамдық тамақтандыру орындарының басшылары темекі тартуға тыйым салуға өре түрегеліп, қарсы шығады. Мұндай тыйым салу, олардың пікірінше, сол ресторандар мен кафелердің пайда табуын 70 пайызға кемітетін көрінеді. Әрине, бұл бос сөз. Олар қосымша арнаулы орындар жабдықтауды артық көреді.
Тіпті, олар елдегі төрт миллиондай шылымшылардың құқын қорғаушылардай көрінеді. Оларды зиянды әдеттен айырыла алмайтын мүгедектер санап, оларға «аяушылық» білдіреді. Оларды сыртқа қусақ, біріншіден, олар суықтап, ауруға шалдығуы мүмкін, сонан соң оларды көріп жұрттың темекіге құмарлығы артады дегенді де айтады.
Жалпы, тыйым деген қиын нәрсе. Мен өзім де тыйым дегенге көңілім соқпайтын адаммын. Бірақ бұл жерде әңгіме мыңдаған адамның өмірі, ұрпақ тағдыры жайында болып отыр. Содан да темекі тартуды шектеу, сол арқылы осынау қасіретті әдеттен арылуға жағдай жасау қоғам үшін, мемлекет үшін, тіпті, ұлт үшін парыз іс деуге болар еді.
Бүкіл әлем темекімен күресіп жатыр. Барлық жерде қатты шектеу бар. Адам құқын ту қылып көтерген Батыстың көп елі темекіге келгенде – қатал. Қоғамдық жерде, басқаларға зияны тиетін жерде темекі тартуға қақың жоқ, оны бұзсаң айып төлейсің. Және бұл айыптың көлемі де айтарлықтай. Ирландияда 3000 еуро беріп құтыласың, әйтпесе, қамаласың. Ұлыбританияда 2500 фунт стерлинг төлеуге тура келеді. Рас, басқа біраз елде біршама төмен: АҚШ-та – 250-1000 доллар, Германияда – 25-250 еуро, Францияда – 68 еуро, Жапонияда – 1000 иен, Швецияда – 100 еуро. Финляндияда айыппұл көлемі 50-150 еуро болғанмен, кәмелетке толмағандар темекі тартса, бірден түрмеге түседі.
Қатаң тыйым жасаудың нәтижесі бар. Зерттеулерге қарағанда, бұл темекі сатудың көлемін 10-15 пайызға азайтқан, темекі тартатындардың 80 пайыздан астамын шылым шегуді тастауға ойландырған. Бір жылдың ішінде инфаркт алғандар саны Шотландияда 17 пайызға, Францияда – 15, Италияда – 11,2, ал Ирландияда 11 пайызға азайыпты.
Темекі тарту, оған тәуелділік – ауру дегенді көп айтамыз. Белгілі дәрежеде бұл сөздің жаны да бар. Оған үйренгендердің көпшілігі тастағысы келгенімен, оны қоя алмайды. Бұл жөнінде әңгіме, анекдот та көп. Ұлы жазушы Марк Твеннің: «Темекі тастау қиын емес, мен жүз рет тастағанмын», дегенін жұрттың бәрі естіген. Бірақ мұның арғы жағында темекі тастауға өзінің шындап кіріспегенін әжуалау жатқанын да ескеру керек. Шындап қолға алған адам оны тастай алады. Жұрттың тастағанын көрген соң, өзіміз бастан кешкен соң айтып отырмыз.
Жаман әдеттен ұялу керек. Сол жаман әдет басымызда болды. Темекіні қатты тарттық. Күніне – үш қорап. Мұншалықты көп тартуды басқадан көргенім де жоқ. Сол темекі өзімізше денсаулығымыз мықты деп жүрген бізді де алып ұрған. Осыдан дәл отыз жыл бұрын, 1984 жылы қаңтарда «Жедел жәрдем» келіп, кеңседен Республикалық орталық ауруханаға алып кетіп, жансақтау (реанимация) бөліміне бір-ақ түстік. Инфаркт. Бала-шағамыз, дос-жарандар қатты қиналды. Дерт темекіден болған соң, оны біржола тастау керек. Тастаймыз дедік. Тастадық.
Бұл қиындау оқиғаның тағы бір есте қалғаны – сол күні осы бөлімге ұлы суретші Қанафия Телжанов та түсті. Таңертең кездестік. Бұрыннан таныстығымыз болатын. Қанекеңнің де дерті сол темекіден екен. Менің нық шешімімді білген соң, Қанекең де тастаймын деді. Бірақ Қанекең тастай алмады. Үнемі хабарласып жүретін. «Тартып кеткен жоқсың ба?» – дейтін. Тартпағанымды мақтайтын. Өмірден озардан біраз бұрын бір хабарласқанында, жағдайының онша еместігін, түбіне сол темекі жететіндігін айтып шағынғандығы да бар.
Иә, темекіні тастау оңай емес. Оған айтарлықтай ерік-жігер де керек-ау. Сөйтсе де, адам бір ниет еткен соң, оны қалай да тастайды. Сол темекі тартып жүрген кезде, әсіресе жұмыс істеп отырғанда (біздің жұмыс – жазу) біздің аузымыздан сигарет түспейтін, яғни аузымыз бос болмайтын. Алғашында сол қиын болды. Енді сіріңкенің шиін тістейтінді шығардық. Әдетте темекіні тастаймын дейтіндердің көпшілігі алдымен көзге көрінетін жердегі темекіні құртатыны бар. Бұл тастаудың жолы еместігін аңғардық. Табылса, тартар болса, ол дүкенде толып тұр. Біз басқа жолды таңдадық: Қалтамызға темекі салып жүрдік. Мұндағы қисын: темекіміз бар, бірақ тартпаймыз дедік. Бұл психологиялық тұрғыда жеңіл. Біреулер мұны тым қатаң, азап санайды. Олай емес. Табылса тартар едім деген адам ешқашан қоймайды. Біз темекіні тастағаннан кейін де жарты жылдай уақыт қалтамызда темекі жүрді. Жұрт сұрап тартып жүрді. Бір жылдай кеңседе, үйде үстеліміздің үстінде темекі жатты. Тартпадық.
Өзіміз ғана емес, басқалардың да темекіні тастағанын көріп жүрміз. Кейбіріне өзіміз себепші болдық. «Мен қалай тартушы едім, қойдық қой», деп уәж айттық. Біреулерге кеңес ретінде, үлкендерге өтініш ретінде, ал өзімізден кіші, сөзімізді тыңдайтындарға батырыңқырап айттық. Көпшілігі қойып кетті.
Мен мұны темекіні тастау мүмкін еместей, ол асқынған аурудай көретіндерге қарата айтып отырмын. Әсіресе, қоғамдық тамақтандыру орындары басшыларының, сондай-ақ, өздері де бұл жаман әдеттен арыла алмай жүргендердің қоғамдық орындарда темекіге тыйым салуға қарсылық білдіруі, оны адам құқын шектеуге дейін апарып тіреуі, тіпті, ауру адамға жасаған қиянат, қатыгездік санауы мүлде негізсіз. Сол қоғамдық орындарда олар байлаулы тұрған жоқ. Тіпті, мейрамханаларда күні бойы болмайды. Аз уақытқа шыдап, басқалардың таза ауамен тыныстау құқын аяқасты етпеуін талап ету – ешкімнің де құқын шектеу емес.
Жалпы, темекі тартушыларға ара түсушілер көп. Жақында еліміздің бір беделді басылымы былай деп жазды: «Темекі тартушылар өз проблемаларымен жалғыздан-жалғыз қалып отыр, ашық айтсақ, кемсітушілікке ұшырап отыр. Оларға қоғамдық орындарда темекі тартуға болмайды, олар темекіні қымбат бағамен сатып алуға мәжбүр, т.б. Ал оларға өздерінің дертінен құтылуына ешкім көмектеспейді». Өздері ниет қылмаса, оларға кім көмектесе алуы мүмкін?!
Темекі тастауға шешімді ниеті бар адам алдымен өзі ізденуі керек қой. Сенің дертіңді кім жетелеп жүріп жазады? Ақпарат құралдарында көмектесеміз деп жарнама жасап жүргендер (әрине, ақысын алып) жетіп артылады. Тіпті, жақында Вячеслав Захаров деген ресейлік ғалым Алматыда екі күн бойы бірнеше жерде дәріс оқып, өзінің темекіні тастау жөніндегі әдісін үйретіп, кітаптарын сатты. Газетте жарияланған жарнамасы мынадай: «4 күнде темекіні тастаймыз. Нәтижесі – 100 пайыз!» «Бір сағат сіз темекіден құтылудың әдісін игересіз, ал 4 күннен кейін темекі тартпайтын адам боласыз!».
Темекіні тастаймын деген адамға бұдан артық не керек? Тіпті, өзімізде де, Семей қаласындағы наркологиялық диспансерде де темекіден құтылудың әдісі қалыптасқан. Темекі тартуды ауру десек, аурудан жазылу үшін, ерік-жігерің жетпесе, емделу керек. Қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салу, темекі өнімдерінің бағасын күрт өсіру, темекі қораптарына оның зияндылығы жөнінде жиіркенішті суреттер салу – бәрі де темекі тартатын адамдардың оның қоюына ықпал етуіне бағытталған. Ал темекіні тастау тек адамдардың өздеріне байланысты.
Темекі тарту, оған тәуелділік – ауру дедік. Ал ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алу қашан да жеңілдірек. Енді сөздің бағытын солай бұрайық. Басты назар адамдардың осынау кесапатқа жақындауына қарсы күреске аударылғаны жөн.
Сол жаман әдетке адам әлі алды-артын жете ойламайтын жас кезінде ұрынады. Жас кез дегенде, алдымен ол – мектеп қабырғасы. Бір басылымның жазуына қарағанда, оқушылардың 8-9 пайызы темекі тартатын көрінеді. Біреулер одан да жоғары дегенді айтады. Нақты мәлімет жоқ. Қалай болғанда да, мектеп қабырғасындағы балалардың біразының темекі тартатыны шындық. Темекіге қарсы күресті осы мектеп қабырғасында бастау қажет-ақ.
Қалай? Ертеректе, кеңес заманында, пионер, комсомол ұйымдары сол шылым шегуге қарсы жақсы күресетін. Олар жоқ қазір. Қазір қандай жол бар? Бұл күрес мектеп басшылығын, оқытушылар қауымын қатты ойландыруға тиіс. Ұстаздар балалар жанын бізден жақсырақ түсінеді. Темекі тартатындардың қара тізімін іліп қойып, жас баланың жанын жаралаудың да жөні жоқ шығар. Темекі тартпайтын сынып үшін күрес қалай болар еді? «Қыз баланың темекі тартуы – ерсілік» сияқты тақырыпта диспуттар өткізу ше? Әйтеуір, күрестің үлкені мектептен басталады. Мектеп ата-аналармен бірлесе отырып, темекі дейтін кесапаттың алдына тосқауыл қоя алады.
Жоғарыда темекі тартуға тыйым салынған орындарды атағанда, білім беру және денсаулық сақтау орындарын айттық. Сірә, ондағыларға темекі тартқызбас үшін онда жұмыс істейтіндердің өздерінің темекіден алыс болуын бұрынырақ ойластырған жөн-ау. Ойластырғанда, бұл салада жұмыс істейтіндерден темекіден бас тарту үзілді-кесілді талап етілсе. Тағы да мұны адам құқын шектеу деп айыптау мүмкін. Бірақ жасөспірімдердің, сырқат адамдардың да құқын алға тосуға болар. Тіпті, ұстаздарды, дәрігерлерді даярлайтын оқу орындарына студенттер қабылдағанда, темекіні тартпау талабы қойылса, оның да артықтығы болмас. Мұндай талапты қабылдау-қабылдамау әркімнің өз еркінде. Ал сол мамандықтарды жаның сүйсе, темекіден бас тарт.
Көптеген денсаулық сақтау мекемелерінде ақ халат киген адамдардың «арнаулы орында» топтасып, темекі тартып тұратынын көру таңсық емес. Темекінің зиянын бір білсе, солар білуге тиіс қой. Олар өздері тартса, басқаларға тартпа деп қайтіп айтады? Әйтпесе, өзі темекі тартатын ұстаздың оқушыларға сөзі өте ме? Осындайда еске түседі, біз оқып жүргенде мектебіміздің қаталдау директоры Байтоғаев ағайымыз бір мұғалімді оқушылар арасында темекі тартқаны үшін жұмыстан шығарып жіберіпті дейтін. Қалай болғанда да, мектепте темекі тартылмағаны жөн ғой.
Жалпы темекіге қарсы күрес – қоғам болып айналысатын шаруа. Ол отбасынан басталып, мектепте жалғассын. Онан соң да бәсеңдемейтін болса ғана, нәтиже береді. Бір жер тартқызбаса, тартатын екінші жер бар болса, темекі құрымайды. Ал барлық жер қарсы болсыншы, оның тынысы тарылады. Бірақ барлық жер қарсы болмай жүр ғой. Жүргізуші темекісін бұрқыратады. Қой деп айтамыз ба? Жаманатты болып қайтемін дейміз. Автобустың арт жағынан естілген бір кемпірдің бәсең үнін жүргізуші «естімейді». Ирландия, Ұлыбританиядағыдай 2500-3000 еуро емес-ау, Финляндиядағыдай 50-150 еуро көлеміндей айып төлесінші, сол жүргізуші темекіні аузына алар ма екен? Адамдар бас қосатын жердің бәрі – қоғамдық орын. Аялдама да. Бірақ оны ескеретін ешкім жоқ. Сол аялдамада: «Мұнда темекі тартуға болмайды» деген жазу тұрса, темекішілер аяқ тартар ма еді дейсің ғой. Ең болмағанда, өзің ескерту айтпағанмен, түтінді бұрқыратқанға соны нұсқауға болар еді. Әйтпесе, әлде біреуден сөз естимін бе деп сескенерің бар.
Жақында сол аялдаманың бірінде қазақтың бір үріп ауызға салғандай жасөспірім қызы темекі тартып тұрды. Ыңғайсызданатыны аңғарылады. Қымсынбайтын көкбеттерден емес. Беттен алмас деген оймен: «Айналайын-ай, анау көк түтін періштедей келбетіңді бүлдіріп тұр ғой, сол бәле бағыңды байлайды ғой», дедік. Дұрыс ойлаппыз, беттен алмады. «Бір себеппен тартып едім, қоя алмай жүрмін, ата», деді. «Тастауға болады, қойшы, айналайын», дедік. Оның: «Қоямын, ата», деген сөзіне бір түрлі көңіліміз сенді. Ең болмаса, осылай екіұдай ойда жүргендерді құтқарып қалсақ та олжа ғой деген ой келеді.
Ең алдымен қыздарымызды бұл кесапаттан құтқарып қалсақ болар еді-ау дейсің. Оларда ұлттың болашағы жатыр ғой. «Қыздардың тартуына тыйым салынсын!» деген ұран тастай алмайсың. Қыздардың темекі тартқаны масқаралық екені жайлы қоғамдық пікір қалыптастыра алсақ, содан нәтиже шығар еді-ау деген ой келеді. Сірә, мұны жастардың өз ортасында, сол жастардың күшімен ғана жүзеге асыруға болар еді. Оқу орындарының жатақханаларында темекі тартуға тыйым салынып, оған арнайы жер белгіленсе, кімнің темекі тартатыны айқындалып, ондай жерлерге жігіттермен жарысып, қыздардың барып жатқаны оғаш көрінер еді.
Қоғамдық қарсылық, қоғамдық айыптау, аяқ басқан сайын сол темекі тартудан қолайсыздық көріп жатса, әркім-ақ ойланады. Темекінің қымбаттауы қалтаға тиеді. Жұмыс уақытының біразын сол арнаулы орындарға барып, шылым шегуге жұмсайтындардың еңбек үлесі азаятыны ескеріліп, олардың жалақысын белгілі дәрежеде қысқартар болса, ол да ықпалдың бір түрі. Станоктағы токарь, тоқымашы, компьютердегі оператор, зерттеу жүргізіп отырған лаборант, тіпті, есеп қызметкерлері де темекі тартуға шыққанда, жұмыстарын біршама уақытқа тоқтатады. Жұмысты тоқтатқандарға ақы төлеу орынсыз. Әсіресе, олармен қатар жұмыс істейтін темекі тартпайтындар алдында әділетсіздік. Темекі шегуден экономикалық та зардап шегіп жатса, бұл да шылымшыларды ойландырады.
Жоғарыда айтқан темекі тартуға қарсы күресті қолға алған «Темекінің түтінінен азап Қазақстан үшін» қозғалысы – қоғамдық ұйым. Қалай дегенде де оның қолы қысқа. Әсіресе, қаржылай демеу қажет-ақ. Оған үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, күш біріктірілсе ғана жұмыс жандана түседі. Бүгінге дейін бұл күрес бастамашылық сипатта жүрді. Тіпті, республикамызда қанша адамның темекі тартатыны, оның зардабы қандай екендігі жобалап ғана айтылатын, есеп жүргізілмейтін. Еліміз енді ғана Темекі тартушыларға жаһандық бақылау жүргізу шарасына қосылып отыр. Енді Статистика жөніндегі агенттік «Ересек адамдардың темекі тартуы жөніндегі жаһандық сауалнама – 2014» («Global Adult Tobacco Survey» (GATS) өткізуді қолға алмақ. Ол темекіге қарсы күресті ғылыми негізде жүргізуге көмектеседі.
Темекіге қарсы күрес дегенде, біраз жұрттың оған үстірттеу қарайтыны бар. Тіпті, біреулер еліміздегі сигарет өндіретін кәсіпорынды (бұл жерде «Филип Моррис» компаниясы ауызға алынады) тоқтату туралы да айтады. Оған әсте де жол беруге болмайды. Онда осынау үлкен пайда түсіретін (әсіресе, шылым қымбаттаған кезде) саланы ақсатуымыз өз алдына, біржола шетелге тәуелді боламыз, контрабанда етек алады. Өзімізде темекі тартатындар азаятындай күн туып, темекіміз артылып қалса, онда сыртқа шығарамыз. Тыйымды да жан-жақты ойластырып, қай жерлерде, кімдерге қарсы жүргізуді ескеруіміз керек-ақ. Бұл жұмысты жақсы тәжірибе жинақтаған басқа елдердің өнегесін ескере отырып, ғылыми негізде жүргізуіміз керек.
Темекіге қарсы күрес туралы айтқанда, тағы бір кесапаттың басы қылтияды. Ол – насыбай. Сол «қара бұйра ермектің» зияны темекіден де күштірек. Жұрттың айтуына қарағанда, әсіресе, жастар жағы шылымнан сол түтіні жоқ кесапатқа көше бастағандай. Қазіргі күнде оны дайындағанда, оған қоспайтын нәрсе жоқ көрінеді, есірткіге жақын болып шығады екен. Және оны барлық жерде сатады, барлық жерде ата беруге болады. Сірә, мұны әркімнің еркі демей, жеке адамның денсаулығына ғана емес, қоғамға аса қауіптілігін ескеріп, насыбайды сатуға қатаң тыйым салу қажет сияқты. Бір кесапаттан екіншісіне ұрынбауымызды күні бұрын ойластырғанымыз жөн.
Өткен жылы Алматының Алмалы ауданында жастардың «Бастама» орталығы шара өткізді. Қаланың жастары көп болатын Арбат алаңында темекіге қарсы дәріс оқылды, әңгімелер айтылды, ойындар көрсетілді, темекі орнына осыны сор деп кәмпит үлестірді. Ниет жақсы, бірақ бір түрлі жеңілдеу әсер қалдырды. «Ал, мен темекіні тастадым!» деп қыз-жігіттер көптің алдында сөз беріп жатса екен деп армандайсың ғой. Мұндай шаралар жастар бір-бірімен араласып тұратын жерлерде, оқу топтарында, жатақханаларда, мекемелерде өтсе пәрменділеу болар еді. Ізденгенге жол көп.
Темекі – соғыстан да жаман кесапат. Жасымыз да, жасамысымыз да соны мықтап ұқсақ жөн, ұрпағымызға ұқтырсақ жөн. Ұлтымыздың болашағы үшін бұл айрықша маңызды.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».